Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

2019 жыл – Жастар жылы

3675
2019 жыл – Жастар жылы - e-history.kz
Жаңа 2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл, өйткені Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында оны – Жастар жылы деп жариялаған болатын

Президент жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Ол жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі, өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екені белгілі. Осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», т.б. бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр [1].

Бүгінгі Қазақстан – қалыптасқан мемлекет, үлкен геосаяси маңызы бар ел. Бірақ ең бастысы – ол орасан зор әлеуеті және өркендейтін болашағы бар ел.

Қазақстанның 10-15 жылдан кейін қандай болатыны көп  жағдайда мүлдем жаңа жағдайларда білім алып жатқан студенттерге, жастарға тікелей байланысты болғандықтан, Мемлекет басшысы жастарға ерекше басым көңіл бөледі, өйткені нақ осы ұрпаққа жаңа, қазіргі заманға сай Қазақстанда өмір сүріп, жұмыс істеу бұйырған. Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында Елбасы жастарға ерекше рөл берілетін іс-қимылдардың нақты жобасын ұсынған болатын.

Толығырақ төмендегі сілтемеде:  МАҚАЛА: ЕЛ ЕРТЕҢІ - БІЛІМДІ ЖАСТАР

Президент қандай жас қазақстандықтарды көргісі келеді? Оның қазақстандықтарды, бәрінен бұрын, бәсекеге қабілетті және кәсіби шеберлігі жоғары мамандар ретінде көргісі келеді. Бүгінгі таңда жаңа білім меңгеру және жақсы мамандық алу бірінші орынға шықты.

Бүгінгі күні білім ұзақ мерзімдік «Қазақстан-2050» Стратегиясының аса маңызды басым міндеттерінің бірі деп танылады. Ел Президентінің республикамыздың алдына қойған әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіру міндетін жүзеге асыру ісінде білім саласы елеулі рөл атқарады [2].  

Қазақстан қоғамында қазіргі кезде бұрынғы ұрпақтардан айтарлықтай өзгеше, мүлдем жаңа зияткерлік тап: жаңа бағдар ұстанған, құндылық ұстанымдары ұтымды экономикалық іс-қимылдар арқылы табысқа жетуге бағытталған жастар табы қалыптасты. Соған байланысты өзінің республика жастарымен көптеген кездесулерінде Н.Ә. Назарбаев: «Әр адамның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек», – деп жиі ескертеді [3].

Атап айтқанда, Президент 2015 жылы сәуірдің 10-ында Астанада «Елбасымен бірге - жаңа жеңістерге» деген жастар форумында: «Сендер экономиканың кеңестік жүйесін және өркендеуіміздің сол заманғы қиын бастауы болған кезді білмейтін тәуелсіздіктің алғашқы ұрпақтарысыңдар. Сонымен қатар сендер жаһандық әлем жағдайында өмір сүріп жатқан алғашқы ұрпақсыңдар, сондықтан сендер өркендеуіміздің талаптарын барынша айқын түсінуге тиіссіңдер», – деді.

Сөзін ары қарай жалғастырған Ұлт Көшбасшысы жастарға: «Бүгінгі таңда көптеген жетістіктеріміздің нәтижесінде Қазақстан дамыған елдердің алғашқы отыздығына кіре алатын жағдайға жетті. Іс жүзінде біз экономиканың даму серпіні, бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және басқадай салалар бойынша осы елдердің қатарындамыз. Енді біз әлемдегі жетекші елдердің экономикасына халықтың өмір сүруінің нақты деңгейі және сапасы жағынан теңесуге тиіспіз. Ол үшін, ЖІӨ көлемі, әр қазақстандыққа есептегенде, дамыған елдердегі шамадан екі есе артық болуға тиіс», – деген ойын жеткізді. Осы форумда Елбасы жастардың назарын ғаламдық бәсеке ғасырының: «Өзгер, әйтпесе тайып тұр!» деген қатаң ұстанымы бар екеніне аударды. Ал бұл талап ең жоғарғы міндеттерді нақ осы жастардың алдына қояды, өйткені жас кезінде адам жаңа жағдайларға тез бейімделеді [3]. 

Бүгінгі күні жастар саясатын жүзеге асырудың мемлекеттік ұстанымын айқындайтын маңызды құжаттар: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңы және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы қаулысы Елбасының бастамасымен қабылданған. Бұл нормативтік құжаттар мемлекет дамуының қазіргі кезеңінде мемлекеттік жастар саясатын қалыптастырудың және жүзеге асырудың құқықтық негіздерін айқын белгілейді.

Аталған құжаттарды орындау мақсатында Қазақстанда жастар арасындағы үдерістерді басқарудың жаңа институттық үлгісі құрылған. Оған Қоғамдық даму министрлігі құрылымында 2018 жылы Жастар және отбасы жөніндегі комитет, ал өңірлік деңгейде Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма жатады. Сонымен қатар, 2013 жылы құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Мемлекеттік жастар саясатын дамыту ісіндегі маңызды қадам болып саналады. Оның атқаратын қызметі – жастардың бәсекеге қабілетін көтеру және оларды Қазақстанды жаңғырту үдерісіне тарту мақсатында Мемлекеттік жастар саясаты институтын ғылыми-талдамалық және ақпараттық кеңес беру қызметімен қамтамасыз ету.

Тағы бір аса тарихи маңызы бар оқиға 2016 жыл желтоқсанның 1-інде Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған, Елбасының қатысуымен Астанада жастардың кезекті форумының өтуі болды. Форумға Қазақстанның барлық өңірлерінен 1000-нан астам адам, оның ішінде кәсіпкерлер, өнеркәсіптің әртүрлі салалары қызметкерлері, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар және ірі жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Толығырақ төмендегі сілтемеде:  ИНФОГРАФИКА: 2019 ЖЫЛ - ЖАСТАР ЖЫЛЫ

Осы форумда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы еліміз үшін тәуелсіздік таңы атқан тұста мемлекеттілікті қалыптастыру жолында орын алған қиындықтар жайында баяндады, форумға қатысушылардың назарын республикада жастардың өз қабілеттерін танытуы үшін берілген бірегей мүмкіндіктерге, заман шарттарына және қарқынды өзгеріп жатқан әлем талаптарына сай келетін сапалы білім алудың маңыздылығына аударды.

Н.Ә. Назарбаев: «Жас ұрпаққа қамқорлық, оның қазіргі өмірі мен болашағы үшін қам жеу қашанда менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұрғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар», – деді [4].  

Сөйтіп, өзінің кезекті сөйлеген сөзінде Президент жастар алдына таяу болашаққа қатысты айқын да түсінікті міндеттер қойып, ойларын бөлісті, ел тағдыры, оның дамып, өзгеріп жатқан әлемдегі орны жайында баяндады. Оған қоса, бұл міндеттердің жастарымыздың өмірде де, еңбекте де дұрыс шешімдер қабылдауы үшін көмегі тиетініне деген сенімін білдірді.

Қорытып айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында жазылғандай егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды, соның ішінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының қалыптасу барысында жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тірбиелеудің тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, іске қосылды.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, біз өз отанымыз – Қазақ елі мен оның байырғы халқы – қазақ халқын, басқа өркениетті елдермен салыстыра отырып, тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан өркениет ретінде қарастыруымыз керек. «Бұл - тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның түйінін шешуге мүмкіндік туады» - деген тұжырым Қазақстан тарихшыларына үлкен сенім, әрі міндет артады. Елбасының мақаласы отандық тарихты дамытудың жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсетеді. Бұл туынды Президентіміз айтып кеткендей, оның «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының тікелей жалғасы болып табылады [5]. Сондықтан біз төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және мақтан ететін өскелең ұрпақты ұлттық өркениетті рухта тәрбиелеуге белсене атсалысуға міндеттіміз.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан.

2. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы. – Астана, 2014 жылғы 17 қаңтар.

3. Елбасымен бірге - жаңа жеңістерге» жастар форумы. – Астана, 2015 жылғы 10 сәуір (http://www.inform.kz)

4. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Жастардың республикалық форумы. - Астана, 2016 жылғы 14 қазан (http://www.inform.kz)

5. Назарбаев Н.Ә. «Ұлы даланың жеті қыры» // «Егемен Қазақстан» газеті, 21 қараша 2018 жыл.

Талғатбек ӘМИНОВ,

                   Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?