Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сарыбел шайқасы – Жетісу жерін жоңғардан азат еткен ұлы жеңіс

1289
Сарыбел шайқасы – Жетісу жерін жоңғардан азат еткен ұлы жеңіс  - e-history.kz
Отандық тарихнамада жоңғармен арпалыс кезеңі туралы жазғанда Орбұлақ пен Аңырақай шайқасы туралы жиі айтылатыны белгілі.

Солай болуы да заңды. Дегенмен соңғы кезде табылған деректерді ақтарып, оларды халық зердесінің теңдессіз қазына-қоры – тарихи эпостарымызбен парықтап салыс­тырғанда, жоңғармен болған шешуші соғыстың соңғы нүктесін қойған тағы бір алапат шайқастың орны анықталып отыр. Қалжыраған алаш қайта сілкініп қайрат-күшін жиып, басы бір тудың астына түгел табысып, еңселі ел болуына баспалдақ болған сондай ірі оқиғаның бірі – Сарыбел шайқасы.
Рас, Сарыбел десе қазіргі бізге Иманжүсіп ақынның: «Абылай аспас Арқаның сары белі, Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі», деген әні естілгендей болады. Мәшһүр Жүсіп бабамыз жазып кеткен Абылай туралы «Абылай аспас Сарыбел» деген аңыз әңгіме тіл ұшына тағы орала кетеді. Халық қаптаған қалың жаудан азат етіп, жұртын барақатты өмірге қауыш­тырған дана ханы Абылайды ұлылық пен кемелдіктің эталоны етеді, ол туралы аңыздың ақ самалымен көмкерген жырлар, небір кестелі сөз орамдарын қалдырды. «Абылай аспас асу» – бұл да биіктік пен өрліктің өнегелі өлшемі, Алаш ұрпағы үшін таймас серт пен мәрттіктің асқақ межесі. Шыңғыстың отбасында дүниеге келіп, Шығыстың жарық жұлдызына айналған Шоқан Уәлиханов арқылы жеткен «Абылай» туралы жырда: «Абылайдай тақсыр хан Айыл-тұрман тағынды. Арғымағын оздырды, Баяу жатқан қырғызды Сарыбелде тоздырды», деген жолдар бар. Осы тарихи жырдағы «Сарыбел» жер атауына Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағын құрастырушылар мынадай түсіндірме беріпті: «Сарыбель – горный проход в Киргизском Алатау, против Қарабалты и Сокулука. По историческим преданиям Аблай с войском хотел пройти через этот перевал на тучные джайляу Сусамыр, но киргизы преградили ему путь». Демек жоғарыдағы деректен аңғарға­нымыздай, қырғыздардың қонысына жақын жерде орналасқан бұл Сарыбел – «Он үш бағаналы Цяньлун қартасында» көрсетілгендей, Күрті өзенінің басталған тұсы, Кекілік тауы мен Суық­төбенің Қастек асуымен ұштасатын ай­мақ­тың жалпы атауы. Жер жаннаты Жеті­судың төріндегі осы аймақта жоң­ғар-қалмақтарға қарсы үлкен жорық басталған. Біз осы қастерлі мекенде жоңғарды жер жастандырған қазақтың біріккен әскери қолының жорығы туралы сөз етпекпіз. Бұл заман туралы әйгілі Бұқар жырау: «Кіші қара қалмақ бүлерде, Бұлт бұрқан болысты... Буыршындай тіздесті, Жамандықты іздесті», деген ғой. Сарыбел шайқасы уақыт тұрғысы­нан дәп осы тұсқа, жоңғар мемлекеті алауыздыққа ұшырап бытырап, Цин им­пе­рия­сының жер қайысқан жазалаушы ләшкері тап берген талмау тұсқа орайлас келеді. Халық жырында: «Лабачы деген бір елді, Анты менен улатқан. Еренші мен Серенді, Тозғындатып шулатқан», деп мадақ­тай­ды дана Абылайды. Халықтың Лабачы деп отырғаны Әмірсанаға басында одақтас, соңынан тақ таласы кезінде қас дұшпаны болған бауыры, Жоңғарияның ірі көсемі Давачи, ал Еренші мен Серендер белгілі қолбасылар, тарихта болған сардарлар. Қалдан Серен қайтыс болған соң Жоң­ғария мемлекеті билікқұмар нояндар­дың тақ таласының құрбанына ұшырап, ауыр бұлғаққа тап болады. Әсіресе 1753-1754 жылдардағы Жоңғар елінде жаңа талас-тартыс қыза түседі. Қалдан Сереннің көзі жұмылған соң Бұқар жырау айтқандай «Ханын қалмақ жаулаған, Сүйткен қалмақ оңбаған» зобалаң дәуір басталады. Қалдан Сереннің тұтқынында болып, ақ үйлі аманат салтымен қоңтайжының қызына неке қидырып, сый-сыяпатпен ішке сертті түйдіріп 1743 жылы босаған Абылай заманның тарпы, дүниенің дүрбелең дүбірін қапысыз түсінетін, түйсінетін білікке ие болады. ХVІІІ ғасыр бедерінде Орта Азияда Қалдан Сереннің ай­бар-атағын еске салсақ, қаһарлы қон­тай­жымен мәміле жасап, тағылым түйген Абылайдың да абыройы асқақтай түседі. Абылай ендігі жерде Жоңғариядағы әскери-саяси істерге белсенді араласып отырады. Көкжал Барақ, қыпшақ Қошқарбай, Қожаберген, Жарылғап батырларды барлауға, ұдайы алғы шепке жұмсап, өзімен одақтас, серіктес болған ірі жоңғар әміршілеріне жақтасып отырады. Мәселен, 1753 жылы Давачи хан сай­ланғанда өзіне мықты қарсылас бол­ған дөрбет нояны Немеке-Жиргалды Абы­лай­дың көмегімен талқандайды да, оның ұлысынан 3000 адамды қазақ ханына олжаға береді, өзі малын бөліске салады. Сол 1753 жылдың қараша айында, әуелінде одақтас болған Давачи мен Әмірсана жауласып, Давачи әскер бас­тап Әмірсанаға қарсы жорыққа шығады. Сонда Абылай қазақ әскерін бастап өзіне күйеу болған Әмірсанаға көмек көрсетеді. Абылай-Әмірсана одағынан 3 мәрте жеңілген Давачи ақыры Тарбағатай төңірегінен Бұратала (қазіргі ҚХР, ШҰАР, Бұратала) жеріне шегінуге мәж­бүр болады. Осы кезде Омбыдағы Ресей үкіметіне жеткен мәліметтерге қара­ғанда, аталмыш оқиғамен байланыс­ты көптеген жоңғар тұтқындары мен босқындары қазақ жеріне енген. Ал қытай тіліндегі Цин патшалық орда естелігінде сақталған бір деректе, 1754 жылы Абылай Әмірсанаға көмек беру үшін 50 000 әскер бастап жорыққа шығып, Жайырдан Ілеге дейінгі жоңғар қоныстарын шап­қан. Онда тұрғын отбасы қалмаған» де­лін­­ген. XVIII ғасырда құрастырылған «Патша бекіткен жоңғарларды тыныш­тан­дыру жоспарлары» атты қытай мұ­ра­ғат құжаттар жинағының бірін­ші кітабында 1753-1754 жылдары қазақтар­дың Бұратала мен Іле төңірегінде әске­ри жорықтар жүргізгендігі туралы бір­неше мәрте мәлімет кездеседі. Мыса­лы, атал­мыш дереккөздің тағы бір пара­­ғын­да қазақ Абылай мен қалмақ Батма-Церен, Еренцин 10 000 қазақ-қал­мақ әс­керін бастап Давачиге шабуыл жа­сап, Бұратала сынды жерлердегі қарсы­лас­тарын түгелдей тонаған. Сонда Абылай Талқы тауының шығысы арқылы әлгі тоналған адамдарды кері алып кеткен деп нақты мәлімет қалдырған. Міне, халық жырындағы «Еренші мен Серенді, Тоз­ғын­датып шулатқан» деген жолдар осы оқиғаға куә болған жыраулардың аузынан шыққан болса керек. Әуелі Абылай ханды паналап, содан кейін Ресейге қашып барған Әмірсана көз жұмғаннан кейін жоңғар қалмақ­тары 1755 жылы Құлжадағы Цин патша­лық армиясына шабуыл жасап, генерал Бандиді әскерімен бірге түгел қырып кетеді. Осы оқиғадан рухтанған олар Батыр-Обашы, Букучаған, Церен, Цебек (Себек), Қасақшира, Ужет, Әңгідей, Чохор, Бардамут сынды басшыларының ұйыт­қы болуымен қайта ес жия бастай­ды. Осылайша 1757 жылдың соңына таман Қасақшира мен Ужеттің басшылығымен Сарыбел жеріне жиналып, Жоңғар хандығын қалпына келтірмек болады. Сөйтіп 1757 жылдың жазында Церен мың әскерді бастап барып Ақтау-Ортау жерінде мал бағып жүрген Ұлы жүздің Манасбай және Қайнатөбет деген екі ауылын шабады. Сонда әлгі екі ауылға жақын қоныстанған Орта жүздің Наймантай, Жаназар батырлары 500 әскермен жоңғардың артынан қуып барып, біраз малды кері қайтарып алады. Осыдан кейін үш жүздің біріккен қолы Сарыбелде шоғырланып жатқан жоңғарға жорық жасауға бел буады. Ақтау-Ортау оқиғасынан кейін Церен әуелі өз елін бастап, Лепсі өзенінің Балқаш көліне құйылатын Чеченқара деп аталатын жеріне қашып барып, сонан әрі Сарыбелге кеткен. Дереккөздерге қарағанда, осы кезде Сарыбелге жиналған қалмақтардың саны он мыңнан асқан. Осы жағдаймен байланысты болса керек, қазақтың үш жүзі бас біріктіріп, күш жинап, жоңғарға қарсы аттанған. Сарыбелге Балқаштың солтүстігінен аттанатын жасақтар Балқаш көлінің мұз қатқан бетінен жүріп өтіп, одан әрі Сарыбел жеріне баруды көздеген. Әбіл­пейіз сұлтан бастаған қазақ жасақ­тары Көксу, Қаратал жерлерін басып өтіп, Ілеге жетуді мақсат етіп, 1757 жылы қараша айының соңында аттанған. Бұл бағыттағы топты Орта жүзден Сарытүгіл батыр, Үмбетей батыр және Кіші жүз Тұңғышы батыр бастап, олар Қабанбай батыр бастаған топпен Керібұлақ жерінде бас қосқан. Ал батыстан шығысқа қарай Шу өзенін бойлап, Сарыбел жеріне баруды көздеген қазақ қолын Кіші жүзден Ерәлі сұлтан бастаған. Олардың бәрі Сарыбелді бетке алып жолға шыққан.

1522120913__564e44b93d88562c7375229f8846

Алғашқы соғыс Түкжан батыр мен Чохор, Бардамут есімді қалмақ қолбас­шылары арасында 1758 жылы қаңтар айының ортасында басталған. Түкжан бастаған екі мыңдық қазақ жасағы жеңіс­ке жетіп, жоңғардың 500 түтінін тұт­қынға алған. Түкжан батыр Сарыбелде соғыс бастар алдында Орта жүздегі өзге сардарлар да соғысқа жан-жақты дайындық жасай бастайды. Қабанбай батыр әуелі Таубасар батырды жіберу арқылы Дәулетбай, Қожаберген, Көкжал Барақ сынды батырларға: «Церен біздің елдің шет жағасында тұратын Кіші жүздің адамдарын тонап кетті. Кіші жүз Нұралы хан әскер бастап аттанған, сол себептен, біздің Орта жүз де әскерімізді аттандырамыз» деп жан-жаққа хабаршы жіберген, сөйтіп Кіші жүз Тұңғышы батырмен «әскерлеріміздің басын Чеченқарада қосып әрі жорыққа бірге аттанайық» деп уағдаласқан. Қабанбай батыр өзі 1757 жылы 15 желтоқсан күні жолға шық­қан. Дерек­терге қарағанда, Орта жүз қазақ­тары­ның жасақтары Балқаш көлі­нің мұз бетінен тікелей жүріп өтпек бол­ған. Балқаш көлінің мұз беті арқылы Сары­бел төңірегіндегі қалмақтарға шабуыл жасау – қазақтардың жиі қолданатын әскери тактикасы болса керек. Өйткені, мұн­дай жағдай 1758 жылдағы Сарыбел шай­­қасынан жарты ғасыр бұрынғы қазақ-қал­мақ соғыстарында да болған екен. Сарыбел шайқасы үшін Абылай хан тәмам қазақ еліне жарлық айтып, қылқұйрық боп аттануға ұран тастайды. Аруақты батырлар мен даңқты қол­басшылар майданның тактикасын жүйелеп, айла-тәсілмен жауды шырғалап, қоршауға түсіру, барлау жасау, жаудың ізіне өкшелей түскен манж-цин әскери­лері­мен дипломатиялық байланыстар жасау бағытына күш салған секілді. Бұл оқи­ғаның сұлбасы «Қабанбай батыр» эпо­­сы­ның Қ.Әділбеков нұсқасында көрініс табады: «Ел үшін күйзеліпті ер Қабанбай, «Қалмақтан қалам ба, – деп, – бір кек алмай». Батырдың бұл хабарын естіген соң, Келіпті Тоғас, Қосай, ер Дәулетбай». Әрі қарай халқына қалқан болған қаһарман ерлердің есімдері былайша жырланады: «Мұрыннан келді шауып ер Боранбай. «Ерінбей ел намысын іздесем» деп, Шанышқылыдан келіпті Бердіқожа. Халықтың қанын жоқтап, қамын жейтін, Келіпті қаз дауысты ер Қазыбек. Келіпті көкжарлыдан Көкжал Барақ. «Тамам батыр бас қосты» дегеннен соң, Келіпті атышулы тентек Матай. «Қаны сұйық қалмақты жайратам» деп, Үйсіннен іздеп кепті Сарышуаш... Хабарын батырлардан естіген соң, Төреден іздеп кепті хан Абылай»... Жоңғарлардың шерігі шегірткедей қаптап келгенде алдынан шеп құрып тойтарыс берген Әбілқайыр хан маңдайына жазыл­ған сызығы түгесіліп, ақырғы шай­қас­қа қатыса алмай өмірі үзіліпті, сон­дық­тан баһадүр қолбасшының екі көкжал ұлы Нұралы мен Ералы сұлтандар әйгілі ұрыс­қа қатысыпты. Олар сонау Оралдан Жеті­суға шеру тартып он мың қолмен қазақ қосынының алапасын арттырыпты. Осы­лай­ша дүйім алты Алаштың басы қосыл­ған ақырғы айқаста ата жау­дың ордасы талқандалып, шаңырағы шай­­қалып, Алаш­тың байрағы мәңгіге ас­пан­дапты. Аруақты бабалардың нар на­мысы ұрпағын жебепті. Деректерге қарағанда жігерлі жас сұлтан, Әбілмәмбет ханның ұлы Әбіл­пейіз алдыңғы шепте атой салып, жау­ды жасытып майырыпты. Кейіннен Ала­таудан Алтайға дейінгі кең-байтақ ата­жұртын ойрат қалдықтарынан түбе­гейлі азат етіп қоймай шайқалған шаруа-тұр­мысын оңалдыруға ерекше үлес қос­қан бұл Әбілпейіз сұлтан бір жағынан Нұра­лы сұлтанның қызын алған күйеу баласы еді. Нұралы мен Әбілпейіз сұлтандардың тізе қосып Сарыбелге жиналған жоңғар қосындарына соққы жасағаны белгілі қытайтанушы-ғалым Бахыт Еженханұлы аударған манж-цин деректерінде былайша таңбаланыпты «қазақтың Дәулетбай (Қабанбайдың інісі) батыры маған: «Біздің естуімізше, Батур-Обашы қызылша ауруынан қайтыс болған. Ал Қасақшира басқаратын ел түгелдей босқын болып кеткен. Тек Церен ғана Сарыбелге қашып кеткен. Кіші жүздің Нұралы ханы мен оның інісі әскер бастап екі бағытпен олардың ізіне түсіп кетті» деп айтты» десе, келесі деректе Әбілпейіз сұлтан манж-цин өкілдеріне былай депті: «Церенге қазір 10 000-нан астам түтін қарасты... оларды түбегейлі құрт­пасақ, біздің елге тыныштық болмайды. Оларды түп-тұқиянымен жоя алмасақ, тірі қалғанын Яркент, Қашқар және бұрыттардың (қырғыз) жерлеріне дейін қуып апарғанда ғана іс тәмамдалады. Біз бірлесе отырып былай деп шештік: Кіші жүз Ералы сұлтан 10 000-нан астам әскер бастап Шу жеріне барып, Орта жүздің Сары­тоған батыры Ақтау-Ортаудан Кері­бұлақ жеріне барып Қабанбаймен бас қосып, әрі қарай Церенді қуалап, көк­темде қар еріген кезде кері оралатын болды». 1758 жылы 4-5 ақпанда Ералы баста­ған Кіші жүз әскері Сарыбелге жетіп, сон­дағы жоңғар-қалмақ қосынына шабуыл жасап, Чохор, Әңгідей және Бардамұттың әскерлерін жояды. Содан Ералы сұлтан бастаған қазақ қолы 1758 жылдың ақпан-наурыз-сәуір айларына дейін Қастек асуында, Сарыбелде болған. Осы орайда ержүрек Ералы сұлтанның әлі күнге дейін тарихымыздағы лайықты орнын ала алмай келе жатқанын айтқан жөн. Жоңғар-қалмақтар осыдан кейін Сары­белден қаша бастаған. Церен шығыс­тағы Талқы асуы арқылы Бұратала жеріне, одан Сәуір, Жайсан көлінің маңына, одан әрі Қалба тау асуы арқылы Ресейге кетуді көздеген. Әңгідей де Бұратала жеріне жеткен. Ал Қасақшира мен Букучаған Іленің жоғарғы ағысына барып бой тасалауды ұйғарған. Кескілескен шайқастар 1758 жылдың жаз айларынан кейін де жалғасқан. Сол оқиғалар арқылы қазақ жұрты жоң­ғар-қалмақ қалдықтарын Жетісу мен Тар­бағатай жерлерінен біржола тазал­аған. Осылайша Сарыбел шайқасы Жеті­су жерін жоңғардан азат еткен ұлы жеңіс болды! Биыл 260 жыл толып отырған Сарыбел шайқасында төрт төңіректен түгел жиналып, бір тудың астына бас біріктіріп, ынтымақпен тізе қосып жаудың ақырғы мығым бекінісіне ауыр соққы берген Алаштың айбыны асқақтап, киіз туыр­лықты қазақтың береке-бірлігі құрыш болаттай шыңдалып, тұтастығы нығая түсті. Сондықтан ақбас Алатаудың баурайында аруақты Наурызбай, Сұран­шы, Саурық сынды сұрапыл батырлар мен Сүйінбай, Жамбыл сынды сұңғыла ақындарды дүниеге әкелген, Сарыбел шайқасы арқылы Алаштың ынтымағын тербеткен осы қасиетті жерге қазақтың бірлігін арқау еткен еңселі ескерткіш бой көтерсе абзал болар еді! Алты Алаштың осы ұйыған ынты­мағын 1762-1763 жылдары Нұралы ханның Цин патшалығына жолдаған хатындағы «Біз Кіші жүздің Нұралы ханы, Ералы сұлтаны, Досәлі сұлтаны, Айшуақ сұлтаны және Қарағай сұлтаны боламыз. ...Біздің қазақтар үш ханға тиесілі болып бөлінгенімізбен, соғыссақ бәрiміз бірігіп соғысып, бейбiт өмiр сүрсек, бәрiміз бiрге сүреміз» деген жолдардан да айқын байқауға болады. Ұлы далада берекелі бейбіт өмірге араға ғасырлар салып аңсап жеткен алты Алаш ырысты мекенін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Жерұйыққа айналдырды. Осы абат күнге жету жолында жанын қиған, табаны үзеңгіден таймаған, найзасы қолынан аумаған тұғырлы тұлғаларымызға түмен мәрте тағзым етеміз!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

т.ғ.д., профессор,

ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі 

Мақаланың түпнұсқасы: https://egemen.kz/article/166545-sarybel-shayqasy-zhetisu-zherin-zhonhghardan-azat-etken-uly-zhenhis 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?