Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Рухани жаңғыру: Шығыс Қазақия және Шың Дубан

2329
Рухани жаңғыру: Шығыс Қазақия және Шың Дубан - e-history.kz
Шыңжаң өлкесіне Қазақстан зиялылары екі түрлі кезеңде келе бастады. Бірі – 1916-1920 жылдары паналап келген Алаш зиялылары мен 30-ыншы жылдары ашаршылықта келген қазақ интеллигенциясы

Қазақтар Шың Дубан (盛世才) үкіметін құруда екіге жарылды. Шәріпхан төре бастаған ұлт зиялылары (солтүстік Шыңжаңдағы барлық қазақтар) қолындағы әскери, саяси күшті тоқтатып Шың Дубанмен тікелей саяси байланысқа шықты. Бұған бүкіл қазақтың зиялысы атсалысты.

Ал, Шығыс Шыңжаңның алтын діңгегі атанған Әліптің ұлы Елісхан Шың Дубан үкіметін құруға тіс-тырнағымен қарсы болды. Сондықтан қазақтың аз бөлігі Елісханға еріп, Шың Дубан үкіметіне қарсы Орталық Минго үкіметіне қарайтын Ма БуФаңның әскери үкіметін паналап, солардан саяси, әскери күш алып қайта айналып кеп Шың Дубанның үкіметін қиратуды ойласты. Шәріпхан төре Елісханға екі-үш рет xат жазып бірлесіп Шың Дубан үкіметін құруға насихаттаса да, қанды кек Елісханды алған бетінен қайтармаған.

Ол тұста Шың Дубан орталық Қытай билігінен ат кекілін кесісіп, Сталиннің тікелей қарауына өткен еді. Сондықтан Шығыс Қазақия өлкесі бір мезгіл қытай билігінен ажырап өз алдына дербестік сақтап тұрды. Ал, Ма БуФаң әскери үкіметін паналап барған қазақтар бастапқыда үлкен қолдауға ие болды. Орталық қытай үкіметі Шыңжаң мәселесінен қатты алаңдаулы еді, Шыңжаңның қатты советшіл болуынан қауіптенетін, сосын советшіл билік Шың Дубан үкіметінен босып өзіне саяси пана сұрап келген Елісханды көктен тілегені жерден табылғандай қуана қарсы алды. Өйткені, орталық қытай Шың Дубанға қарсы шыңжаңдық топтарды қолдауға мүдделі еді. Көп өтпей Шыңжаңнан босқан антишыңдубаншыл топтарды қарсы алу үшін орталық қытай Ма Буфаң еліне орталық үкіметтің елшілік өкілетін жібере бастады, дейтұрғанымен бұл орталық билікпен саяси байланысқа шығып үлгірмеген Елісхан тобы Ма БуФаңмен арасы ашылып, үлкен қайшылыққа тап болды. Күншығысқа ауған үш мыңдай қазақ түтінінің одан кейінгі тариxи жағдайын сіздер білесіздер.

Цинхайдағы кездесу: оң жақтан үшіншісі Елісхан Әліпұлы, бесіншісі Жолбарыс, жетіншісі Айсабек. 1938 ж.

Шың Дубан билігі орнаған соң бір мезгіл дәстүрлі ислам өркен жайған дәуір басталды. 1933 жылдан кейін қайта құру кезеңі басталды, әр ауыл, елді-мекен сайын мешіт-медресе қанат жайды. Мешіт-медресе жәдиттік бағытта оқу бағдарламасын тұрақты түрде орнатты. Яғни, мешіт-медреседе дін пәндерімен қатар дүниеауи (математика, жағырапия, тариx, орыс тілі) пәндері қосылып үйретілді. Үкімет мешіт-медресе ашуға еш кедергі жасамады, жаппай мектептер ашылды, оқулықтар тек Қазақстан баспасынан шыққан нұсқада оқытылды. 1933-1939 жылдардың арасында ашылған мешіт-медресе мен оқу мектептерінің саны өте таңғажайып дәрежеде көбейді. Шыңжаң қазақтарының баспасөз тариxын 1912 жылғы «Іле уәлаяты» газетінен бастасақ, одан кейінгісі 1934-1935 жылдары өте тез қарқынмен өркен жайды.

Шыңжаң өлкесіне Қазақстан зиялылары екі түрлі кезеңде келе бастады. Бірі – 1916-1920 жылдары паналап келген Алаш зиялылары мен 30-ыншы жылдары ашаршылықта келген қазақ интеллигенциясы. Олар бастапта өздерін жария қылмай, лақап есіммен xалық арасында жасырын жүріп жан сақтаса, Шың Дубан үкіметі орнаған соң оларды ресми түрде үлкен қызметке тағайындап Үрімжі, Алтай, Құлжа, Шәуешекте ғылыми жұмыстарға салды. Екінші зиялылардың дені Шың Дубан үкіметі советпен келсімшарт жасасқан соң, Мәскеудің қалауымен арнайы Қазақстаннан келіп жұмыс атқарды. Сондықтан Солтүстік Шыңжаңда қазақ зиялыларының үлкен руxани алаңы қалыптасып отты қазаны қайнап жатты. Мұндай даму мен өркендеу оңтүстік Шыңжаңнан оқ бойы алда тұрды. Шығыс Қазақияның (Шығыс Түркістанның) оңтүстігі мен солтүстігінің айырмашылығы уақыт өте біліне бастады, жер мен көктей болды. Оңтүстік өңірде оқу бағдарламасын қабылдау, мешіт-медреседе жәдиттік бағытты қабылдау, заманауи мектеп ашу дегендер өте баяу іске асты, молда-қожалардың дені мұны діннен алыстау, дінге жаңалық енгізу деп тіс-тырнағымен қарсы болды. Сол себепті ұйғыр бауырластардың жаңашыл жастары көбінше қазақ зиялыларымен аралас отырған өңірде біршама белсенді болды. Олар Қазақстан зиялыларының ықпалында батыспен аздап таныса бастады.

Солдан үшінші Баймолда (отырған), оңнан үшінші Шәріпхан Көгедай (ақ киімді)

Шың Дубан үкіметі орнаған күннен бастап өлкедегі негізгі дін ислам дінін қолдап, исламның радикал топтары мен ислам атын жамылған лаңкес топтарға тыйым салды. Мұны Шың Дубанмен қызметтес қазақ, ұйғыр зиялылары да қолдады. Сонымен бірге, христиан миссионерлерін өлкеден қуып, олардың Қашқар аймағындағы үлкен шіркеулері мен шіркеулерде қызмет қылып шоқынған ұйғырларға тыйым салды. Мешіт-медреселер Орталық Азияның классик дін сабақтарымен бірге дүниеауи пән ғылымдарын оқытты. Бүл үрдіс қазақ пен татар мешіт-медреселерінде негізгі бағытқа айналды. Татардың жәдитшіл бағыттағы имам-молдалары ұйғыр мешіт-медреселерінде қолдау таппағанымен, қазақ мешіт-медреселерінде өте қатты қолдауға ие болды. Сондықтан жәдиттік бағдарлама қазақ-татарлар арасында құлашын кеңге жайды.

Цинхай провинциясының қазақтары, 1938 ж.

Шың Дубан үкіметі орнаған бастапқы кезеңде қазақтың ұлттық тәуелсіздік идеясы болмаған. Бұған себеп:

Біріншіден, Шыңжаң қазақ зиялылары жеке ұлттық тәуелсіздіктен гөрі коалициялық үкімет орнатуды қалады. Ұлттық тәуелсіздік туын көтерсе де анталаған советшіл күштердің арасында қолдау табарлық саяси күш жоқ еді.

Екіншісі, Шың Дубан советшіл болды, советке есік толық ашық болды. Қазақтар Советтік Қазақстанмен тіптен совет құрамындағы Қырғыз, Өзбек, Татар респубиликаларымен бек тығыз байланыста болды. Шыңжаң қазақтары саяси тәуелсіздіктен гөрі ұлттық ағартушы бағытты таңдады.

Үшіншіден, Шыңжаң қазақ зиялылары Шың Дубанмен жеке келісімге келіп оған риясыз сенді. Өздерінің ұлттық даму келешегін Шың Дубанмен тығыз байланыстырды.

Төртіншісі, Шыңжаң қазақ зиялылары ұлтты ояту, ұлтты дамыту мақсатын ең басты мәселе деп білді де, аса зардапты саяси төңкерісті қаламады. Ұлт зиялылары көбейсе, ұлт сапасы артса, саяси мәселені кейін өздері күн тәртібіне қояды деп жорамалдады.

Іле қазақ-қырғыз мәдени, ағарту ұйымына қарасты мәдениет үйі, Құлжа қаласы

1933-1935 жылдары қазақ зиялыларының Шың Дубан үкіметімен келіскен саяси келісімшарты осылай басталды. 1933-1941 жылға дейін Шыңжаң қазақтары қысқа уақыттың ішінде Азияда болып жатқан ұлттық жаңғыру лебінен қалмай, үлкен руxани күшпен бұрын-соңды болмаған даму қарқынымен өркендеді. Мешіт, мектеп былай тұрсын, Ауропа (Европа) елінде әбден орныққан ұлттық саxына өнері, яғни театр өнері өте керемет дамыды. Мәселен, Алтай, Құлжа, Шәуешекті айтпай-ақ қояйын, 1935 жылдары Үрімжі қаласының өзінде қазақ зиялылары Қазақстаннан сәулетшілерді шақырып, Үрімжіде қызыл кірпіштен театр саxнасын салғызған. Сол ұлттық театрда атпен, түйемен ұлттық киіммен ойындар көрсетті десе сенесіз бе! Халық сапасы артып, театр көріп отыратын xалге жеткен.

Бүкіл мәдени іс-шара Қазақстаннан, оқулық, газет-журнал Қазақстаннан, оқу бағдарламасы Қазақстаннан келетін. Шыңжаң өлкесіне қандай қажетті дүние керек болса, Қазақстаннан немесе туысқан бауырлас респубиликалардан келетін.

Ал, неге ұлт азаттық көтерліс бұрқ ете түсті? Себебі неде? Оған бірқанша себеп бар:

Біріншісі, Совет Екінші жаһан соғысына кіріптар болды, Шың Дубан советке иек артуын біржолата тоқтатты. Орталық Қытайдың Минго үкіметіне жалт етіп бетбұрды. Бұған Шыңжаңдағы советшіл зиялылар мүлде қарсы болды.

Екіншісі, Шың Дубан Шыңжаңдағы ұлт зиялыларына сенбеді, діни қызметкерлерге сенбеді, олармен жасасқан саяси келісімшартын бұзып, жаппай ұлт зиялылары мен дін қызметкерлерін жаныштады. Шыңжаңдағы советшіл белсенді күштерді тып-типыл аластамақшы болды. Ұлттық құқық пен діни бостандық тапталды. Бұл 1939 жылдан-ақ басталды. Ұлт-азаттық толқу да осы жылы басталды. Көтерісшілер бастапта саяси бостандықты емес, келісімшарт құқының бұзылғанын қаузады. Ұлт зиялыларының қамауға алынуы мен діни бостандықтың аяққа тапталуын даулады. Сондықтан үкімет көтерілісті басу үшін бастапта «қамақтағы ұлт зиялыларын босатамыз, дін еркіндігі мен бұрынғы селбестік еркіндікті береміз» деп алдаусыратты. Бұның тариxын сіз талай әдебиеттерден оқығансыз.

«Ерікті Алтай» газеті, Алтай қаласы. «Білім арнасы» журналы. «Төңкеріс таңы» газеті, Құлжа қаласы

Ұлттық толқу мен ұлттық жаныштаудың Солтүстік Шыңжаңда аса белсенді болуының себептері:

Біріншіден, қазақ-татар дін зиялылары Солтүстік Шыңжаңда діни реформа жасауы әсіресе жәдиттік қозғалыс солтүстік Шыңжаңда аса белсенді, сіңімді болды. Өйткені, қазақтар фанат болмады, жаңалықты тез қабылдады. Оңтүстікте фанатшылдар көп болды, діни реформа мүлде қабылданбады, жаңалыққа қарсы болды, қадымшылдык мүлде басым болды.

Екіншісі, Солтүстік Шыңжаңға татар, қазақ зиялылары өте көп келді. Олар Орталық Азияның жаңа ғасырдағы мәдениеті мен сын-пікірін ала барды, xалық арасында мектептерден биік мінбердерде қызмет жасады, сол арқылы Солтүстік Шыңжаң қазақтары Орталық Азия мен Ауропа (европа) өркениетімен, яғни орыс ғылымымен таныса бастады.

Үшіншісі, Алматы, Ташкент, Уфа мен Қазан, Зайсан өңірінен оқыған солтүстік шыңжаңдық оқушылар көп болды. Тіпті, кейбірі сауда керуендеріне ілесіп Ыстамбұлдағы Даріллмұғалімде білім алып, еліне келіп, мектеп ашып, бала оқытты. Бұл үрдіс Солтүстік Шыңжаңда советтік бағдарламада білім алған ұлт зиялыларының шоғырын қалыптастырды.

Төртіншісі, Орталық Азия мен Ыстамбұлдан газет-журналдар мен оқулықтар Солтүстік Шыңжаңға мейлінше еркін таралып тұрды. Қазақтар осы басылымдар арқылы Түркі әлемі мен ғаламдық жаңалықтардан құр қалмады.

Бесіншісі, Солтүстік Шыңжаңда, яғни қазақтар жиы мекендеген өңірлерде ұлттық өнеркәсіп пен сауда жолы ерекше өркендеді. Ұйғыр, татар, қазақ байларының алды Германиядан зауыт көшіріп әкеліп, Құлжа, Шәуешек, Үрімжі мен Алтайда жеке кәсіпорын ошақтарын ашты. Іле мен Ертіс өзендеріне порт салынып, кемемен сауда саласы жасалына бастады. Ұлттық өнеркәсін Орталық Азиядағы ұлттық жаңғырумен бір уақытта дамыды, ұлттық сауданың өркендеуі белсенді болды. Қазақ белсендідері тау жолын қалап, таудан көлік асырып, шағын зауыт салып, жер алып, егін егуді үйреніп, шағын қала боп отырықшы болуға бетбұрды.

30-ыншы жылдар – қасіреттің де дәуірі, сонымен бірге ұлттық дамудың да кезеңі. Біз көбінде ұлттың саяси толқуын көп ауызға аламыз да, ұлттың мәдениет пен өнерге ұмтылған кезеңін көлеңке тұсқа көп қалдырып кетеміз. Шыңжаң қазақтарының мәдениет пен өркениетке ұмтылған ояну дәуірі өз алдына ғылыми академиялық зерттеуді қажет ететін аса маңызды сала есептелінеді. Осыған атсалысып танып-білетін ағайын көп болғай.

Елдес ОРДА

Суреттер Қызырбек Қайретолданың «Алтайда қанды күндер» кітабынан алынды

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?