Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ӨМІРІ ӨЗГЕРГЕН ӨЗБЕКСТАН

2516
ӨМІРІ ӨЗГЕРГЕН ӨЗБЕКСТАН - e-history.kz
Өзбекстандағы автохотонды қазақтар туралы және дамудың жаңа бағытына түскен көрші елдің тыныс-тіршілігі жайында сөз болмақ

Сондай-ақ мұнда кеден бекетіндегі декларация толтырудың машақатынан құтылғанымыз және өзбекстандық кеденшілердің өзгерген мінездері де жазылады.

«Узоқ қориндоштан яқин қушни яхшы»

(Өзбек мақалы)

Астана – Ташкент

Өзбекстан астанасы Ташкенге Астана арқылы бармақ болсаңыз, күн ара ұшатын әуе рейстері баршылық. «Өзбекстан әуе жолдары» мен «Эйр Астана» бір күнде ұшады. Билет те тым қымбат емес. Біздің ақшаға шаққанда қырық мың теңгенің шамасында. Қаңтардың он екісі күні кешкісін нанды қала Ташкенге бет алдық. Мақсатымыз – өздеріңізге белгілі «Қиырдағы қазақтар» жобасының аясында алыс жұрттағы қандастарымыз туралы деректі фильм түсіру. Ұшақта жолаушы толы болды. Қасымдағы жолсерік Феруза апайымыздың түбі ташкендік болып шықты. Күнкөрістің қамымен Үрімшіден келе жатқан беті екен. «Астана суық екен, әуежайдан шықпай отырдық» деп күледі. Кешкісін қондық та, алдын-ала брондалған қонақ үйге тарттық. Уақыт айырмашылығы – бір сағат. Нақтырақ айтар болсақ, Астанадан бір сағат арттамыз. Ресей елшілігі мен Мирабад базары маңындағы «Гранд Арт» қонақүйі бізді жылыұшырай қарсы алғанымен, бағасы біраз таңқалдырады. Себебі, бұл елде өз азаматтарына – бір бөлек, шетелдіктерге – басқа баға. «Көк паспортыңды» көре сала, бағаны көтере қояды. Амалың жоқ, көнесің. Осындайда еріксіз бар нәрсеге қолжетімді аязды астанаңды сағынып, бір күрсінесің. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген осы да. 

Ташкент – Самарқан

Ташкенге бір күн қонып, ертесіне Самарқанды бетке алдық. Кезінде жарты әлемді дүр сілкіндіріп, Мәуеренахр империясын құрып, «Йылдырым Баязиттің» тізесін бүктіріп, басын еңкейткен Әмір Темірдің мазарын көрмекпіз. Әттең түркі тілдес, бауырлас екі империя неге соғысты, бірлесіп, тізе қосқанда, өзге елдер қазір басқаша болар ма еді, дәп қазіргі геосаясат мүлде басқаша бағытта өрбір еді деген сансыз сауал көкейде қала берді. Өзбек елі тарихқа қатты көңіл бөледі. Шыңғыс ханмен шайқасқан Хорезм шахтың мұрагері Жалаледдин Мангуберди – ұлттық батыры.

Табиғаты таңғалдырған Өзбекстан.

Өзбекстанда «Matiz» бен «Nexia»-лардан көз сүрінеді. Автобекетке жеткенімізде маңдайшаға ілінген көк туымыз бен өзбек елінің жалауын көріп, көп-көрім қуандық. Бірақ бұл елде заң басқа, тәртіп қатты. Түсіруге тыйым салынған. Амалсыз көзбен тамашалап, метанмен жүретін «Gentra»-лардың біріне жайғастық. Тұп-тура төрт сағат жүрдік. Жол-жөнекейгі жылыжайлардың көптігі көз талдырады. Еңбекқор өзбек халқына бас имеске шараң жоқ. Мұнда өсетін жеміс-жидектер сыртқа эскпортталады. Сондықтан болар, Ташкеннен шыққан бетте жыпырлай орналасқан жылыжайлардың маңында күйбеңдеп жүрген көпшілік қарасы қалың көрінді. Оны аз десеңіз, бірыңғай үйлер соғылып, тұрғындарға таратыла бастапты. Жергілікті жұрт оны «Президенттік үйлер» деп атайтын көрінеді.

Жол деген тақтайдай. Бұрындары әрбір қаланың шыға берісіндегі бекеттердің бірі де көрінбейді. Мысалы, Ферғанадан көлікпен шыққан адам әр бекетке тоқтап, тіркеліп, Ташкенге тоғыз сағатта жетсе, қазір төрт сағатта келеді екен. Мұны қазіргі биліктің өзгеріп, халыққа жасап отырған жағдайына қуанған такси жүргізушісі айтып қалды. Байқағанымыз – Өзбекстандағы жолдардың көбісі ақылы.

Көлікте қысылып-қымтырылсақ та, Самарқанға түс ауа жеттік. Әуелі қасымыздағы жолсеріктеріміз отбасылы жұптың махалласына бардық. 180 жылдық тарихы бар «Еврейлер махалласы» деп аталатын қаланың ескі бөлігіне кірдік. Жол дегеніңіз иір-иір. Кешке келсең, адасып кетуің әбден мүмкін. Шөлдеп қалыппыз. Қасымдағы оператор әлгі серіктеріміздің әулісіне кіріп, су ішіп шықты. Басын шайқайды. Бір үй – кішігірім қорған секілді. Бай тұрады екен. Аулаларында бұл жаққа тән емес, шетелдік көлік қаңтарылып тұрды.

Сәулетті Самарқан

Күн жып-жылы. Тарихи қала екені көрініп-ақ тұр. Айнала толған қамал, қорған, мавзолей. Әмір Темір мавзолейінің маңына таяу «Камила»  қонақүйіне жайғастық. Іші кірсең, шыққысыз. Мұнда да сол өзге елдің азаматы ретінде екі есе баға төледік. Жап-жасыл.

Самарқан көшелері қазақстандық журналисттің объективінде.

Қонақ үй иесі бизнесін несиесіз, қарызсыз бастағанын айтады. Рас болар. Ауласында «Toyota Prado» қаңтарулы тұр. Өзбекстан үшін бұл нағыз көліктің төресі.

Әмір Темір кесенесі.

Кешкісін қаланы түсірмекке шықтық. Бірден Әмір Темір бабамыздың басына тарттық. Құран бағыштадық. Кесенеге кіру үшін жиырма екі мың сум төледік. Өз азаматтарына мың сум. Гид қызметіне тағы да он мың сум бердік. Ішке кіріп, ұлдары мен немерелерінің ортасына жерленген әйгілі қолбасшы қабіріне қарап, біраз отырдық. Кім ойлаған, аруақты ердің қабіріне келіп, Әмір Темір аруағына Құран бағыштаймыз деп? Мавзолей ауласы да көрікті. Өзі отырған тасты әкеліп қойыпты. Жорыққа шығар алдында анар шырынын толтырған астау да осында. Қанша жауынгер қайтыс болса, сонша кесе  шырын құйыпты. Ішке кіре беріп, сүйісіп тұрған екі шетелдікті көріп зығырданым қайнады. Амалсыз өзімізді бастық. Кейін сөйлессек, Норвегия мен Польшадан келген туристер екен. Мұндай қасиеттің жердің қайдан ұқсын?

Жоғарыда жазып өткен анар шырыны құйылған астау осы.

Кеш батты. Ертесіне мұнда қала билігі келеді деген гид сөзінен соң қонақ үйге демалмаққа қайттық.

14 қаңтар – Өзбекстан Қарулы күштерінің күні. Самарқан қаласының хокимияты үлкен шара өткізді. Орталық алаңдағы шерудің куәсі болдық. Әскерилер мен полиция қызметкерлері кезек-кезек салтанатты шеруге қатысты. Қонақүйде таңғы ас ішіп отырып, Көкшетаудан келген қазақ отбасымен таныстық. Отағасы – Талғат Тоқмурзин, кәсіпкер. Бес жыл бұрын инсульт алып, содан болар ақырын сөйлейді.

– Жібек Жолының тарихы қатты қызықтырады. Ел аралап жүрмін. Бала-шаға өсті. Енді еркін қыдырып, тарихты қопарсам болады, – дейді.

Сәулетті Самарқан. Сурет Регистанға қарама-қарсы 35 метрлік мұнарадан түсірілді.

Қасындағы серігі – неміс ұлтының өкілі, Көкшетаудың тумасы. – Тегіміз – неміс тілінен аударғанда «қызыл қол» деген мағынаны білдіреді. Еліміз Тәуелсіздік алысымен әке-шешем үлкен ағам отбасымен Алманияға көшті. Араға екі-үш жыл салып, әкем хабарласты. Келіп алып кетпесең, құсадан өлетін түрім бар. Еліме қайтам деген соң қолыма алдым. Елге келіп, он жылдай өмір сүрді. Өзім жерледім. Кейін ағам хабарласты. Өзі ындыны жуастау, момын кісі, көлікпен көшіріп әкетпесең, кете алмаймын деген соң, «Камазбен» барып, оны бүкіл дүние-мүлкімен он екі күн жол жүріп Көкшетауға жеттік. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ отбасым біраз уақыт хабарсыз қалды, – деп күледі Ю. Родмайер.

Самарқандағы Ислам Кәрімовке қойылған ескерткіш.

Самарқан – Науай – Нұрата

Самарқаннан шығып, Әйтеке би бабамыз жатқан Нұрата қаласына тарттық. Танитын ешкім жоқ. Қонақүйде біздің қазақтарды іздеп жүргенімізді құлақ ұшымен естіп қалған Ділмұрат есімді анасы – қазақ, әкесі – өзбек бауырымыз Науай облысы, Кенимех ауданындағы Полат ағамызбен хабарласып таксимен жол сілтеді.

Жол үстінде

Тағы да ұзақ жол. Үш сағаттан астам жол жүрдік. Тақтадай тегіс жолдар. Науай қаласы шағын, бірақ өте таза екен. Автобекетке келіп, жан-жағымызға жалтақтап тұрғанымызда «Олжаспысың?» деген жұмсақ дауысқа жалт бұрылдым. Орта бойлы, шашын ептеп ақ шалған, жасы елуден асып қалған ел ағасы қарсы алдыма тұрды. «–Ассалаумағалейкум!» деп қол беріп амандастық.

Біздің сапарымыздың мән-жайын түсінген ол сөзге келместен таксиге отырып, бізбен бірге Науайда жетпіс шақырым қашықтықтағы Нұрата қаласына шығып кетті. Жол-жөнекей әңгіме бастаған ол: «Өзімнің тегім – қарақалпақ. Оның ішінде руым – маңғыт. Әйелім болса, қазақ. Үш қыз, бір ұлым бар. Бір қызым Астанада тұрады. Банкте істейді. Күйеу бала болса, хирург», – деп біраз әңгіме айтты.

Ал такси жүргізушісі Самат ағаның ұлты тәжік екен, кәсібіне адал жан көрінді. Біз оны кейін көп байқадық. «Кәсіп табылса, Астанаға кетер едім» дейді. «Палау басам, кәуап қақтай алам, нан жабам, мұндай адам керек емес пе?» деп сұрағанда не жауап берерімізді білместен, иығымызды қиқаң еткізіп, бас шайқадық.

Сармышсай петроглифтері

Жолай бір тау шатқалына маңына тоқтадық. Полат пен Самат ағаларымыз осында есте жоқ ескі уақтардан бері келе жатқан суреттердің бар екенін айтты. Көне заманнан келе жатқан петроглифтер тастарға қашап жазылыпты. Біздің де іздегеніміз осы емес пе?

Тарихтың тірі куәгері - тастағы бейнелер. Сармышсай петроглифтері.

Шыртылдатып фотоаппаратқа түсіре бастадық. Бес мың жыл болған дейді. Жергілікті тарихшылар біраз зерттепті. Түрлі жануарлар мен адам бейнелері салынған. Арқар, бұғы, аң аулап жүрген адам бейнесі, қазір Өзбекстан аумағында кездеспейтін түрлі жануарлардың суреттері тастарға аса бір ыждағаттылықпен қашалыпты. Тастағы бүкіл таңбаларды таспаға тарттық. Бәлкім, болашақта біраз зерттеушілердің кәдесіне жарап қалар?

Тарихтың тірі куәгері - тастағы бейнелер. Сармышсай петроглифтері.

Жергілікті халықтың айтуы мен интернет басылымдардың жазуынша, өткен ғасырдың 80-ші жылдары бұл маңға БҰО (белгісіз ұшу обьектісі) құлаған-мыс. Ташкенттен келген арнайы топ БҰО ізін таппағанымен, тасқа қашалған сурет галереясына тап болған. Сол уақыттардан бері зерттеу жұмыстары мен түрлі әуесқой қызығушылардың назары кеміген емес. Кей ғалымдардың пікірінше, алғашқы суреттер неолит кезінде пайда болып, бертін келе, адамзат баласының дамуымен түрленіп, өзгере берген. Әрмен қарай жүрсеңіз, басына скафандр киген адам бейнелі түрлі кескіндерге кезігесіз. Сұрағы көп, жауабы жоқ шатқал екен бұл.

Нұрата уақыт кеңістігіндегі қала

Әйтеке би бабамыздың мазары Нұрата қаласының кіреберісінде орналасқан. Өзбекстан Мәдениет және спорт министрлігінің қорғауында болғанымен, жөндеу жұмыстары жүріп жатты. Құран бағыштап, шырақшыны іздедік. Сөйтсек, көршілес Кенимех ауданына кетіп қалыпты. Амалсыз қалаға кіріп, өзбек халқы қасиетті деп санайтын судан ауыз тиіп, осы жердің әйгілі «Нұратаның тандыр кебабынан» дәм таттық.

Әйтеке би кесенесі.

Сөйткенімізше болмай, Самат ағамыз Шавкат есімді жергілікті өлкетанушыны алып келді. Төрт тіл біледі екен. Тарихтан біршама хабары бар. «1989 жылы алматылық бір археолог осында келіп, отбасымен қазба жұмыстарын жүргізді. Жанында кішкентай баласы бар еді» деп өткенге біраз көз жүгіртті.

Нұрата «нұр» деген сөзден шыққан. Жергілікті халық қаламыздың тарихына 40 000 жыл болды деп мақтан тұтады. Әттең, туристік потенциалын көтерсе, гүлденген өлкеге айналғалы тұр екен. Көне замандардан жеткен жергілікті аңызға сүйенсек, осыдан 40 000 жылдай уақыт жыл бұрын көктен отты шар құлаған. «Аспаннан Алланың нұры жерге жауды» деген халық сол уақыттан бері «Нұрлы қала» деп атап кеткен.

25000-ға жуық халқы бар қаланың басты мақтанышы – Чашма бұлағы, «Нұрата» мазары және «Жұма» мешіті. Чашма бұлағы мен мешітті барып көрдік. Қасиетті бұлақтан шамамен секундына 420 литрдей су ағады. Қазақ «сазан» деп атап кеткен балық түрі бұлақ басын әбден мекендеп алыпты. Келушілер мен тұрғындардың оларда шаруасы жоқ. Қасиетті деп тимейді. Қолдан тамақ берсе, жемейді. Оның үстіне бұлақ басына белгілі бір өзбек ихтиологының «бұл балық түрі – корольдік тұқым. Қолдан тамақ бермеңіздер» деген сөзі ілініпті. Менделеев кестесінің 15 түрлі элементі Чашма бұлағында кездеседі екен. Алтын, күміс, бром, йод деп кете береді. Түрлі ауруларға ем екен.

Чашма бұлағындағы «Жұма» мешіті.

Ал «Жұма» мешітінің құрылысы керемет. Мұнара биіктігі – 16 метр. Мешіт ішіндегі акустика тым жақсы. Александр Македонский заманынан келе жатқан «Нұр» қамалы сақталғандықтан ба, 40 колоннамен соғылған мешіттің төрт мұнарасының түбіне үлкен құмыралар қойылған. Сондықтан да мешіт ішінде сыбырлап сөйлегеннің өзі анық естіледі.

Бұлақтан су әкетіп жатқан жұрт қарасы қалың. Сувенирлер мен сурет сатқан сатушы көп. 4000 өзбек сомы орташа баға. Біздіңше 200 теңгенің шамасы. Қалада «Тико» көлігін тізгіндеген жұртшылық көп. Оның өзі газбен жүреді. «Мынандай кіп-кішкентай көлік газбен қалай жүреді?» деп сұрасақ, өзбек елінде бензин бағасы қымбат екен. 1 литр бензин шамамен 200 теңгенің айналасында.

Нұрата – Кенимех

Қаланы аралап, кеш бата Кенимехтегі Полат ағамыздың үйіне келіп жеттік. Шертепа дейтін шағын ауылда тұрады екен. Оның аудармасы, кәдімгі өзіміздің Сортөбе болады. Қарапайым үй. Қонақжай әулет. Венера апайымыз құшақ жая қарсы алды. Барын алдымызға тосты. Ұлдары – Шыңғыс кішіпейіл, елгезек жігіт. Қазақшаға ағып тұр.

Кенимех ауданы

Шәй ішіп бола бере, Кенимехтегі орталық тойханада қазақтардың тойы өтіп жатыр деген хабарды ести сала, сонда асықтық. Оператор һәм режиссер Қалижан барғаннан түсірді. Байқауымша, біздегідей аста-төк дастархан жоқ. Бәрі орнымен. Асаба Сәкен біздің келгенімізді микрофонмен айтқанда, ыңғайсыз жағдайға түсіп қалдық. Түсірілім жұмыстарымен әлек болып жатқан едік. Қонақтар мен қуаныш иесінің бізге деген ықыласы ауып, қолдарынан келгенше күтіп-ақ бақты.

Кенимех көшелері. 

Той бітті, біз алдағы ұзақ күндік түсірілім жұмыстарына әзірленбекке Полат ағаның үйіне демалмаққа қайттық. Әбден шаршаған едік.

Нұрата Самарқаннан 190 шақырым алыс жатыр. Кенимехке қарай тағы 70 шақырым жүріппіз. Кенимех дегеніміз кенді жер деген мағына береді. Көзіміз ұйқыға іліне бере, сұрап үлгердік.

Кенимех қазақтары

Ерте тұрып ауылдық махаллаға бардық. Полат ағаның үйіне тіркеуге тұрып, паспортқа белгі соқтыру керек болды. Қазақстан азаматтары үшін Өзбекстанда 5 күнге дейін визасыз жүруге болады. Одан әрі тіркеуге тұрып, 5 доллар төлеп, 1 ай, 3 ай, 6 айға тіркелу қажет. Махалла әкімшілігінің ғимаратынан қазақша кітаптарды көріп қуанып қалдық. «Батырлар жыры» мен Мұхтар Әуезовтың, Тахауи Ахтановтың таңдамалылары тізіліп тұрды. Венера апайымыздың біздің жобаға еңбегі көп сіңді. Банкке бірге барды. Қалижан екеуміз 10 доллар ақша төлеп, оны аудандық ішкі істер бөліміне өткіздік. Енді паспорт күту қалды. Мұнда да мейрам, ішкі істер қызметкерлері концертте болғандықтан шаруамыз түстен кейінге қалды.

Махалла әкімшілігіндегі қазақша кітаптар.

Бізді аудан әкімі Мұрат ағаға апарды. Түске дейін жиналыста болды. Көп күттік. Ескілеу ғимараттағы аудандық әкімшілік біздегідей сән-салтанатқа малынып тұрмады. Бәрі қарапайым, жұмысқа ыңғайланған. Бізді күттіргеніне кешірім сұраған әкімнің анасы – қазақ, әкесі – қарақалпақ екен. Бизнес саласынан келіпті. Қазіргі Президент Ш. Мирзиеевтің инвестиция тарту туралы ойларымен бөліскен ол болашақта да екі елдің туыстығы үшін аянбай жұмыс істеймін деп бір тоқтады. Аудан көлемінде жұмыс істеуімізге бар жағдай жасамаққа уәде берді. Бізде қарап қалмай, биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы екенін айтып, ағамызды бір қуантып қойдық.

Ақырын шығып, бұрын Абай мектебі болған №2 қазақ мектебіне тарттық. Соңғы жылдары мұнда мектептерге кісі есімдерін беруге тыйым салынған. Тек нөмірленетін болыпты. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген осы болар? 1926 жылы ашылған мектепте 250 бала оқиды. Бұйырса, 100 жылдығын тойлауды жоспарлап қойыпты. Жаңа ғимарат соғып жатыр екен. Әйтпесе, біз көрген мектеп тым ескі еді. Бүгінде жоғары санатты 32 мұғалім сабақ береді. Осы жылы жоғары сыныптар ашылып, 24 түлек елімізде білім алмақ. Оны осындағы Қазақстанның білім саласы бойынша өкілі Клара Садырбаева мәлімдеді. Жуықта Ташкентте ҚР ЖОО көрмесін ұйымдастырыпты. Қаншама жылдан бері бірінші рет өтіп отырған шара маңыздылығын түсініп еріксіз бас шайқадық.

Жергілікті бокс мектебіне барып, қазақ балаларын түсірдік. Өздеріңіз де білерсіздер, соңғы жылдары Өзбекстанда бокс күрт дамыды. Олимпиада чемпионы болған Хасанбой Дусматовты мұндағы жұрт кумир тұтады. «Әрбір олимпиада чемпионына үкімет 250 мың доллар мен бизнес санаттағы «Chevrolet Malibu» көлігін тапсырды» деп кенимехтіктер мақтанып қалды.

Кенимехте үш қазақ газеті шығады. «Кенимех таңы» газетінің бас редакторы Гүлдана Нарынбетовамен сұхбат құрдық. Басылым он күнде бір рет жарық көреді. Осындағы қазақ ағайындар түгел жазылған. Бас редактор Гүлдана жастығына қарамастан, басшылық етіп отыр. Біршама жоспарлары бар екен. Өзара байланыс алмастық. Бұдан бөлек «Үшқұдық», «Тамды шаруагері» секілді қазақ тілді газеттер жарық көреді. Гүлдананың өзі «Науай қазақтарының диалектілері» еңбегінің авторы. Бұл еңбекте мысалы Науай облысының қазақтары екіжүзді адамды «жалатай», шәйнекті «баспа», досты «жора» дейтіні жазылған.

Науай – Ташкент

Көз байлана Науайға шықтық. Себебі, уақыт тығыз. Ташкенге жетіп, Тәжікстанға дайындалу керек болды. Жолай Кармана қаласын басып өттік. Өте таза әрі шағын, өндірістік қала көрінді. Тұрғындары бай тұрады. Мұнда завод-фабрикалар көп орналасқан. Содан болар, еңбек миграциясына кетіп жатқан тұрғындар тым аз. Түнгі сағат 00.01 жүретін Науай-Ташкент пойызына Клара апамыз билет алып берді. 1958 жылы іргесі қаланған Науай қаласы өзбек ақыны Әлішер Науайдың құрметін аталған. 200 мыңға жуық халық мекендейді. Пойызға дейін 2-3 сағат уақытымыз болғандықтан Клара апамыз Бауыржан есімді жергілікті инженер қазақтың ресторанына жол бастады.

Қазақтың ата дәмі ет тартылып, қазыдан дәм таттық. Жергілікті қазақтармен керемет отырыс болды. Сәбит есімді өнерлі қазақ ағамыз кешті жүргізіп отырды. Ұмытпасаңыздар, Кенимехтегі тойды Сәкен ағамыздың жүргізгенін жазып едім.

Сәкен серінің айтқандары

- Ал, бауырларым, алыстан бізді іздеп келіп отырсыңдар. Ниеттеріңе Алла разы болсын! Мынау бір осы жерде айтатын әңгіме емес еді. Бірақ біреуге өнеге, біреуге үлгі болар деп айтып отырмын. Мен негізі осы жерде туып-өскен қазақпын. 1990-шы жылдардың ортасында Құдай маған бақ пен дәулет берді. Аптасына бір қой сойып жейтінбіз. Әйелім жарықтық: «–Жоқ, мынау арық», – десе, басқасын әкелетінмін. Аста-төк молшылық заман болды. Сөйтіп жүргенде, сүйіп қосылған жұбайым 10 жыл бірге оқыған досыммен көңіл жарастырып кетті. Қатты қиналдым. Қолымдағы тыртық ашумен терезе сындырғанда түсті. Қазіргі келіншегімді 6 айлық баласымен алдым. Алдыңғымнан бір қыз кетті. Қазір жасы – 26-да. Әлгі баланы өзім тәрбиелеп өсірдім. Қазір Астанада тұрады. Келінім бар. Екеуі де жұмыс істейді. Әкелеп тұрады. 3 немере сүйіп отырмын. Бірінші әйелім жақсы ат қалдырған жоқ маған. Қызымды да құртып тастады-ау?! Іздемейді мені. Құдайға шүкір, қазіргі әйелім тым жақсы. Одан тағы бір перзент сүйдім. Санап отырсам, аға-іні қарындастарымнан 30-ға жуық немерем бар екен. Жуырда құрылтайға барып келдім. Бұйырса тамыз айында той беремін.

Домбырамен ән шырқалған керемет кешті өткіздік. Сәкен ағамыздың айтқан мұңлы әңгімесінен біраз ойланып, біразы томсарып қалғанда, Айтуар Сабыров ақынның:

«Қазақ, өзбек, қарақалпақ болып бөлінгеніңмен,

Алпамыс барып қосыласың.

Астана, Ташкент болып бөлінгеніңмен,

Түркістан барып табысасың» деген сөзі жанымызды жадыратып жіберді.

Кенимехтегі қонақжай ағайындармен Науайда қоштасып, Ташкен тарттық. Жолсеріктер біздің Қазақстаннан екенімізді біліп, құрақ ұшты. Купелес серігіміз – Қызылқұм қазағы. Корей тілінен тест тапсыруға Ташкен бара жатыр. 4 ай оқып, Кореяның еңбек агенттігіне тіркелмек. Ол үшін корей мәдениет орталығына барып, тіл меңгергенін дәлелдеу қажет. Елде жұмыс жоқ, ақша табу керек дейді. Алты сағат жүріп, таң ата өзбек елінің астанасына жеттік.

Күн жып-жылы. Жолда танысқан қазағымызбен қоштасып, таңғы асты іштік те, Қыбырай ауданына тарттық. Музыка мектебіндегі домбыра үйреніп жатқан балдырғандарды таспаға түсіріп, деректі фильмнің режиссері Қалижан екеуміз екіге бөліндік. Ол Янгиюль (Жана жол) ауданына тартса, мен шекара маңындағы кеден бекетінің қазіргі жағдайы мен Ташкен маңындағы қазақ ағайындармен таныспаққа аттандым.

Супер келіншек

Ташкент пен Шымкенттің шекарасында көрген жайт еді. Болғандар біледі, Сарыағаш ауданына қарасты кеден бекетi – қайнаған өмірдің өзі. Біреу ақша ауыстырып, енді бірі – тамақ сатып, келесі бірі – ары-бері жүк тасып нәпақа табады.

Қазір бұрынғыдай емес, қарым-қатынас жақсарып, толтыратын декларация жоқ, өзағаларымыздың өктем мінезді шекарашылары да жібіген жылымық уақ. Содан болар, Шымқаладан тұрмыстық теxника тасыған жұрт қаласы қалың. Ташкенде теxника бағасы тым қымбат көрінді. Кеден бекетіне таяп, ары өтіп, жұрт өмірін көрмек болдық. Көп күттірмеді.

– Такси, брат, такси! – деген бір ағайынға ілесіп жүре бергенім сол еді: «Әй, мәләдес, жарайсың! Сен деген супер қатынсың ғой», - деген оның жігерлі сөзіне елең ете қалдым.

– Көке, кімге айтып жатырсыз, – деп сұрадым. Себебі, күн батып қалған.

– Ә, мындағы жолдас баланың келіншегі ғой. Еркегі үйінде арақ ішіп жатады. Байқұс қатын бала-шағасын ары-бері жүк тасып бағып отыр. Енді қайтсін? Сосын осылай сөзбен демеп-демеп қоямын. Ол да болса көмек қой, – деген көкем ерекше арқаланып иығын қомдап-қомдап алды да, алға түсе берді.

– Кәні-кәні? – деп, мойын бұра бергенімде, үлкен ала дорба мен ақ орамал кеден бекетінің темір есігінен ішке еніп бара жатты.

«Басқа берер көмегіңіз жоқ па, көке?» деген іштегі сауалым оның шырт түкірген «Абай-носымен» жерге қарай түскен күйі қараңғыда елеусіз жата берді...

Жеті күн Өзбекстан аралап, 1 млн 200 мыңға жуық қандасымыздың теңіздің тамшысындай болса да, тіршілігімен таныстық. Төле би бабамыздың басына барып тағзым еттік. 

Төле би кесенесі.

Ташкен шаһарындағы кофемен сурет салатын Ерік бауырымыздың өнерімен таныстық. Елдегі біршама конкурстардың жүлдегері атаныпты. Өзбекстаннан шыққан белгілі қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевты үлгі тұтады. Шығармашылығына шабыт тілеп, тың идеясына еріксіз бас шайқадық. Деректі фильмнің түсіру тобы өз мақсатына жеткендей. Тек Ташкентте оператор-режиссер Қалижан Оспановтың телефон жоғалтқаны болмаса, өңгесі түгел тамаша өтті. Не болса да, жақсылыққа балайтын қазақпыз ғой, бастан құлақ садақ деп, Ташкент шаһарынан 120 шақырым алыс жатқан «Айбек» кеден бекетіне аттандық.

Кофемен сурет салатын Ерік.

Мақсатымыз – шекара өтіп, Тәжікстанның Худжанд қаласы арқылы 500 шақырым тау асып, Душанбеге жету. Бірақ біз алдымыздан қандай асулар мен тау, 5 шақырымдық туннельдер кездесерін білгенде бәлкім басқа жолмен барар ма едік. Бірақ «тәуекел түбі – жел қайық» деп аттанып кеттік. Артымызда өмірі өзгерген Өзбекстан қалды. Бұрынғыдай қатаң бақылау жоқ екені байқалды. Мұны біз емес жолай кезіккен Шухрат таксист айтты. «Узоқ қориндоштан яқин қушни яхшы» деген ол біздерге қарап, жымыңдап қояды. Бұрынғы көзқарас, ескі заман тарих қойнауына кетті деген ол болашаққа зор үмітпен, ал 2018 жылды Өзбекстан жылы деп жариялаған Қазақстанға ерекше ілтипатпен қарайтынын айтып, өзбек-тәжік кеден бекетінен қимай шығарып салды. Алдымызда – ат төбеліндей Тәжікстандағы қазақ диаспорасы күтіп тұрған еді.

Жалғасы бар...

«Тарихы терең Тәжікстан» деген тақырыппен жарияланады.

Суреттерді түсірген автор.

Астана-Ташкент-Самарқан-Науай-Нұрата-Кенимех-Науай-Ташкент-Айбек

«Қиырдағы қазақтар» жобасының түсіру тобы деректі фильмді түсіруге демеушілік танытқан филантроп, профессор Оралбек Қожамжарұлы Ботбайға Алғыс білдіреді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?