Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы

3363
Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы - e-history.kz
Өткен жылы Брест қаласында (Беларусь) «ТМД елдерінің мәдени астанасы» эстафетасы Қазақстанның Шымкент қаласына табыс етілген болатын.

Осылайша екі мыңжылдық тарихы бар Шымкент қаласы  2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанды.

Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Шымкент шаһары б.з.д. ІІ ғасырда іргесі қаланған, Ұлы Жібек жолының бір бөлігінде орналасқан, тарихы бай, шежіреге толы мәдениет ордасы. Керуен жолдар қала арқылы Оңтүстік Қазақстан жерін басып өтіп, Шымкент қаласын ертедегі орта ғасырлық – Отырар, Исфиджаб (Сайрам), Яссы (Түркістан), Сүткент, Сығанақ, Сауран және тағы басқа аңызға айналған қалалар қоршаған. Олардың гүлденуі жоғарыда айтылған халықаралық сауда жолдарымен тығыз байланысты болған.

Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар деген деректi Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаев бастаған зерттеушiлер дәлелдеп, көне шаһардың тарихы туралы кiтап шығарғаны, ЮНЕСКО-ның нақты деректермен, археологиялық қазба жәдiгерлерi арқылы жасы дәлелденген Шымкенттi әлемдегi тарихы тереңде жатқан қалалардың қатарына қоса алатынын мәлiмдегені белгілі.

Енді міне, Қазақстанның ең көне қалаларының бірі Шымкент қаласында 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы жылының ресми ашылу салтанаты өтеді.  Достық пен өзара ынтымақтастықты өрістеткен «Мәдени астана» мәртебесі жиынына ТМД елдерінен сыйлы қонақтар келіп қатысады. Аталмыш шара ТМД өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін ауқымды гала концертке ұласады.

Сондай-ақ  «Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы» шарасының ресми ашылуына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысады деп жоспарланған. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин Шымкент қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте айтып өткен болатын.

«Үкімет басшысы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін уақытылы шешудің, сондай-ақ ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясында жоспарланған барлық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығын атап өтті», – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ Асқар Мамин тиісті мемлекеттік органдарға және Шымкент қаласының әкімдігіне ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясындағы барлық іс-шараларға сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, сонымен қатар екі апта мерзім ішінде сумен, электрмен және газбен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы және көлік салаларында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелерін қарауды тапсырды.

Қысқаша айта кетер болсақ,  «ТМД елдерінің мәдени астанасы» жобасы 2010 жылы Минскте өткен гуманитарлық саладағы салалық ынтымақтастық органдары басшыларының екінші Үйлестіру кеңесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы тарихи-мәдени мұра жылы аясында қолға алынды. Әр жылдары мәдени астаналар Әзірбайжанның Габала, Қазақстанның Алматы, Ресейдің Ульяновск және Воронеж, Түрікменстанның Мары, Белорусь елінің Гомель, Тәжікстанның 2700-жылдық тарихы бар Күляб сынды өзіндік мәдениеті бар қалалары болды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?