Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтынсарин ешқашан «шоқынды» болған емес

3147
Алтынсарин ешқашан «шоқынды» болған емес  - e-history.kz
Ісің болар қайырлы, Бастасаңыз Аллалап. Оқымаған жүреді, Қараңғыны қармалап.

Мал – дәулеттің байлығы,

Бір жұтасаң жоқ болар.

Оқымыстың байлығы

Күннен күнге көп болар,

Еш жұтамақ жоқ болар.

Бұл – бүкіл қазақ даласын оқу-білімге, ілімді үйренуге шақырып, соған өзі ұйытқы болып, қазақ даласында бірнеше мектептер ашқан, дүниедегі байлық та, мал да, бақыт та тек оқу екенін өсиет еткен ұлы ағартушы Ыбырай атамыздың балаларға арнаған өлеңі.


1-сурет. Торғай қаласындағы Ыбырай Алтынсаринге қойылған ескерткіш

Мен бұл жерде Ыбырайдың өмірі мен педагогикалық қызметі туралы айтқалы отырғаным жоқ, көзі ашық, көкірегі ояу қазіргі ұрпақ пен біздер, аға ұрпақ өкілдері қазақ балаларын оқыту мен мектеп ашудағы ұлы Ыбырайдың еңбектерін жақсы білеміз, әңгіме – басқада.

Мәселе – Ы. Алтынсариннің көзі тірісінде және кейінгі кездері көптеген баспа беттерінде талас туғызып жүрген екі даулы жай төңірегінде.

Оның біріншісі – Ы. Алтынсариннің көзі тірісінде-ақ оның қазақ даласында мектеп ашқандағы мақсаты «қазақ балаларын шоқындыру екен, өзі де шоқыныпты» деген ел арасында Ыбырайдың жауларының шығарған өсек-аяңы. Бұл туралы кезінде Ыбырай атамыз былай суреттейді: 

«Аласы ағайынның алаңдатты,
Көре алмай көп ішінен жамандатты.
«Шоқынды, крес тақты, кәпір болды»...
Келгенін аузына айтып бақты.

Надандық қандай қызық қарап тұрсаң,
Көңілі соқыр көрмейді көзге ұрсаң.
Бабын қалай табарсың бұл қазақтың,
Басқа тебеді жаныңды құрбан қылсаң.

Бар айыбым – баласын оқытқаным,
Орыстың біліміне тоғытқаным., 
«Орыссыз кеңеймейді өрісің» деп
Айтқанымнан атандым «кәріп залым».

Осыншама қиыншылықтарды Ыбырай атамыз сол кездегі демократиялық бағыттағы Торғай уезінің начальнигі, полковник Я.П. Яковлевтің және нағашылары – атақты Шақшақ Жәнібектің тұқымдары Шеген бидің қолдауының арқасында жеңіп шығады. Ыбырай 1864 жылы 8 қаңтарда Торғайда қазақ балалары үшін тұңғыш бастауыш мектеп ашып, мектепке 16 бала қабылдайды.

Сөйтіп, Ы. Алтынсарин өзінің саналы ғұмырының 23 жылын Торғайда өткізді, сол кездегі Торғай облысына қарасты Елек, Ырғыз, Торғай, Николаевка (қазіргі Қостанай) қалаларында бірнеше мектептер ашады.

2-сурет. Ыбырай Алтынсариннің «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы», Торғай мұражайлар кешені

Аз ғана ғұмырын Қазақ балаларына бағыштаған ұлы ағартушы Ыбырай атамыз 1883 жылы өзінің атақонысы Қостанайға көшіп, қалаға жақын жерден (бұрынғы Затоболовка кенті, қазіргі Тобыл қаласы тұрған жер) еуропаша күйген кірпіштен үй салдырады. Арада көп жылдар өткеніне қарамастан, Ыбырайдың Қостанайдағы жақын туыстары: Омар, Оспан тағы басқа ағайындары Ыбырайды құшағын жая қарсы алып, ұлан-асыр той жасайды. Ақындар Ыбырайға арнап өлеңдер шығарады, оның адамгершілігін, ізгілігін, ақыл-парасатының кеңдігін, ғаділдігін мадақтап жырға қосады.


«Үлкен атаң Балғожа
Осыным адам болар деп,
Жас күнінде сынады.
Корпусқа беріп оқытып,
Байқаған екен шаманы.
Жасы он беске келмей-ақ,
Нешелер ұлы бәйгеге
Қосылуға жарады.
Алтынсарин дегенде
Қырда қазақ, ойда орыс,
Бәрі аузына қарайды» деп өлең шығарады.

Негізгі әңгіме төркіні – Ыбырайдың жауларының «шоқынды» атандыруы.

3-сурет. Торғайдағы алғашқы қолөнер училищесі ғимараты

Осы орайда туындайтын тағы бір мәселе, Ыбырай атамыз мұсылмандықты қолдады ма, ислам дінінің қайырымдылық қағидаларына қалай қарады? Әңгіме осы туралы болмақ.

Біріншіден, Ыбырай – өз халқын, өз ұлтын, ата дәстүрін, исламның бүкіл қадір-қасиетін бір кісідей құрметтеп өткен адам. Оған дәлел: 1884 жылы Ы. Алтынсариннің көзі тірісінде Қазан қаласындағы Каримовтар баспасынан «Шарият-ұл-Ислам» (Тәңірі заңдарының ережелері) деген Исламның хадистері мен міндеттері туралы кітабы жарық көрді.

Екінші – Ыбырайдың хақ мұсылмандығы. Өлгеннен кейін ол қалай жерленгені жайлы.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ы. Алтынсарин Қостанайға 1883 жылы біржолата көшіп келіп, 1889 жылға дейін Николаевка (қазіргі Қостанай) уезінде қазақ-орыс балаларына арнап бірнеше мектеп ашады. Амал не, шамадан тыс ауыр еңбек, уайым-қайғы, ой-толғаныстар, сан қилы аяқтан шалулар Ыбырайды өмірден ерте кетуге мәжбүр етеді. Ұлы қайраткер 1889 жылдың басынан бастап ауыра бастайды.

Ы. Алтынсариннің науқас екенін бүкіл Торғай, Орынбор өңірлері естіп, біліп отырады. Алайда, асқынған ауру өз халқының адал перзенті, тамаша педагог, ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсариннің 1889 жылы шілде айының 17-і күні 48-ден 49-ға қараған шағында өмірін біржолата үзеді.

Ы. Алтынсаринмен соңғы рет қоштасуға Қазан, Орынбор, Орск, Торғайдан, кең байтақ Қазақ даласының әр жерінен сол заманның зиялы адамдары, көптеген орыс достары келеді. Ы. Алтынсариннің ағартушылық қызметімен қатар, оның еуропаша білім алған «бұратана» халықтардың бірден-бір өкілі екенін, өз халқының асқан білімдар адамы екенін білетін орыс достары:

«Егер Алтынсариннің туыстары мен балалары, әйелі ұлықсат етсе, біз табытқа салып, құрмет көрсетіп, еуропалықтарша жерлейік, намаздау, құран шығару, там салу, басына ай орнату, басқа рәсімдер Ислам дәстүрімен болсын!» деген тілектерін айтады.

Бұған Алтынсариннің әйелі мен ағайын-туыстары қарсы болып, мұсылманша жерлеуді қалайды. Бұдан әрі Ыбырайдың орыс достары әңгімеге араласпайды, бастан-аяқ жерлеу рәсіміне қазақтармен бірге қатысып, Ыбырайға құрмет көрсетеді.

Ыбырай қайтқаннан кейін молдалар мен ағайындары мәйітті көтеріп, жаназасын шығаруға далаға алып шығарда Ыбырай жатқан керуеттің бас жағынан – жастығының астынан араб әрпімен жазылған бір парақ қағаз табылады. Бұл Ыбырай қайтыс боларының алдында 4-5 күн бұрын өз қолымен жазған бір-екі ауыз өсиеті екен.


4-сурет. Ы. Алтынсарин мен П. Яковлев Торғай қаласындағы қолөнер училесі оқушылары арасында

Ажалмен арпалысып жатқанда да, өзіне тән ұлылығын сақтай білген Ыбырай атамыз өзін мұсылман ғұрпымен, шариғат жолымен жерлеуді аманат етіпті.

Я, Алла, берер болса берер күнің,
Тәнәки-Тәнәһи деп айттың өзің.
Озыққа сүресінде мағына бердің
Я, Алла, өтірік пе еді айтқан сөзің? – деп жазыпты.

Осыдан кейін Алтынсариннің ағайын-туыстары ақ жауып арулап, мұсылман салтымен жерлепті.
Кейінгі қалған балалары мен әйелі, бүкіл ағайын-туыстары Ыбырайды жоқтап, ел күніреніп қала беріпті, жыраулар жоқтау өлеңдерін шығарған екен.

Баласы Балшекемнің Ыбырайым,
алдыңнан жарылқасын бір құдайым.
Толғатып тоғыз қатын ұл тапса да,
Дәл сендей бола қоймас неғылайын?!

Даланың дана перзенті, ғұлама ұстаз өмірінің бір дерегі ғана. Өресі биіктен үлгі алғандардың ізін баққандар даналықтан ғана тәлімді деген ойым бұл.

Талай ғасыр өтсе де, мектеп ашып, еліміздің жұлдыздарына нұрдың шұғыласын шашқан Ыбырай Алтынсаринді біздің де елеп-ескергендігіміз содан.


 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?