Арандатушылыққа жол берілмеу керек. Татулық пен ауызбіршілік қана елдің мықтылығын көрсетеді. Осылай деген Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Әлібек Мәдібеков өз замандастарынан кереғар пікірлерден алшақ болуларын сұрайды.
«Астана қаласының атын өзгерту туралы ұсынысты мен толық қолдаймын. Қазір замандастарымыз қарсылық танытып, қол жинап жатыр. Бұл туралы мен де өз әлеуметтік желімде пікірімді білдіргенмін. Бірдеңе жазып, жарияламас бұрын ойлану керек. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін Астананы ауыстыру туралы идея көтерген кезде де қарсы шыққандар көп болды. Қолдамағандар жетіп артылды. «Мемлекеттің ақшасын неге құртамыз» деген пікірлер де айтылды. Нұрсұлтан Әбішұлы сол кезде үлкен тарихи шешім жасады. Өте үлкен тарихи шешім деуімнің себебі – еліміздің солтүстік аймақтарын қазақыландыру қолға алынды. Бұл шешімнің дұрыс екенін уақыт дәлелдеді. Қазір де кереғар пікірлер жазып, келемеждеп жатқандар көп. Бір сәт тарихқа үңіліп қарасақ, сол кездегі шешімді «дұрыс емес» деп қабылдамай тастасақ, мұндай талқылау болмас та еді. Сондықтан, жастарды елдігімізді, тұтастығымызды бұзатын кереғар пікірлерден аулақ болуға шақырамын»,-деді Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Әлібек Мәдібеков.
«Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады». Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде айтылған осы сөзін Әлібек Серғазыұлы қанатты сөз ретінде қолданады. Бірлігі жарасқан елдің ғана жеңісі мен жетістігі мол.
«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің тура жолдан ештеңе де тайдыра алмайды. Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады. Егер біз әлдеқандай күшке, басқа біреуге үміт артсақ, қол жеткізген жетістіктердің бәрінен айырыламыз» деді. Осы сөзі әсерлі шықты. Бірлікте болайық. Астана қаласының атын ауыстырумен байланыстырып өзге де мәселелерді қосудың қажеті жоқ. Астана қаласының әкімі де «бюджет қаражатына аса көп күш түспейді. Бір күнде барлығы ауыстырылмайды» деп нақты мәлімдеме жасады. Дүрбелең тудырудың қажеті жоқ. Осы саланың білікті мамандары, аға буын өкілдері, сарапшылар өз нақты пікірін білдіріп жатыр. Осы тұста ел іргесігің сөгілмеуін, халықтың тұтастығын ойлап, бірлігімізді көрсетуіміз керек»,-деді Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры.