Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бельгиядағы қазақ балалары қалай өмір сүруде

2216
Бельгиядағы қазақ балалары қалай өмір сүруде - e-history.kz
Шетел қазақтарының бойында туған елге, атамекенге, алтын бесік ауылға деген сағыныш ерекше болып тұрады. Жат елде жүрсе де, туған жерінің топырағын аңсайды

Сондай жанның бірі – қазақ жерінде туып, тағдырдың жазуымен Еуропаға қоныс аударған қазақ  қызы Ақмарал Әмірқұлқызы. Бельгия мәдени орталығының аға кызметкерi, BAF Азия қоғамының мүшесi, Бельгиядағы «Шаңырақ» атты қазақ қоғамының төрайымы Ақмарал Әмірқұлқызымен Қазақстанға келген сапарында кездесіп, танысып, азды-көпті әңгімелескен болатынбыз. Әңгіме барысында еуропа қазақтарының тыныс-тіршілігі, еуропа қазақтарының жатжұрттықтарға жұтылып кетпеуі үшін істеліп жатқан шаралар, еуропадағы қазақ жастарының ана тілін білуі және Бельгиядағы асыранды қазақ балаларының тағдыры айтылды.

-   Ақмарал ханым, атамекенге қош келдіңіз. Алдымен сауалымызды өзіңіздің туған жеріңізден бастасақ. Естуімізше, сіз Қазақстанда дүниеге келіпсіз. Бельгияға қалай кетіп жүрсіз?

-   Менің Еуропада тұрғаныма 20 жылдай уақыт болды. Өзім тарихы терең, ұлы жібек жолының бойында орналасқан Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келдім. Кейін отбасылық себептерге байланысты Алматы қаласына көштік. Алатау бөктеріндегі қалада алғаш мектепке барып, университетті де сол қаладан бітірдім. Жақсы жұмыс атқарып, Алматы шаһарында өзімнің пәтерімде болды. Сосын жолдасыммен таныстым. Ол уақытта жолдасым осы Алматы қаласында жұмыс атқарды. Ол - шетелдік азамат. Еуропаға жұмыс бабымен жиі баратын. Кейіннен отбасымызбен көшугеде мәжбүр болдық. Осылайша тағдыр мені Еуропаның батыс бөлігіндегі Бельгия елінен бірақ шығарды.

Ақмарал Әмірқұлқызы National Digital History порталының студиясында сұхбат беруде

Қазіргі таңда Бельгия мәдени орталығында жұмыс істеймін. Негізгі қызметіме қоса екі елдің арасындағы достық көпірін нығайту үшін барымды салып жүрмін. Еуропа елдеріне қазақ мәдениетiн таныстырып, қазақтың киелі, тарихи жерлері туралы презентациялар өткізіп, Астанамыз туралы да айтып отырамын. Олар осы арқылы Қазақстанға барып, демалып, қыдырып қайтуды ойлайды. Бельгиялықтардың қазақтар туралы көзқарасы жақсы. Бельгия мәдени орталығына қазақ кітаптарын толтырып қойдым.

«Шаңырақ» атты қазақ қоғамы Бельгия қазақтарының

жиналып отыратын мәдени орталығы да, тіл үйренетін мектебі де

-   Өзіңіз тұратын Бельгиядағы қандастардың тіршілігі қандай? Ол жақта қанша қазақ отбасы бар?

-   «Шаңырақ» атты қазақ қоғамын басқарып келе жатқаннан бері өзім тұратын Бельгия еліндегі қазақтармен қарым-қатынасым жақсы. Ол жақта 500-ше жуық қазақтар тұрады. Оның өзі бір қалада емес, мемлекеттің әр түкпірінде шашырап тұрып жатыр. Корольдік елінде 3000-нан астам қазақстандықтар бар. Олардың барлығымен өзім қызмет атқаратын Бельгия мәдени орталығы жұмыс атқарады. Корольдік елінде тұратын қазақтардың тіршілігі жақсы. Көбісі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Балалары шет тілін жақсы меңгерген, мемлекеттің жақсы оқу орындарында білім алады. Өкініштісі біздің елде қазақ тілін оқытатын тіл орталықтары, Қазақ мәдени орталықтары жоқ. Сол ғана бәріміздің көңілімізді қынжылтады. Жоғарыда өзім айтқан «Шаңырақ» атты қазақ қоғамы ғана Бельгия қазақтарының жиналып отыратын мәдени орталығы да, тіл үйренетін мектебі де.  Оған да шүкір дейміз. Наурыз мейрамы, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жиі басымыз қосылып, отырады. Сол уақыттарда Қазақстан туралы, Астана туралы естеліктер айтып, мәре-сәре болып қаламыз.

Ақмарал Әмірқұлқызы National Digital History порталының студиясында сұхбат беруде

-   Бельгия Корольдігіндегі қазақ диаспорасының басын қосқан «Шаңырақ» қоғамын қашан аштыңыз. Ұйымның  негізгі жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?

-   Жоғарыда айтқандай, біздің ел де мен келген уақыттан бері Қазақ мәдени орталығы, қазақ қоғамы да болмады. Мәдени орталықтың болмауына мұндағы қазақтардың аздығы әсер етті деп ойлаймын. Сосын осы жұмыстарды өзім алуым керек, Бельгияда шашырап әр қалада жүрген қазақтардың басын қосайын деп, қазақ қоғамын ашуға ниеттендім. Оған «Шаңырақ» деп ат бердім. Ұйымды 2009 жылы аштым.  «Шаңырақ» қазақ қоғамы Бельгия мәдени орталығына және Үлкен Интернасионал Комитетiнде де тiркелген.  Қазақ қоғамына Бельгияда тұратын қазақтарды барлығын тіркеп, қай қалада тұратындарын нөмірледім. Олардың отбасы сандары, балалары туралы толық ақпараттардың барлығын кіргіздім. Қазіргі уақытта қазақ қоғамының жұмысына Бельгия мемлекеті қаржылай қол ұшын беріп отырады. Соның арқасында қоғам орталығына шағын кітапхана мен түрлі қазақ тіліндегі оқулықтардың біразын алдық. Өзім орталыққа қазақтардың басы жиналған уақытта жиі презентациялар өткіземін. Ондағы мақсатым қазақ отбасылары және жастары еліміздің тарихын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, туризм ошақтарын білсін деген ниетпен. Оларда шағын презентациядан осылардың барлығын көріп, Қазақстанға қыдырып барғылары келеді.

Ақмарал Әмірқұлқызы және Елбасы, Бельгия

-   Бельгиялықтар Қазақстан туралы біледі ме?

-   Бельгиялықтардың қазақтар туралы, Қазақстан туралы қызығушылықтары жақсы. Сондықтан мен оларға да жиі қазақ елінің тарихы, туризм аймақтары туралы презентациялар ұйымдастырамын. Ол жұмыстарды атқаруда Бельгиядағы Қазақстанның елшілігі көп көмегін тигізеді. Кітаптар, оқулықтар, аудио дискілерді көп аламыз.

Алыста жүрсек те туған жерімізді, отанымызды, Қазақстанын аңсаймыз

-   Астанада маусым айының 22-25-і күндері Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы болып өтті. Өзіңіз де құрметті қонақ ретінде шараға қатыстыңыз. EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткен ұлттық құрылтайдың маңызы өте жоғары болды. Құрылтай көңілдеріңізден шықты ма? Көкейіңізде жүрген сұрақтарға жауап ала алдыңыз ба?

-   Осы жолы Қазақстанға келуімнің басты себебі Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы. Қауымдастық шақырған. Оларға үлкен рақмет. Шетелде жүрсекте ұмытпай, елеп-ескеріп, туған  жерімізге шақырып, үлкен жиын өткізгендеріне. Осының барлығы Елбасының жарқын саясатының арқасы деп білемін. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағасы болып табылатын қауымдастықтың барлық елдегі қазақтардың басын қосқанына қуаныштымын.

Тағдыр бізді отанымыздан жырақ етті. Біздің әу бастағы тағдырымызда шетелге барайық, сонда жұмыс атқарайық деген мақсатымыз болған жоқ. Тағдырдың жазуымен осылай болып қалды. Еуропада тұратын әрбір қазақтың өзіндік тарихы мен әр түрлі себептері болды.  Бірі зұлмат кезеңдерінде шетел ауып, үдере көшкен қазақтың ұрпағы, бірі оқу-білім үйреніп, шетелде қызмет бабымен жүрген қазақтың ұрпағы. Сондықтан олардың бойларында әр кез елім деген, жерім деген отаншылдық сезімдері мәңгі өшпей тұрады. Алыста жүрсе де туған жерін, отанын, Қазақстанын аңсайды.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына келген делегаттармен, Астана қаласы, 2017

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына келгендегі мақсатымыз қыдырып Астананы аралап, тамақ-ішіп қайту емес, Қазақтанның бүгінгі көркейген, өркендеген ел екенін, оның ару қала Астанасы бар екенін шетелдегі қандастарымызға жеткізу. Шетел қазақтарының күрделі мәселелерін елімізге жеткізіп, олардың шешілу жолдарын табу. Тарыдай шашылған қазақтың басын бір ортаға тоғыстырып, бір шаңырақ астына біріктіру. Шетелдегі қазақ диаспорасының тілдік, ділдік мәселелеріне мән беріп, олардың шешілу жолдарын табу. Шетелдегі қазақтар дүниежүзi қазақтары қауымдастығымен бірлесіп жұмыс атқарып келеді. Олардың бізсіз, бізсіз олардың жұмысы өнбейді. Қауымдастықтың жұмысына үлкен алғысымды білдіремін.

«EXPO-2017» мамандандырылған Халықаралық көрмесін тамашаладық. Өте керемет көрме, ғаламат ғасыр ғимараттары. Қазақстанның өз павильоны бәрімізді таңдай қақтырды. Өзге елдердің павильондарынан біздің елдікі мазмұны жағынан болсын, тақырып жағынан болсын, көрмеге қойылған экспонаттарымен болсын оқ бойы озық тұрды. Біздің еуропа елдерінде тіпті ондай павильондар жоқтың қасында. Сондықтан Қазақстан осынау мамандандырылған халықаралық көрме арқылы атын әлемге тағы бір мәрте паш етті. Қазақстан алға қарай мықты дамып келе жатқан ел екен. Соған біз алыста жүрсекте қатты қуанып, марқаямыз. Қазақстандық таланты жас әнші Димашты Бельгияда да естіп, біліп жатыр. Біз оның да концертіне де барып қайттық. Өте керемет өтті. Ұлттық болмысымызды, бүркіттің ұшқаны, көгілдір таулар, домбыра да халық әнін орындауы, көк тудың желбіреуі сияқты этюдтар концертте көрініс тапқан. Қазақ этноауылында болдық. Жаңа Астананың бүгінгі келбетімен таныстық. Бір сөзбен айтқан да биылғы құрылтайдың ерекшеліктері өзгеше болды деп толықтай айта аламын.

Бельгиядағы қазақтар Наурыз мейрамын тойлауда

-   Бельгиядағы қазақ диаспорасы Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігімен байланыс орнатып отырады ма? Жоғарыда өзіңіз айтқан, қазақ тілі орталығын елшілік тарапы, бәлкім, шешіп берер.   

-   Бельгия қазақтарының қарым-қатынас жасап тұратын басты орны Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігі. «Шаңырақ» қазақ қоғамымен елшiлiктiң арасы жақсы. Елшiлiкте ұйымдастырылған үлкен мейрамдарға, ұлт мерекесі қарсаңында диаспора қазақтары шақырылып тұрады. Біздің қазақ қоғамында өтетін шараларға елшілік жиі келіп тұрады. Елшілік қызметкерлері жастарды да өздеріне жиі шақырып, ақыл-кеңестерiн айтып, Қазақстанда білім алуға шақырады. Мұнда тұратын қазақ диаспорасы мәселе көтеріп, шағымданып, елшілікке барған емес. Тек жақсы күндерде, мерекелерде бас қосамыз. Елшілік тарапы оқулықтар, Қазақстан туралы кітаптар, мемлекеттік рәміздер тағы басқа қолынан келетін көмектерін аямайды.

Еуропа қазақтарының жастары футбол жарысында

-   Елшілік тарапы жастарды жиі шақырып, ақыл-кеңестерін айтады дедіңіз. Жалпы сол елдегі қазақ жастарының Қазақстанға келгілері келе ме?

-    Елшілік тарапы жастарды Қазақстан барыңдар, білім алыңдар деп жиі айтып отырады. Бізде оны міндетті түрде айтуға тиіспіз. Дегенмен жастардың көбінде Қазақстанға барып бiлiм аламын деген ниетi жоқ. Сол тұрып жатқан елдерін ыңғайлы көреді. Бұл болашақтың еншісіндегі шаруа деп ойлаймын. Еліміздің осындай мүмкіндік жасап, жастардың елге келуіне барын салып жатқаны, жаста болса іргесін енді кеңейтіп жатқан ел үшін зор табыс деп ойлаймын. Күндердің күнінде ол жастарда еліне келіп, қызмет атқарып, Қазақстанның гүлденуіне үлестерін қосады. Біздер де оларға Қазақстан туралы, атамекені туралы айтып, құлақтарна сіңдіре берсек, оларда райынан қайтар, елге келер деп үміттенемін. 

-   Еуропа қазақтарының кішіқұрылтайы жылда Еуропаның әр елінде өтіп отырады. Оған Бельгия қазақтары жиі қатысып тұрады ма? Кішіқұрылтай жиынынның мақсаты не? 

-   Еуропада тұратын қазақтар елге көшіп келіп жатқан жоқ. Олар өз күндерін көріп, жастарын оқытып, кәсіптерін ашып, өмір сүріп отыр. Енді еуропада жүрген осы қазақтың ана тілін сақтауы, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты меңгеруі, жастарының қазақ отбасылармен құда болуы тағысын тағы мәселелер Еуропа қазақтарының кішіқұрылтайларында шешімін табады. Яғни танымағандарды бiр-бiрiмен таныстырып, жастарды бір-бірімен қауыштырып, көбісі осы құрылтайдың жиынында жиналады. Құрылтай әр жылы әр мемлекетте өтіп тұрады. Төрағамыз Абдулқайым Кесіжі, Германия мемлекетінде тұрады. Кішіқұрылтайда бiздер жай ғана бiр елде кездесiп қана қоймаймыз, бiздердiң алға қойған мақсаттарымыз бар, сол мақсаттарға жету үшін бәріміздің ойымыз бiр жерден шығып, еуропа қазақтарының мәселелерін талқылаймыз. Әр елдегі қазақ ұйымдарының төрағалары жиналып, кішіқұрылтайдың өтуін бірге шешіп, онда қозғалатын мазмұнды тақырыптар туралы жиі айтып отырамыз. Еуропадағы қазақтардың жаңалықтарын осы қазақ ұйымдары арқылы жеткізіп отырамыз. Өткен жылы Мюнхен қаласында болды. Әр жылы әр мемлекетте өтеді. Коммиссия қалай шешеді. Соған байламнысты сол елде жылына бір рет кездесіп тұрамыз. Ол құрылтайдан көбіміз қалмауға тырысамыз.

Ақмарал Әмірқұлқызы қыздарымен

-    Еуропа қазақтарының тыныс-тіршілігі қалыпты. Жағдайлары жақсы. Бірақ басты бір уайымдары да бар шығар. Қазақ диаспорасының негізі күрделі мәселесі қандай?

-    Бельгия елiндегі қазақ диаспорасының негізгі мәселесі қазақ тілі орталығының болмауы. Болмағанда қазақ балаларына арнап кешкілік мектептер де жоқ. Естуімізше Франция, Германияда қазақ мектептері, тіл орталықтары бар. Әрине ол жақтарда қазақтар көп. Бірақ Бельгия не болмаса Голландияда қазақтар аз деп, сұраныс жоқ деп бұл мәселелерді шешпей қалдырмау керек. Ол жақтағы қазақ отбасылары да өсіп жатыр, көбейіп жатыр дегендей ғой. Алда қазақ балалары көбейiп, сұраныстар болып жатса шiркiн-ай қазақ мектебiн неге ашпасқа. Бельгия Королдігі мектебiнде қазақ диаспорасына өз ана тiлiн окуға мүмкiндiк жоқ. Ол мәселенi мемлекет тарапында шешу керек деп ойлаймын. Бельгия елiнде ең аз ұлт - ол қазақ ұлты. Әзірге біздің сөзіміз жоғары жаққа жетпей жатыр.  

-    Еуропадағы қазақ жастары ана тілін біле ме? Олардың бала-бақшасы, мектебі, университеті, дос-жарандары болсын шет тілінде сөйлейтіні жалған емес. Сонда қазақшаны қалай үйреніп жүр.

-    Әрине дұрыс айтасыз. Еуропаның ортасында отырмыз. Балалар бала-бақша, мектеп, университет болсын ағылшын, неміс, голланд тілдерінде сөйлейді. Оларда таңертен кетеді кешке келеді. Мектептер бізде бір уақытта басталып, бір уақытта аяқталады. Сосын үйге келген соң, азда болса біз қазақша сөйлеуге тырысамыз. Бірақ біздер де күні бойы жұмыста шетел тілімен сөйлесіп, үйге келгенде қазақша сөйлеуге де уақыт таппай жатамыз. Жоғары да айтқандай Бельгия да қазақ тілі орталығы жоқ. Алдағы уақытта өзім сол орталықты Бельгия Корольдігінен ашсам ба деген ойым бар. Осы жолғы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына келгенімізде ҚР Білім және ғылыми министрлігімен кездестік. Оған  дейін алдын ала хат жолдап, қазақ тілін оқытатын оқулықтарды, оқу бағдарламаларын  беруге рұқсат сұрағам болатынмын. Министрлік тарапы ол оқулықтарды береміз деп айтты. Әдебиет, қазақ тілі, қазақ тарихы тағы басқа оқулықтарды беретін болып шешті. 

Бельгиядағы  қазақ балаларының мейрамы

-    Бельгиядағы қазақтар ұлттық мейрамдар мен дәстүрлерді жиі еске ала ма?

-    Әрине Бельгиядағы қазақтар да өз ұлттық мейрамдары мен мерекелерінде жиналып тұрады. Онда келіп күліп-ойнап, Қазақстанды еске алып қана қоймай, ұлттық дәстүрімізді ұмытпай, Наурыз мейрамын жасағанда ұлттық дәстүрлерімізді көрсетіп, Тұсау кесу, бесікке салу, келін түсіру тағы басқасын көрсетеміз. Өйткені біздің балаларымыз, жастарымыз өсіп келе жатыр. Олар көрсін, түсінсін, ойға түйсін деген ниетпен. Тілді ұмытпайық деп қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып, домбыра шертіп тойлаймыз. Наурыз көжемізді ішіп, ұлттық тағамдарымызды жеп деген сияқты. Екінші жағынан біреуде қыз бар, біреуде ұл бар дегендей. Олар бір-бірімен таныссын, біліссін, жақсы болып жатса, шаңырақ көтеріп, отбасын құруға ойы болсын дегендей міндеттерімізді жүзеге асыру мақсатында қазақтардың басын жиі қосамыз. Басқа қай жерде танысады. Шетелдіктерге кетіп қалмасын, өзінің қазағымен жұп жарастырсын деген ниет. Өзіміздің арамызда қыз-ұлдарымызды таныстырамыз. Бізбен көршілес Голландия еліндегі қазақтар футболдан жиі жарыстар ұйымдастырады. Оларға біздің жастар жиі барып, қатысып қайтады. Осының барлығы қазақ жастарының болашағы үшін ғой.

Қазақ жастары Бельгияда Болашақ програмасымен оқуға мүмкіндік алды

-   Еуропадағы қазақтардың ата-жұртқа көшіп келу ойы қандай? Сіздің де елге көшіп келу ойыңызда жоқ па?

-    Менің ойым Еурападағы қазақтардың ойымен бірдей. Оларды да түсінуге тырысамында. Біз кеткен кездегі, яғни 20 жыл бұрыңғы Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанның арасында үлкен өзгешелік бар. Экономикасы дамып, халқы да мейірімді болып, бай-қуатты бола бастаған. Бірақ шының айту керек, өз басым әлі қайтып келуге дайын емеспін. Бірақта елге қайтып келгеннін өзінде біз елден жұмыс бер деп сұрамаймыз. Сондықтан мен ойлаймын, болашақ еліме келгенде инвестиция алып келсем, Қазақстанды көтерсем деген ниетпен келу керек деп. Еуропа қазатары да солай ойлайды. Балаларымызды шетелде оқытып жатырмыз. Қазір менің үлкен қызым Белгиядан университет бітірді. Алла жазса алдағы уақытта диплом алады. Өткенде практикасын осы Қазақстандағы Бельгия елшілігінде өтті. Оны да өзім айтып көндірдім, «Қазақстаннан жаса» деп. Сонымен Қазақстанға келіп жұмысын жасады. Алла жазса,  Болашақ програмасымен біздің Бельгия еліне де түлектер келетін болды. Сол менің қызымның арқасында. Осы шаруаны қолына алған менің қызым: «Мама біздің қазақтың жастары Бельгияға келіп оқыса деп ойладым. Бәрі Англия мен Америкаға бара береді. Бельгияға неге келмейді»,-деп налыған болатын. Бельгия оқу орындары тіл жағы сәл қиындау. Бірақ сонда да бізде де ағылшын тілінде де сөйлейді. Ең бір ерекшелік біздің елге келу үшін көп тілді меңгеру керек. Оңай емес, сондықтан көбісі қашқақтайды. Біздің елде оқитын студент бірден төрт тілді меңгеріп шығады. Енді міне, қызымның Бельгия елшілігінде жасаған практикасының арқасында қазақ жастары батыс еуропа елінде де білім алатын болды.

Бельгиядағы қазақ балаларының мейрамындағы көрініс

Шетелдегі қазақ баласының тағдыры кімді де болсын алаңдатары анық

-   Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Ұлттық телеарнасының тілшісі Жанар Байсемізова «Шетелдегі қазақ балалары» деген тұңғыш әлемдік жобаны қолға алып, талайдың жүрегін елжіреткен болатын. Сонда әлемнің көптеген еліне тарыдай шашылған сәбилеріміздің көбі Еуропа елінде тұрып жатқанын естідік. Әсіресе Испания мен Бельгияда асыранды қазақ балалары көп екен. Бұл жобадан хабарыңыз бар ма? Бельгиялықтар сондай балажанды ел ма?

-    Бельгиялықтар өте балажан халық. Өздері тумаса да, қаншама шетелдік балаларды асырап алып жатыр. Олардың асыранды балалары қатарында Қазақстан ғана емес, өзге мемлекеттерде бар. Әрбір балаға ерекше мейірімділік пен сүйіспеншілікпен қарайды. Ол балалардың туған жерін, туған тегін ұмыттырып жатқан жоқ. Керісінше балалардың туған жерін, отанын, тіпті керек десеңіз туған әке-шешелерін тануға да көмектеседі.

«Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасын бізде көрдік. Өте керемет жоба. Жанар Байсемізова Бельгияға келіп, осы жобаны түсірген менің қызым аудармашы болды. Әке-шешелерінің, балаларының айтқандарын аударып отырды. Ол балалар енді қазақша сөйлемейді ғой. Жоғарыдағы сөз еткен тіл орталығы ашылатын болса, Бельгиядағы асыранды қазақ балаларын қазақша үйретсек деген ойда бар. Оларға ата-аналары қарсы емес. Балаларда қазақша үйренгісі келеді. Балалардың мерекесі кезінде барғанда балалар менен қазақша бәрін сұрайды, Қазақстан туралы жауап алғылары келеді. Өздері білгісі келеді. Арасында балаларының «Мама, Қазақстанға барып келейік те?» деген тілегіне орай қазақстанға келіп, қыдырып кеткендері де бар екен. Өзімде көп отбасыға көмектестім. «Қазақсттанның осы жағына барындар, осы жерінде күшті демаласындар. Бұл жерінде тарихқа қатысты жерлер көп»,-деп. Ол балалар ютуб каналынан не болмаса бельгиялық арналардан Алматы мен Астананы ғана көреді. Басқа қалаларды көрмейді. Ол балалардың барлығы Қазақстанның әр түкпірінен ғой. Мен білетіндердің ішінде Тараз, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарынан балалар болған. Сондықтан менің кеңесімнің арқасында олар балалардың туған жеріне де баруға кеңес алады.  

-   Сіз сол балалардың ата-аналарымымен жақын таныс болдыңыз ғой сонда. Бельгияда сонда қанша қазақтың асыранды жетім балалары бар. Сізден басқа қандай жағынан қол ұшын созуыңызды сұрайды?

-   Бельгия елінде 450-ге жуық қазақстандық асыранды балалар бар. Олардың көбі мен тұратын Антверпен, Фламанд Брабанд провинцияларында тұрады. Олардың өздерінің қоғамдық ұйымдары бар. Біздің «Шаңырақ» қоғамы олармен жақсы қарым-қатынастамыз. Өзімнің қолдауыммен би тобын ашқан болатынмын. Сол би тобында асыранды қазақ балаларын да қосқанмын. Оларға қазақтың ұлттық биін үйретіп, қазақша киімдерін үлестіргем. Қазіргі уақытта да барып, араласып тұрамын. Бельгиядағы асыранды қазақ балаларының ата-анасы жылына бір рет балаларына арнап, шағын мереке өткізеді. Ол дәстүрге айналған. Әр жылдың қыркүйек айында. Ол күні қазақ балалары ата-аналарымен жиналып, мереке ретінде тойлайды. Біздің ұйым және Бельгиядағы Қазақстан елшілігі тарапынан киіз үй ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама жасалады. Осындай шағын мереке де қазақ балалары бір-бірімен танысады, бірге ойнайды. Бір қызығы бельгиялық отбасылар ол балаларға: «Сендер қазақсындар, туған жерлерін Қазақстан. Сендерді біз жақсы көріп қалдық. Сондықтан алып кеттік. Сендер керемет баласыңдар»  деп жиі айтып отырады. Олар мейрам не болмаса мерекелік шара жасайтын болса, маған хабарласып «Сіздер жақтан қандай көмектер болады, болмаса елшілік жаққа хабарласып айтасыз ба?» деп сұрайды. Сосын елшілік жағы оларға ұлттық қазақ тағамдарын әзірлеп, дастархан жайып, бауырсақ, құрт, қымыз, ұлттық тағамдарды жасап алып келеді. Қазақша көрме ұйымдастырады. Оған қазақша кітаптар мен қазақтың рәміздері туралы шағын кітапшалар, қазақ жері туралы фотосуреттер қойылады. Ол күні қазақтың домбырасы шертіліп, қазақша ән айтылады. Ең бір қызығы бельгиялықтар бұл мерекелерді асыранды қазақ балалары үшін жасайды. Ол балалар ойламасын «мені ғана асырап алған ба?» деп. «Мен сияқты көптеген қазақ балалары бар екен ғой» деп. Ал әке-шешелері болса, балалардың басынан өткен қиындықтарды осы жиналған мереке кезінде бір-бірімен ақылдасып шешуге тырысады.

Бельгиядағы қазақ балалары және асырап алған ата-аналары

-   Ақмарал ханым талай қазақ баласы шетелдік асырап алушылардың зорлық-зомбылықтарына, мейірімсіздіктеріне ұшырап жатқанын естіген болатынбыз. Шыңында, ана ретінде, бұл балалардың көз жанарынан ондай қиыншылықты сезбедіңіз бе?  

-    Бүгінде еуропаның көптеген мемлекеттері шетелден бала асырап алуда. Бірақ ондай опасыздықтарға жол беріп жатқандарын бізде естігенбіз. Сондықтан да әр шетелдегі қазақ баласының тағдыры кімді де болсын алаңдатары анық. Бір жағынан кейбір балалардың мінездері қиын болады. Екінші жағынан ата-аналарының балалардың туған әке-шешесі  болмауында. Бірақ бельгиялықтар мұндай қадамдарға жол бере қоймайды деп ойлаймын. Олар  өздерін еуропадағы ең мәдениетті, ең тәрбиелі ұлт ретінде бағалайды. Соның арқасында халқы да бүгінде бай-қуатты, экономикасы да жоғары. Бельгиялық қазақ балаларын мерекесіндей мейірім мерекесі ешбір елде жоқ шығар. Сондықтан ол балалардың жағдайлары өте жақсы деп айта аламын.

Бельгиядағы асыранды қазақ балалары

Ол балаларды оңайлықпен ол ата-аналарға бере қойған жоқ. Олардың әлеуметтік жағдайлары тексерілді. Психологиялық тестерден өтті. Балаға деген комнаталары бөлек болу керек, оларға жағдай толықтай жасалу керек. Соның бәрі реттелген жағдайда ғана балаларды алады. Әке-шешелері 3-4 ай курс өтеді. Балалардың аты-жөндері өзгертілгендері де бар, арасында өз аттарымен қалғандары да бар. Қазір Бельгиядағы асыранды қазақ балаларының кішісі 4-те болса, үлкендері 19 жаста. Анами мен Пол деген бельгиялықтарды жақсы танимын. Олар тұңғыш болып қазақ қызын асырап алды. Қыздың аты Салтанат Бертлс. Ол қыздың тағы бір асыранды сіңлісі бар. Бертлс әулетінің сондай-ақ екі ұлдары бар. Осылайша олар төрт балалы еуропадағы көп балалы отбасылардың бірі. Бельгиядағы қазақ балалары бір-бірін жақсы біледі. Таныс. Бір-бірілерімен бір үйдің баласындай араласып кеткен.

-    Сөз соныңда туған еліңізге айтар тілегіңіз, құттықтау лебізіңіз?

-    Қазақстанымды өте жақсы көремін. Өсіп, өркендеп дамып жатыр екен. Экономикасы қуатты, жақсы болып жатыр. Ары қарайда экономикасы дамысын. 25 жылда жеткен жетістігін әлем елдері көріп, марқайып жатыр. Бізде солардың айтқан әрбір көзқарастарына марқайып, бұл менің елім, менің халқым деп кеудемізді көтеріп жүретін боламыз. Ендігі бір 25 жылда бұдан асқан биікке жете берсін. Елордамыз Астана арқылы Еуропалықтарды Қазақстандықтарды тани түсті. «EXPO» арқылы ол тіптен де тани түседі деген ойдамын.

-     Сұқбатыңызға рақмет! Бельгиядағы қазақ ағайындарға сәлем айта барыңыз.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?