Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елбасының қатысуымен Жастар жылы ашылды

2082
Елбасының қатысуымен Жастар жылы ашылды - e-history.kz
Бүгін «Нұр әлем» көрме кешенінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының ашылу рәсімі болып өтті, деп хабарлайды «Qazaqstan tarihy» порталы

«Тәуелсіздіктің ұрпақтары» деп аталатын салтанатты шарада Елбасы жас буынды Жастар жылының басталуымен құттықтады. 

Жалынды да, талантты жастардың сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы «сөзді тоқтатпай, айта берсін деген ой келді» деді.

«Мен айтайын деген негізгі мәселенің барлығын әр салада көтеріп жатырсыңдар. 27 жыл тәуелсіздіктің ішінде көп нәрсе жасадық, көп жеңіске жеттік. Тәуелсіздік Қазақстанды орнатып, мемлекетті дүниежүзі картасына қойдық. Бұл ауқымда, бұл шекарада дәл осындай жағдайда Қазақстан еш уақытта болған жоқ. Бұрын дүниежүзі барлығын паш еткен, мойындаған, қадірлеген ел болғанымыз жоқ. Сондықтан, ата-бабымыз арманымызды орындап, біздің бүгінгі тәуелсіздігімізді орнатты. Әрбір адам саясатқа келгенде, әсіресе ел басқарамын деген үміті болса, оның халыққа жолдайтын ойы, жоспары болуы керек. Сол жоспарды іске асырып, нәтижесін көрген саясаткер бақытты. Істеп жатқан жұмыстың бәрін айта беруге болады. Тәуелсіздігімізді алдық, экономиканы көтердік, халықтың әл-ауқатын арттырдық, мәдениетін, денсаулығын көтердік, Астананы салдық. Бірақ, ішіндегі ең негізгі жетістік - сендерді, жас буын қазақстандықтарды тәрбиелеп шықтық. Жаңа буын - Қазақстанның ең үлкен жетістігі, менің Мемлекет басшысы ретіндегі еңбегімнің ең үлкен жемісі»», - деді Назарбаев.

Президенттің айтуынша, жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Ол цифрлық қоғам, экономика мен білімнің дәуірі. 

«Сіздермен кездесіп отырғаным үшін өте бақыттымын. Мен Қазақстанда Жастар жылының басталуымен құттықтаймын. Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Менің буыным мектеп оқып жүргенде, әсіресе ауылда теледидар да жоқ еді. Радио енді ғана шыға бастаған еді. 100 жыл тарих үшін тым қысқа уақыт. Қазір бәрінің 10 жылдың ішінде қалай өзгеріп жатқанын көре беріңіз. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек», - деді Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында.

Елбасы өз сөзінде сол себепті жастар - бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы екенін айтып өтті.

«Аллаға шүкір, біз әлемнің дамыған елу елінің қатарына ендік. Бірақ, бұл әлі де аз. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында бәсеке қыза түсті. Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шығады. Мен бұл жігерді Сіздерден көріп отырмын», - деді Елбасы.

Айта кетер болсақ, Жастар жылының ашылуына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келген.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?