Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тілеп Аспантайұлы атындағы өнер бәйгесі мәресіне жетті

2402
Тілеп Аспантайұлы атындағы өнер бәйгесі мәресіне жетті  - e-history.kz
Тілеп Аспантайұлы ХVIII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген әйгілі күйші, қобызшы, композитор. Тілеп Аспантайұлы 13 жасынан бастап қобызда ойнай бастаған

Елорда төріндегі «Тілеп Қобыз» сарайында Астана қаласының 20 жылдығы және атақты қобызшы, композитор Тілеп Аспантайұлының туғанына 260 жыл толуына орай  Тілеп Аспантайұлы атындағы ІІ Халықаралық  ішекті-қыл аспаптарында ойнайтын орындаушылар байқауының марапаттау рәсімі мен гала-концерті болып өтті.

Фестивальге әлемнің 15-тен астам елінен келген 30-ға жуық конкурсанттар мен құрметті қонақтар қатысты. Солардың ішінде Әзірбайжан, Қырғызстан, Жапония, Үндістан, Германия, Моңғолия, Ресей, Мажарстан, Қытай, Израиль, Болгария, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран, Сирия сынды мемлекеттердің қатысушылары бар.

Байқауға қатысқан конкурсанттардың ішекті-қыл аспаптарда ойнау шеберліктері бір-бірінен асып түсіп жатты. Олар бірінші айналымда атақты қобызшы Тілеп Аспантайұлының үш шығармасының бірін орындаса, екінші кезеңде өз елдерінің шығармасын таныстырды. Талай өнер додаларында бәйге алып жүрген жеңімпаздарды саралау қазылар алқасына өте қиынға соққаны анық. Дегенмен байқаудан «жүзден жүйріктердің» озып шығып, біреулерінің қалыс қалатыны шартты нәрсе. Қазылар алқасы құрамында қобыз аспабы бойынша кәсіпқой білікті мамандар, өнертанушы қайраткерлер отырды. Сондықтан жеңімпаздарды анықтау көп қиындықтар тудырды деп айта алмаймыз.

Екінші мәрте өткен Халықаралық байқаудың әділқазы алқасы қатарында, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Раушан Қожабекқызы Мұсаходжаева, Ресейдің және Алтай Республикасының еңбек сіңірген әртісі Болот Байрышов, Солтүстік Кавказдан келген өнертанушы, зерттеуші Замудин Гучев, Жапонияның кәсіпқой музыканты Takeshi Takeuchi және де «Тілеп» атындағы қайырымдылық қорының президенті, қоғам қайраткері Сапар Ысқақұлы Ысқақов болды.

Сонымен үш күнге созылған өнер бәйгесінде бас жүлдені жерлесіміз, Алматы қаласынан келген Мақсат Медеубек (Қазақстан) жеңіп алды. Жеңімпазға 5000 АҚШ доллары және жеңімпаз статуэткасы берілді.  Әзірбайжан елінен келген Мадина Шахгельдиева (Әзірбайжан, 3000 АҚШ доллары) І орынды, Моңғолиядан келген Тумэнбаяр Содном-Иш (Моңғолия, 2000 АҚШ доллары) ІІ орынды иеленді. ІІІ орынға Маджид Карабаев және Ислом Абдулазизов (Өзбекстан, 1000 АҚШ доллары) ие болды.

Байқаудың үздік қатысушыларына «Тілеп» атындағы қайырымдылық қоры мен Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы» генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қоғамдық-қайырылымдылық қорының арнайы сыйлықтары табысталды.

Байқау ережесі бойынша барлық қатысушы конкурсанттар гала-концертте ансамбль болып, Тілеп Аспантайұлының екі күйін орындап шықты. Ал байқаудың жеңімпазы атанған Мақсат Медеубек Тілеп Аспантайұлы бабамыз ұстаған қобызбен «Аллам жар» күйін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Байқауға қатысушы конкурсанттардың барлығы ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Шара соңы гала-концертке ұласты.

Тілеп Аспантайұлы  ХVIII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген әйгілі күйші,  қобызшы, композитор. Тілеп Аспантайұлы 13 жасынан бастап қобызда ойнай бастаған. Қазақтың музыка өнеріне өзінің зор үлес қосқан. Бүгінгі күнге дейін 3 күйі сақталған. Тарихи тұлғаның бейіті Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Қарасу селосының жанында орналасқан. Бүгінде Астананың төрінде қобызшының ұрпағы, белгілі архитектор Сапар Ысқақұлының қолыменен бой көтерген сәні мен салтанаты келіскен «Тілеп қобыз» сарайы бар. Н.Айтұлының «Сарықыз» поэмасының желісі бойынша жазылған Ж.Сомжүректің «Тілеп-Сарықыз»  пьесасы жазылған.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?