Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Допты хоккейдің тарланбозы

1707
Допты хоккейдің тарланбозы - e-history.kz

Спорттың әр түрінен олимпиада шыңын бағындырып чемпион атанып, керек болса әлемдік деңгейдегі бір емес бірнеше рекордтың иесі атанған саңлақтарымыз аз емес. Ең ғажабы сондай алыптарымыздың КСРО құрамасында жүріп  орнатқан рекордтарының біразын әлі күнге дейін әлемнің ешбір спортшысы бұза алмапты.

Бүгін біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің есім-сойы - Мұрат Жекпетұлы Жексенбеков. Семей қаласының тумасы. Қазақ спорты тарихындағы аңыз адамдардың бірі. Отанының шексіз патриоты, Кеңестер одағының ең мықты командасы саналған атақты «Алматы-Динамо» допты хоккей командасының теңдессіз капитаны  (1971-1992 жылдары), Еңбегі сіңген спорт шебері, Кеңестер одағының 19 дүркін чемпионы әрі Еуропалық чемпиондар лигасының екі дүркін Кубок иегері  болған азамат. Қысқасы одақ кезіндегі ең атақты спортшылардың бірі атанған қазақ.

Ол сонымен қатар спорттың осы түрінен екі бірдей рекордтың иесі: КСРО тарихында Мұрат Жекпетұлынан басқа допты хоккей спортынан 19 дүркін чемпион атанған бірде-бір ойыншы ойыншы жоқ екен. Яғни Мұрат ағамыздың есімі спорттың осы бір түрінен ең көп чемпион атанған спортшы ретінде тіркелген. Сонымен қатар, Мұрат Жекпетұлы КСРО чемпионаттарында алаңға ең көп шыққан хоккейші саналады. 1971-1992 жылдары аралығында яғни жиырма жылдан астам уақыт ішінде Алматының «Динамосы» сапында жүріп барлығы 540 рет ойынға қатысыпты. Сол заманда чемпионат кестесіне орай жылына 26 ойын өткізілген екен. Ж1971-1992 жылдары аралығында өткізілген осы жарыстардың ешқайсысынан қалып көрмепті.

Оқи отырыңыз: Қазақтан шыққан тұңғыш чемпион

Мәселен, сол замандағы КСРО-ның бетке ұстар ең мерген хоккейшілерінің бірі саналған А.Гончаровтың өзі  алаңға 390 рет шыққан екен. Сол секілді атақты хоккейші А.Мясников 402, КСРО құрамасының капитаны болған Ф.Зигангировтың өзі 405 рет алаңға шығыпты. Содан бері отыз жылға уақыт өтті Мұрат Жексенбековтың бұл ерлігін әлемнің ешбір спортшысы қайталап көрген емес. Қос бірдей рекорды асу берместен әлі келе жатыр деуге болады.

Даңқты спортшымыздың бұдан басқа да спорттық атақтары жетерлік. Мұрат Жекпетұлының саналы ғұмырында қол жеткізген жетістіктерінің ұзын-саны қырыққа жуық. Енді сол Алматы «Динамо» командасына қарапайым ойыншы ретінде келіп, капитан деңгейіне дейін көтерілген ұлы тұлғаның жетістіктеріне аз-кем тоқталып өтелік: Мұрат Жек­сенбеков алғаш рет 1977 жылы допты хоккейден Кеңес Одағының чемпио­ны атағына қол жеткізеді. Алматының «Ди­намо» командасының капитаны бола жүріп 1979, 1983 жылдары Қазақстан құра­масының сапында КСРО халық­тары спартакиадасының екі мәрте жеңімпазы атанады. Осыдан кейін оның даңқы әлемге жайылып тағы қата­рынан екі рет (1982, 1983 жылдары) Еуропа чемпион­дары­ның кубогына қол жеткізеді. Кеңес Одағы құрамасында жүріп бес рет КСРО кубогын жеңіп алады. Осылайша, ол спорттық жолында КСРО-ның 19 мәрте чемпионы атанады. Яғни бір өзі 19 дүркін чемпионы атанған және Гиннестің рекордтар кітабына аты кірген жалғыз хоккейші саналады. Бұған қоса, 1977-1986 жыл­дары аралығында яғни 10 жыл бойы КСРО-ның ең үздік деген 22 ойын­шысының бірі деп саналды.

Допты хоккейден одан асқан спортшы жоқ бола тұрса да  Мұратты сол кездегі спорт шенеуніктері Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына көп қатыстыра бермеді. Қасақана жолын кесіп байрақты жарыстардың бәріне орыс ұлтының өкілдерін жіберіп отырды. Тіптен КСРО құрамасы сапында да бірнеше рет өнер көрсетіпті. Бірақ соған қарамастан, бес рет КСРО кубогын алып үлгерді. Тағы бір айта кетерлігі, Мұраттың жолын кесіп шет елдерге жіберілген спортшылардың ешқайсысы да Мұрат Жексенбековтен асып ешқайда кете алмады.  

Өкініштісі сол, қазақ халқының маңдайына біткен алып тұлғамыз небары 45-ақ жыл өмір сүрді. Турасын айтқанда, 1996 жылы белгісіз қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Қылмыскерлер сол күйі табылған жоқ.

2016 жылы май айында Семей қаласында  Мұрат Жексенбековтің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.  Оның ашылу салтанатына отбасы мүшелері, достары және бұрынғы жаттықтырушылары қатысты.

2014 жылдан бері Семей қаласындағы колледждердің бірінде әскери-қолданбалы спорт түрінен Мұрат Жексенбеков атындағы Кубок өткізіліп келеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?