Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ЖАСАМПАЗДЫҚҚА БАСТАЙТЫН ЖОЛДАУ

2197
ЖАСАМПАЗДЫҚҚА БАСТАЙТЫН ЖОЛДАУ - e-history.kz
Тәуелсіз Қазақ елі жиырма бес жылдық соқтықпалы-соқпақсыз қиыр-қиыр жолдан аман-есен өтіп, есейген шаққа шалдықпай жетті.

Тәуелсіз Қазақ елі жиырма бес жылдық соқтықпалы-соқпақсыз қиыр-қиыр жолдан аман-есен өтіп, есейген шаққа шалдықпай жетті. Жаратқанға мың тәубе, осы уақыт ішінде оң-солын танитындай мол тәжірибе жинақтап, жаңғыруды кезең-кезеңмен өткеріп, дамудың даңғыр жолымен жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз. Бар жетістіктеріміз көз алуымызда. Оған тоқмейілсіп, тоқырауға жол беруге еш болмайды. Ел экономикасының даму қарқынын күшейтпесек, оны бір масқал да пәсейтуге еш қақымыз жоқ. Жаһандық өзгеріс, сын-қатерлер соны талап етеді. Елбасы дөп басып айтқандай, «біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік» екенін  терең ұғынып, осынау алмағайып заманда есе жібермей, ұтыста болу қамын күйттеуге тиістіміз. Ұлт көшбасшысы – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан Халықыңа дәстүрлі Жолдауын  оқи бастағандағы алғаш түйген ой осы болды.

Ел  дамуының үшінші кезеңі міндеттерін айқындауымен құнды Жолдау 2012 жылдан жүзеге асырыла бастаған «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты межесі – әлемдегі ең алдыңғы 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін орындалуы  тиіс  талап-тапсырмаларды айшықтауымен маңызды.

Жасампаздыққа бастайтын Жолдауда туған еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз ететін бес басымдыққа маңыз берілуі тегін емес. Әуелі, ел экономикасын көгертпей, биік межеден көріне алмайтынымыз екі бастан белгілі. Жолдауда егжей-тегжейлі баяндалған бес басымдықтың үшеуі экономикалық жаңғыруға арналуы да сондықтан деп білеміз.

Бірінші басмыдық – экономиканың жедетілген технологиялық жаңғыртылуы. Бұл нені мегзейді. Адамзат баласы төртінші өнеркәсіптік революция табалдырығынан аттады. Қаймана қазаққа қарапайым тілмен жеткізсек, адамның атқаратын ісін автоматтар,  роботтар, жасанды интелект, ауқымды мәліметтерді жинақтап, бір мезетте пайдаға асыра алатын қомпьютерлер алмастыра бастады. Ол еңбек өнімділігін ондаған есе арттырумен бірге сапалы өнім шығару мен адам баласы таң қалатын кіршіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызуда. Ендеше көштен қалып қоймай, төртінші өнеркәсіптік революция жетістіктерін жеделдетіп төл экономикамызға енгізу міндетін алға тартқан Елбасы бастамасын жүзеге асыруға жұмыла кіріссек, ұтарымыз ұшан-теңіз. Осы орайда, Ұлт көшбасшысының заң шығарушы және атқарушы билік құрылымдарына нақты тапсырмалар  беріп,  күн құрғатпай, белді бекем буып, іске кірісуді міндеттеуін уақыт талабы деп ұқтық.

Жолдауда айрықша маңыз берілген бірінші басымдықтың сөз жүзінде қалмай, іске асырылуын қамтамасыз ету үшін Елбасы үш кешенді міндетті  Үкіметтің алдына тартады. Олар: цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету; жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру; еңбек нарығын жаңғырту.

Бірінші міндет аясында Елбасы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және жедел қабылдауды, IT саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауды, жаңа индустиялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізуді тапсырды. Сонымен бірге «ЭКСПО-2017» көрмесі нысандары бірінің базасында  IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды,  әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болатындықтан оған тиісті инфақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайтылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда, қолайлы жағдай жасауды  атқарушы билікке міндеттеді.

Осы орайда,  ел экономикасының қарыштап дамуын қамтамасыз ететін бірінші басымдықты жүзеге асыру жолында еліміздің жоғары оқу орындары мен  Назарбаев Университеті және «Алатау» инновациялық технопаркі базасын тиімді пайдалану, ол үшін әуелі олардың ғылыми және инновациялық әлеуетін күшейту мәселесін шешу жолдарын қарастыру  Елбасы жолдауынан ойып тұрып орын алуы өте  орынды шешім деп қабылдаймыз. Өйткені төл ғылымымызды өркендетпей, өркениетті ел бола алмайтынымызды ұғынатын уақыт жетті.

Бірінші басымдықтың екінші кешенді міндеттері аясында да атқарылуға тиісті шаруа шашы етектен екенін Елбасы тәптіштеп түсіндіреді. Ол алты тармақтан тұрады: бірінші – еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру; екінші – басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру; үшінші – экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендерінің стратегиялық мақсатын тиімді пайдалану; төртінші – аграрлық секторды ел экономикасының жаңа драйверне айналдыру; бесінші – жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту; алтыншы – урбанизация (ауыл тұрғындарының қалаға қоныс аударуы) үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отырғандықтан, оны отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналдыру.

Бұлардың әр қайсысын таратып  айтатын болсақ, бір-бір мақалаға жүк болатындай маңызы айрықша. Тоқ етерін түйіндеп айтқанда, ел экономикасының күре тамырлары. Осы орайда,  Жолдаумен терең танысқан жан адам тамырын дөп басып, емін тура тағайындаған емшідей, Елбасының ел экономикасының бүлкілін сезетіндей тамыршы екенін тапжылтпай танитынына бәс тігеміз.

Еңбек нарығын жаңғыртуды  көздейтін үшінші кешенді міндеттің салмағы да атан түйеге жүк болатындай қомақты. Өндіріске жаңа заманауи технологияны енгізгенде, басқаша айтсақ, адамның орнына роботтар жұмыс істей бастағанда, жұмыс орындары қысқаратыны айтпаса да түсінікті. Елбасы соның қамын ерте ойлап, Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің басқа салаларға  басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды тапсырады. Ол үшін қысқаратын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту мақсатында бірлесіп инвестиция салу жайын қарастыруды, басы артық жұмыс күші  бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуды  тиімді жүзеге асыруды міндеттейді.

Бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуді көздейтін Жолдаудың екінші басымдығында нақтыланған бес бағыт та көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға толық жауап беретіндігімен бағалы.

«Біздің стратегиялық мақсаттарымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету. Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады», - деп  тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан Елбасы Жолдауда соны жүзеге асырудың жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және басқа да қоғамдық ұйымдармен, бизнес өкілдерімен бірлесіп атқаруға тиіс Үкімет міндеттерін нақты айқындап береді.

Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы межелеген үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық. Үкімет пен Ұлттық банк алдына тартылған бір кешенді міндет пен алты нақты тапсырмадан тұратын бұл басымдықтың  да арқалаған жүгі ауыр. Қорыта айтқанда, мұндағы басты міндет – ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және ел экономикасын қаржыландыруға жекеменшік капиталын тарту.

Халқымыздың жаһандық бәсекеге қабілеттігін арттыруды басты мақсат тұтқан Жолдаудағы төртінші басымдық – амдами капитал сапасын жақсарту. Біздіңше, бұл бірінші орындағы басымдық. Өйткені бәсекеге қабілетті тұлғалары көп халық қана әлемдік жарыста ұтыста болады, ал ол өз кезегінде бәсекеге қабілетті Ұлттың қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Үш бағыт бойынша соқталы-соқталы мәселелер түйінін шешуді тарқататын бұл басымдықтың ел өмірі үшін жұтар ауадай маңызы зор. Бірінші бағыт – білім беру жүйесін жетілдіру. Екіншісі – денсаулық сақтау жүйесін өзгерту. Үшіншісі – әлеуметтік қамтамасыз ету саласын жақсарту. Байқап отырған боларсыздар, әрбір қазақстандыққа қатысты мәселелер.

Елімізде білім беру жүйесі реформадан көз ашпай келеді. Жаңылыспасам, 25 жылың ішінде Білім және ғылым  министрлігінің менеджерлері 18 мәрте ауысты. Әр министр өз жұмысын көрсету үшін  жаңа бастама көтереді. Идея – дұрыс. Бірақ оны жүзеге асыру механизмдері жоқ. Оны ойластырып енгіземін дегенінше қызметі ауысып кетеді. Ал жаңадан тағайындалған министр оны жалғастырып әкетуден гөрі жаңадан бір жаңалық енгізуге құштар. Соның себебінен білім беру саласында бір ізділік, жүйелі даму жоқ. Бір жаңалықты енгізу үшін қарапайым мұғалімдер мен оқытушылар тарапынан қанша жұмыс, тер төгілетінін есептеп шығарса ғой шіркін. Соның өтемі – неге еңбектенгенінің нәтижесін көру, еңбегі бағаланғанын сезіну. Бірақ ол әзірге арман күйінде қалуда. Соның салдарынан әбден зәрәзіп көргендіктен реформа десе, білім берушілер қауымы шошып, шоршып түсетіндей қалге жеттік. Бірақ, шынына келгенде, білім беру саласына үлкен өзгеріс керек. Оны, ең алдымен, білімнің мазмұнымен байланыстырғанымыз құба-құп. Әуелі – мазмұн, форма екінші тұруы керек. Бізде керісінше форманы бірінші орынға шығару үрдісі байқалады. Екеуі бірімен-бірі үйлесім тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Елбасының еліміздегі білім беру саласындағы осы жүйесіздікті терең сезінетіні байқалады. Сондықтан да асығыс шешім қабылдауға жол бермей, Жолдауда Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тапсырады. Ендігі жерде сала министрлігі білім беру ісінің маңдай алды мамандарымен алқалы жиын өткізіп, ұлт болашағы алдындағы терең жауапкершілікті сезіне отырып, ашық әрі егжей-тегжейлі талқылау өткізуге мұрындық болса, күрмеуі күрделі талай түйіннің оң шешілуіне мүмкіндік туар еді. Сонда ғана Елбасы айқындаған толғауы тоқсан түйіндер тарқатылып, тың тапсырмалар орындалып, ел оң нәтижесін көруге қадам жасалар еді.

Жолдаудың көңіл төрінен орын алған тұсы – білім беру саласында ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу қажеттігі туралы тұжырым. Мұны ел Тәуелсіздігің 25 жылдық тәжірибесінен түйген көсем ой деп қабылдадық. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздан қалған өсиеттің елдік мүддеге қызмет еткенін, «ештен кеш жақсы» дегендей, әбден құп көреміз.

«Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді», - деген Жолдау тұжырымы да елдің көкейінде жүрген сауалға нақты жауап беруімен құнды. «Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды», - деген мақсат-мұратпен де келіспеске болмайды. Осы жерде Жолдауда айтылған «бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет. Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек», - деген талап-тілек те қисынға келеді. Елбасы асығыс шешім қабылдауға түбегейлі қарсы. Бұл тұста жеті өлшеп,  бір пішуді, тиісті ұсыныстар беруді Үкіметке тапсырады.

Қорыта айтқанда, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген тәмсілін әркез есте жаңғыртып, өзге тілдің астына жығып бермей, ана тіліміздің дамуын, шын мәнінде, қамтамасыз ету – Елбасы Жолдауының басты қағидаты екенін атқа мінерлер терең ұғынғанын қалар едік.

Білім саласының білікті маманы болғандықтан Жолдаудың осы бағытына тереңірек үңілгенді, байыпты талдау жасап, сындарлы ой қорытуды жөн көрген жайымыз бар. Елбасы Жолдауда жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылатынына тоқталады. «Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет»,– деп тиісті сала басшыларына нақты тапсырма береді. Орынды талап. Оның орындалуы үшін жоғары мектеп қадрлық құрамы мен материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін жақсарту бағытында көп жұмыс жасалып, жағдай туғызылуы керек деп ойлаймын. Әр саланың ең мәртебелі мамандары, әсіресе кәсіптің тізгінін ұстап, тірлігін жайнатып, жарқыратып жүргізіп жатқан  кәсіби тұлғалар жоғары оқу орындарына тартылуы керектігі тәптіштеп түсіндіру қажет етпейді. Бірақ олар шақырғаныңмен қызметін ауыстырғысы келмейді. Өйткені еңбек ақысы оларды қанағаттандырмайды. Бұл күрмеуі қиын, қалай болғанда да шешуді қажет ететін мәселе.

Жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын күшейту талабын да Елбасы өте дұрыс қойып отыр. Жолдауда тәптіштелген бірінші басымдық – экономиканың жедетілген технологиялық жаңғыртылуын жүзеге асыру үшін ең әуелі білім ордаларын ең жаңа заманауи техникамен жабдықтауды қамтамасыз ету керектігі өзінен-өзі сұранып тұр. Ал бізде  керісінше. Өндірістің қолданыстан шығарылған техникасы оқу орындарына беріледі де, сонымен заман  сұранысына сай маман дайындау талабы қойылды. Содан ол орындалмайды. Сондықтан бұл жерде түбегейлі өзгеріс қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Жолдаудағы бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. Елбасы Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік  комитетіне және тиісті сала басшыларына төрт тармақтан тұратын нақты тапсырмалар береді. Атап айтқанда, бірінші – Үкіметтің Дүниежүзілік экономикалық ынтымақтық ұйымының озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплемантациялау (халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың ара-қатынасын жақындастыру) жұмысын қамтамасыз етуі; екінші – жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне  және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыру; үшінші – Елбасы тапсырмасымен әзірленіп жатқан «2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әркет жөніндегі мемлкеттік бағдарлама аясында мұндай жаш қоғамдық құрылыстарға «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру; төртінші – сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресумен қатар оның себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту.

 Ел өмірінің уақыт талабына сай ең өзекті бағыттарын айқындаған, шешімін күткен мәселелердің түйінін тарқатқан, ең бастысы Тәуелсіз Қазақстанның даму даңғылын бағамдаған, бір ауыз сөзге сыйғызып, сығымдап айтқанда, елімізді жасампаздыққа батайтын Жолдау халқымыздың ел ертеңіне деген сенімін арттырып, бір жұдырық болып жұмыла еңбектенуге құлшынысын туғызғанына  біз ғана емес, әлем куә.

 

Қайрат САҚ,

                                                                         Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

                                                                                            Журналистика және саясаттану

                       факультеті деканы, алаштанушы

 

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?