Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Израильдің тәуелсіздікке қадамы

3705
Израильдің тәуелсіздікке қадамы - e-history.kz
Осыдан тура 70 жыл бұрын (5708 ж. еврей күнтізбесі бойынша 5 ияра) Израиль премьер-министрі Давид Бен-Гурион Израильдің тәуелсіздігі туралы Декларацияға қол қойды

Бұл бүкіл еврей халқының шаттанысын туғызды. Бірақ, таяудағы мұсылман елдерінің жаңа мемлекетке қарулы шабуыл жасауына алып келді.   

1948 жылғы 14 мамырда Израиль өз тәуелсіздігіне ресми түрде ие болды. Содан бері аптаның ортасындағы 5-ші ияраға жақын күн (сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі) Тәуелсіздік күні тойланады. Қуанышты датаның алдында аза тұту күні – Соғыста қаза тапқандарды еске алу күні болып өтеді.

Палестинаны бөлу бойынша дауыс беруге сәйкес Иерусалимнің батыс бөлігі еврейлерге, ал шығыс бөлігі – арабтарға өтті, бұл дауыс беру 1947 жылғы 29 қарашада өтті.

Шығыс Иерусалимде әлемдік үш діннің: иудаизм, ислам мен христиан діндерінің киелі жерлерінің қалғанына қарамастан, еврейлер бұл жоспармен келісті. Ал, арабтар қарсы шықты. 

Екі халықтың тағдырын 56 мемлекет шешуі керек болды. Дауыс беру басталғанына шамамен бір сағат өткеннен кейін сессия Төрағасы Освальдо Аранья: «Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы отыз үш дауыспен Палестинаның бөлінуіне дауыс берді, он дауыс дауыс беруден қалыс қалды, он үш дауыс қарсы...» деп жариялады.

15 мамыр күні таңертең Египет, Сирия, Иордания, Ливан, Ирак, Сауд Арабиясы мен Йемен сияқты жеті араб мемлекеті Израильді мойындамай, соғыс ашты. 1947-1948 жылғы күз-қыс айларында кибуцтер және мошав тұрғындары мен арабтардың бөлек-бөлек жасақтары арасында үздіксіз ұрыстар жүргізілді. Тәуелсіз Израильдің тұңғыш премьер-министрі Давид Бен-Гурион тек саяси дипломатиямен ғана шектеліп қойған жоқ. Сонау 1919 жылы ол былай деп жазған еді: «Араб-израиль мәселесінің шешімі жоқ. Біз бұл елдің біздікі болғанын қалаймыз. Ал арабтар – өздерінікі болғанын қалайды. Бұл шыңыраудың екі жағын көпірмен біріктіру мүмкін емес».

Ол Израиль қарсыластарына тойтарыс бере алуы керек және мемлекеттің күші мен әскери әлеуетін көрсету арқылы ғана келісім жүргізуге болады деп санады. Дей тұрғанмен, премьер-министр Израильде тұрып жатқан арабтарды бейбітшілікті сақтауға және азаматтық тең құқықтылық негізіндегі мемлекетті құруға өз үлестерін қосуға шақырып, екі халықтың Палестина жерінде бейбіт өмір сүруін армандады.

Израильге қарсы біріккен араб күштері түрлі қоспалардан тұрды: «Сирия мен Ливан буржуазиялық республикалары, Египет пен Ирактың конституциялық монархиясы, Йемен, Иордания, Сауд Арабиясы сияқты феодалдық корольдіктер». Бұл одақтастар коалициясында ішкі өзара тартысты туғызды.  

Екінші жағынан, ол кезде Израильдің қару-жарағы нашар еді. Декларацияға қол қойылған соң, бірнеше күннен кейін, яғни 17 мамырда Совет Одағы Израильді ресми түрде мойындаған бірінші мемлекет болды.  Бастапқыда КСРО жаңа мемлекетті қолдады. Израильге қару-жарақ жеткізу туралы Сталин Чехославакияға бұйрық береді. Бұл жеткізілімдер соғыс нәтижесіне едәуір әсер етті. Еврейлерден шыққан кеңестік әскери қызметшілер Израиль қорғаныс әскерін – ЦАХАЛ-ды құруға қатысты.  

Бұл әрекеттердің кеңес жағы үшін де пайдасы болды – Сталин, жаңа социалистік мемлекеттің көмегімен Шығыстағы британ мүддесіне соққы бере аламын және араб тәртібін әлсіретемін деп ойлады.   

Еврейлер бар күштерін, ұрысқа қатыса алатын барлық адамдарын жұмылдырды. Олардың ішінде 18-бен 45 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер де болды. Жаңа иммигранттар келе салысымен ұрысқа кіріп жатты. Екінші дүниежүзілік соғыстан әлдеқалай аман қалып, лагерьлерде азап тартып, Холокостты бастан кешіргендер тағы да өлімге бастарын тігіп тағы да ұрысқа шықты. 1948 жылға қарай Палестина аумағында 678 мың еврей, 1,2 миллион араб тұрды. Тек ұйымшылдық, жанкештілік пен қажырлы еңбек қана еврейлерге өздерінен екі есе күшті жеңуге мүмкіндік берді.

Бірақ еврейлердің бәрі бірдей тәуелсіздік үшін және оны бекем ұстап қалу үшін ғана шайқасқан жоқ, сонымен қатар, кек қайтарудың да қатыгез актілері орын алды. Бейбіт араб тұрғындары тұратын Дейр-Ясин деревнясының аты қасіретті оқиғамен танымал болды, бұл деревняға 1947 жылғы 9 сәуірде осы елді мекенге «Иргун цвей леуми» мен «Штерн» топтары шабуыл жасап, жүзден аса тұрғынды бауыздап тастаған. 1948 жылы арабтар да «Хадасса» ауруханасына бара жатқан қарауылшы жасаққа шабуыл жасап, қырып тастайды. 80-ге жуық бейбіт тұрғын қаза табады.

Дегенмен де, адамдар ұлты мен дініне қарамастан, қайырымдылық пен адамгершілік танытқан сәттер де болды. Бірде егде жастағы араб азаматы екі еврей сарбазын араб жауынгерлерінен аман алып қалады. «Бүгінге жетерліктей өлтірдіңдер, бұларды аман қалдырыңдар» дейді қария. «Бұлардың да көзін жоямыз!» деп жауынгерлер де айтқандарынан қайтпайды.    

Кәрі араб екі еврейді иықтарынан құшақтап: «Бұлар – менің қонақтарым. Бұлар менің қорғауымда». Бұл арабтардың көне дәстүрі болғандықтан, оны жауынгерлер аттап өте алмайды. Кейбір раввиндер синагогаларға жасырып, қорғансыз арабтарды аман алып қалған. Қазіргі уақытта Израильде түрлі ұлттар тұрып жатыр. Израильде сан жағынан еврейлерден кейінгі ұлт – арабтар.

Мақаланы дайындаған кезде Яков Боровойдың «Ариэль Шарон» кітабының материалдары қолданылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?