Осы орайда, аталған білім ордасының студенттері Астана қаласының маңында орналасқан орта ғасырлық Бозоқ қалашығына «Рухани жаңғыру: «Жастар эстафетасы» атты вело-саяхат жасап қайтты.
Шараның мақсаты – еліміздегі тарихи ескерткіштерді насихаттап, жастардың патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерін арттыру.
Әлемде жаһандану үдерісі белең алып тұрған шақта, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ел дамуының жаңа бағытын көрсетті. Мақалада өскелең ұрпақ санасына тәуелсіздік пен еркіндіктің, бостандық пен ұлттық сана-сезімнің қаншалықты маңызды екені ерекше көрсетілді. Ал, ұлттық идеология мен ұлттың сана-сезімін қалыптастыруда тарихымызды еске алу орынды. Себебі, тарихы тереңге жайылған ұлттың мүддесі қашанда өзгелерден биік тұрмақ.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Еуразия ұлттық университеті тарапынан көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде ең маңызды бағыттардың бірі «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше мән беріліп отырған бүгінгі жастар эстафетасы. Айтулы шараның барысында біз бүгін Бозоқ қалашығы орнына университетіміздің студенттерін вело-саяхат жасап ертіп келіп отырмыз. Студенттер Астана қаласының тарихын танып білуді Бозоқтан бастасын деген ниетпен. Бүгінгі вело-саяхат барысында студенттер Үркер ықшамауданының батыс бөлігінде орналасқан қалаға велосипедтермен келіп, тарихи орын туралы біліп, ерекше әсер алды деген ойдамын», - деді ЕҰУ Әлеуметтік және азаматтық даму жөніндегі департамент директоры Әлібек Мадибеков.
Шара барысында белгілі тарихшы, археолог Данияр Тілеуғабылов жастарға VI-XV ғасырларға жататын Бозоқ қалашығының тарихын таныстырды. Студенттер Астана іргесіндегі көне қаланың орнын көріп, түріктер мен қыпшақ халықтары қоныс тепкен қаланың тарихына бір үңіліп қайтқандай болды.
«Ұлы бабаларымыз қыпшақтар мен түріктер кейін алтын ордалықтар Астана маңайындағы осы өзіміз көріп отырған Бозоқ қалашығын мекендеген. Бұл жердегі қаланың іргесін атақты археолог Кемел Ақышев 1999 жылы тапқан. Есіл мен Нұра өзенінің ортасындағы көне шаһар. Бір жағынан қарасақ, қала іргесі биіктеуде төбеде орналасқан. Маңайының бәрі өзен мен көлшіктер. Бозоқ құрылымы жағынан бірегей ортағасырлық қалашық. Ол үш бөліктен тұрады. Орталық бөлігінде ормен қоршалған аудандар бар. Солтүстік бөлігінде тұрғын-үй және өндірістік жайлар орналасқан, ал оңтүстігінде қорым бар. Суландыру құрылысының фрагменттері археологтардың таңданысын тудырған жәйт болды. Бұл жерден ортағасырлық қалашық тұрғындары салған суландыру жүйесі, арықтар табылды. Ортағасырда қыпшақтардың саяси сахнаға шыға бастаған кезінің өзінде бұл жерде қалалар мен мекендер орын тепкен» , - дейді Данияр Төлегенұлы.
Бүгін бастау алған «Рухани жаңғыру: «Жастар эстафетасы» алдағы уақытта өзге облыстардағы ЖОО жалғасын тауып, тарихи жерлерді студент жастарға насихаттайтын болады.
Ғазиз Құлытнай, «Көлік және энергетика» факультетінің 4 курс студенті:
«Біз Астана қаласының тарихын сонау ерте ғасырлардан басталатынын білмеген едік. Бүгінгі жайма шуақ күннің уақытында велосипеттермен 7-8 шақырым жол жүріп, Астананың тарихынан сыр шертетін қаланы көруге келдік. Бүгінгі жастар өз қаласының, тұрғылықты жерінің маңындағы тарихи жерлерді білуі керек деп ойлаймын. Біз осы эстафетаны ЖОО жастарына жолдай отырып, олар өздерінің ЖОО жақын тарихи мекендер туралы эстафетаны басқа оқу орындарына жолдай алады. Біз еліміздегі көшбасшы университеттің біріміз. Сондықтан бізде бастау алған эстафетаны қазақ жастары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жалғап алып кетсе жақсы болар еді»