Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тұғырлы Тәуелсіздік, кемеңгер Тұлға

4268
Тұғырлы Тәуелсіздік, кемеңгер Тұлға - e-history.kz
Тәуелсіздік таңы – тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Егеменді елдігімнің айғағы – аспан түстес азат байрағым, елтаңбам, әнұраным дүниеге келді.

Отан! – деген сөзім қандай әдемі!

Көзге елестер бүкіл қазақ әлемі.

Таңдандырды жан-жағымды - бай өлке,

Қарапайым, кең дастархан, әдебі.

Атам қазақ аңсағаны еркіндік,

Сақтау үшін азаттықты бекіндік, 

«Қастығы жоқ қазақ» деген аңыз бар,

«Татулықтың символымыз » сертім нық.


Тәуелсіздік таңы – тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Егеменді елдігімнің айғағы – аспан түстес азат байрағым, елтаңбам, әнұраным дүниеге келді. 

Тәуелсіздік алған елдің айрықша белгілері ретінде ұлттық валюта, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеу, Конституцияны бекіту танылған. Тәуелсіздігіміздің ақ таңы атқан күннен Ел тізгіні сеніп тапсырылған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен мұндай істердің орындалуы – ерекше тарихи жетістік болды.

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап ұлтаралық келісімді, ел бірлігін мемлекет саясатының басты қағидасы ретінде белгіледі. Қазақ ұлтының  дамуы мен орыс және басқа да этностық топтардың құқықтарын сақтау саясаты ұлтаралық қарым-қатынастың тепе-теңдігін орнықтырды. Дегенмен де, Елбасының бұл ұстанымын жұрттың бәрі бірдей және бірден қабылдай қойған жоқ. Жүзден астам ұлт өкілдері тұратын республикада шиеленісті жағдайлар мен тұрақсыздық тудыруға әрекеттенгендер де, ұлтаралық фак­торларды пайдаланғысы келетіндер де болды.  Мұндай жағдайға  Елбасы лайықты жауап таба білді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, оны жетілдіру, оны басқа ел­дерге үлгі ету Н.Назарбаев қызметінің дана­лығының көрінісі бола алды.

Әлемдік тарихта мұндай жағдайды Сингапурдың әлемдік беделін нығайтып, оның Азиядағы жетекші ел ретінде қалыптасуы үшін орасан күш-жігер жұмсаған Ли Куан Ю тұлғасынан көруге болады. Сингапурды тәуелсіздік алған  жылынан басқарған Ли Куан Ю тағдыры Қазақстанмен ұқсас бұл мемлекетті таңғажайып табыстарға жеткізді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев тәуелсіз ел мүддесі үшін және оның өркенді жолмен дамуына қажетті деген небір өте ауыр реформаларды тиімді жүргізе білді. Тіпті,  қажет болған жағдайда төтенше шаралар қолдануға да барды. Өзіне сенім артқан, жауапкершіліктің бар жүгін өзіне ғана артқан халқына сенді. Істеп жатқан ісінің бас сарапшысы деп тек халқын ғана таныды. «Сынға назар аудармаңдар! Егер біз табысқа жетер болсақ, халық бізге баға береді, сол кезде барлық сын бос сөз болып қалады да, біз үстем болып шығамыз. Табысқа сеніп жұмыс істейік, табыс сонда келеді», – деп айтудан танбаған Елбасы сол кезде өзінің серіктестерін жігерлендіріп, қанаттандырып отырған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 жылы Н. Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екі ұдай пікір туғызған-ды. Қазақстан Президентінің бұл шешімі мейлінше күтпеген жәйт болды. Ел өтпелі кезеңнің ауыр жағдайларын бастан өткеріп жатты. Экономикалық дағдарыс та жан-жақтан қыспаққа алып тұрды. Дәл сол бір қиын-қыстау кездері астананы көшіру жөніндегі Елбасының бұл бастамасын батылдық пен батырлық демеске және де амалың жоқ. Тіпті, дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезе­ңінде бір де бір мемлекет басшысы  мұндай түбе­гейлі батыл қадамға барған да емес.

Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабының ағылшынша нұсқасының алғы сөзінде Ұлыбританияның  үкіметін 1979-1990 жылдары басқар­ған «Темір Леди» атанған Маргарет Тэтчер де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның Көшбасшылық рөл атқарғандығын мойындап, соған оң баға беріп: – «Мемлекет­тердің іргесін салған негізін қалаушылар әрдайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді, ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Мұндай көшбасшылар өз­деріне қатысты түрлі үйлесімдегі қауырт сүйсініс секілді даңғаза сынды да туындатуы мүмкін. Мәсе­ленің мұндай мәнісі олардың мемлекеттің аса маңызды сәттерінде оның басшылығында тұруымен, осылайша оларға дейін болғандарға немесе олардан кейін келетіндерге қарағанда әлдеқайда танымал тұлға болуымен байланысты.

Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Экономика мен қоғамның ашықтығына ұмтылды, ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге  қол жеткізді»,– деп жазған еді.

Елбасының әлемдік деңгейдегі парасат пайымына, саяси іс-қимылына, тиянақты шешіміне, құрдым­ға кете бастаған экономиканы алға жылжыту жолындағы тиімді саясатына, уақыт талабына қа­рай ойластырылған әдіс-тәсілдеріне, стратегиялық ұстанымдарына қапысыз сенген қазақстандықтар өзінің тұңғыш Президентіне, тізгін ұстаған Елбасшысына әрқашан қолдау білдірді, қолдау білдіріп те келе жатыр. Тізгіннің сенімді қолға тиюі­нің арқасында ел жаңарды, дәулетіміз толыса түс­ті. Көзге көріне бермейтін кедергілерді  байсалды саясаттың арқасында жеңіп, еңсере білдік.

Бүгінде тәуелсіздіктің туын тігіп, егеменді ел іргесін бекемдегеніне де 25 жыл уақыт өтті.  Осы мерзім ішінде өзімізді-өзіміз тәуелсіз ел ретінде әлемнің түкпір-түкпіріне таныттық. Бұған бір дәлел ретінде, 2010-жылы еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткеніміз. Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті – біздің еліміздің әлемдік қауымдастықтағы беделі өскенінің нақты дәлелі. Өйткені, Қазақстан – Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет ретінде халықаралық саяси оқиғаларға белсенді қатысып қана қоймай, батыл бастамаларымен көзге түсуде. Сондықтан да  мұндай ауқымдағы жоғары дәрежедегі басқосудың өткізілуі – елімізге және тұңғыш президентіміз Н.Ә. Назарбаевқа көрсетілген құрмет екені сөзсіз.

2011-жылы елімізде  VII Қысқы  Азия ойындарының туы желбіреді. Төрт жылда бір келетін дүбірлі доданы да зор абыроймен атқарып шықтық. Қазақ спортшылары намысты қолдан бермей, тәуелсіз ел болғалы алғаш рет жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Өзін демократиялы, зайырлы мемлекет ретінде жариялаған елімізде Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі дін көшбасшыларының басын қосып, ашық үнқатысуға шақыруға, өзара ынтымақтастық үшін кең болашаққа жол ашады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің бәсекелестікке қабілетті дамыған елдердің қатарына қосылуын да атап айтты. Біз – озық елдердің қатарына мемлекеттік тілімізбен енуіміз керек. Осыған байланысты елбасымыз: «Дауға салса, алмастай қиған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің  кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық, қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!- дей келе, «Қазақстанның болашағы- қазақ тілінде», деп ой қорытады.  Қазақ тілі – бұл Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды билер, Жамбыл, Абай, Мұхтар сынды әлемге әйгілі данагөйлер сөйлеп өткен тіл.  Ол бай ауыз әдебиетінің, би- шешендерінің, даналардың дарасы – Абайдың тілі. Сөзді сүйектен өткізіп, өң бойынды шамырқандыратын да, санаға түрлі ой салдыратын да, шешендік сөзбен құмарыңды қандыратын да, ентелеп келген дұшпанды ымыраға келтіретін де, батырды намысын жанып, «Отан үшін отқа түсіретін де» тіл емес пе?

Тұманбай Молдағалиев ағамыз:

Бабалардан қалған жалғыз байлығым,

Ана тілім биік туым, айбыным.

Арманға да айырбастай бермейтін

Тілісің сен, ішімдегі қайғының.

Жігіт бірде кедейленер байырда,

Ақ атымды, қанатымды қайырма.

Айырсаңда, қымбаттымнан талай бір,

О, тәңірім, тек тілімнен айырма!-деген екен.

 Қандай керемет өлең десеңші! Осы өлең жолдары біздің әрқайсымыздың жүрек түкпірімізден берік орын алып, мәніне айрандай ұйысақ қой, шіркін! 

Өз тілімізді құрметтеу арқылы ғана басқа тілді де, оның мәдениетін де қадірлейміз. Тілімізді,  ұлттық мүдделерімізді насихаттайтын да,  өзімізді-өзгелерге танытатын да, өскелең ұрпақ! Кезінде Конституциясын АҚШ жазып берген Жапония, білім алу үшін жастарын шетелге жіберді. Экономикасы мығым, ғылыми технологиялардың озық тұсын зерделеген жапон жастары алған білімдерін өз елінде бөлісіп, кәдеге жаратып, Жапонияны әлемдегі ең мықты елдердің біріне айналдырды.  

­Әрқашан ізденіп, білім алуға, ғылым үйренуге құлшыныс танытқан біздің жастар да, Елбасы бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатыр. Нәтижесі де жоқ емес. Бірқатар болашақ түлектері қазіргі таңда ел дамуына үлестерін қосып, қызмет атқаруда.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты-

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін,-деп, Мағжан ақын айтқандай, еліміздің көк байрағын биіктететін де, әлем алдында оны танытатын да – жастар екені белгілі.

Мен – қайсар қазақтың парасатты пайымына сенемін! Біздің халқымыз адалдық пен әділдікті паш еткен мерейі үстем, ұрпағы ұлағатты жұрт болатыны сөзсіз. Тәуелсіз елдің ұланы әрі құрдасы ретінде, еліміздің бәсекелестікке қабілетті дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін өз үлесімді қосамын!

Надандықтың емі – білім, тәкаппарлықтың емі – имандылық, яғни, мейірім, бауырмалшылдық. Олай болса ағайын, ойымыз түзу, ниетіміз таза болғай!


Дидархан ҚҰРМАНҒАЗЫҰЛЫ


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?