Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дон Жуанның ақыры

2780
Дон Жуанның ақыры - e-history.kz
Дон Жуан ­– қылмыстық тарихи персонаж. Яғни бір замандарда сіз бен біз құсап, жер басып, ауа жұтқан екі аяқты, жұмыр басты пенде

Бүгінде «ой, сен Дон Жуан екенсің» дегенге кәдімгідей қампайып, сондай болуға ұмтылатындар көп-ақ. Онда да бұл теңеу жолында кезіккен сұлу атаулыны құр жібермейтін қуларға арналып айтылады. Жылайсыз ба, күлесіз бе? Әйтсе де, сол серішалыстардың бірі де өз идеалдарының нақты кім екенін білмейді. Білсе де, ол білгендері шай басында қысыр сөйлеп, бір-екі рет езу тартуға ғана жарайды.

Жалпы, Дон Жуан деген кім? Ныспысын заманауи жігіттер мақтан қылатындай, ол шіркінің, заманында несімен артылып, артына не қалдырыпты?  Өмірде болған адам ба, өзі? Әлде, әдебиеттен енген қисық кейіпкер ме? Ендеше, бір ақын жырлағандай, «Қара жүректер жарылсын, сұмдардың өрісі тарылсын». Ол расымен де кейіпкеріне кейіпкер, бірақ әдебиеттен емес, керісінше, қылмыс әлемінен әдебиетке енген бір бейне» дер едік, біз сізге.

Біле білгенге, испандықтардың Дон Жуан хақындағы аңызы – ортағысырлық аңыздардың ішіндегі ең танымалдарының бірі. Тіпті, зерттеуші ғалымдарды айтпағанда, ол туралы қалам тартпаған ақын-жазушы (залымдығы айрықша тақырып болса керек) кемде-кем деуге болады. Шығармашыл тұлғаларға келсек, Донның өмірін Испанияның өзінде – Тирсо Молина болса, Францияда – Ж,-Б, Мольер, Англияда – Д,-Г. Байрон, Германияда – Э.-Т.-А. Гофман, ал құдайы көршіміз Ресейде –А.С.Пушкин, А.К.Толстой, А.А.Блоктар өз шығармалары мен зерттеулеріне арқау етіпті.

Әлхисса, әуелі мына нәрсенің басын ашып алған жөн. Жаңа айтып өткеніміздей, Дон Жуан ­– қылмыстық тарихи персонаж. Яғни бір замандарда сіз бен біз құсап, жер басып, ауа жұтқан екі аяқты, жұмыр басты пенде. Бірақ охо-хой қандай «пенде» десеңізші?! Жақсыдан да, жаманнан да із қалдырған бұл дүние!

«Залымнан кесапат, жақсыдан шарапат». Ал оның шалалы өмірі туралы деректер негізінен туған қаласы Севильи (Испанияның оңтүстігінде орналасқан қала) хроникаларында сақталып қалған-дүр. «Бір қызығы, тарихи мәліметтер көп жағдайда аңыздағы деректерге дәл келеді. Тек, бір ғана үйлеспейтін жері – Дон Жуанның өліміне қатысты тұсы. Аңызда «оның өліміне тылсым күштердің араласуы себеп болды» деп түсініктеме беріледі. «Ал жылнамада оның абыройсыз ақырына түрткі болған шынайы себептермен қоса келеңсіз әрекеттер турасы егежей-тегежейлі жазылған» деп хабарлайды бұл туралы тарихи еңбектердің бірі.

Сонымен, кеңінен тарқатар болсақ, «толық аты-жөні – Дон Жуан Тенорио атты бағылан XІV ғасырда  тіршілік кешіп, өз дәуренінде дүниені жалпағынан басқан» дейді. Өйткені ол Севильидегі ауқатты ақсүйек әулетінің алтын сарайында дүниеге келіп, әлеуметтік мәртебесі асқақ, мейманасы тасыған тапта тәрбиеленген екен. Ал оның әкесі – даңқты әскери адмирал Алонзо Тенорио болса, Испанияны азат ету соғысы кезіндегі маврлармен болған теңіз шайқасында, бір қолына қылыш, екінші қолына ту ұстаған күйі шейіт кеткен қаһарман-ды. Алайда, тағдыр тәлкегі емей немене, сондай асыл ұрқынан құла емес, ала туыпты!

Деректерге қарағанда, ол Отаны үшін жан қиған осындай айбарлы әке беделімен билеуші тап арасында «асылдың сынығы, жақсының тұяғы» ретінде қадірленіп, ерекше есепте болған. «Жасында король Алфонсо XІI-нің тақ мұрагері Педромен (кейін әкесінің орнына хан болған) бірге бір ұстаздан тәлім алып, бір аулада құлын-тайдай тебісіп өскендіктен ол тым еркін еді» дейді тағы бір дерек көзі. Әйтеуір, уақыт өте келе, Педро тәж кигенде, Дон Жуан да обер-келлермейстр шенінде атқа отыруға мүмкіндік алады. Бұл кезде де,  аралары суымаған екеуі, балалық шақтағы айырылмас достар ретінде тонның ішкі бауындай араласып, жасай берген тәрізді. Өз кезегінде, осы таныстық кейіннен Дон Жуанға талай қылмыстардан дін  аман, судан құрғақ шығуына септігін тигізеді.

Бұған қатысты оның туған жерінде «жігіт шағында жанкешті арамзалығымен алдына қара салмаған бәлекет қоғамда қалыптасқан мораль мен адамгершілік құндылықтардың бірде-бірін мойындамаған» деген пікір қазір де басым. Сондағы сипаттауларға сүйенсек, ес біліп, етек жапқалы Дон Жуан айналасына қанқұмар да қызыққуғыштығымен уә ләззәт іздегіштігімен танылған да жүрген. Елден ерек есерсоқтығымен замандастарының зәресін алғаны былай тұрсын, себепті де себепсіз қатерлі дуэльдерге үйір болып, жолындағы ер азамат атаулының қитығына да әбден тигендей ме, қалай? «Қас қылғанда ол шыққан жекпе-жегінің бәрінде жеңімпаз шығып отырған» деседі ел аузындағы лепес. Ал беті жылтыраған төмен етектілерге, әсіресе тұрмыс құрған әйелдерге келгенде өзінің арбағыштығымен шошындырған жігіт қайсыбір жылнамашының жазуынша «ылғи да Ібілістің айлалық сығындысындай елес беретін болған». Бір сөзбен айтқанда, үкілеп өсіріп отырған қызы бар көптеген қадірменді жанұялардың есіміне кір келтіруден де біріншілікті бермеген  бір өзі болыпты.

Немесе осы нобайлас тағы бір дерекке назар аударсақ: «Балалы-шағылы талай әйелді құдайы жолдан тайдырып, ерлерінің  өз-өздеріне қол жұмсауына себепкер болғаны тағы бар. Талай бойжеткенді күйдім-сүйдім деп келіп масқаралап, тастап кетіп жүргені өз алдына бөлек тақырып. Жүрген жеріне шөп шықпайтын зинақор, антұрғанның өзі еді» дейді оның биографиясын зерттеушілердің бір парасы. Әрине, жүргіш жерлестерінің қылықтарына шыдай алмаған Севильдіктер Дон Жуанның атына әміршіге талай да талай арыз айтып көреді. Әйткенімен бұл кезде Қатыгез Педро атанып үлгерген Педро патша «бұзық» құрдасының әрекетін шектемей, қайта, қостап отырған ұқсайды. Осылайша, қазіргі тілмен айтқанда мықты «көкесі» бар Дон «жертәңірсіп, етігін қонышынан басқан да жүрген». Бірақ Құдай Тағала әділетті емес пе? Қай мықтыға да бір зауал...

Бірде Дон Жуаннның нәпсани назары елдегі ықпалды комондор Гонсалес де Ульоаның жалғыз қызы Донна Аннаға түседі. Айтып айтпай не, ибалы да ақылды аруды әдепкі тәсілдерімен өзіне қарата алмай, шарасы таусылған әйгілі қуаяқ, қызды алып қашпаққа бекінеді. Содан, ол Севильидің бір айсыз қараңғы түнінде комондордың үйіне ұрланып кіреді ғой, баяғы. Дегенмен Жуекеңнің есебі қырын шығып, бейуақтағы тықырдан оянып кеткен қыз әкесімен екі арада үй ішілік шайқас орын алған. Нәтижесінде әдеттегі дағды бойынша, шайқасқыш Дон үстем шығып, атақты комондор мерт болады да, оқиға ушыға келе, мемлекеттік сипат алып кетеді. Яки замандастарының бірі жазбақшы, «Донның әдеттегідей жуандық жасауына мұршасын келтірмейді». Бұл жолы тіпті, оны әрдайым жақтап шығатын корольдің өзі бас болып, Донды «пенде» етуге үкім кескен көрінеді. Қадірменді әкенің қырық жылдық жақсы аты мен елдің шыдамның да шегіне жеткені осы болса керек. Өз орайында, құрметі шайқалып, қашып-пысқан қу, заң құрығынан жасырынып, алыстағы туысына бас сауғалауға мәжбүр болады. Бірақ оның сорына, ал елдің бағына қарай, бұл шақта, өлтірілген ақсақалдың қанға-қан тілеген ағайындары кек алуға серттесіп, Дон Жуанды Севильге келтірудің амалын ойластырып жатады (Ол кездің этикасы бойынша кек алу міндетті болған). Ақырында олар оған әлдебір ашынасының атынан жалған ғашықтық хат жолдап, әулие Франциск Монастрінің жанына кездесуге шақырумен тынған. Дон Жуанекең ше, не істеді дейсіз? Замандастарының айтуына қарағанда, ашқарақ балықтай, қармақты қалай қапқанын да білмей қалған-ау, шіркінің, шамасы?! Деректерге сүйенсек, ол әдеттегідей паң баса, үлде мен бүлдеге оранып, айтылған жерге айтылған мерзімде жетіп келеді. Ал кек тілегендердің іздегені де осы еді, олар оны дереу бұтарлап өлтіріп, атаусыз, белгісіз бір жерге бұралқы иттей, жасырын көміп тастайды.

Өз кезегінде, Гонсалес де Ульоаның туғандары өз құпияларының ашылуынан һәм патшаның қаһарынан сескеніп, Дон Жуан туралы адам сенгісіз сыбыс тарата бастаған. Олардың бәрі бір ауыздан «Дон Жуан өзі өлтірген марқұм комондордың моласын қорлауға келгенде, басына естелік үшін қойылған тас мүсін кенеттен тіріліп кетіп, бейбақты темір құшағына қапсыра,  тозақ тұңғиығына алып кетті» деп күпілдетуге көшеді.

Содан не керек, аталмыш сыбыс көпшілікке ақиқаттай көрініп, уақыт өте келе Дон Жуан туралы аңызды тұп-тура осылай аяқтауға кулиминациялық шешім болып қосылған деп болжауға болады.

Сонымен бірге, «Дон Жуан аңызымен байланысты ХІХ ғасырға дейін жалғасқан бір ғұрыпты да атап өтпей болмайды» дейді тағы бір зерттеушілер.  Ол ғұрыпты өз көзімен көргендер: «Севильде, жыл сайынғы масленица мерекесі кезінде сейсенбі күні бір қызық ғұрып орындалады. Онда Дон Жуанның бейнесі бар қуыршақты ақ кебінге орап, тізесі бүгілген күйінде, ақ жастықтың үстінде, зембілмен бүкіл қаланың көрнекті жерлерін аралатады. Бұл сірә, атақты Севильдік күнәһардың тірісінде тәубесіне келіп үлгермегендіктен, енді, өлісінде бүкіл халық алдында айыбын жууы болар» деп  куәлік береді (Бұл сол ғасырдың хроникаларында тіркелген). Сонымен, бұдан шығатын қорытынды қандай? Рас, қалай болғанда да Дон Жуанды туған ортасының жек көргені анық жайт. Жұрт екеш жұрт болғасын, іштен шыққан шұбар жыланды қалған «шұбар жыландарға» жиреніш етпегенде не қылсын?! Болмаса «көріңде жатып өкіргір» деген «бір болса, осындай-ақ болар» дегіміз келеді.

PS: Иә, Дон Жуанның дүниеден өткеніне нешеме ғасырлардың жүзі болды. Бірақ оның ісі әлі де тірі секілді. «Тісі барда ысқырып қалуды» жөн көретін кейбіреулер «оралыңның барында ойна да күл»-ге басып, арсыздықпен күн кешуде десек артық айтқандық емес. Олар үшін ар-ұят, адамның тағдыры,  әйел мен қыз намысы деген ойыншық құрлы жоқ. Осыған қарап, Дон Жуаннның ізбасарлары бастапқы пірлерінің қандай болғандығын білсе деген бір ізгі ниет еді, біздікі. Әсілінде, өмірдің өзі көрсеткендей, дөң болып жуандық етем дегеннің ақыры әманда қайғылы аяқталуға тиіс. Өйткені бұл өмір заңдылығы. Себебі, мың асқанға бір тосқан әрдайым табылады.

Ерболат МАМЫРАЙХАН

                                                     

 

                                                                                        

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?