Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Алаш-100: Батыс Алаш Жаншаны «хан» көтерген

2123
#Алаш-100: Батыс Алаш Жаншаны «хан» көтерген - e-history.kz
Маржантас апай шешелері Ольга Константиновнаның жазған хаттарын алып шығып көрсетті. Бір әңгімесінде кейіпкерім Жаһанша атаның екі шетелдік көлігі болғанын айтып кетті

Биыл Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алаш партиясының белсенді мүшесі, Күнбатыс Алаш Орда үкіметінің төрағасы, білікті заңгер Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына  130 жыл толып отыр.  Тарихы тереңде жатқан мәдени-тарихи шаһар Орал қаласына жасаған сапарымызда Күнбатыс Алаш Орда орталығы болған Жымпитыға да жолымыз түсті. Алаш зиялылары жүріп өткен төңіректің тарихымен танысып, рухани аурасын сезіндік. Осыдан 10 жыл бұрын ашылған «Алаш саябағында» саяхат жасап, бабалар рухына тағзым еттік. Жымпиты орталығындағы «Алаш» музейіне де бас сұғып, Жаһанша Досмұхамедұлының мемориалды музей үйін көрдік. Архивтік құжаттағы деректерін, өзі жазған мақаларын, киген киімдері мен қолданған заттарында ұстап көру бақыты бұйырды. Жымпиты сапарынан соң Орал қаласында тұратын Жаһанша атамыздың жиені Маржантас Дәулетоваға соғып, арнайы сұхбаттасуды да ұмытпадық. Осылайша асылдың сынығын көріп, Жаһанша атамыз туралы біраз естеліктер жөнінде сыр-сұхбатымызды ұсынамыз. 

– Маржантас апа, қалыңыз қалай? Биыл ұлт мақтанышы, алаш зиялысы Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 130 жыл. Бүкіл саналы ғұмырын ұлтының азаттығы жолына арнаған Алашорда көсемдерінің бірі – Жаһанша Досмұхамедұлының мерейтойы құтты болсын. Атамызды туған елі елеп ескеріп келеді ме. Туған жерінде атамыздың құрметіне қандай жұмыстар атқарылды? 

– Биыл атамыздың туғанына 130 жыл толып отыр. Туған жері Жаһанша Досмұхамедұлының мерейтойлық күндерін естен бір елі шығарған емес. Өзімді де алаш арыстарына қатысты іс-шараладың барлығына міндетті түрде шақырып тұрады. Осыдан 10 жыл бұрын Жымпитыда «Алаш» саябағы ашылды. Онда Жаһанша және алаш арыстарының бюстік стеллалары жасалды. Ескерткіш орнатылды. Онда Жаһанша Досмұхамедовтың Орал облыстық съезінде сөйлеген кіріспе сөзінен үзінді берілді.

«Азаттықтың таңы атты! Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, бүл күні теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман жоқ. біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру. Қазақ халқы алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қазіргі желбіреген бостандықтың туы бәрімізді бірлікке, туысқандыққа шақырады. Қазақ шаңырағы бәріне пана бола бермек. Тек ауызбірлікте болайық!» деген. 

Орал қаласында да атамыздың жүрген, қызмет атқарған жерлеріне белгітас орнатылған. Қала, аудан орталықтарына көше аттары берілген. Әр маңызды атаулы күндері облыс көлемінде кең көлемде аталып өтіледі. Өзім Алаш Орда қайраткері, ұлт мақтанышы Жаһанша Досмұхамедұлының қарындасының қызы боламын. Ол кісі менің анамды кішкентайынан өз бауырына басып, қолында тәрбиелеп. Тұрмысқа ұзатқан.

– Маржантас апа, Жаһанша Досмұхамедұлы атамызбен қалай туысасыздар? Нағашы әулетіңіз туралы таратсаңыз?

– Нағашы жұртымның арғы атасы Сұлтаннан екі ұл тарайды. Досмұхамед және Ізмұхамед. Досмұхамедтен Жаһанша атамыз. Ізмұхамедтен Өлдән және Шәріп туған. Шәріптен менің анам Қанипа өмірге келеді. Өлдәннан Қадес және Құдес тарайды. Менің анам Қанипа Досмұхамедова Жаһанша атамыздың тәрбиесінде болып, сол кісінің туған қарындасындай болып кеткен.

Бұл үйде 1918-1919 жылдары Жаһанша Досмұхамедов және Халел Досмұхамедовтер басқарған Күнбатыс Алаш Орда үкіметі орналасқан 

Атамыз бен Ольга шешеміздің балалары болмаған. Ол кісілер менің анамды бауырына басқан. Кейін Өлдән атамыздың ұлы Қадесті бауырына басты. Қадес көп жылдар бойы Мәскеуде тұрды. Ольга шешемізге қамқор болды.  Жаһанша атам және анам Қанипа қазіргі Сырым ауданы (бұрын Жымпиты болысы болған) Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Үлкен атамыз Досмұхамед Жайық өлкесіне мәлім дәулетті, оқыған кісі екен. Үлкен әжеміз Рабиға да ағайынға қолы ашық, қайырымды жан болған. Досмұхамед атамыз заманның беталысын ерте бағамдап, қазақ ұлтының болашағы, ел ертеңі оқыған білімді азаматта болатынын сезді. Сондықтан да алдымен Жанша (Маржантас апа атасын осылай атап кеткен) атамызды ауыл молдасынан сауат аштыртып, елден жырақ жан-жақты білім алуына жағдай жасаған. Атамыздың орысша сауатын ашу үшінде жекелей мұғалім жалдаған. Кейін болыстық орыс мектебіне берген. Көзі ашық, көкірегі ояу отбасында дүниеге келген атамыз жастайынан зерек, алғыр болды. Досмұхамед атамыз Жаһанашаны Мәскеуге оқуға жіберерде қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі, төре әулетінің ұрпағы Бақытжан Қаратаевпен ақылдасқан. Ол кісі де осы ұйғарымды қолдап, Жаһаншаны оқуға жіберуді айтады. Кейін ауыл-аймақтың барлығын шақырып, үлкен той жасап, ишан-молдаларды шақырып, құран бағыштап, сапарына сәттілік тілеген. «Ол кісінің Мәскеуге аттануыда үлкен тойға ұласқан» деп отыратын анамыз Қанипа. 

 Білетіндер шешелеріңіз (Жаһанша Досмұхамедұлының жұбайын туысқандары «шеше» деп атайды) Ольга Константиновна жайында керемет кісі болған дейді. Ол кісімен жақын араласып тұрдыңыздар ма? Ольга шешеңіз қандай адам еді? 

– Жаһанша атамыз Ольга Константиновна Пушкаревамен үйленген. Ол кісінің ұлты – орыс. Өзге ұлт өкілі болса да, шешеміз мұсылмандық жолмен некесін қидырып, қазақтың салт-дәстүрін өле-өлгенше ұстанып өткен. Ол кісінің бойына қазақ халқының дархандығы мен қонақжайлық қасиеттері дарыған. Олай дейтініміз Қазақстаннан барған ағайын-туыс, жұрағаттарды, тіпті үкімет жұмысымен барған басшыларды да жылы шыраймен қарсы алып, ізеттілігін әркез көрсетіп отыратын. Шешеміз 1936 жылы атамызды тұтқындап, артынан ату жазасына кескен соң да,  тура 50 жыл бойына сол шаңырақтың түтінін сөндірмей, ағайын-туысымен араласты. Ол жолдасына адал жар ғана бола білген жоқ, қиналғанда сүйеу болған  досына да айналды.

Ол кісіні соңғы рет 1986 жылы тамыз айында Мәскеуге барғанымда көрдім. Бұл менің ол кісіні соңғы көруім екен. Сол жылдың күз айында қайтыс болды. Одан бұрын шешеміз елге жиі хат жазып, сәлем-саухат жолдайтын. Ол кісі мені де жақсы көрді. Маған жазған хаттары да бар.

Қымбатты Маржан! 

Шын жүректен Әділ екеулеріңізді заңды некелеріңізбен құттықтаймын. Бұл некенің ұзақ та бақытты боларына сенімдімін. Өзім бара алмасам да, сіздерді құттықтап жеделхат жолдаған едім, алған шығарсыңдар.

Соңғы кезде көзім нашар көретін болып жүр. Кешке қарай не оқи, не жаза алмаймын. Әпкем де соңғы кезде жиі ауыратынды шығарды. Жүрегі нашарлап жүр. Қап, сені құттықтаймын деп, өзім көңілсіз нәрселерді жазып кеттін ғой. Бірақ енді ол біздің өміріміз ғой.

Володия (Әпкемнің немересі) сабағын жақсы оқиды. Қазіргі басты пән деп, араб тілін меңгеріп жүр. Бүгін Мәскеудің ауа-райы сондай тамаша болып тұр. Барлық тума-туыстың халдері қалай, бәріне менен дұғай сәлем айт. Жақында немере ағайым қайтыс болды. Ол Свердловск қаласында тұратын. Біз көп көрісе бермейтінбіз, бірақ туыс болғасын қиын екен. Мезгілсіз қазасына қатты уайымдадым.

Саған бақыт пен табыс тілеймін. Мені ұмытпағайсың.

Сәлеммен өзіңнің О. Досмухамбетоваң.

Ольга Константиновна әсіресе шешемді қатты жақсы көрді. Атамыздың қолданған алашасы болатын. Бір сәлемдемесінде соңы да салып жіберіпті. Анам тірі болғанда да жиі айтып отыратын: «Ольга шешелеріңді ұмытпаңдар. Барып тұрыңдар» деп. Өзім Мәскеуге жиі барып, араласып тұрдым. Мәскеудің Шаболовка көшесінде тұрды. Өте мәдениетті кісі болды. Қолы ашық, жомарт жан еді. Елдегі ағайын-туыстың бәрін сұрап жаны қалмай күтетін. Біз ол кісіні Зайра апа деп атап кеткенбіз.

–   Қазақ халқының тағдыры сынға түскен алмағайып кезеңдерде, ел ертеңін ойлап, халқы үшін от пен суға түскен, 1937 жылғы азапты шеккен  алаш ұлдары Тұрар Рысқұлов пен Жаһанша Досмұхамедұлылар бажа болған екен. Бұл жайында білетіңіз бар ма?

–   Неге білмеске?! Ольга шешеміздің Татьяна, Надежда деген сіңлілері болған. Ол кісілер теміржолшы Константин Пушкаревтың отбасында дүниеге келген. Тұрар Рысқұловтың алғашқы әйелі – Надежда Константиновна. Яғни менің шешеммен апалы-сіңлілі.

Мен ол кісілерді де көрдім. Мәскеудегі шешемізге Тұрар Рысқұловтың балалары көп көмектерін тигізіп тұрды. Мен Тұрар Рысқұловтың немерелері Володия мен Юлияны жақсы танысып, араласып тұрдым. Соңғы уақыттары байланыс болмай қалды. Володия Рысқұлов қазір 60 жасқа таяп қалды. Өзі Ресейдің МГУ-ін бітірген, жазушылық, журналистік қыры бар. Ғылыми зерттеулер жазып, тарихқада біршама қызығады. Қазір біраз ауыршаң деп естігем. Өзі Қазақстанға келіп, атасының, Жаһанша аталарымыздың жүрген жерлерін көріп қайтқысы келеді.

– Анаңыз, Жаһанша аталарыңыз туралы естеліктерді жиі айтып отырған шығар. Ол кісінің басты өмірлік қағидасы не болды. Ұлт мақтанышының басқа бір ел білмейтін қырын айта отырсаңыз, Маржантас апа?

– Анамыз тұнған шежіреші кісі болатын. Ол кісі Жанша атамыздан естіген сөздерін, өсиет ақылдарын бізге жиі айтып отырады. Жанша атамыздың және анамыздың өмірлік ең негізгі ұстанымы – ғаділдік. Ол кісінің мамандығы – заңгер. Халқының ертеңін болашағын болжап, ата-бабаларымыздың тәуелсіздігін армандаған арманын орындау жолында қызметтер атқарды. Ол биікке жету жолында оқу-білімнің керектігін атамыз жете түсінді.

Ол Мәскеу университетінің заң факультетінде білім алып, Том округтік сотында прокурордың орынбасары қызметін атқарды. Кейін туған еліне де оралып заң саласында біршама жұмыстар атқарды. Жымпиты да билік басына келіп, үлкен сьездерді басқарып, Алаш Орданың сол уақыттағы зиялы қауым өкілдерімен бір идея, бір ойдың астында жұмыс істеуге күш жұмсады. Жаһанша атамыз жастайынан кітаптарды, ғылыми еңбектерді көп оқыған. Сондығынан болар сөзге шешен, ораторлық қасиеті ерекше болған.  

Ең бастысы заң маманы ретінде ақиқат пен әділдіктің орындалуын қадағалады. Сол уақыттағы туған елінде көптеген адамдардың әлеуметтік мәселелерін заң шеңберінде шешіп, қазақ құқығына өзіндік сүрлеуін салуға үлес қосты. Әділдіктің тура жолына бастайтын ең басты күш – имандалық деп білген. Иманды кісі болған. Сондай-ақ Жаһанша атамыз қазақ халқының ертеңгі болашағы үшін өз өмірін өлімге қиюғада әзір тұлғаның бірі болатын.

Оны енді мен көрмесем де, анамыздың жиі айтып отыратын естеліктерінен еститінмін. Өнерге музыкаға жақын болатын. Ольга шешеміз бен Жанша атамыз Оралға келген кездерінде үлкен думанды кештерді өткізетін. Ол кісілер Мәскеуден көптеген музыкалық аспаптар әкеліп, шағын орталарды ән мен күйге бөлеген. Өзімнің шешем Қанипа да қолына домбыра алып, қазақтың күйлерін, халық әндерін тамылжыта орындайтын. Ол кісі музыкалық білімі болмаса да, өнерге жақын болды. Енді оны анамызға үйреткен де Жанша атамыз емес пе? Анамыз бір естеліктерінде:  «Әкем мені ештеден тарықтырмай өсірді. Мен түрлі ел кимеген көйлектерді кидім. Оралға келгенде әркез аттың жүйрігі Сәйгүлікке мінгізді. Көліктің талайымен қыдыртты. Ел мені «Хан Жаншаның» қызы деп құрметтеді» деп.  

Анамыз ер мінезді, қайсарлы кісі болды. Жас күнінде ер кісілермен бірге асау тұлпарларды үйретіп, бәйге жарыстарға қатысқан. Жаһанша атам анамызды өте қатты жақсы көрген. Ол кісіні еркелетіп, туған қызындай мәпелеп өсірген. 

– Анаңыздың айтқан естеліктері бойынша Жаһанша атамыздың мінез-құлқын сипаттап берсеңіз... 

– Жаһанша атамыз – барынша қарапайым болуға тырысқан адам. Көптеген зерттеу еңбектерде Халел Досмұхамедовті тәкаппарлау келеді деп айтады ғой. Біздің атамыз оған керісінше мінезді қалыптастырған. Қайырымды, ашық-жарқын, жайдары мінезді кісі. Әкем-шешем ол кісінің мінезі-құлқы туралы мақтанып айтып отыратын. «Әкем осындай еді, әкем мұндай еді, ұстанымы осындай болған» деп. Соған қарағанда тәкаппарлығы жоқ, қарапайым қазақтың бірі. Ең бастысы әділдікті және турашылдықты ұстанатын. Шешеміздің айтуынша, кірпияз, тазалығы да талай әңгімеге жүк. Басынан сөз асырмайтын, әркімнің сөзін тыңдап барып шешім шығаратын ортасына сыйлы адам болғанын көп тыңдадым ғой.   

– Маржантас апа, сұхбатыңызға рақмет!

Осылайша тектінің көзі, асылдың сынығы Маржантас апайымызбен біраз естеліктерді тыңдап, фото-құжаттық суреттерді тамашаладық. Маржантас апай шешелері Ольга Константиновнаның жазған хаттарын алып шығып көрсетті. Бір әңгімесінде кейіпкерім Жаһанша атаның екі шетелдік көлігі болғанын айтып кетті. «Немістің Мерседес маркалы көлігі екен. Ол көліктерді атамыз, әлде басқа ұрпақтары зұлматты жылдары құжаттармен бірге Жымпитының бір жеріне көміп тастауы да мүмкін. Әйтпесе тәркіленіп алынған заттары болса, архивтерде, болмаса басқа бір деректерде айтылар еді», – дейді Маржантас Қадырқызы. Ол кісінің айтуынша, қазіргі таңда бұл ақпаратты жергілікті өлкетанушы, ғалымдар да растап отыр екен. Бәлкім бұл көліктер табылатын болса, Алаш мұрасына қатысты құжаттардың да табылуы заңдылық деп білеміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?