Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Тәуелсіздік күні – еліміздің мәртебесі жағынан ең жоғары тұрған ұлттық мерекесі

3018
Тәуелсіздік күні – еліміздің мәртебесі жағынан ең жоғары тұрған ұлттық мерекесі - e-history.kz

Желтоқсан айы – біз үшін аса ерекше ай, өйткені 2012 жылдан бастап осы айда  елімізде екі үлкен мемлекеттік мереке өткізілуде. Сол мерекелердің алғашқысын Тұңғыш Президентіміздің күні – 1 желтоқсан мерекесін жуырда ғана бүкіл еліміз болып атап өттік.  Екіншісі Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан – еліміздің мәртебесі жағынан ең жоғары тұрған ұлттық мерекеміз.  Енді осы екі мерекенің бір-біріне мағыналық жағынан өте тығыз байланыста екендігін айта кеткен жөн, өйткені «Нұрсұлтан» мен «Тәуелсіздік» ұғымдары бір-бірімен егіз қозыдай біте қайнасып кеткен түсінік. 1 желтоқсан – еліміздің мем­лекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізу тарихында және жаңа мемлекеттің даму стратегиясын айқындауда орасан маңызға ие, өйткені 1991 жылғы 1 жел­тоқ­сан­да алғаш рет Қазақ ССР Пре­зи­дентінің жал­пыхалықтық сайлауы өтіп, ол сайлауда Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев ел Президенті болып сайланды. Арада небәрі жарты ай өт­кенде Қазақстанның мем­ле­кет­тік тәуелсіздігі жарияланды, яғни та­ри­хымыздың жаңа дәуірі бас­тал­ды. Биыл Қазақстан өзінің жиырма сегіз жылдығын атап өтуде. Осы бір қысқа кезең елі­міз үшін қарапайым эволюциялық жолмен дамудың ондаған жылдарына татырлық, өйткені қайта өз­гер­тулер нәтижесінде жаңа конс­титуциялық және экономи­калық құрылыс, мем­ле­кеттік саясат пен Қазақстан да­муының страте­гия­лық бағыттары пайда болды. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшы­лы­ғы­мен Қазақстан өз мемлекетті­лі­гі­нің барлық нышандары бар егемен және тең құқылы мемлекет ретінде қалыптасты.          

Н.Ә. Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретінде алғаш қабылдаған шешімдерінің бірі қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан үзілді-кесілді бас тартып, қасіретімен аты шыққан Семей полигонын жабуы еді. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бұл шешімнің жаһандық дәрежедегі орасан зор маңызын атап көрсете келіп, Семей полигонын жабу туралы қол қойылған күн – 29 тамызды халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Мұндай тарихи шешім Қазақстанның әлемдегі барлық мемлекеттермен өзара тиімді байланыс жасай алатын бейбітшіліксүйгіш, ашық та зайырлы мемлекет мәртебесін бекітті.

Кейіннен бұл жағдай мемлекетке рекордтық тікелей шетел инвестициясы құйылуының нәтижесінде елдің экономикалық дамуының орасан зор жетістіктерге жетуіне ықпал жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпвекторлы сыртқы саясат деп аталатын көрегендік саясатын қолдана отырып, Батыстағы да, Шығыстағы да халықаралық әріптестерімен берік және өзара тиімді қарым-қатынас жасауға барлық күш жігерін салды. Қазақстан Ресеймен, Қытаймен, Өзбекстанмен және басқа мемлекеттермен мемлекеттік шекара мәселесін реттеп қана қойған жоқ, сонымен бірге, 1993 жылдан бері талай жүздеген миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетел инвестициясын тартуға қол жеткізді. Бұл бүкіл Орталық Азия аймағының экономикасына салынған инвестицияның 80 пайызын құрайды.  Елбасының саяси таңдауы негізінде Қазақстанның дамуындағы аса маңызды жетістіктер: Қазақтардың Дүниежүзілік Құрылтайлары өтуі, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, бұл мәртебелі қоғамдық ұйымның Мәжілістің құрамына 9 депутатын сайлайтын Конституциялық заңға жетуі, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референумда Қазақстан Республикасының қазіргі Ата Заңының қабылдануы, сол Конституция негізінде мемлекетімізде президенттік басқару жүйесінің бекітілуі, алғашқы қос палаталы Парламенттің қалыптасуы, біздің еліміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің орталығына айналып, олардың алты рет Қазақстан астанасында бас қосуы.

 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңы Еуразия құрлығының жүрек тұсындағы ежелден ұлы дала атанған ұлан-ғайыр өлкеде жаңа мемлекеттің дүниеге келгенін паш етті. Тәуелсіздіктің жиырма сегіз жылы – біздің халқымыздың сан ғасырлық қаһармандық тарихының ажырамас бөлігі. Еуразияның жүрегінде, өркениеттер тоғысында талай халықтарды тал бесігінде тербеткен ұлы даланың төсінде дүниеге келген біздің халқымыздың барша тарихы – ұлт пен ұлыс ретінде сақталып қалу жолындағы толассыз күрестерге толы тарих.

Міне, осылайша халқымыздың көрнекті ақыны Жұбан Молдағалиев  айтқандай «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке ұлт болып қалу-қалмауы қыл үстінде тұрған алмағайып заманда қол жеткізді. Елбасымыз айтқандай, тарлан тарих үшін қас-қағым ғана сәт, ал барша қазақстандықтар үшін ғасырға бергісіз небәрі 28 жыл ішінде Қазақстан қуаты күшті, беделі зор, болашағы жарқын мемлекетке айналды. Әлемдік сарапшылар біздің елдегі – тұрақтылық, экономикадағы – үздіксіз өсу, сыртқы саясаттағы – сенімді әріптестік, өз ішіміздегі әлеуметтік қамқорлыққа негізделген дамуымыздың даңғыл жолын өзге елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсынуда. Бұл, Елбасымыз айтқандай, бүкіл халқымыздың ортақ табысы, бірігіп қол жеткізген жетістігі. Алайда осы жетістіктерге Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтыың қосқан үлесі ерекше. Басқасын айтпағанда, оның Қазақстанды әлемнің өркениетті елдерінің қатарына қосып, халықаралық аренаның жоғары деңгейіне көтергенінің өзі қайда жатыр.   Елбасының басшылығымен соңғы кездері мемлекет әлеу­мет­тік мәселелерді шешуге мықтап күш салуда. Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде қа­был­данған бағдарламалық-стра­тегия­лық құ­жат­тардың, Елбасының соңғы жылыдыры жариялаған бағдарламалық мақалалары мен сөйлеген сөздерінің негізгі мазмұны әрбір қазақ­стандыққа деген қамқорлықтан тұ­рады.  Оның «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, біз өз отанымыз – Қазақ елі мен оның байырғы халқы – қазақ халқын, басқа өркениетті елдермен салыстыра отырып, тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан өркениет ретінде қарастыруымыз керек. «Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның түйінін шешуге мүмкіндік туады» - деген тұжырым біздің институттың жуырда ғана өткізген халықаралық ғылыми конференциясында айтылғандай, Қазақстан тарихшыларына үлкен сенім, әрі міндет артады. Елбасының соңғы жылдары жарияланған еңбектері отандық тарихты дамытудың жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсетеді. Бұл еңбектер, оның «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының тікелей жалғасы болып табылады. Сондықтан біз төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және мақтан ететін өскелең ұрпақты ұлттық өркениетті рухта тәрбиелеуге белсене атсалысуға міндеттіміз. Елбасының осы еңбектерінде көтерген мәселелері жан-жақты ой-елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондықтан Елбасының бағдараламалық мақалаларында орын алған пікірлер мен ұсыныстарды тұтастай қолдай отырып,  Мемлекет тарихы институтының ғалымдары республикалық және облыстық мұрағаттарды мұқият зерттеу арқылы Отан тарихын жергілікті материалдармен толықтыру бойынша ғылыми-ізденіс жұмыстарын жандандыруға тиіс. Мақаламның соңында  Мемлекет тарихы институтының ұжымын  алдымыздағы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, үлкен шығармашылық табыстар, Отанымызға тыныштық, әрқайсыларыңызға зор қуаныш пен сарқылмас күш-қуат тілеймін! Елбасымыз құрған Тәуелсіз Қазақстан мәңгі жасап, жылдан жылға көркейіп, гүлдене берсін!  

Талғатбек ӘМИНОВ

ҚР ҒК БҒМ Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері,  т.ғ.к., қауымдастырылған профессор 


 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?