Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алматыда Алакөл, Қызылордада Қамбаш көл

2440
Алматыда Алакөл, Қызылордада Қамбаш көл  - e-history.kz
Тарихы терең Арал ауданының Қамбаш көлін туристер келетін мекенге айналдыру бастамасы өте құптарлық. Кеш те болса іске асырылғалы отырған бұл шараны жергілікті жұртшылық көптен күткен болатын

Табиғат – Алланың берген ең үлкен аманаты. Табиғаттың тамашалығына тамсанған сайын Алладан асқан шебер суретші жоқ екеніне көз жеткізіп келеміз. Ата-бабаларымыздың қасық қаны қалғанша, соғыстан көз ашпай қорғап қалған қазақ елінде де табиғаттың тамаша туындылары, қараса көз тоймас жерлері жетерлік. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «KazakhTourism» АҚ «Ұлы Дала еліне саяхат» атты экспедиция ұйымдастырды. 10-22 қыркүйек аралығында өткен экпедициясының басты мақсаты – Қазақстанның ішкі туризмін насихаттау, экотуризмін ілгерілету, фото-видеорепортаж жүргізу арқылы көрікті қасиетті жерлерге туристерді тарту. 

Бұл жолғы экспедициямыз «Теңізден Теңізге» деп аталады. Аты айтып тұрғандай өзен, көл, теңіздермен танысамыз. Алматыдан шыққан бір топ шетелдік блогер, фотограф Аралға дейін екі күн бойы жол таңдамайтын көлік арқылы жеттік. 

Түріктердің Қаратеңізінен, қырғыздардың Ыстықөлінен, Алматының Алакөлінен, Көкшетаудың Бурабайынан асып түспесе кем түспейтін Қызылорданың Қамбаш көлімен таныстық.

Туризм – әлемнің көптеген мемлекеттерінде пайда көзіне айналған негізгі салалардың бірі. Айталық, Түркия, Франция, Италия, Таиланд сынды елдердегі ішкі жалпы өнімнің бестен бірі, кейбірінде тіпті 30%-ы туризм саласына тиесілі екен. Туризмнің экономиканы аяқтан тұрғызуға қабілетті екенін түсінген аталмыш елдер ішкі туризмді дамытуға барлық жағдайды жасап қойған. Бұл мәселе біздің елімізде де қолға алынып, өз кезегінде өңір бойынша қажетті шаралар атқарылып келе жатқандығы мәлім. Бүгінде ел назарына іліккен аталмыш Қамбаш көлі – экотуризмді дамытуға қолайлы аймақ. «Арал ауданының Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан бұл көлдің суы мөлдір әрі емдік қасиеті мол. Қамбаш көлінің тағы бір ерекшелігі – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік трассаның бойында орналасқандығы болып отыр. Бұл өз кезегінде бизнесті дамытуға өте қолайлы жағдай туғызбақ. Сондықтан, аймақтағы туризмнің дамуына аталмыш көлдің қосатын үлесі зор. Халық 2000 жылдан бері қарай бұл көл жайлы біле бастады. Мемлекеттің қарауындағы жер, инфроструктурасы толықтай Үкімет бюджетінен жасалынып, қазіргі таңда Қамбаш көлін туристік мекенге айналдыру бойынша Бас жоспар жасалынып, енді инвесторларға таныстырылып отыр» дейді Қамыстыбас ауылының әкімі Дилмұғанбетов Нұржау Әзбергенұлы.



Қамбаш көлі Қызылорда облысы Арал ауданындағы Қамыстыбас темір жол станциясынан 2 км батысқа қарай орналасқан. Теңіз деңгейінен 58,1 м биіктікте жатыр. Аумағы 178 шаршы шақырым. Көл ендік бағытта 30 шақырымға созылған, енді жері 5-8 шақырым, жағалауының ұзындығы 115,6 км, шарасына 980 млн текше метр су жиналады. Ең терең жері 10 м. Көл Тәуіп-Жарма каналы арқылы толығады.Шығыс жағалауы аласа, құмды. Оңтүстігі биік, жарлы (23 шақырымға дейін), солтүстік жағалауының биіктігі 5 м-ге жетеді. Жазық келген оңтүстік-батыс жағалауы Сырдариямен жалғасып жатыр. Қамыстыбаста сазан, алабұға, шортан, т.б. балықтар кездеседі. Көлде қаз, үйрек, т.б. ұстар, қамыс, құрақ арасында ондатр жабайы шошқа кездеседі.

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты жолдауында бөтен салалардан бөлек туризмді, оның ішінде экологиялық туризмді бұрынғыдан да ілгері дамыту керектігін атап көрсеткен болатын.

Елбасы қолға алуды тапсырған туризм мәселесіне Қызылорда облысының, Арал ауданының басшылықтары баса назар аударуда. Соның бір айғағы – аудан экономикасын дамытудың басты бір көзі болып табылатын, жалпы көлемі 494 гектар жерді құрайтын «Қамыстыбас» демалыс аймағын құру жұмыстары.

«Қамыстыбас демалыс аймағын дамытуға қатысты аудан әкімінің арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді. Бұл шаралар туристер үшін көл жағалауына салынатын құрылыстарға инвестиция тарту, демалыс аймағына қажетті инфрақұрылымды жеткізу жолдарын қарастыру, ұйымдастырылатын жұмыстарға қатысты тиісті құжаттарды әзірлеу, туристер санын арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау, демалыс аймағына келіп тынығушылардың қауіпсіздігін және көл жағалауы мен демалыс аймағының тазалығын қамтамасыз ету, т.б. ауқымды жұмыстарды қамтиды. 

Демалыс орны ретінде туристік аймаққа айналып келе жатыр. Оған дәлел ретінде Қамбаш көліне келуші туристерді салыстырмалы түрде айтуыма болады. 2017 жылы 70 мыңнан аса болса, ал биылғы жылға 84 мыңға жуық турист келді. Жылдан жылға турист санының артуы қуантарлық көрсеткіш болып тұр. Бұл дегеніміз аудан тұрғындарына жұмыс саны артты деген сөз» деді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм басқармасының басшысы Бектемір Жұмағұлов.

Тарихы терең Арал ауданының Қамбаш көлін туристер келетін мекенге айналдыру бастамасы өте құптарлық. Кеш те болса іске асырылғалы отырған бұл шараны жергілікті жұртшылық көптен күткен болатын. Тіл үйірер дәмді шұбаты мен балығы бар өлкенің емдік шипасы бар суы да талай шетелдіктерді тамсандырары сөзсіз. Мамандар туристердің емдік қасиеті бар жерлерге көптеп келетінін атап өтті. Олай болса, Қамбаш көліне тынығушылар қатары болашақта артады деген сенім зор.

 

Гүлжәмилә Зайырова

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?