Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Басына бәйге тігілген батыр 70-те

2548
Басына бәйге тігілген батыр 70-те - e-history.kz
Аты аңызға айналған отставкадағы полковниктің мерейтойы Алматыдағы Әскер үйінде өтті

Атақты қара майор, Ауған соғысының ардагері Борис Керімбаев 70 жасқа толған мерейтойын атап өтті, бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Аты аңызға айналған отставкадағы полковниктің мерейтойы Алматыдағы Әскер үйінде өтті.

Атақты мұсылман батальонының командирін құттықтауға Ауған соғысының ардагерлері, жаңа курсанттар, әскери мамандар, Алматы облысы мен қаласы әкімшілігінің өкілдері келді. «Мен қоластымдағы офицерлерге алғысымды айтамын. Олар өз ісінің қас шеберлері. Ал менің міндетім оларды операцияға апарып, аман-есен қайтып әкелу болатын. 2 жыл, 2 ай, 5 күнде 45 адамымнан айрылдым. Соғыс бар жерде, өлім бар. Сондықтан қаза болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алуларыңызды сұраймын», - деді Борис Керімбаев. ҚР Қорғаныс министрлігі атынан мерейтойға орай Борис Керімбаев «Ел қорғаны» медалімен марапатталды.

Айта кетейік, атақты қара майор Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы В.И.Ленин атындағы Ташкент әскери училищесін тәмамдаған. 1980-1983 жылдары Ауған соғысына қатысып арнайы тапсырмаларды орындайтын мұсылман батальонының командирі болды. Сауатты басшылықтың арқасында батыр командирдің сарбаздары аз шығынға ұшырап, көбінесе жеңіске жетіп отырғанын жұртшылық жақсы біледі. «Мұсылман» батальонын Ауған еліне бара салғанда Маймене аймағында орналасты.

Негізінен тәжік, қазақ, өзбек, қырғыз жігіттерінен тұрған батальон ашық алаңдарда ұрыспен, барлау жұмыстарымен айналысты. Ал, 1982 жылы Кеңес әскері Панжер шатқалын босатып кеткенде, оны 1 ай бойы жау қолына бермеу Қара майордың батальонына тапсырылған. Борис Төкенұлы небәрі 500 адамымен осы үлкен аңғарды ұстап қалуы тиіс болды. Сол кездегі белгілі Ахмад Шах Масуд қолбасшының әскеріне тойтарыс беру өте қиын болатын.

Қара майордың командасы 1 ай емес 1 жыл бойы Панжер шатқалын ұстап қалумен қатар жау әскеріне оқтын оқтын соққы беріп тұрған. Осы уақыт аралығында оның командасынан 45 адам көз жұмған. Кейін Ахмед шах Масуд қара майорды ұстаған адамға 1 млн афгани тіккен. Борис Төкенұлының батальоны ең шығын аз батальон деп саналды.

Оның ерлігі аңызға айналып «Қара майор» деген лақап аты күллі аймаққа жайылды. «Спецназ ГРУ СССР» деген кітаптағы тізім бойынша төртінші орынды нық иеленген қазақ жігітін сол кездегі кеңестік саясаттың өзі осылай жоғары көтеріп мойындаған.

1992 жылы денсаулығына байланысты полковник шенімен отставкаға шықты.

Батыр туралы «Қара майор» фильмі түсірілді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?