Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Омархан Өксікбаев: Алғашқы болып қаржылық бақылау комитетін құра алдық

2003
Омархан Өксікбаев: Алғашқы болып қаржылық бақылау комитетін құра алдық - e-history.kz
Атам діни кісі болғандықтан, тәрбиеге аса мән берді, иманды болу, адал болу, өтірік айтпау, біреуге қиянат жасамау деген дүниелерді құлағыма құйып өсірген

Еліміздің тәуелсіздік алған жылдары етегінен су кешіп, ел ертеңі үшін еңбек еткен жандар бүгінде ел ағасы болып отыр. Ондай азаматтардың саны да жеткілікті, әр сала бойынша елдің дамуына өз үлестерін қосқан абзал азаматтарды бүгінгі күннің ержүректері деп айтсақ артық айтқандық емес. Себебі, сол КСРО тарап 15 мемлекет жөн-жөніне кеткенде, өз егемендігімізді алып, дамуы бағытымыз мен елді тізгінін ұстай білген сол тұлғалардың арқасында бүгінгі жетістікке жетіп отырмыз.

Сондай ауыз толтырып айтарлық ел азаматтарының бірі – Өксікбаев Омархан. Тәуелсіздік алған жылдары елдегі қаржы-экономика саласына қатысты маңызды шаруалардың алдыңғы қатарында жүрген Омархан Нұртайұлы жауапты қызметтің жүгін арқалап, өз ісін адал атқарып, парасаттылық көрсетіп, азаматтық жолды берік ұстанды. Өз кезегінде ел басшылығы осындай жауапкершілікті билік басында жүрген азаматтарға жүктей отырып, сенім артқаны белгілі.

Тәуелсіздік алған жылдары Омархан Нұртайұлы нарықтық экономиканы орнықтырудың мол мүмкіндіктерін қарастырып, қаржы саласын жетік меңгеріп, білген-түйгенін ел экономикасының қажеті үшін енгізуге әркез көңіл бөлді. Азат мемлекетіміздің құрылуына, еркіндік алған қарқынды қадамына өзіндік үлесін қосқанын, сөйтіп ұлт қалаулысына, жұрт жақсысына айналғанын айту біздің парыз деп санаймыз. Биік білім, әр іске әділеттілік, ұлттық намыс, жеке бастың тазалығы, халықтық мүдде, мәдени өре кеңдігі, иман байлығы Омархан ағамыздың бойынан табыла білді.

Осы тұрғыда Омархан ағамызбен тәуелсіздік күні қарсаңында жұмысына арнайы барып, әңгіме-дүкен құрып, өткен шаққа саяхат жасағанбыз. Алдымен ағамыздың толық өмірбаянымен таныстыруды жөн көрдік.

Омархан Нұртайұлы ӨКСІКБАЕВ 

Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

1954 жылғы 22 желтоқсанда Алматы облысы, Балқаш ауданы, Көктал ауылында туған.

1975 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша бітірді.

1991 жылы Францияда (Парижде) «Нарықтық экономикадағы аудиторлық қызмет» мамандығы бойынша білім алды. Экономика ғылымдарының докторы.

1975-1976 жылдары – Алматы облыстық қаржы басқармасында аға экономист.

1976-1977 жылдары ГДР-дағы Кеңес әскерлері тобының құрамында әскери қызмет атқарды.

1977-1979 жылдары – Алматы облыстық қаржы басқармасында аға экономист.

1979-1984 жылдары – Алматы облысы Балқаш ауданының «Тыңға 25 жыл» кеңшарында бас экономист, Алматы облыстық суармалы жерлерді игеру басқармасының жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы.

1984-1992 жылдары – ҚР Қаржы министрлігінің аға бақылаушы-тексерушісі, бас бақылаушы-тексерушісі, ұйымдастырушылық-инспекторлық бөлімінің бастығы, басқарма бастығының орынбасары.

1992-1996 жылдары – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің басқарма бастығы, алқа мүшесі.

1996 жылғы ақпан – сәуір айлары аралығында – ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекетаралық қатынастар басқармасының бастығы.

1996-1998 жылдары – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі.

1998-2000 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі.

2000-2002 жылдары – ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары.

2002 жылғы ақпан айынан бастап – ҚР Президенті Әкімшілігінің Бас бақылау инспекциясының басшысы.

2002 жылғы шілде – 2003 жылғы маусым аралығында – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы.

2003-2012 жылдары – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы.

2012 жылғы қыркүйек - 2016 жылғы қаңтар – бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

2016 жылғы 25 наурыз айынан бастап – алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Құрмет» орденімен (2004), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Тыңға 50 жыл» (2004), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерекелік медальдарымен, III дәрежелі «Қаржы сақшысы» ведомстволық медалімен (2011), «Парасат» орденімен (2012), II дәрежелі «Қаржы сақшысы» ведомстволық медалімен (2012), I дәрежелі «Қаржы сақшысы» ведомстволық медалімен (2014) марапатталған.

Үйленген, екі баласы бар.

Балғын балалық шақ

Менің балалық шағым ауылдық жерде өтті. Үйдің үлкені болғандықтан ата-әженің баласы болдым, өз әке-шешемді аға-тәте деп кеткем. Кемпір-шалдың тәрбиесінде өскендіктен, оның үстіне ата-әжем тәрбиеге аса мән беретін, одан басқа үйдің үлкені болғасын, ес жиғаннан үйдің тірлігіне араласып өстім, ауылдың тірлігі айтпай-ақ түсінікті таңның атысынан кештің батысына дейін тіршілік қамы бітпейді. Атам тәрбиеге аса мән берді, діни кісі болды, ауыл адамдары атамды пірәдәр дейтін. Сондықтан иманды болу, адал болу, өтірік айтпау, біреуге қиянат жасамау деген дүниелерді құлағыма құйып өсірген. Ауылда өссемде мектепте орысша оқыдым, сол кезеңде орыс мектебіне беру сән болатын, өзім орысша білмейтініме қарамастан орыс мектебіне бардым, 1-сыныпқа барғанда «ложка, вилка, хлеб» деген үш ауыз сөз орысша білетінмін, оның өзі бірен-саран орыстан естіп алған орысшам-тұғын (күледі). Бала күнімнен ауыл тіршілігіне араласумен қатар, мал бағу, ат мініп, жарыстарға ат қосуға жаным құштар болды.  

Әкем Нұртай қызметтегі кісі болды, бір жерден екінші жерге жұмыс бабымен ауысатындықтан оқушы кезім бір мектептен екінші мектепке ауысумен өтті. Үлгеріміме келсем, алға шауып, елден ерекше болмасам да, орташа деңгейде оқыдым. Орташа болудың тағы бір себебі, әр сынып сайын мектеп ауыстыруым да бар, себебі бір мектепке келесің ол жердің аурасына, балаларға, мұғалімдерге енді үйренісіп, тіл табыса бергенде басқа мектепке ауысып кетесің, осы аталғандардың өзіндік әсері бар. Бастапқы сыныптарда арифметика, математикаға жақын болдым, жақсы оқыдым, жоғары сыныпқа келгенде география, тарих пәндерін сүйіп оқыдым, жалпы пәнді ұнатып оқу ол мұғалімге де тікелей байланысты. Одан басқа қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүретін пионерлер мен комсомолдар қатарында болып, мәдени-қоғамдық іс-шараларға белсене араластым. Спортқа келсек, ауылда өскендіктен ол кезде арнайы спорт клубы мен қажетті жабдықтар жоқтың қасы, бірақ ауыл баласын білесіз, тұрғанымен спорт, ең бастысы доп болса болды, қуалай жөнелетінбіз. Осы жерде бір қызықты сәт есіме түсіп отыр, сол оқушы кезім жиен ағам ниппель доп сыйлап ол кезде онда доп тек қана футбол клубтарында ғана болады, яғни кәсіби футболшыларда ғана, оны білген менің қуанышымда шек болмай, бүкіл ауыл балаларына көрсетіп мақтанғаным бар, ол кезде жәй доптың өзі екінің бірінде болмайтын.

Қызықты көңіл, студенттік өмір

Мамандық таңдауға келсек, әкем агроном, өз кезегінде әкем ізін басқанын қалады, бірақ онда химия, биология пәндерінен емтихан тапсыру керек, ал мен өзіме жақын география, тарих пәні бар мамандықты таңдауды жөн көрдім, сөйтіп экономикаға тапсырдым, ол заманда ЖОО-на түсу әрбір талапкердің арманы мен басты мақсаты, тіпті қатарынан екі-үш жыл тапсырса да түспей қоймайтын. Менде сол жастықтың буымен Алматыға арман арқалап келіп қалдым, ол кезде Халық шаруашылығы институтының (Нархоз) ҚазҰУ-ден енді ғана бөлек шыққан кезі, әлі ешкім біле қоймайтын. Тағы бір қызығы біздің аудан бойынша Нархозға түскен алғашқы студент мен болып шықтым.

 

Қызықты сәт: Біз студент болған кезде, институт қабырғасында жүріп, спорттың белгілі бір түрімен тұрақты шұғылдануың міндетті-тұғын. Мен сол баяғы ауылда доп теуіп үйренген футболға барамын деп шештім, сөйтсем спорт түрлерінің ішінде футбол жоқ екен. Содан ойлана келе не болса да доп қой деп, гандболды таңдадым, содан жаттығу залына барсам бойлары 2 метрден кем емес ұзын жігіттер жүр, ішінде мен ғана кішкентайы. Тренер келіп: «Әй, сен мына бойыңмен гандбол ойнамақсың ба, сен өзі ережесін қанша адам болатын білесің бе?» дейді. Мен де дес бермей үнемі ойнап жүрген күй танытып, «білемін, 6 адам» деп қоямын. Қызық, ойын басталған кезде болды, ешкім маған доп бермейді, ұстатпайды да. Содан қой мынау менікі емес екен деп, боксқа баруды ұйғардым. Бокспен тұрақты айналысып, студенттік жарыстар мен сайыстарға қатысып, жүлделі орындар мен грамоталар алғаным бар. Әріге баруға болатын еді, оған анамның өтінішімен бас тартуға тура келді, бірақ сол айналысқан 4 жылдың өзі біраз сабақ болды деп айта аламын.

 

Студенттік шақтың тағы бір есте қаларлық тұсы, шығармашыл тұлғалармен кездесулер көп болатын, мәдениет, ғылым-білім, әдебиет саласының қайраткерлерінің лекциясына қатысатынбыз. Сондай бір керемет кездесулер Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Зейнеп Қойшыбаева, Венера Қармысова аға-апаларымыз, одан басқа ақын-жазушы Тұманбай Молдағалиев, Сәбит Мұқанов секілді тұлғалармен болды. Кездесуде өздерінің өмірлік тәжірибелерімен қатар, ақыл-кеңестерімен бөлісетін, бір жағынан шығармаларымен танысатынбыз. Ондай шаралардан үйренгенімізде көп, өз басым қазақтың сондай ұлы тұлғаларымен көздері тірісінде кездесудің, тілдесудің, ақыл-кеңес алудың сәті түскеніне қуаныштымын.

 

Адал қызмет – абыройлы міндет

90-ыншы жылдардың басындағы елдің жағдайы айтпай-ақ түсінікті. Қаржылық жағдайды еске алсақ тәуелсіздігімізді қолға алып, егемен ел болған соң, өз билігіміз толық өз қолымызға көшті. Тәуелсіздікті алғаннан соң біздің алдымызда ел экономикасын қалай дамытамыз деген таңдау тұрды, Елбасы салиқалы саясатының арқасында нарықтық экономикаға көштік. Ол дегеніміз экономиканың барлық құрылымдары өзгереді деген сөз. Алдымен жасалған игі істердің бірі сол тар заманда, қаржылық тапшылық кезеңде мемлекет қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін деген оймен мемлекеттік қаржы бақылау комитеті құрылды. Оған дейін постсоветтік елдерде мұндай қаржылық бақылау комитеті деген жоқ, біз алғаш болып құрып жұмыс жүргіздік, сол жұмыстың басы-қасында өзімде болып, қаржы саласының нығаюына үлесімізді қостық.

Экономика мен қаржылық мәселесінің күрделілігіне, заманның сондай кезеңіне қарамастан 1991 жылы мен Францияға біліктілігімді арттыруға барып, Парижде оқып келдім. Нарықтық экономикаға көшкендіктен, экономикасы алдыңғы қатардағы елдердің тәжірибесін алу қажет болды, сол кезде қаржы саласында жаңалық қылып, аудит деген түсінікті біз алып келдік.

Еліміздің бүгінгі күнімізге зор шүкіршілік етемін. Сонау 90-жылдардағы қиын-қыстау заманнан шыға білдік. Жай ғана шығып қоймай, әлемдік аренада өзіндік орны бар, айтары бар, дамыған елдермен терезесі тең мемлекетке айналдық. Қазақстанның тәуелсіздік алуының куәсі болғандықтан, тәуелсіздік алған жылдары көптеген істердің арасында жүргендіктен бүгін қарап отырып, біраз жұмыстың жасалынғанын білемін, әліде жасалынатын жұмыстар жеткілікті.

Естен кетпес. Өзіміздің ұлттық өнерге деген құштарлығым шетелде жүргенде артты. Мен әскери міндетімді ГДР-де өтедім. Борышымды өтеп жүріп күтпеген сәтке тап болдым. Әскери ереже бойынша кезекшілік деген бар, таң атқанша қадағалаумен қатар, кезекшілерді ауыстырып отырасың, тағы бір сәт бізде таң алдында күнделікті маяктан (радио) музыка ойнайды, әдеттегі кезекшілігімді таңғы 6-да ауыстырып қатарды бастап келе жатырмын, бір кезде құлағыма таныс үн естілді. Басында кібіртіктеп түсінбей қалдым, дұрыстап тыңдасам өзіміздің күйіміз ойнап жатыр, күй болғанда жай күй емес, күй атасы – Құрманғазы. Күйдің құдіреті сол тұрған жерімде қатып қалдым, күй ойнап жатыр, ал мен тұрмын түсінбей. Денем шымырлап түсініксіз күй кештім, біткенше тұрдым. Сол кезде ұлттық өнердің құдіреті мен оның қанымызға сіңірілетінін түсіндім. 

 

Өнері кеңнің өрісі кең

Өнерге келсек, бала күнімнен қазақтың күмбір күйін тыңдап өскенмін, үйде пластинкіде қазақ күйлері мен қазақ батырлық эпостарының жауһарлары болды, соның бәрін құлағыма сіңіріп өстім, тек бір өкініштісі, өзім домбыра тарту білмеймін, бірақ әліде болса үйрену ойымда бар. Ал әншілерге келсек, біз ағайынды Абдуллиндерді, Дос-Мұқасан, одан қалды Ресей әншілерімен қатар, шетелдік БИТЛЗ-дың әндерін естіп өстік.

Жастар – ел ертеңі

Ағамыз «бүгінгі жастарға көңіліңіз тола ма?» деген сауалымызға «Қазіргі жастарға жалпы тұрғыда көңілім толады, көздері ашық, көңілдері ояу, арман-мақсаттарына жету жолында алға ұмтылады. Дегенмен бір әттеген-айы, қазір ақпарат, технология ағымының көптігінен жастарымыздың ой-санасының бұзылып бара жатқандығы, сосын қыз балаларымыздың қылықтарының ерсіленіп бара жатқандығы аздап көңілге қаяу түсіреді» деп жауап қатты.

 

Әттеген-ай: Осы жақында машинада отыр едім, өзіміздің қаракөз азаматымыз келді, сол сәтте өзім басқа бір нәрсеге ренжіңкіреп отыр едім, «Аға сізбен сөйлесейін деп едім» деді. Әлгі жас жігіт бейтаныс, мен де күтпеген жерден реніштің әсерінен «уақытым жоқ» деп дереу жауап қаттым, бірақ өзім де түсінбей қалдым сол азаматты не үшін шорт қайырғанымды. Ол жігіт те екінші мәрте оралмады, теріс бұрылды да кетіп қалды. Қазір әлі күнге дейін сол есімнен кетпейді, кім болды, нендей мәселемен келді екен, мүмкін бір нәрсеге мұқтаж болған шығар деген секілді. Мен неге сол сәтте бетінен қайтардым екен, мұнымен айтпағым адам жасы келген сайын әрнәрсеге мән беріп, тереңінен қарайды екенсің, әрбір ісіңе жауаппен қарап, мен не істедім, дұрыс істедім бе деген секілді.

 

Бүгінгі күні Омархан ағамыз ұрпақ өсіріп, немере сүйіп отырған жайы бар. Бос уақытын немерелерінің тәрбиесіне арнайды. Одан қалды кітап оқуды жанына жақын тұтады. Жалпы алғанда отбасыны алғашқы орынға қоятын тұлға.

Осы күннің ерекше болуы – 22 желтоқсан ел ағасының туған күні. Омархан ағамыз Пайғамбар (ғ.с.с.) жасы 63-ке келсе де, өзін тың сезінеді, ел үшін әлі де қызмет етуге дайын. Және алдағы уақытқа қойылған арман-мақсаттары да жоқ емес. Ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң, қала сыртынан үлкен үй салып, қарттық шағын бау-бақша өсіріп соның саясында өткізгісі келеді. «Зейнеткерлікке шықсам да өз айтарым бар, атқаратын жұмыстар табылады» дейді ағамыз.

Портал ұжымының атынан Омархан Нұртайұлын туған күнімен құттықтай отырып, қажыр-қайрат, күш-қуат, мол жақсылық пен отбасылық амандық тілейміз. Ел игілігі үшін істеген игі істеріңіз жемісті болсын!

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?