Елорда төріндегі Ұлттық музейге мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, саясат ғылымдарының докторы Тайыр Мансұров «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында өзінің жеке топтамасындағы «Бүркітші» атты құнды туындысын сыйға тартты.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық музей басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, музей қонақтары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып, тарихи мұра жанашыры Тайыр Мансұров туралы сөз қозғады. Сондай-ақ тарихшы Т. Мансұровқа құнды жәдігерді Ұлттық музейге табыстағанына алғыс білдірді.
«Тайыр Мансұров мемлекеттік қызметтің қай саласында жүрсе де өз ісін өте жақсы білетін адам. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұрамыздың жанашыры ретінде де көпке таныс. Ал, бұл гравюраның құндылығы өте жоғары әрі оның Ұлттық музейге сыйға тартылуы қуантарлық жайт. Осындай жәдігерді табыстап жатқан Тайыр ағамызға үлкен алғыс білдіреміз», - деді А.Мұхамедиұлы.
Сондай-ақ саясат ғылымдарының докторы Тайыр Мансұров аталмыш акцияның Ұлттық музейде ұлықталып келе жатқандылығына тоқталып өтіп, «Ұлттық музейге сый тарту» жобасы музейдің бірегей жобаларының бірі деді.
«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы Ұлттық музейдің бірегей жобасы деп білемін. Естіп-көріп тырғанымыздай бір жыл ішінде 2 мыңнан астам жәдігер жинақталыпты. Сол акцияға қосқан үлесіміз болсын деп осынау картинаны сыйға беріп отырмын. «Бүркітші» деп аталатын бұл туындының тарихы тым әріде жатыр. Музейдің ерекше, құнды дүниелерінің қатарына кіреді деп сенемін әрі Ұлттық музейдің алдағы жұмыстарына жеміс тілеймін, - деді Т.Мансұров.
Картинада Александр II-ні ұлықтау рәсіміне (1855 жыл) арнайы шақырылған аңшы қазақтың бүркітін түлкіге салып жатқан сәті бейнеленген. Ал оның артында саятшылықты қызықтап тұрған император Александр II бейнеленген.
Айта кетер болсақ, Ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтап қалу мәселесіне қоғам назарын аударту мақсатында басталған «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы алғаш рет 2015 жылы Астана қаласынан бастау алған болатын. Оған белгілі азаматтар мен коллекционерлер, танымал тұлғалардың жоқтаушылары өз үлестерін қосты. Игілікті шара кейін Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент қалаларында жалғасын таптқан болатын.
Алтынбек Сұлтанхан