Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру тарихынан

3737
(«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ХАЛЫҚ ҚАСІРЕТІ ЖӘНЕ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ» Халықаралық ғылыми конференциясы материалдарының жинағынан), Астана баспасы, 2012

Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяғы мен 30-жылдардың басында БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің кезекті іс-əрекеттері ауылшаруашылық саласында «Ауылдағы партияның саясаты – бай-кулактарды тап ретінде жою жəне ұжымдастыру» деген ұранмен басталды.

Көшпелі шаруашылық-мəдени қызметтің күрделі түрі ретінде, өзінің əлеуметтік ұйымдастырылуымен жəне көпдеңгейлі жүйелілік байланыстар кешенімен отырықшылық негізіндегі кеңестендіру үдерісіне дайын болмады. Соған қарамастан, астық дайындау науқанын көшпелі жəне жартылай көшпелі мал шаруашылығына пайдаланылатын жерлерді тартып алу арқылы іске асыру ұсынылды. 1931 жылы қыркүйекте БК(б)П Қазөлкелік комитеті мал шаруашылықты аудандарға міндеттер жүктеді: «ұжымдастыруды барынша жеделдету» жəне ТОЗ-ды айналып өтіп, қазақ ауылына колхоз құрылысының негізгі түрі ретіндегі ауыл шаруашылығы артелдерін енгізу. Колхоз құрылысын құрудағы қысым көрсету, қауіп төндіру, үркітіп-қорқыту, тəркілеу əдістерін қолдану «едəуір» нəтижелерін берді. Егер 1930 жылы республика бойынша колхоздар саны 7 мыңды құраса, оның 2 мыңнан астамы жайылымдық жерлерге орналасты. 1931 жылдың

1 маусымына қарай мал өсіретін шаруа қожалықтарында оның жалпы санының 44,1 пайызы ұжымдастырылды.

Осылайша, жаппай күштеп отырықшыландыру үдерісі Қазақстанның халық шаруашылығын бұзу арқылы өндірісті ұйымдастыру қағидаларын (жайылымдарға қысым жасау, жайылымдардың қаңырап бос қалуы, қуаңшылықтың кеңінен өрістеуі) түбегейлі өзгертіп жіберді.

Мұрағаттық құжаттар 1929–1934 жылдардағы ашаршылық пен сталиндік ұжымдастыру арасындағы сабақтастықты дəлелдейтін бұлтартпас айғақ. Дəл оның КСРО-да белең алуы 1932–1933 жылдардағы азық-түлік дағдарысын шарықтау шегіне жеткізді. 1929 жылдың аяғы мен 1930 жылдың басындағы жаппай ұжымдастыру кезінде аймақтардағы ашаршылық жəне оның салдарынан өлім-жітімнің көбейгені тіркелген. Оған 1929 жылы ауылдық жерлерде күштеп астық дайындау себепші болды. Олар елді индустрияландыруды жүзеге асыруға негіздер іздеген сталиндік басшылық бағытының тікелей нəтижесі еді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы большевиктік тəжірибе сəтсіз аяқталды, идеялық басшылары болса оның қайғылы салдары үшін бүкіл жауапкершілікті кеңестік биліктен ең көп жапа шегіп, ұрып-соғу мен қуғынға ұшыраған шаруалардың мойнына арта салды.

Ə.М. Ауанасова,

Мемлекет тарихы институтының

бас ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор (Қазақстан Республикасы)

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?