Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алғашқы қазақ НКВД басшылары. ІІ бөлім

2199
Алғашқы қазақ НКВД басшылары. ІІ бөлім  - e-history.kz
Ішкі істер халық комиссарлары сталиндік кезеңнің ең ықпалды тұлғаларының бірі болған

Әр кезеңдерде елдің бас чекисті креслосында Генрих Ягода, Николай Ежов, Лаврентий Берия және Сергей Кругловтар отырған. Көптеген автономиялар мен советтік республикалардағы қуғын-сүргін саясатын жүргізгендер тап осы адамдар. Бұдан Советтік Қазақстан да тыс қалмады. Ішкі істер халық комиссариаты қызмет етіп тұрған жылдары елде 13 нарком (халық комиссары) ауысты Qazaqstan Tarihy порталы советтік Қазақстанның басты чекистері туралы жарияланымдар топтамасын жалғастырады

Оқи отырыңыз: Алғашқы қазақ НКВД басшылары  

Мұқаш Орымбаев

1924 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін республиканың ішкі істер халық комиссарының лауазымын Мұқаш Орымбаев атқарды. Мұқаш Орымбаев 1900 жылдың 13 қыркүйегінде Шыңғыстау болысында Беркімбай Шормықов пен Рәзия Жұпанованың отбасында дүниеге келген. Балаға жақсы білім беруді көздеген ата-анасы ұлымен Семейге көшеді. Онда жеті жасар Мұқаш жергілікті бір мұғалімге жалшы болып жұмыс істеп, ақысына жазу мен оқуға үйренеді. Тоғызға толғанда Мұқаш Зайсандағы мұсылман мектебіне оқуға түседі, ал 1912 жылы құжаттары болмағандықтан оны орыс приходская мектебіне алудан бас тартады. Осы кезде оған әкесінің немере ағасы Орманбай Орымбаев көмектесіп, баланы өз тегіне жазады. Осы оқығаннан Мұқаш 1920 жылға дейін оқиды: алдымен Зайсандағы жоғары бастауыш училищеде, кейін Семейдегі ерлер гимназиясында. Сауатты жігіт көзге ілініп, 1920 жылдың қаңтарында оны болыстардағы ревкомдарды құру бойынша Семей губерниясының нұсқаушысы қылып тағайындайды. Сол жылдың сәуірінде Мұқаш партияға мүшелікке өтеді. Осы сәттен бастап Мұқаш Орымбаевтың мансабы жылдам өсе бастайды: Семей губкомының аз ұлттар бөлімінің хатшысы, ҚырАССР БТК саяси партиялар істері жөніндегі уәкіл, атқару комитетінің төрағасы, трибунал мүшесі, Семей губерниясының сот төрағасының орынбасары, Түркістан облыстық революция комиссиясының төрағасы. 1924 жылдың қаңтарында Мұқаш Орымбаев Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссары болып тағайындалады. Орымбаев республиканыі ішкі істер халық комиссариатын ССРО құрамында этностық бірігулердің бөлінуі мен оларға әкімшілік-территориялық бірліктерді беру кезінде басқарды. Бұдан басқа, қыркүйекте ел билігіне Филипп Голощекин келіп, Қазақстанды аштық пен күштеп ұжымдастыру жайлады.  Айта кету керек, голощекиндік ұжымдастыру кезінде отыз шақты ұсақ малы мен сиыры бар Беркімбай да, Мұқаштың әкесі, тәркілеуге ұшырайды. Басқа да қазақ зиялыларының қатарында М.Орымбаев та Филипп Голощекин әрекеттерінің қазақтар үшін қырғын екенін жоғары басшылыққа жеткізуге тырысты. Жергілікті НКВД-дағы қызметінен кейін Мұқаш Орымбаев Ақмола губерниялық атқару комитетін басқарады, ҚырАССР Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының орынбасары болады. Орымбаевтың осы кездегі қызметі туралы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектептері» кітабында былай жазады: 

«Қызылжарда басқарушылық қызметте тұратын Нұрғали Кодаленко мен Зейнолла Төреғожиннің пікірлес адамдар екенін жоғарыда айттық. Осы аталған кісілердің қатарына Ақмола губерниялық атқару комитетінін, председателі — Мұқаш Орынбаев қосылады екен. Наразы адамдар бұл үшеуін «Святая тройка» яғни «үш әулие» деп атайды екен. Басқарушылардың бірі дегені болмаса Орымбаев әлеуметтік пікірге араласпайтын, кеңсесінің ғана қызметін білетін, мінезі де ауыр, түсі де суық, сөзге сараң адам. «Үш әулиенің» бұл қаладағы әлеуметтік істе ең үлкен атқаратын ісі — тамыр-таныстарын, елдестерін мекемелердің қызметіне көбірек тоғыту. Өзінен басқа ешкімге сенбейтін, барлық дүниеге күдіктене қарайтын Елжас Бекеновтің айтуынша, Семей губерниясынан келген Орымбаев пен Коделенко, Атбасар оязынан келген Төреғожин, қызмет сапасына көңіл бөлместен елдестерін Қызылжарға және Ақмола губерниясының өзге ояздарына тартып жатыр. Маған оның бәрібір. Өз қызметіме бөгет жасамаса қайда тартса да мейілдері».

Бұл лауазымдарда М.Орымбаев Риддер кен орындары мен Екібастұздың көмір кеніштерін қалпына келтіру жұмыстары бойынша белгілі, сонымен қоса ол Германия балаларына көмек бюросында да тұрған. Ол 1937 жылға дейін жауапты лауазымдарда қызмет еткен. Орымбаев 1937 жылдың 10 тамызында тұтқындалады. Жарты жылдан кейін оған контрреволюциялық ұйымның қатысушысы деген айып тағылып, ату жазасына кесіледі, үкім ақпанда орындалады.  

Зәкәрия Мүкеев

М.Орымбаевтан соң ҚазАССР Ішкі істер халық комиссариатын Зәкәрия Мүкеев басқарады. Бұл лауазымды ол жарты жыл ғана, 1924 жылдың қарашасынан 1925 жылдың мамырына дейін ғана атқарады. Зәкәрия Мүкеев 1892 жылы Петропавлда жұмысшы отбасында дүниеге келген. Оның білімі туралы деректер сақталмаған, жүйелі білімі болмауы да мүмкін. Оның он бес жастан арбакеш және Омбыдағы Батыс-Сібір пароходтығында жүк тасушы болып істегені белгілі. 1918 жылы ол Жұмысшы-шаруа қызыл әскерінің қатарына алынып, қызыл әскер жеңіл полкінің қатардағы жауынгері болған. Колчак Омбыны алған кезде Мүкеев тұтқынға түсіп қалады. Бұл жайлы «Тар жол, тайғақ кешу» романында Сәкен Сейфуллин былай деп жазады:  

«Лагерь ішінде асхананың қайнаған су алатын жерінде бір күні су ала келген көп жолдастардың арасында тұрған Зікірия Мүкейұлын көрдім. Амандасып, сөйлесіп қалдық. «Сен баракта жоқ едің ғой...» - десем, Зікірия лагерьдің ішіндегі бір берік бөлмеде (карцерде) жатыр екен. Біз лагерьге келмей тұрғанда, баракта жатып жүрген кезінде, Зікірия бір күні асханаға су ала келген бетінде, қашуға ыңғайланыпты. Оны күзетші чехословактар сезіп қалып, Зікірияны ұстапты. Жауап алғанда Зікірия ештеңе білмейтін мылқау болып сөйлепті. Содан соң Зікірияны барактарға қоймай, лагерьдің ішіндегі бірен-саран жазалыларды қамайтын берік бөлмеге жауып тастайтын болыпты. Берік бөлмеден Зікірияны көп шығармайды екен. Біздің оны көрмей жүргеніміз сол екен».

Азамат соғысы аяқталған соң, 1919 жылдан бастап, Омбыда атты милиционер болып, кейін – Бірінші Қазақ атты полкі эскадронының саяси басшысы болып қызмет етеді. 1923 жылы шалқар уездік милициясының жұмысын басқарады, біршама уақыт Ақмола губерниялық іздестіру қызметкерлері қатарында болады. 1924 жылы Зәкәрия Орынбордағы жұмысшы факультетіне оқуға түседі, ал сол жылдың қарашасында Қазақ АССР Ішкі істер халық комиссары болады. З.Мүкеевтің тағайындалуы халық арасында наразылық тудырады, елдің басты милиционерінің қылмыстық өткені туралы өсектер пайда болады. КирАССР Кеңесінің  V съезі барысында делегаттар халықтың тарихи атауы туралы мәселе көтеріп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп қана қоймай, наркомның күдікті өткен өмірі туралы да мәселе көтереді. Ақмола губерниясының прокуроры Ыдырыс Мұстамбаев (Шахзада Шонанованың бірінші күйеуі), елдің болашақ әділет халық комиссары және прокуроры, тергеуші Нығметолла Сырғабековке тексеру жүргізуді тапсырады. Тексеру кезінде, З.Мүкеев Ақмола губерниялық іздестіруінде қызмет істеп жүрген кезінде шынында да заңды бұзғаны анықталады, алайда тек формалды ғана сотталған – сот оның еңбектері мен шыққан ортасын ескерген. 1925 жылғы мамырда ол қызметінен алынып, Казторг бөлімдерінде жұмыс істейді, сырдария облысының кеніштерін басқарады, «Скотовод» мемлекеттік тресін басқарады, Алматы облыстық милиция бастығы орнын баса тұрады. Үлкен террор басталған кезде З.Мүкеев Қостанай облыстық облыстық жылқы шаруашылығы басқармасын басқарып тұрған. Ол 1937 жылдың қазанында тұтқындалып, сегіз жылдық жазасын өтеуге Иводельлагқа жіберіледі. Айта кетерлігі, 1940 жылдың ақпанында оған қатысты іс тоқтатылады, алайда, З.Мүкеев бостандықты көрмей, 1942 жылы НКВД-ның Сороклаг қабырғасында қайтыс болады.  

Сүлеймен Есқараев

Сүлеймен Есқараев екі жылдан артық уақыт Ішкі істер халық комиссары лауазымын атқарады (1925 жылғы мамырдан 1927 жылғы тамыз аралығы). С.Есқараев 1897 жылы Қазалы уезінде шаруа отбасында дүниеге келген. Сүлеймен бала кезінен Перовскідегі теміржол стансасындағы кірпіш зауытында жұмыс істеген. 1918 жылы компартия қатарына қабылданады. Азамат соғысы кезінде ол партизандар қатарында болып, Осипов ереуілін басуға қатысады. Сүлеймен Есқараев туралы Сәбит Мұқанов былай деп жазған:  

«Өзіндік жарқын тұлғасы бар Сүлейменмен сөйлесе келе, мен ең алдымен оның аса қызғылықты өмірбаянын біліп алдым. Қызылорда қаласындағы темір жол жұмысшысының семьясында туып өскен ол, бала шағында білімді орыс школынан алады да, қазақ еңбекшілерін бақытсыздықтан, тек советтік құрылыс қана құтқарады деген ұғыммен, туған жеріндегі революциялық істерге белсене қатынасып, совет өкіметін ұйымдастыруға, оны жауларынан қорғауға араласады, сондықтан өкімет оны, алғашқы адымдарынан-ақ ВЧК-аның жергілікті өкілі ғып тағайындайды».   Азамат соғысынан кейін Есқараев Ташкент партия мектебіне оқуға түседі, оны бітірген соң комитетте нұсқаушы және Сырдария облысы РКП (б) бөлімінің меңгерушісі, Ташкент облысы ТК бастығы болып істейді. 1925 жылғы мамырда Есқараев республика халық комиссары лауазымына бекітіледі. Бұл лауазымда ол керемет ұйымдастырушылық қабілетімен есте қалады, «Советская степь» газетіне мақалалар да жазып тұрған. 1927 жылы ол Өлкелік милиция мектебі үшін өз еркімен қызметтен кетеді. Орынбордағы өлкелік милиция мектебінде бірнеше жыл қызмет істеген соң, Мәскеуге Бүкілодақтық жоспарлау академиясына оқуға түсіп, оны 1933 жылы тәмамдап, Қарағанды жұмысшылар кеңесінің облыстық атқару комитетінің төрағасы болады. Сүлеймен Есқараев Қазақ ССР ХКК төрағасының орынбасары қызметінде жүрген кезінде 1937 жылдың тамызында тұтқындалып, 1938 жылдың 25 ақпанында атылады.  


Қасым Әуезов

Сүлеймен Есқараев кеткен соң, ҚазАССР басшылығы ҚазАССР НКВД құрылымын жою туралы шешім шығарады. Ал 1929 жылғы тамызда елдің ішкі істер халық комиссариаты қайтадан жұмысын бастайды. Бұл лауазымға Қасым Әуезов шақырылады, ол титулды емес ұлттан (қарақалпақ) республика наркоматын басқарған бірінші адам. Ол және де лауазымға тұрғанға дейін советтік жоғары оқу орнында білім алған ҚазАССР НКВД-ның тұңғыш халық комиссары. Қасым Әуезов Қарақалпақ уезінің Шымбай болысының Бесжап ауылында дүниеге келген. 1914 жылы «Махтум-Ахун» медресесінде сауатын ашқан. 1921-1923 жылдары Қ.Әуезов ауылдық атқару комитетінде хатшы, мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Сол жылы коммунистік партия қатарына қабылданады, Самарқандағы советтік партия мектебін бітіреді. 1923 жылдан 1924 жылға дейін Қ.Әуезов Орта Азия коммунистік университетінде оқиды, сол жерден ол Әмудария облысының халыққа білім беру бөлімінің меңгерушілігіне шақырылады. 1925 жылдың сәуірінен 1929 жылдың наурызына дейін Қасым Әуезов Қарақалпақ облыстық атқару комитетін басқарады, сонымен қоса Қарақалпақстан мен Түркмен ССР-і арасындағы шекараны талқылау бойынша комиссия және Қарақалпақстан, Өзбек және Түркмен ССР-і арасындағы шекара мәселелерін шешу жөніндегі комиссия қатарында болады. Қазақ Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүрген жерінен Ішкі істер халық комиссариатына халық комиссары болып тағайындалады. Ол жұмыс істеген кез жаппай антисоветтік шаруалар көтерілісін аяусыз басып-жаншумен тұспа-тұс келді. 1930 жылдың аяғында Қасым Әуезов РСФСР-дің қайта құрылған Қарақалпақ автономиялық республикасы қарауына жолданады. Ол жерде ол РСФСР ОАК-дегі Қарақалпақстанның уәкілетті өкілі болады, облыстың ХКК-ге төрағалық етеді. 1937 жылдың сәуірінде ол облыстың Халық комиссарлары кеңесі жанындағы Өнер басқармасына басшы болып тағайындалады, алайда жұмысы ұзаққа созылмайды. Қасым Әуезов 1937 жылдың қыркүйегінде тұтқындалады, ал 1938 жылдың қазанында ең жоғары жазаға кесіледі. 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?