Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бұл жерде Тоқтамыстың ізі қалған

2462
Бұл жерде Тоқтамыстың ізі қалған - e-history.kz
«Тоқтамыс ордасынан» екі-үш шақырымдай жерде Есіл өзенінің сол жағалауына өтетін өткел бар екен. Оның «Тас өткел» деп аталуы – өзеннің арғы-бергі жағына өтіп жүретін жері тасты да, саяздау болғанынан

Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Қазақтану» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдасқан жұмыс тобының осы жолғы бағыты Атбасар, одан әрі қарай Жақсы ауданына қарасты – Қима ауылы болды. Топтың құрамына енген ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты «Мемлекет тарихы институты» Мемлекеттік мекемесінің директоры т.ғ.д., профессор Бүркітбай Аяған, Алматыдан арнайы келген Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Яһуда Амандықов ақсақал, өлкетанушылар Қайсар Түктібаев, Теміртас Құлжанов, Қайрат Амандықов және осы жолдардың авторы, баратын бағыт алдын-ала келісілген болатын. Ол – соңғы уақыттары Есіл өзені төңірегінде табылды дегендері болмаса, ескерілмей, тек халықтың жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлардан бойы жалғасып келе жатқан кейбір тарихи орындардың бар екендігіне назар аудару.

1998 жылы сол кездегі Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола педагогикалық институтының 30 студенті және бірнеше оқытушылар тарих ғылымдарының докторы, профессор В.З. Галиевтің жетекшілігімен Ақмола облысының бірнеше аудандарында болып, тарихи мәліметтер жинаған болатын. Нәтижесінде, «Акмолинская правда» газетінің екі номерінде менің «В истории края – история отечества» атты мақалам жарық көрген. Осы экспедициядан кейін бір топ ғалымдар (ф.ғ.д., профессор Т.Жұртбай, т.ғ.к., доцент Б.Құсайынов, белгілі түркітанушы Қ.Сартқожа, тарихтанушы Қ.Салғара т.б.) Қима ауылына барғанымыз бар. Сол жолы марқұм Баянбай Құсайынұлы Қима маңында ескі қамалдың бар екендігі туралы әңгіме қозғағанымен, жауын жауып кетіп ол жерлерге жете алмадық...

Енді, міне, Кіндікті деген жерде «Тоқтамыс ордасы» бар дегенді естіп, негізгі ойымыз – сол жерге жету.

 

Тарихта қалған Атбасар

Атбасар жері өзінің көне тарихымен талайдан бері жұртқа белгілі. Оның маңында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде оқулықтарға енген «Атбасар мәдениеті», өкінішке орай, бүгінгі күндері көп айтылмайды. Сол сияқты, Сергеевка елді мекенін жанында «Орманбет» деп аталатын жердің (бұл жерде «Мұстафа ханның ордасы орналасқан» деген де пікір кездеседі) ортағасырлардан сыр тартудың негізгі бір бастамасы ма емес пе екен деген ой біздің көкейімізде талайдан бері орын алғанымен, амалсыздан кейінге қалдырылып келе жатқаны шындық.

Жабай өзенінің Есілге құятын тұсы

Осы суретті түсірер алдында біз ортағасырлық автор Фатх-наме Шадиден (Молла Шади) мынадай дерек алған едік: «Хакан (подобный)» Фаридуну, пиведя в ту ночь войско в порядок, украсив центр и оба крыла войска отважными храбрецами и славными бахадурами, по обычаю, достойному царей, вдел ногу твердого решения в стремя покорителя мира и с надеждой на бога направил поводья норовистого коня завоевателя мира в сторону реки Ат-Басар» - дей келе, сол уақытта Мұстафа ханның да еш тайсалмастан өзінің көптеген әскерімен қарсы шыққанын, нәтижесінде жеңіліске ұшырағанын айтады: «Когда оба войска обеих сторон смещались друг с другом, бахадуры-меченосцы и храбрые витязи [Абу-л-Хайр-хана], выйдя из засады ненависти, нахмурили брови храбрости и, вынув мечи ненависти, подобно небесному року, окружили войско [Мустафа-хана] ...». Ал екінші бір автор Масуд бен Усман Кухистани өзінің «Тарих-и Абулхаир хан» атты еңбегінде бұл шайқастың Мұстафа хан мен Ваккас бидің арасында болғандығын жазған.*

Соныменен, Астана мен Көкшетаудан шыққан экспедиция мүшелері 22 маусым күні Атбасар қаласында бас қосып, аудан әкімінің орынбасары Қорлан Қасенқызы Тәжденованың ұсынысымен қаламен танысуды І.Есенберлин атындағы Аудандық орталық кітапхана, жазушының атындағы әдеби мұражайы және аудандық өлкетану мұражайы қызметкерлерімен танысып, әңгімелесуді орынды деп санаған болатын. Кездесу орталық кітапхананың оқырмандар залында өтті. Тыңлаушылардың алдында сөз сөйлеген алматылық жазушы, ғалым, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Я.Амандықовтың, Мемлекет тарихы институтының директоры Б.Аяғанның Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырып отырған тарихи-мәдени акциясының, оның ішінде экспедицияның міндет-мақсаттары туралы әңгімелері институттың атынан кітапханаға кітаптар сыйлаумен аяқталды.

Атбасар қаласындағы кітапханадағы кездесу

Экспедиция мүшелері Атбасарлық жазушы Ілияс Есенберлиннің әдеби мұражайында да болып оның директоры Ұлболсын Камбатуровадан қазақтың белгілі жазушысы, «Көшпенділер» трилогиясының авторы Ілияс Есенберлиннің өмірбаянын жас Есенберлин аяқ басқан жерлерде тұрып елестету мүмкіндігіне ие болды.

Б.Ғ. Аяған мен Ұ.Д. Камбатурова пікірлесіп тұр

Бүгінгі Атбасарлықтардың Ұлы жазушыны қатты құрметтеп, сыйлайтындығының тағы да бір көрінісі – мұражайға жақын жерде, қаланың орталығында орналасқан жазушының ескерткіші. 2015 жылы орнатылған бұл ескерткіш қаламгердің ұрпақтары мен аудан кәсіпкерлері, тұрғындарынан, аудандық мәслихат депутаттарының қаражаттарына тұрғызылған.

Атбасар қаласындағы Ілияс Есенберлиннің ескерткіші

Ендігі жерде атбасарлықтар кезінде Ілияс Есенберлиннің әкесі тұрғызған үйдің, жазушыға арнап қойылған ескерткіштің және әдеби мұражайдың Аудандық киелі жерлер тізіміне енгеніне қуануда.

 

«Тоқтамыстың ордасы»: аңыз ба, ақиқат па?

Сол күні түс ауа эспедиция Жақсы ауданына қарасты Қима ауылына жүріп кетті. Олай болатыны, бұрынғы Қима ауданына қарасты «Кіндікті» ауылында 1949 жылы дүниеге келген Қайсар Түктібаевтың айтуынша осы ауылдың нақ іргесінде көнеден келе жатқан бір құрылыстың орны болған. Және де оны жергілікті ақсақалдар әйгілі Тоқтамыс хан есімімен байланыстырады екен. Қайсардың айтуынша ауылдың ақсақалдары ауылда жүрген балаларды Орданың үстіне (біз солай деп санап отырмыз) барып ойнауға жиі жібереді екен. Сондағы айтатындары: «Ойнап жүріп мүмкін Тоқтамыстың алтындарын табарсыңдар!». Қайсардың еске алуына қарағанда балалар күмістен жасалған тиындарды көптеп табатын. Сол жердің бұрынғы тұрғыны Теміртас Құлжанов (1955 жылы туған) та осы мәліметті растап отыр. Табылған күмістерден қазақ қыздарына шолпы жасайтын. Солардың бірін апам Дәмеш көпке дейін тағып жүрді. Кейін қайда кеткені белгісіз – дейді Теміртас.

Жыланды тауының алыстан түсірілген суреті. Сол жақта – «Новочудное» елді мекені. Қазақша атауы – Қосағыл. Алдыңғы бетте – үш төбенің бірі. Жан-жағы сумен қоршалғаны байқалып тұр

Теміртастың айтуынша ауылдың жанындағы ең биік төбенің басында 1940-50-ші жылдарға дейін биік тас белгі болған екен. Елдің аузында қалған әңгімеге сүйенсек «Жыланды» деп аталатын бұл төбенің басында Тоқтамыс ханның батыры – Қосағал есімді кісі жерленген. Осы төбенің етегінде Атбасар-Державинка тас жолы жатыр. Сәл қашықтықта – Новочудное елді мекені. Тың жерлерді игеру басталғанша бұл жердегі қазақ ауылының атауы «Қосағыл» екен.

Жақсы ауданы Қима ауылының тұсындағы Есіл көрінісі

«Тоқтамыс ордасына» қайта оралсақ. 1930-шы жылдары бұл жерде Кіндікті деген ауыл орналасқан. Колхоздастыру кезінде  Сталин атындағы колхозға қарасты №6 ауылға айналған.

Енді бір назар аударарлық көрініс, Кайрақты өзенінің Есілге қосылатын тұсында өткел болған. Жергілікті қазақтар оны «Тасөткел» деп келген. Осы жердің тұрғындарының айтуынша, тың игеру кезінде ауылдың тұрғындарын мекендерінен не көшіп, не жаңа елді мекен салуға үгіттеген. Қазақтар оған көнбеген. Тек Есіл өзенінің әрлі-берлі өтіп тұруға ыңғайлы, дәстүрлі мал шаруашылығына тамаша деген жерлерде шошқа шаруашылығы өсіріле бастағаннан кейін барып қана, тұрғылықты адамдар басқа жаққа көшіп кетуге мәжбүр болып, кеңестік шаруашылыққа кеңінен жол берілген.

Міне, осы Кіндікті ауылынан қалған жұрттың орнындамыз. Қайрақты өзенінің Есіл өзеніне келіп қосылатын жердегі қыраттардың үстіне шықтық. Жан-жаққа көз салсаңыз, ол аяқ астыңызда жатқан бір-бірінен сәл қашықтықта орналасқан (қолдан көтерілген көзге білініп тұр) үш төбені байқау қиынға соқпайды. Сол сияқты, Қазақтардың ортағасырлық тарихынан аздап та болса хабары бар адам бұл төбелердің әскери-соғыс талаптарына да сай салынғанын байқайды: Есіл өзені биіктігі 15-20 метрдей болып келетін қырдан 1 шақырымдай жерде ағып жатыр. Әр төбенің жанынан айнала ағып жатқан судың бағытын көріп, ол да есеппен жасалған ба деген ойға келесіз.

«Тоқтамыс ордасынан» екі-үш шақырымдай жерде Есіл өзенінің сол жақ жағалауына өтетін өткел бар екен. Елдің ішінде оның «Тас өткел» деп аталуы – өзеннің арғы-бергі жағына өтіп жүретін жері тасты да, саяздау болған сияқты. Біздің бұған дейін де байқап жүргеніміздей, Есіл өзенінің бойында асты тасты болып келетін, саяз жерлері көптеп кездеседі. Мысалы, жоғарыдағы айтылған Орманбет не болмаса Мұстафа ханның ордасы деген жерде (Атбасар қаласының жанындағы Сергеевка елді мекені) де өткел бар. Суы таяз, асты тас пен құмды болып келеді.

Кіндікті ауылы орналасқан төбеден қарағандағы «Тоқтамыс ордасының» жалпы көрінісі

Сол сияқты, Алғабас елді мекенінің маңында да осындай өткел бар. Ең қызығы, осындай өткелдердің тұсында, не оларға жақын жерлерде орта ғасырларда болсын, одан әрі ХІХ ғасырда орыс үкіметі әскери бекеттер орналастыра бастаған. Соның көрінісін бұдан біршама уақыт бұрын Есіл өзенінің оң жағалауында, Алғабас ауылынан сәл қиыстау жерде орналасқан әскери бекеттің орналасқанынан байқағанымыз (ол маңда кезіндегі Қима ауданына қарасты Кеңарал сохозының Амангелді бөлімшесі орналасқан болатын. Ауыл қазір жоқ. Бізге ол жерді көрсеткен Б.Құсайынов болатын)

 

Не сыр шертер Атбасарым тағы да?

Ендігі «Тасөткелден» өтіп барып барған жеріміз Есілдің оң жағалауындағы ескі қорым болды. Жолсеріктеріміздің айтуынша бұрын Қима-Жақсы өңірінде есімдері көпке белгілі болған Итен би, Боранбай би, Құнанбай би дегендер ел басқарған екен. Новочудное ауылының тұсындағы  қорымда Итен би жерленген. Оның басына қойылған таста «Итен Құрымсыұлы (1794-1876 жж.). Руы тарақты. Отыз ауыз, орақ тілді шешен шешен, әділ би болған. Жаужүрек батырлығымен, терең ойлы ақындығымен халық жадында сақталған» - деген сөздерді оқыдық.

Құлпытас. Жазулардың арасында 1347 сандары анық байқалады

Ал алдымыздағы мына және басқа да құлпытастардағы жазуларды не құпиялар жатыр екен дегенге, мүмкін, арнаулы мамандар жауап бере алар деген үмітіміз де жоқ емес.

Жол серіктеріміз Қайсар мен Теміртастың айтуларынша, осыдан он жылдай бұрын бұл қорымның басында басқа да тас жатқан екен. Жазулары анықтау болған сияқты. Қайда кеткені белгісіз. Әйтеуір, ақшақұмар біреулердің қолында кетпесе екен деп тіледік...

Қима ауылы Қайрақты өзенінің маңынан табылған құлпытас

Осы жолғы сапарымызда бізді «Запорожье» орта мектебінің директоры Ерлан Байдүйсенов те қарсы алып, біраз жерлерді көрсетті. Жоғарыдағы көрсетілген суреттегі тасты негізінен кезіндегі тың және тыңайған жерлерді игерудің салдары деп қарауға болатын болар. Талай жылдар бұрын жер жыртып жүргенде орнынан қозғалған бұл тарихи құндылығы болуы мүмкін деген зат еш ескерусіз далада қалып, енді табылып отыр. Бірді-екілі болып  Орталық Қазақстанда кездесетін мұндай белгі – еліміздің солтүстігінде алғашқы рет кездесті деседі оны көрген археологтар...

 

Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.к., доцент

----------------------------------------

*Біз бұл деректерді «Ілияс Есенберлин» атты еңбегімізді жазғанда пайдаланғанбыз. Қараңыз: Қашқымбаев Амангелді. Ілияс Есенберлин (1915-1983) - Астана, 2014 – 320 б.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?