Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Оңтүстікте қанша әулие бар?

2651
Оңтүстікте қанша әулие бар? - e-history.kz
«Қасиетті Қазақстан» орталығы тарапынан республика бойынша ұсынылған нысандардың ішіннен 100 нысан іріктеліп алынды. Оның ішіне Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 23 нысан еніп отыр

Оңтүстік Қазақстан облысында  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай өңірдегі қасиетті жерлердің тізімін қалыптастыруға ұсыныстар әзірлейтін тарихшылар, ғалымдар, археолгтардан тұратын арнайы өңірлік жұмысшы тобы құрылып, өңірлік карта жобасы дайындалды.

Облыс тарапынан «Қасиетті Қазақстан» республикалық орталығына іріктелген 104 нысан ұсынылды. Мұның ішінде 38 макро обьект, 66 микро обьект. Атап айтқанда 12 сәулеттік 24 археология, 42 зиярат ету орны, 4 тарихи тұлға және саяси оқиғалармен байланысты орын, 22 табиғи-ландшафтты нысан.

«Қасиетті Қазақстан» орталығы тарапынан республика бойынша ұсынылған нысандардың ішіннен 100 нысан іріктеліп алынды. Оның ішіне Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 23 нысан еніп отыр. Бұл – басқа облыстармен салыстырғанда саны жағынан екі есе көп көрсеткіш. Екінші орында 12 нысанмен Қарағанды облысы тұр.

Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіштер жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілді.

Оңтүстік Қазақстан облысынан іріктеліп алынған 104 қасиетті киелі жерлердің өңірлік карта жобасы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай, Оңтүстік Қазақстан облысының

Астана қаласындағы күндері аясында ұйымдастырылған «Жер кіндігі Қазығұрт» кең ауқымды көрмеде көпшілік назарына ұсынылды.

Жалпы облыста «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны арқылы 2004-2009, 2012-2015 жылдар аралығында 31 қала құрылысы және сәулет ескерткіштеріне реставрация және консервация жұмыстары жүргізілген. Бұлардың ішінде Қожа Ахмет Яссауи сәулет кешені, осы кешен аумағындағы Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Есімхан кесенесі, Шығыс моншасы, Әулие Құмшық ата жерасты мешіті, Әбілмәмбет хан резиденциясы Арыстанбаб, Ишан базар (Аққойлы), Аппақ ишан, Баба ата, Жүсіп ата, Ысқақ ата, Шамет ишан және тағы басқа да нысандар бар.

Ордабасы сақ заманынан қасиетті саналған

Археологиялық зерттеулерге қарағанда, үш жүздің басын қосқан Ордабасы тауында ежелден келе жатқан (шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 2000 жылдар) некрополь орналасқан. Сонымен бірге қасиетті төбеде бұдан екі жарым мың жылдай уақыт бұрын жерленген сақ тайпаларының 300-ге жуық қорған бейіттің бар екені мәлім болды. Археологтардың пайымдауынша, біздің дәуірімізге дейінгі өмір сүрген сақ тайпалары өздерінің ұлы көсемдерімен ұлы адамдарын осы өңірге әкеліп жерлеп отырған екен. Сондай ақ, гранит тастарға салынған бедер – суреттер петроглифтер де кездеседі. Міне, осындай археологиялық ескерткіштер жиынтығы орналасқан Ордабасы тауы ежелден ақ қасиетті мекен екендігін дәлелдейді.

1726 жылдың көктемінде Қазақ халқының дана билері Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұйғаруымен осы Ордабасы тауында Ұлы жиын өткізіліп, халқымыз жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық майданын ашуға ортақ шешім жасап, ұлт болып бірігуге бәтуаласты. Сол жиында Қазыбек бидің ұсынысымен кіші жүз ханы Әбілхайыр қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып сайланып, Қанжығалы Бөгенбай батыр ұрыс туын көтерді. Осы бірігудің арқасында қазақ жасағы 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзені бойындағы «Қарасиыр» деген жерде қалмақ жасағына ойсырата соққы беріп, алғашқы жеңіске жетті. Міне содан бері ол жер «Қалмаққырылған» деген атпен тарихта мәңгі қалған.

Биыл Оңтүстік қазақстан облысы әкімдігі тарапынан Ордабасы тауын тарихи-мәдени орталыққа айналдыру үшін  қазынадан 1 млрд. 200 млн. теңге қаржы қарастыру жоспарланып отыр.

Облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен қасиетті мекенге қазақтың атақты үш биі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ескерткіштері орнатылмақ.  Туристер келіп тамашалайтындай абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Жуыврда өңір басшысы Ордабасыға арнайы барып, тиісті сала жетекшілерімен жаңа жобаның нобайын талқылады. Облыс әкімі ұсыныстарды тыңдап, өз ойын ортаға салды. 

«Ордабасы тауы – халық келіп рухани тынығатын, рух жинайтын, ойын тазартатын орын болуы керек. Салуға тиісті ескерткіштің  де еңселі болуы қажет. Сонымен қатар, ашық аспан астындағы амфитеатр болуы тиіс. Келуші туристерге де жағдай жасап, арнайы естелік сыйлықтар сататын дүкендер ашу керек. Болашақта халықтың мұнда кең даланы тамашалап, таза ауамен тыныстап, демалып қайтқаны дұрыс болар еді. Халқымыздың жаратылысында кең дала ерекше маңызға ие екендігін білесіздер. Сондықтан да осындай далаға және биіктікке шыққанда жанымыз айрықшы жігерленіп, руxтанып кетеді. Бұл ұлтымыздың ерекшелеу болмысын қайта түлету үшін қасиетті Ордабасы тауын осындай руx алатын орынға айналдырғанымыз абзал болар еді», – деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ордабасыда түркі тілдес үш елдің басшыларының басын қосқанын айтты. Айта кетерлігі, алдағы жылы бұл датаға 25 жыл толады.  Бұдан бөлек, өңір басшысы 1 мың гектар аумақты алып жатқан қастерлі жердің кіре берісіне жол мен демалыс орындары, дәмханалар салынатынын атап өтті. Сонымен қатар, тиісті басқарма басшыларына аталған жобалар 2018 жылы толық аяқталуы қажеттігін тапсырды. 

Құпиясын қойнауына бүккен Ханқорған

Хан Абылайдың өмірінің соңында ғұмыр кешкен Ханқорған қалашығы Сайрам ауданы Мәдени ауылынан жарты шақырым қашықтықта батыс бөлігінде орналасқан. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ә. Марғұлан атындағы Археологиялық институтының экспедициясы  Ханқорған қалашығында  «Халық тарих толқынында» және «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихы археологиялық зерттеулер тұрғысынан» тақырыбы аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп,  таңғаларлық жаңалық ашты.  Ханқорған қалашығы ХІ-ХІІІ ғасырларда пайда болған деп болжам бар.  Ол негізгі үш бөліктен: ішкі қамал, Шахиристан және Рабаттан тұрады.

– Оңтүстік Қазақстан обылысындағы көне қалалар орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бағытындағы сауда мекендері ретінде пайда болғаны мәлім. Сол кездегі барлық қалалардың орталығында міндетті түрде мешіт бой көтергенін байқадық. Бұл моншалар  шамамен Х-ХІІ ғасырларда бой көтерген.  Үлкен қалаларда ондаған моншаларға дейін салынған. Өйткені, қоғамдық құрылыстар қатарында моншалар маңызды орынды иеленген. Мысалға, Отырардың рабадында ХІ-ХІІ ғасырлар аралығында салынған 2 монша табылды.  Осыған ұқсас моншалар Ханқорғанда да бар, – деді жуырда Ханқорған қалашығында Оңтүстіктегі археологиялық тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша өткен алқалы жиында Ә. Марғұлан атындағы  археология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан  Байтанаев.

Ғалымның айтуынша, қалашықтағы моншалар шаршы кірпіштерден тұрғызылған.  Олардың қалыңдығы – 90 сантиметрді құрайды.

– Қабырғалары төрт қатарға тізбектелген. Өзінің құрылымы, конструкциясы және табылған заттары бойынша ол қалалық моншаға қатты ұқсайды, –  деді ол. Мұны керамикалық құбырлардан тұратын кәріздендіру жүйесінің, сужинағыштың, жуынуға арналған екі ыдыстың, демалуға арналған бөлменің болуы дәлелдеп отыр.

– Бүгін біз Ханқорған қалашығын аралап көріп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын облысымызда жүзеге асыру мақсатында жиналып отырмыз. Облысымызда есепке алынған тарих пен мәдениет үшін маңызы зор 1281 тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Оның ішінде сәулеттік ескерткіштер 218, археология ескерткіштерінің саны 1063-ті құрайды. Осы тарихи орындарымызға кезең-кезеңімен археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіріуіміз қажет», – деді жиынды жүргізіп отырған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев.

Облыста туризм саласын дамыту мақсатында жергілікті өңірлер бойынша тарихи орындарды қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама дайындалып, кезең-кезеңімен іске асырылуда.  Бірінші кезекте Қазығұрт, Ордабасы тауларын, ортағасырлық Отырар, Оқсыз, Сауран, Сидақ, Мәртөбе, Ханқорған қалашықтары, Жуантөбе, Қараспан, Күлтөбе сияқты ежелгі елді мекендеріне археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтіру жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар, бүгінде жойылып кеткен археология және сәулет ескерткіштеріне жататын Қошқарата, Керуен сарай, Созақ ауданындағы Жүсіпбек, Жәкел датқа кесенелерін және тағы басқа да тарихи нысандарды да қалпына келтіру жұмыстарын жүргізілмек.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?