Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

РАШАД МАМЕДОВ: Қайғыру мен мақтаныш күні

1766
РАШАД МАМЕДОВ: Қайғыру мен мақтаныш күні  - e-history.kz
Қазақстан Республикасындағы Әзірбайжан Республикасы Елшілігінде 1990 жылғы 20 қаңтарда Бакуде болған қайғылы оқиғаларға арналған «Қаралы қаңтар» - Тәуелсіздікке апарар жол» атты фотокөрме ашылды

1990 жылғы 20 қаңтардың зардаптарын көрсететін фотоиллюстрацияларда қарусыз халыққа қарсы әскер қолданудың күллі қасіреті түсірілген. 20 қаңтар Әзірбайжанда қаралы күн ретінде жыл сайын атап өтіледі. 1990 жылғы 20 қаңтарда Әзірбайжанда болған қаралы оқиғалардың кезекті жылдығына орай Елшілік фотокөрме ұйымдастырды. Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамедов осы оқиғалар туралы тебіреніспен айтып берді.

 

Осыдан 28 жыл бұрын, 1990 жылғы 20 қаңтарда Әзірбайжанға Кеңес Әскерінің бөлімшелерінен, МҚК мен КСРО ІІМ-нің бөлімшелерінен тұратын кеңес әскерлерінің 20 мың контингенті енгізілді. Арнайы операция нәтижесінде бір түннің ішінде 140 адам қаза тауып, 700-ден астам адам оқ жарақатын алып, 800-ден астам адам тұтқындалды. Бұл Таулы Қарабахта болып жатқан оқиғаларға байланысты шеруге шыққан бейбіт халықты «тәртіпке шақыру» нәтижесі болды. 20 қаңтар әзірбайжан халқының сағын сындыра алмады. Керісінше, келесі күні Баку қаласының бас алаңына миллионнан астам халық шығып, жерлеу рәсіміне қатысты. Осы күн адамдардың жүрегінде КСРО деген мемлекет өмір сүруін тоқтатқан күн болды. Бейбіт тұрғындарға, өз халқына қарсы әскері қаруын көтеретін мемлекетте тұрудың мүмкін еместігін әзірбайжандықтар түсінді.

Сондықтан да 20 қаңтарды әзірбайжандықтар тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру жолының бастауы ретінде атап өтеді. Осы күні адамдар қалталарындағы Коммунистік партияның партбилеттерін алып шығып, лақтыра бастады. осы күннен бастап әзірбайжандықтар ХХ ғасырдың 20-шы жылдары жоғалтқан мемлекеттік тәуелсіздігінің қалпына келтірілуін талап ете бастады. осы қанды оқиғалардан бір күн бұрын, 1990 жылғы 19 қаңтарда, КСРО МҚК «Альфа» арнайы бөлімшесі республикалық телевидениенің энергетикалық блогын жарып жіберді. 1990 жылдың 20 қаңтары 00 сағат 00 минутте заңсыз, Әзірбайжан КСР-нің Конституциясына қайшы келе отырып, Әзірбайжан КСР-нің Жоғарғы Кеңесімен келіспестен, КОКП ОК Бас хатшысы М.С.Горбачев республикада комендант сағатын және төтенше жағдай енгізді. Телевидение жұмыс істемегендіктен Әзірбайжан халқы бұл жағдайдан бейхабар болды.

Ақпараттық блокадада қалғандықтан, әзірбайжан халқына қарсы жасалып жатқан оқиғалар мен бассыздықтар, әскери қылмыстар туралы біз әлемдік қоғамдастықты, тіпті ел халқын да хабардар ете алмадық. Не радио, не телевидение болған жоқ, барлық жергілікті басылымдар жабық болды. Сол кезде зейнет демалысындағы әзірбайжан халқының көшбасшысы Гейдар Алиев Мәскеуде тұратын, ол Мәскеудегі Әзірбайжан КСР-інің Министрлер кеңесінің тұрақты өкілдігіне барып, баспасөз конференциясын шақырып, Мәскеуде аккредитацияланған барлық ақпарат агенттіктерін шақырып, Бакуде болған оқиғалар туралы айтып беріп, әзірбайжан халқына қарсы жасалған әскери қылмыстарға КСРО басшылығын айыптады.

Тек осыдан кейін ғана бүкіл әлем Әзірбайжандағы оқиғалардан хабардар болды. 1990 жылғы 22 қаңтарда әскери акция құрбандарымен қоштасуға миллионнан астам халық қатысты. Қаза тапқандардың денелері сол күннен бастап Батырлар аллеясы (шахидтер) деп атала бастаған Таулы саябағына жаяу жеткізілді. Бұл оқиғалар Әзірбайжан тарихына «Қаралы қаңтар» ретінде енді. Бүгін бұл күн Әзірбайжанда әзірбайжан халқының намыс күні болып саналады, өйткені бұл оқиғалар әзірбайжан халқының сағын сындыра алған жоқ, керісінше, оған күш-жігер мен өзіне деген сенімділік берді. 1991 жылғы 17 қазанда Әзірбайжан парламентінің Мәжілісі мемлекеттік тәуелсіздік туралы, мемлекеттік тәуелсіздікті қалпына келтіру туралы конституциялық акт қабылдады.

Әзірбайжан ХХ ғасырдың басында аз уақыт қана өмір сүрген Әзірбайжан демократиялық республикасының ізбасары болды. Әзірбайжанның бүгінгі тәуелсіздігінің құны – бұл Әзірбайжанның болашағы, бүгінгі Әзірбайжан үшін құрбан болғандардың өмірі, коменданттық сағат пен төтенше жағдайға қарамастан, танк пен автоматтардан қорықпастан көшеге шығып, өз тәуелсіздігіне қол жеткізген бір жарым миллион адамның батылдығы – бұл тәуелсіздікке апарар жол. Елшілік қызметкерлері фотокөрме жас ұрпаққа тәуелсіздігіміздің қалай келгендігін тағы бір рет естеріне салады деген үміттерін білдірді. Қазақстандағы Әзірбайжан Елшілігінің Бірінші хатшысы Маммад Багиров фотокөрмедегі кейбір сюжеттерді әңгімелеп беруге келісімін берді. 

- Алдарыңыздағы бірінші суретте солдаттар қаланың түнгі көшелерін торуда. Кешкі сағат 10-да көшеде ешкім жоқ, коменданттық сағат таңғы 7-8-ге дейін созылды. Алдымызда қорқынышты картина – танкпен жаншылған автокөлік және қынжылған жергілікті тұрғындар тобы. Мына суретте қанды оқиғалардың зардаптары бейнеленген. Қаланың кеңестік әскер жүріп өткен барлық бағытында танкілер жолындағының бәрін тып-типыл қылып кетіп отырды. Олар қалаға кіріп, орталық көшелермен Парламент, әкімшілік ғимараттар, Орталық телевидение, Компартия Орталық Комитетіне қарай беттеді – осы ғимараттарға қарай техникаларын тарта бастады. Саналы түрде көшеге шыққандар болды.

Өйткені олар қарсылық білдірді. Ильхам Аллахвердиев достарымен бірге танктер колоннасына қарсы шықты. Оларға қарсы атыс қаруы қолданылды. Ильхам алған жарақаттан ауруханада көз жұмды. Күйеуін жерлеген соң оның жас жары Фариза онсыз өмір сүре алмай у ішіп қайтыс болды. «Ильхамсыз өмір сүре алмаймын. Ешкім де жыламысын» деп жазыпты ол өлер алдындағы хатында. Сол қанды оқиғалардың болғанына көп жыл өтсе де, әзірбайжан халқы сол бір қаралы түнді әрқашан есінде ұстайды.

20 қаңтар – жалпыхалықтық Аза тұту күні ретінде күнтізбеде мәңгілік қалды. Суреттер – бостандық пен Отан, ар-намыс пен қадір-қасиет ұғымдарының жай ғана сөз еместігін көптеген құрбандардың өмірінің құнымен дәлелдеген әзірбайжан халқының рух жігерінің жанды куәсі.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?