Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көпполярлық жүйе: алғышарттар және болжамдар

2308
Көпполярлық жүйе: алғышарттар және болжамдар - e-history.kz
Бір орталықтан басқарылатын әлем жасау үшін кем дегенде екі алғышарт болуы керек. Яғни маңызы аса зор мәдени аспекті – тілдік жақындық пен діни сәйкестілік қажет

Құрама Штаттардың әлемді жеке-дара билеп келе жатқанына биыл жиырма жеті жыл. Жақсы ма, жаман ба, ол жағын болашақ ұрпақ бағалай жатар, ал бір полярлы әлем аясындағы екі ондық белес тарих күресінінде қалып барады.  Бір жағынан, бұл мерзім балапандарды санайтын кез келгенін танытады. Әлем Сэм ағайдың көшбасшылығынан ұтты ма, ұтылды ма? Әлбетте, АҚШ-тан бастау алған соңғы жаһандық экономикалық дағдарыс талайларға күмәнді ой салып үлгерді. Дүниенің ендігі саяси даму бағдары қалай болмақ? Мұның арты әлемдік саяси дағдарысқа ұласпай ма? Дағдарыстан кейінгі кезеңде Трамптық Американы қаншалықты өміршең дей аламыз?  Өз кезегінде осы сауалдардың барлығының академиялық негіздеме талап ететіні белгілі.         

Жаңа бетбұрыстың басталуы

90-ыншы  жылдардың басында социалистік блоктың «қырғи-қабақ» соғыста жеңіліс табуымен әлемнің даму құрылымы өзгеріске ұшырады. Осылайша бүгінгі әлемнің саяси әлқиссасы басталған болатын. Үшінші дүниежүзілік қақтығысқа соқтырта жаздап жоғалған коммунистік жүйенің моласы басында дағдарған адамзат баласына сол сәтте, әлемде бір ғана күш осі – АҚШ-тың  қалғаны мәшһүр болды. Сол бір дүдәмал шақта, мұндай ұрымтал істерде жыланның аяғын көрген америкалықтар өздерінің артықшылықты жаңа күйін бірден бағамдай алды.

Бүгінгі күн тұрғысынан қарар болсақ, ресми бәсекелесінен артық шығынсыз, оңай құтылған АҚШ қай жағынан алғанда да әлемге «бас» болуға лайық бірден-бір үміткер еді. Көп күттірмей, осы таңдағы дүниенің геосаяси бейнесін қалыптастырған – бірполярлық жүйе де орнады. Уақытында бұған қарсы ешкімнің де «жоқ» дей алмауы заңды. Өйткені, советтік-ресейлік тарихшы-саясаттанушы Анатолий Уткин атап өткендей,  АҚШ-ты өзек еткен бір ості жүйенің негізделуіне мынадай алты әлеуетті себеп түрткі болды: біріншіден, әлемдік экономиканың төрттен бірін қамтитын Америка экономикасының жаһандық қуаттылығы; екіншіден, жақсы жаттықтырылған  һәм заманауи жоғары технологиялы әскердің болуы; үшіншіден, ғылым-білім саласындағы жетістіктері; төртіншіден, Пентагонға тікелей бағындырылған әлемдегі аса озық барлау жүйесі; бесіншіден, әлем жұртшылығының басты тұлғаларының, басқарушы элиталардың Америкалық университеттерде білім алуы және де бұл осылардың ішіндегі ең эффектілі де табыстысы еді;  соңғысы – америкалық өмір салтын насихаттайтын Голливудтың мәдени ықпалының зор болуы – еш кедергісіз бейресми ортада «америкостық» деп аталатын үстемдікке жол ашты [1]. 

Сонан беріде жағдаят, саяси сәулет айтарлықтай өзгерген жоқ. Осынау алты тіректің төртеуі әлі күнге ақаусыз жұмыс істеп тұр. Тек қана, «соңғы кездері янкилер елі өз триумфының алғашқы жылдарындағыша, ашық дөкейлік көрсете алмайтын болды» демесек, «батыс майданында өзгеріс жоқ». Рас, діттеген мақсаттарына жету үшін АҚШ бұрынғыдай емес, өз ісін ақтайтын белгілі бір театрландырылған көріністер ұйымдастыруға мәжбүр. Айталық, Збигнев Бзежинский сынды әлемдік есімге ие саясаттанушының пікіріне құлақ түрсек, шын мәнінде бұл ел әлемдік қауымдастықтың пікіріне пысқырып қарамайды. Дәлірегі, қарамас та еді. Ал жағдайға қарай, әсіресе, өзінің өзгелермен санасатынын білдіруі тиімді бүгінгідей сындарлы шақтарда онан өткен әртіс жоқтың қасы.  «Онда да ол аракідік, басына іс түскенде ғана жақын одақтастарымен формальді түрде ақылдасқансып қояды. Бүгінгі таңда аса зор саяси-экономикалық алымдылық Құрама Штаттарға сыртқы саяси мәселелерде өз мүдессін ғана басшылыққа алып, нені болсын өз пайдасына шешуге мүмкіндік береді» дейді ғалым бұл мәселе турасында [4]. 

Социализмнің қарымы қайта бастаған 80 жылдармен, бергі 90 жылдардың белесінде АҚШ – Панама,  Гаити, Руанда, Сомали мен Гренадаға әскер кіргізіп, Кубаға экономикалық эмбарго жариялады, ашық түрде, еш қымсынбастан Иран мен Солтүстік Кореяға қысым жасап, Ливия мен Югославияны, Иракты бомбалады. Ал «абыройы аласарды» деген 2000 жылдан бері Ауғанстан мен Иракты оккупациялап, Сирия алапатына араласып, отты аймақтардағы қолайына жақпайтын режимдерді биліктен тайдырып үлгерді.

Бейбітшілік призмасында

Әр таяқтың да екі ұшты болатыны белгілі. Әділін айту керек, бейбітшілік призмасымен қарағанда, бірполярлы әлемнің екі немесе бірнеше полярлы жүйеден артықшылықтары да бар. Бір полярлы жүйеде конфликтілі жағдайлар әлдеқайда тез де тиімді шешімін табады. Әкімшіліктік көзқарас тұрғысынан, бұл – екі орталықтың пәрменіне қарағанда бір орталыққа жүгінген секілді оңтайлы нәрсе. Кешегі екіполярлық жүйеде, мәселенки,  Кувейтті басып алған Саддам Хусейн басшылығындағы ирактықтарды жылдам әрі аз құрбандықтармен қуып шығу мүмкін болмайтын. Қайсыбір саясаткер айтпақшы, баққұмар ССРО мен АҚШ бұл түйінді әділет жолымен бітіруге бәтуаласқанша, Үшінші дүниежүзілік соғысты тұтандырып жібергенді әлдеқайда дұрыс көрер еді. Әйтсе де, бірполюсті жүйе шексіз биліктің бір қолда болуымен, күш қолдануға әуестігімен және де абсолютті азшылықтың  көпшілікке басымдылығымен қауіпті. Мұны да ескерген ләзім. Болмаса, сол Бағдаттағы биліктің кейіннен құлап, ал басшыларының дарға асылуы ненің көрінісі? Ал әзірше, көпшілікке жататын кейбір ұлы елдер АҚШ-қа қатысты тарихи жәбірленгендік сезімін бастан кешіріп жатыр. Жалпақ тілмен айтқанда, бір мемлекеттің айналасына топтастырылған гегомониятектес тетіктерге үйренісе алмай аһ ұруда [2].

Жалпы, ұғымдар патшалығына тереңірек үңілсек, «гегемон» термині өзінің классикалық мағынасында қандай да бір мемлекеттің яки, таптың өзгелерді басқарушы басымдылық рөлін білдіреді (http://ru.wikipedia.org/) Дегенменен, басты парадокс сол – бұл түсініктің үдесінен шығатындай АҚШ әлі де шын мәніндегі гегемон емес. Ол әзірге талассыз көшбасшы ғана. Яки көшбасшы мен гегомонның аралығындағы перефериялық стадия – ұлыдержава десе де болады.  Өз кезегінде Бзежинский айта беретін кейбір көңіл аулаушылық пен геосаяси әртістікке де осы олқылық себеп болуда десек артық айтқандық емес [3].

Егер заманауи саяси тұғырнамалардың біріне иек артсақ, мұның да жауабын тұщымды бере аламыз.

Ең әуелі – АҚШ-тың толық гегомон болуына ішкі үш себеп мұрша бермейді: Үнемі көп қаржы мен адам шығынын (өзге елдердегі бітімгершілік яки т.б. себепті қақтығыстарда шейіт кететін сарбаздар) талап етіп отыратын державалық қуаттылықтан Америка халқының кез-келген сәтте бас тарту мүмкіншілігі; жүз пайыздық кепілдігі бар, қандай жағдаятта да айнымас одақтастар қолдауының жоқтығы (Мәселен, Германия мен Франция 2003 жылғы Ирак жорығында АҚШ-қа қарсы шықты, Қырым мәселесінде де көзқарастар алшақтығы бар, Сирия бойынша да бірқатар түйткілдер); сондай-ақ АҚШ ұлыдержавашылдығының тізесі батқан әлеуетті құрбандықтардың бірлесіп қарсы тұру ықтималдығы ұлы мәртебенің басын қайтарып тұр. Екінші кезекте, бүкіл өткен тарихы даңққа толы тәккаппар державалар оның толыққанды диктатурасына келісімін бере қоймады. Міне, басты мәселе қайда жатыр?!

АҚШ жүз жерден АҚШ болғанымен, әлі күнге «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған даусыз супержүйе деңгейіне көтеріле алмады. Керісінше, оған қитығып, құрық алып қашатын, қаруы мен қарасанына сенген үйретілмеген асаулар да жоқ емес. Бағыныштылық жағдайға, былайша айтқанда, басқарылатындай бейшара деңгейге түсуге тарихи сана-сезімі көнбейтін елдердің көптеп саналатыны мәлім. Мысалы, ресми Вашингтонға Қытайды, Ресейді, Ұлыбританияны, Францияны, Иран мен Түркияны қалаған саясатымен жүргізіп тұрғызу оңай емес. Олардың өткен замандардағы ерлік тарихы қандай да болмасын державаның ыңғайына жығылып, жетегінде кетуге тоң болып жібермейді. Бұдан бөлек, бір орталықтан басқарылатын әлем жасау үшін кем дегенде екі алғышарт болуы керек. Яғни маңызы аса зор мәдени аспекті – тілдік жақындық пен діни сәйкестілік қажет. Ал АҚШ гегомониясы, яки жұмсартып айтқанда, америкалықтар басшылығы әлем бойынша ағылшын тілінің тұғырлануын талап етеді. Шынтуайтында, ағылшын тілді жұртшылық XX ғасырдың алғашқы жартысында Жер шары халқының 9,8%-ын құраған болса, қазір 7,6% көрсеткішін көрсетіп тұр. Ағылшын тілі бұған дейінгі бір ұрпақ бұрынғы кездегідей әлемдік қарым-қатынастың бірегей құралына айналып отырған жоқ. Әлем халқының 92%-ы түсінбейтін тілде сөйлейтін мемлекет қалайша дүниені басқара алады? Қайта, оған қарағанда қытай тілінің барлық диалектілерінде жер шарының 18,8%-ы бұлбұлдай сайрайды [2].

Дін мәселесіне келсек, өткен ғасырда, әлемдік ықпалды христиан діні мен Ислам таразы басын өзіне тартарлық айтарлықтай басымдылыққа ие бола алмады. Ғылыми жорамалдар бойынша, христиандар саны қазіргі 29,9%-дық (2000 жылғы дерек) межеден 2025 жылға қарай 25%-ға төмендейді. Осы аралықта мұсылмандар да 12,4%-дан (1900 жылғы дерек) 2025 жылы 30%-дық көрсеткішті бағындырмақ екен. Бірполюсті әлем жақтастарының аузына құм құятын ғаламат дәйектің бірі – осы. 

Ықтимал сценарийлер

Көптеген қиындықтарға қарамастан, «АҚШ көптеген ірілі-ұсақты мемлекеттерді белгілі бір деңгейде айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп отыр» демеске тағы лаж жоқ. Бірақ кейінгі кезеңде АҚШ-тың бағын қайтаратын елдерге көріпкелдік жасайтын, болашақта өрбуі мүмкін геосаяси сценарийлер бой көтере бастады. Нақ осы шақта, америкалықтар ықпалындағы елдердің кейбіріне саяси-экономикалық сипаттағы әртүрлі  бұғауларды бұзып шығуына зор мүмкіндіктер бар. Сөйтіп, бір полюсты жүйені биполярлық әлемге айналдыруына болады. Бұл жерде әлденеше мемлекеттердің одақтасып барып текетіреске кірісуі ең ұтымды стратегияның бірі. Себебі, АҚШ-қа айбар көрсету үшін жекелеген державалардың күш-жігерінің жетпеуі кәдік. Кейбір батыстық ғалымдар алдағы уақытта «Батыс Еуропа Солтүстікатлантикалық келісімшарттан босанып, Ресеймен қарым- қатынасын күшейтуге кіріседі» деп болжам айтады. Бұл әзірге құрғақ жорамал ғана болса да, күні ертең жаны бар сөзге айналып жатса, таң қалуға болмайды. Қалай десек те, АҚШ-тың бірегей ұлыдержаваға кейіптенуі еуропалықтарды өздерінің келешектегі жаһандық рөлдері турасында ойлануға итермелеуде. Осы орайда, олардың жалпыеуропалық ұлыстар болып күш біріктіріп, тізе қосу арқылы өздерінің бір замандағы маңызы мен салмағын қалпына келтірмек болып жатқаны әбден түсінікті. Бүгінгі күннің өзінде онда Еуропалық Одақтың саяси аясы мен ортақ еуро валютасының шығарылуы арқылы АҚШ-қа қарсы тұрудың «қалқандық» формалары қалыптасып үлгерді. Қала берді, Батыс Еуропаның біріккен экономикалық қуаты Америкалық көрсеткіштерді басып озуға таяп қалды. Өз кезегінде, бұл құбылыстардың Америкадағы ондаған саяси зерттеу институттарының бас ауруына айналғаны қашан. Олардың бар үміті әзірге Brexit секілді прецеденттердің қайталануына иек арту ғана болып отыр.

АҚШ үстемдігіне нүкте қоюы мүмкін ықтималдығы жоғары тағы бір фактор – АҚШ пен Қытай текетіресі болмақ (Бұның алғашқы ұшқындары күні кешегі Солтүстік Корея бойынша көзқарас үйлесімсіздіктерінен де байқалып қалды). Шамамен 2025 жылға қарай Қытай жетекшілігіндегі Азия әлемдік өндірістің 40%-ын өндіретін болады. Қытайдың көтерілуі даусыз. Бұл әлемдік жүйені танымастай өзгерте алатын аса маңызды тектоникалық қозғалыс болғалы тұр. Белгілі саясаттанушы Анатолий Уткиннің «XXI ғасыр табалдырығындағы геосаясат» атты зерттеуінде атап көрсеткендей, «халықаралық сахынаға бұл жолы жай ғана бір ойыншы шыққалы тұрған жоқ. Саяси аренаға адамзат тарихындағы ең ұлы ойыншы шыққалы тұр».

Батыс ғалымдары қазіргі Қытайда  «орта патшалық» тұсындағы  көне астамшыл көзқарастың қайта оянғанын айтып дабыл қағуда. Осынау дүниетаным бойынша, қытайлықтардан өзге азиялықтар «төменгі нәсіл» болып есептеліп, ал батыс өкілдері «варварлар» саналады. Қытай билеушілері тағы бір сараптаманың көрсетуінше, Құрама Штаттардың образынан – самұрықтық самғауынан қанаты талып, құлдилауға бет алған құсни метефораны көреді. Олар сондай-ақ Қытайдың көтерілуіне өлердей қарсылық көрсететін де америкалықтар екенін біліп отыр. Соған қырсығып, ресми Бейжің Шығыс Азияда Құрама Штаттардың мүддесі мен позицияларына батыл түрде шабуыл жасауда. 

Расымен де, көпполярлық жүйе АҚШ-тың, Еуропаның,  Қытайдың, Үндістанның және Жапония арасындағы аумақтық арбасулардың нәтижесінде мықтап негізделіп, кірпіштеп қалануда. Оны өзіміз де байқағандай болып жүрміз. Еуразиядан ежелгі орталық, аю ныспылы патшасын бетке ұстап, Путиндік-Медведевтік Ресей де көтеріліп келеді. Қырымның алынуы, Украина мен Сириядағы шайқастар, санкциялық соғыстардың өзі неге тұрады?!

Әрине, бір мемлекеттің өсіп-өркендеуі мен қуаттылық дәуірі мәңгіге созыла бермейді. Ерте ме, кеш пе, экономикаға түскен әсіреқысым, өзіндік қарым-мүмкіншілігінен жоғары шамадан тыс тыраштану,  әлемдік аренадағы қатерлі авантюралар маңдайы жарқыраған берекелі байтақты діңкелетіп, көпполюстық әлем келбетін қайта оралтуы әбден мүмкін жайт [5]. Бұл бұған дейінгі тарихта өткен империялардың ащы сабағы. Кейбір саясаттанушылардың ойынша, жақын болашақта  Құрама Штаттарға оның іс-әрекеттеріне көңілі толмайтын елдердің біріккен коалициялары қарсы тұратын болады.

«Өзін-өзі сарқыған асыра құлаш сілтеулер «шыңынан» кейін Америка мен оның оппоненттері дәстүрлі күштер балансына оралады» дейді шығысбағдарлы тағы бір стратегтер тобы [5]. Ендеше, жақын болашақта Қазақстанға  өзі басшылыққа алып келе жатқан бастапқы көпвекторлы саясат тұғырнамасынан айнымаған дұрыс. Әлемдік сарапшылардың келісіп алғандай-ақ бір жерден шыққан кезекті тоқтамына қарасақ, бүгінде АҚШ қолына су құйып жүрген көптеген қолбала державалар ертең-ақ жалтақ мінезінен танып, оның ұлыдержавалық статусын жоққа шығаруы  ықтимал. Бұл деген, керек десеңіз, «Америка экономикасы үшін азаматтық соғыс кезіндегідей, немесе Ұлы депрессиядағыдай азапты да шығысты болады» дегенді білдіреді. Тіпті Американың алабажақ жалауындағы жұлдызды әрбір штаттың дербес  мемлекеттерге ыдырап, бір кездегі КСРО-ның кебін құшуы да ғажап емес. Техас штаты қанша жасырғысы келгенімен, ондай сепаратистік пиғылын алдыңғы жылдардағы қаржылық дағдарысында  байқатып қалды. Конституция бойынша, АҚШ-тың кез-келген штаты, егер өздері жөн деп тапса, жекеленуге қақылы. Бұл олардың АҚШ құрамына кірген кезіндегі келісімшарттарында заңмен көрсетілген аумақтық құқық.       

Болжамдар осыған саяды. Мәселенің мұндай қырын да ескерген жөн. Бірақ оларға дәйекті негіздердің бар екені де жасырын емес. Бәлкім ұлы өзгерістердің түп себебі «қырғи қабақ соғыс» кезіндегі күштер арасалмағын аңсаудан туатын шығар? Себебі, ол дәуірде АҚШ «әй» дейтін әже болса, КСРО «қой» дейтін қожа еді. Яғни үшінші әлемнің айлакер мемлекеттеріне қарсылас екі алыпты ойнатып, екі жеп биге шығуға болатын.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Уткин А. И. «Мировая холодная война».. — Москва: ЭКСМО, 2005.      
  2. Уткин А. И. Вызов Запада и ответ России.. — М.: Эксмо, 2005. — 608 с. с.
  3. Бжезинский, З. Великая шахматная доска: господство Америки и его   геостратегические императивы = The grand chessboard: American primacy and its geostrategic / Перевод О. Ю. УральскойМ.: Междунар. отношения, 1998. ISBN 5-7133-0967-3
  4. Бжезинский, З. Выбор. Мировое господство, или глобальное лидерство = The choice: global domination or global leadership / Пер. с англ. Е. А. Нарочницкой, Ю. Н. Кобякова. — М.: Международные отношения, 2004.
  5. Хантингтон С. «Кто мы»? Вызовы американской национальной идентичности. Москва. АСТ. Транзиткнига – 2004, стр. 78.

Ерболат МАМЫРАЙХАН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?