Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астанада «NDH digest» атты «Twinbook» форматындағы кітаптың тұсаукесері өтті

1833
Астанада «NDH digest» атты «Twinbook» форматындағы кітаптың тұсаукесері өтті - e-history.kz
Жаңа басылым «Қазконтент» АҚ National Digital History интернет-порталының ұжымының жемісті еңбектерінің негізінде жарық көріп отыр

Бүгін Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Тұран колледжі мен «Қазконтент» АҚ ұйымдастыруымен  «NDH digest» атты «Twinbook» (егіз кітап) форматындағы кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Бұл жаңа басылым «Қазконтент» АҚ National Digital History интернет-порталының ұжымының жемісті еңбектерінің негізінде жарық көріп отыр. Қазақстан тарихын қайта зерделеу және оларды электронды жүйеде насихаттау бағытында жұмыстар атқаратын интернет жобаның қоржыны оқырман танымын кеңейтетін қызықты, тартымды тарихи материалдарға өте бай. Бұл  кітап танымал қазақстандық кəсіпкер, филантроп, «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері, профессор Оралбек Ботбайдың қаржылай қолдауымен басылып шықты.

Кітаптардың тұсаукесер шарасына қоғам қайраткерлері, кәсіби тарихшы  ғалымдар,  Тұран колледжі ұжымы мен студенттері, «Қазконтент» АҚ қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада оқырман көпшілікке арналған кітаптың тұсауын ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді мен қазақ антропологиясының негізін қалаушы, аңыз тұлға Оразақ Смағұлов кесті. Алғашқы болып сөз алған Өмірбек Бәйгелді ағамыз кітапты құрастырушыларға ақ батасын беріп, осындай тарихи тағылымды еңбектердің көптеп шыққаны дұрыс деп баға берді.

«Біз сияқты кеше ғана тәуелсіздігін алған жас мемлекет үшін тарихи мәліметтер көптеп керек. Өйткені ұрпақ ауысып жатыр. Өткенді көрген, естіген, оқыған ұрпақ өтіп, жас ұрпақ келе жатыр. Оларға да білім керек. Олар да өткен тарихынан ақпар алуы керек. Осындай болмысты сақтау үшін кітаптар уақтылы шығып тұру керек. Сондықтан да бүгінгі «NDH digest» атты ерекше үлгідегі кітаптың шығуына біз қуануымыз керек. Кітаптың қарап шықтым. Оқуға жеңіл, әрі қызықты да, тағылымды деректер қамтылған. Қазір дүниежүзінде адам баласы білім жөнінен ең шырқау шыңда. Білімсіз адам жоқ қазір. Ілгері заманда білімсіз адамдар болды. Бірақ білгенде сауаты бар, айтуға білімі жетпейді. Сондықтан оларға бүгінгідей көпшілік оқырманға арналған тілі жеңіл кітаптар керек. Біздің бұрынғы ғалымдарымыз шет ел ғалымдарының жазғандарын оқып келді. Сол деректермен біздің тарихымызды жазды, біздің ел тарихына қатысты құжаттарды жинақтады. Оның көбісі өтірік болып шықты. Әдейі жасалған жалған тарих болды. Қазір нағыз шыңдықты, ақиқатты іздейтін заман. Соларды тауып, соларды зерттеп, тура тарихымызды баяндау қажет. Міне осындай үлкен аумақта, бүгінгідей кітаптар керек-ақ. Босқа уақыт алатын кітаптың әрине керегі жоқ. Әр адам өмірді өзінше түсінеді. Тарихты да өзінше біледі. Біздің әр қазақ тарихшы. Осы сияқты кітаптар шыға беру керек. Тоқтатпау керек. Кеспеу керек. Оларды сөкпеу керек. Әркім білгенін жазады. Ішінен таңдап-таңдап керегін алады оқырман»,-деді Ө.Бәйгелді.

Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітапта әр түрлі тақырыптар қарастырылған. Қазақ елінің тарихы, ұлттық болмысы, этнографиясы мен этнологиясы және де Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қойылған «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері» туралы еңбектер енген. Сондай-ақ Қазақстанның ғылымы мен білімінің дамуына айрықша үлес қосқан белгілі тарихшы ғалымдар мен жергілікті өлкетанушылардың сұхбаттары оқырман назарына ұсынылған.

Оралбек Ботбай, «NDH digest» кітабының демеушісі:

Елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада ««NDH digest» атты тарихи мақалалар жинағы топтасқан кітаптың тұсауын кесіп отырмыз. «NDH кітапханасы» сериясымен шыққан кітаптың алғашқы туындысы. «NDH digest» кітабының жалпы атауы «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясындағы мемлекеттік іс-шараларды қолдау жөнінде баяндайды.

Өзім қарт Қаратаудың баурайында, Боралдай өзенінің бойында дүниеге келдім. Түрлі қатпар-қатпар шежірелі тарихымызды қарап отырсақ, біздің еліміздің басынан өткен тарихтары мұхитқа еніп, содан шықпай тұрғандай сезіледі. Оны болашақ ұрпаққа таныстырып, табыстыру бүгінгідей маңызды шараларда іске асады. Әрбір қазақ елінің азаматы Елбасымыз айтқандай болашаққа бағдар жасап, рухани жаңғырып, әрі өз елінің тарихын, мәдениетін, этнографиясын тани білуі керек. Сол мақсатта біз  «Қазақстан тарихы» порталы ұжымымен бірігіп, осы құнды кітабымызды шығарып отырмыз. Болашақта кітаптың жалғасы болады деген ойдамыз.

Шетелдегі архивтерден біздің елдің тарихына қатысты құнды деректер, карталар, қолжазбалар шығып жатыр. Соларды біздер кітаптың келесі шығарылымындарына кіргізетін боламыз. Әр елдің тарихи жерлері, тау мен тасы, өзен-көлі, шежірелі өлкелері тарихи таңбалармен ерекшеленді. Олардың барлығы біздің өткенімізден сыр шертетін өшпес тарих іздері».  

Тұсаукесер рəсімі аясында шетелдердегі қазақ диаспорасының тағдыры туралы «Қиырдағы қазақтар» циклінен екінші деректі фильмнің көрсетілімі жəне Астана қаласындағы «Тұран» колледжінің «Дизайн» мамандығы студенттерінің қазақ ұлттық-қолданбалы өнері көрмесі болып өтті.

Жоғарыда аталынған еңбек қызығушылық танытқан көпшілік қауымға, тарихшылар мен қоғамтанушы мамандар, студенттерге арналған.
 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?