Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ауыр атлетиканың алыбы

2088
Ауыр атлетиканың алыбы - e-history.kz

1980 жылы өткен Мәскеу олимпиадасында екі бірдей қазақ азаматы жеңіс тұғырынан көрініп, чемпион атанғаны белгілі. Олар грек-рим күресінің палуандары Шәміл Серіков пен «шынашақтай чемпион» атанған Жақсылық Үшкемпіров еді.

Сонымен қатар, бүкіл әлем көз тіккен бұл байрақты спорт бәсінде тағы бір қазақ баласы чемпион атанған болатын. Ол спорт жолында жүріп 14 рет ұлттық, 5 бүкілодақтық және 2 әлемдік деңгейде рекорд орнатқан орасан күш иесі Сұлтан Рахманов есімді оғлан еді. Өкініштісі сол,  Мәскеу олимпиадасына Украинаның атынан сынға түскендіктен ауыратлетші Сұлтан Рахмановты қазақ халқы өз уақытында танып біле қоймады. Әрі Қазақстанда тұрмағандықтан білгендерінің өзі оны бауыр тұтпады. 

Сұлтан Сабырұлы 1950 жылы Қарақалпақстанның Төрткөл қаласында дүниеге келген. Қарақалпақстан Өзбекстан құрамындағы ел болғандықтан Сұлтанның ұлты өзбек деп жазылған. Бұл өңір 1930-ншы жылдарға дейін қазақ КСР-інің әкімшілік аумағына қарасты болған еді. Кейінгі Қазақ даласының шекарасын қайта бөлу кезінде өз заманында хорезмдіктер аталып түркі тайпаларының ата қонысы саналып келген Қарақалпақстан Мәскеудің шешімімен Өзбекстанға өтеді де, бұл өлкені мекендеген байырғы тұрғындары қазақтар мен қарақалпақтар жалғыз күнде құжат бойынша ұлты «өзбек» болып шыға келген. Осылайша Сұлтанның әкесі Сабыр да амалсыз «өзбек» болып жазылуға мәжбүр болған.Ал іс жүзінде Сабыр атамыздың ұлты қазақ, руы қаңлы болған. Рас үйленген адамы (Татьяна) украин ұлтынан болды. Әкесі ерте қайтыс болғандықтан Сұлтан анасымен бірге Украинаның Днепропетровск қаласына қоныс аударған. Сол жерде жүріп ауыратлетиканың шыңын бағындырады.

Ал­ға­шында белгілі бапкерлердің бірі Иван Григорьевич Погоре­лый­дың командасында жаттығады. Кейіннен Сұлтанның деңгейін байқап әйгілі бапкер Эдуард Павлович Бров­ко­­ өз үйірмесіне шақырады. Расы керек,  Эдуард Павлович Сұлттаның бағын ашқан адам еді. Украина чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеткен Сұлтан ұзамай КСРО чемпионатында топ жарады. 1972 жылы арманы орындалып КСРО құрама командасы сапына қабылданады. 

Балтық кубогының екі мәрте (1976, 1977 жылдары) жеңімпазы атанып. Одақ біріншілігінде КСРО-ның екі рекордын жаңартты. Яғни бұған дейін жұлқа көтеруден ешкім 190 кило нәтижеге қол жеткізбеген еді. Осы жетістігінен кейін ол Монреаль Олимпиадасына қатысуға дайындала бастайды. Алайда, өзге ұлт өкілі болғандықтан әдейі түрде Сұлтан Рахмановтың жолын бөгейді. Орнына олимпиада чемпионы Василий Алексеев кетеді. Бұған басында сәл ренжігенімен есесін 1978 жылғы Лас-Вегаста өткен Әлем жұлдыздары кубогынан қайтарады. Жарыстың күміс жүлдесін иеленіп қайтады. 1979 жылы Токиода өткен супер чемпионатта тұңғыш рет әлем чемпионы болады.

1980 жылы Мәскеу олимпиадасында Сұлтан Рахманов сол атақты Василий Алексеевтің олимпиадалық рекордын (жалпы салмағы 440 келі) бұзып  серпе көтеруден 190 келі, жұлқа тартудан 245 келі көтеріп олимпиада алтынын жеңіп алады. Қарсыласы болып ортаға шыққан неміс спортшысы Сұлтаннан 30 келіге аз көтереді. Осылайша аты аңызға айналған Василий Алексеевтің аузын шаң қаптырып Мәскеу олимпиадасының алтынын иеленді. Одақ атынан үкілеп қосқан Василий Алексеевтері жұлқа көтеруде 180 килоны көтермек болған ол үш мүмкіндігін де пайдалана алмай, жарыстан шығып қалады. жұлқа Есесіне Сұлтан жұлқып көтеруден үш мүмкіндігін де жақсы пайдаланып, 185,190, 195 келіні еңсерді. Бұл көрсеткіш Олимпиаданың жаңа рекорды болып тіркелді. Ал серпе көтеруде 245 келіні бағындырады.

Сол жылы ол екінші мәрте Еуропа чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алады. Ол басында айтып өткеніміздей 14 рет ұлттық, 5 бүкілодақтық және 2 әлемдік деңгейде рекордын қосқанда жалпы саны 80-ге тарта рекорд иесі. Сұлтан Рахманов өз заманындағы аса ауыр салмақта екінші нөмірлі спортшы деңгейіне көтерілді.

Ең өкініштісі әлемнің ең күшті адамы ретінде Гиннестер кітабына енген батыр қазақ өмірден ерте кетті. 2003 жылы небары  53 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды.

Сұлтанның әкесі Сабыр ақсақал 1920 жылы Төрткөл қаласында туған. Жүргізуші боп еңбек еткен. Ал шешесі Татьяна Васильевна Коваленко да 1920 жылы Украинада дүниеге келген. Сабыр Татьянамен Ташкент қаласында танысыпты. Татьяна ол кезде Медициналық училищені аяқтап Ташкент госпиталінде мейірбике болып жұмыс істеп жүрген кез болса керек.  1945 жылы екеуі үйленіп отау құрады. Көп ұзамай Төрткүлге қайта оралып, сол жерде еңбек еткен. Сабыр мен Татьянаның кіндіген Рустам, Рахым, Сұлтан, Әзім, Тахир есімді 5 ұл мен Зухра атты 1 қыз тараған. Олардың барлығы да қазіргі уақытта белді адамдар. Тұңғыштары Рустам әскери қызметкер, майор шенімен зейнеткерлікке шықты. Рахым да Сұлтан секілді ауыр атлетикамен айналысты. Әзім әке жолын қуып жүргізуші болса, кенже ұлдары Тахир авиация маманы. Қыздары Зухра - Сұлтан Рахманов атындағы халықаралық қайырымдылық қорының президенті, Украинаның Өзбекстандағы құрметті консулы. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?