Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құбылайдың қытайланған ұрпақтары ойын картасына айналды

3572
Құбылайдың қытайланған ұрпақтары ойын картасына айналды - e-history.kz
Атақты Шыңғыс қағанның өзі жүрек тоғызды (біздің жақта қызылайыр деп айтады) иемденсе, оның немересі Құбылай ханның орны – жүрек ондықта. Бар гәп осы Құбылайдан басталады

Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районының орталығы Үрімжіден елге – Астанаға бет алған шақта әуежай дүкеніне бас сұқтым. Оның өзінде де бірнеше мәрте кедендік сүзгідердің түгелінен өтіп, уһ деп дем алған кең мезет. Дүкен ханзу халқының ұлттық дәстүрлерінен көрініс беретін заттарға, сыйлықтарға, кәделерге толы. 

Осының ішінде көзім «Шыңғыс империясы» деп жазылғанымен, сыртында қытай императоры бейнеленген ойын картасына назарым ауа берді. Ішінде не бар екен деген ой мазаны қашыра берген соң, бағасы 25 юань екенін білсем де алдым.

Кәдімгі ойын картасы – ауыл тұрғындары мен қаланың кейбір қыдырымпаз қонақтары және ойынқұмар жастарымыз таңды таңға ұрып ойнайтын карта. 36 бірліктен тұратын бұл «ерекше» заттың ерекшелігі сол, мұнда Шыңғыс құрған империяның ұрпақтары түгел болмаса да, қытай жерінде патшалық құрған басты-басты билеушілері таңбаға түсіпті.

Атақты Шыңғыс қағанның өзі жүрек тоғызды (біздің жақта қызылайыр деп айтады) иемденсе, оның немересі Құбылай ханның орны – жүрек ондықта. Бар гәп осы Құбылайдан басталады.

Шыңғыс қаған Қытай жерін жаулап алу миссиясы 1211-1215 жылдардан басталады, үшінші ұлы Үгедей 1234 жылы Қытайдың солтүстігін толық өзіне қаратты. ХІІІ ғасырдың 50-інші жылдарының соңына таман Шыңғыстың ұлы империясы бірнеше дербес мемлекеттерге бөлінген кезде соның біріне иелік еткен Құбылай хан Қытайды жаулап алу саясатын ары қарай жүргізді. 

1260-1264 жылдары таққа таласып соғысқан Құбылай мен Арықбөке бас-басына ту тігіп, Шыңғыс ханның Алтын ұрық әулетін екі жікке бөліп тынды. 1264 жылы ел астанасын Қарақорымнан қазіргі Пекинге көшірді де, 1271 жылы Құбылай өз иелігіне «Юань» деген ханзу (қытай) атауын берді. Сөйтіп Шыңғыс қаған әулетінің бір тармағы әкімшілік жүйесін қытай үлгісінде қалыптап, дүниеге Юань патшалығын әкелді.

1279 жылы Құбылай Оңтүстік Қытайдағы Сун империясын талқандап, Қытайды жаулап алуды аяқтады. ХІІІ ғасырдың 70-90-ыншы жылдары Юань әулеті тарапынан Вьетнам, Бирма, Тямпа, Жапония мен Яваға қарсы жорықтар жасалғанымен, бұл елдерді бағындыру мүмкін болмайды. Корей мемлекеті Юань патшалығының билігін мойындайды, мұнда моңғол уәкілі отырды. Құбылайдың мирасқоры Темір (Тэмур) тұсында да (1295-1307) осы саясат өз жалғасын табады. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін елде таққа талас басталып, берекесіздік орнайды. 1308-1332 жылдары 8 император бірін-бірі алмастырады. Бұл берекесіздік Тоғон-Темір билік еткен жылдары (1333-1368) біршама тоқтағанымен, мемлекетте жергілікті қытайлардың көтерілістері басталады. 1351-1368 жылдарды қамтыған бұл көтерілістің нәтижесінде Юань патшалығының билігі құлатылып, орнына Мин әулеті келді. Юань әулеті өкілдері Моңғолияға қашуға мәжбүр болды.

Ойын картасындағы Құбылайға дейінгі тұлғалар белгілі болғанымен, одан ары билік жүргізген хан-патшалар тек Қытай тарихының тарихи тұлғалары болғандықтан, онша таныс емес. Осының ішінде назарымызды айрықша аударғаны – әйел патша мен жас баланың бейнесі.

Картада әйел патша туралы «У Зы Тиян (624-705 жылдары) – Қытайдың Таң патшалығы дәуіріндегі тұңғыш әйел патша. Ол аса саясаткер ақылды әйел. Өзінің шексіз айла-парасатымен таққа отырып, өз кезінде аса қатал түрдегі режим орнатқан» деген сипаттама берілген.

Ал бала бейнелі патшаның түсіндірмесінде «Ақылы кемелдің рухы асқақ. Иы Ниың (Гүң юан жылнамасының 1831-1861 жылдары), Дау Гуаң патшаның шөпшегі. Оның асқақ өлімі әлі күнге үлгі. 11 жылғы ауыр сырқаттан соң, 31 жасында аурудан қайтыс болған. Хыбей өлкесінің адамы» деген жазу тұр.

Қарап тұрсаңыз кішкентай ғана зат, бірақ онда тарих жатыр. Идеология жатыр. Бізде ше? Арысын айтпағанда, Қазақ Ордасын жеке құрған ардақты хандарымыз туралы бір карта жасай алдық па? Жоқ. Кеше ғана 550 жылдық деп атап өтіп едік.

                                                                                 Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?