Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

 Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуы

9834
 Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуы - e-history.kz
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алуы, бірпартиялық өктемдіктің ыдырауы демократиялық принциптер негізінде қызмет істейтін сан алуан саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметіне жол ашты

  Көппартиялық жүйеге өтумен республика халықтарының мақсат-мүдделерін, талап-тілектерін жүзеге асыру жолында қызмет жасаған саяси партиялар қалыптасты. Жаңадан құрылған қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар қоғамдық-саяси өмірді демократияландыру, саяси әр алуандық, халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарының мүдделері мен құқықтарын қорғау, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу мақсатында кеңінен қызмет жасады. 1990 ж. 1 наурызға қарай республикада 100-ге жуық қоғамдық ұйым қызмет істеп тұрды.

1991 жылы тамыз айында Мәскеуде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болды. Оған КОКП Орталық Комитетінің кейбір жетекшілері қатысты. Мұның өзі партияның, оның басшы органдарының беделін түсірді. Бұл жағдай Қазақстан Компартиясының жұмысына теріс әсерін тигізді. Сөйтіп, 1991 жылғы қыркүйек айында өткен республика Компартиясының төтенше съезінде оның қызметі тоқтатылды. Өзін Компартияның ісін жалғастырушымыз деп санайтын Қазақстан социалистік партиясы құрылды. Оның құрамында сол кезде 50-60 мың мүшесі болды. 1992 жылы наурызда Қазақстан социалистік партиясының кезекті съезі өтті. Съезд республикадағы саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдай және партияның таяудағы міндеттері, партияның бағдарламасы мен жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу сияқты мәселелерді талқылады.

1991 жылы қазанда жетекшілері О.Сүлейменов пен М.Шаханов болған Қазақстан Халық Конгресі партиясы құрылды. Сондай-ақ, бірқатар коммунистер бұрынғы Қазақстан Коммунистік партиясының қызметін қайтадан қалпына келтіруге әрекет жасады.

Барлық саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың алдында тек демократиялық жолмен, Конституция талабына сай қызмет ету мақсаты қойылды. Олар парламенттік партияларға айналу, сайлаушылардың көп дауысына ие болу үшін күрес жүргізді. Бұл саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар тек құқықтық жағдайда өзара түсінісу, келісу арқылы байланыс жасап отыруға тырысты.

Қайта құру жағдайында Қазақстанның қоғамдық ұйымдарында да сапалық жаңа өзгерістер іске асты. 1991 жылы қазан айында Қазақстан комсомолының кезектен тыс ХҮІІІ съезі болып өтті. Съезд делегаттары республика комсомолын Қазақстанның жастар одағына ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Оның алдында республика жастарының құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеті қойылды.

Осы кезде кәсіподақтың жергілікті, әсіресе, бастауыш ұйымдарының рөлін көтеруге ерекше мән берілді. Олар өздерінің мұшелерінен жиналған қаржыларды ұйым қажетіне жұмсауға толық ерік алды. Қазақстан Орталық кәсіподақ комитеті және облыстық кәсіподақ комитеттері салалы кәсіподақ Кеңестері болып қайтадан құрылды. Соңғы жылдардағы кәсіподақ ұйымдарының негізгі қол жеткен табысы – ол әр түрлі саяси және мемлекеттік ұйымдардан тәуелсіздік алды. Бұқара халықтың мүддесін қорғауда олар көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді мемлекеттік және шаруашылық органдарымен тең дәрежеде келісе отырып шеше алатын жағдайға қолдарын жеткізді.

Сондай-ақ бұл жылдары әйелдер кеңесіне балама ұйымдар әдеттен тыс төменнен пайда болды. Солдат аналарының комитеті, Қазақстан мұсылман әйелдерінің лигасы, көп балалы аналар, жанұялар одағы, “Айша”, “Ақ отау” және Іскер әйелдер қауымдастығы құрылды. Сөйтіп, республикада 1991 жылы барлығы 120-дан астам дербес қоғамдық негізде бірлестіктер жұмыс істеді.

Бұл жоғарыда аталған фактілердің барлығы ХХ ғ. 80-ші жылдардың 2-ші жартысында қоғамды қайта құру барысында Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде демократиялық қатынастардың кең өріс ала бастағанын көрсетеді.

Қоғамдық-саяси қозғалыстардың ішінен «Азат» (1990 ж. 1 шілде), «Поколение» (1992 ж. 24 қараша), «Лад» (1993 ж. мамыр), «Азамат» азаматтық қозғалысы (1996 ж. 20 сәуір) кең көлемді қызметімен ерекшеленді. Қазақстанда қоғамдық бірлестіктердің қалыптасуының келесі кезеңінде Қазақстанның либералдық қозғалысы (1997 ж. мамыр), «Қазақстанның болашағы үшін» (1998 ж. ақпан) жастар қозғалысы, «Қазақстан – 2030 үшін» (1998 ж. 6 қазан) қоғамдық қозғалысы, «Өрлеу» (1998), «Ақ жол» қоғамдық қозғалыстары (1998), Қазақстанның демократиялық таңдауы қоғамдық бірлестігі (2002), т.б. құрылды. 1989-1994 ж. аяғында Қазақстанда 500-ге жуық қоғамдық бірлестік ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. 1998 ж. олардың саны 1500-ден асты, ал 2001 жылдың аяғына қарай елде 1700-ден астам ресми тіркеуден өткен қоғамдық бірлестік қызмет жасады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін елде көппартиялық жүйе қалыптасты. Қазақстанның социал-демократиялық партиясы (1990 ж. 26 мамыр), Қазақстанның социалистік партиясы (1991 ж. 7 қыркүйек), Қазақстан халық конгресі партиясы (1991 ж. 5 қазан), Қазақстанның республикалық («Азат») партиясы (1991 ж. 4 қыркүйек, 1999 ж. 29 мамырда «Алаш» ұлттық партиясы болып өзгерді), Қазақстан коммунистік партиясы (1991 ж. қазан), Қазақстан халық бірлігі партиясы (1993 ж. 6 ақпан), Қазақстан халықтық-кооперативтер партиясы (1994 ж. 15 желтоқсан), Қазақстан дәуірлеу партиясы (1995 ж. 27 қаңтар), Қазақстанның демократиялық партиясы (1995 ж. 1 шілде), Республикалық еңбек саяси партиясы (1995 ж. 18 қыркүйек), т.б. құрылды.

Көппартиялықты құқықтық жағынан реттеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 5 бабында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (31.5.1996) және «Саяси партиялар туралы» (2.7.1996) Заңдарында қамтамасыз етілді. Қазақстанның көппартиялық жүйе дамуының келесі кезеңінде Қазақстанның азаматтық партиясы (1998 ж. 17 қараша), Қазақстан республикалық халықтық партиясы (1998 ж. 17 желтоқсан), Қазақстанның аграрлық партиясы (1999 ж. 6 қаңтар), Республикалық  «Отан» партиясы (1999 ж. 19 қаңтар), «Азамат» демократиялық партиясы (1999 ж. 27 наурыз), Қазақстан әйелдерінің демократиялық паартиясы (1999 ж. 21 маусым), Қазақстан патриоттарының партиясы (2000 ж. 1 шілде) құрылды. 2002 жылдың 2-ші жартысында Қазақстанның бірлескен демократиялық, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылтай съездері болып өтті. 2002 ж. 15 шілдеде қабылданған «Саяси партиялар туралы» жаңа заңда саяси партиялардың құқықтық негіздері, олардың құқықтары мен міндеттері, қызметінің кепілдіктері белгіленді, саяси партиялардың мемлекеттік органдармен және басқа ұйымдармен қатынастары реттелді. Көппартиялық институтының пайда болуы елде азаматтық қоғам орнатудың маңызды белгілерінің бірі. Бұл қоғамның саяси жүйесінің тиімділігін, елде демократияның орныққанын, саяси құқықтардың қамтамасыз етілгенін дәлелдейді. 2002 ж. елімізде 16 партия тіркелді.

«Саяси партиялар туралы» Заңға 2002 ж. өзгертулер енгізілуіне байланысты, 2003 ж. Қазақстанның азаматтық партиясы, Қазақстанның аграрлық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік партиясы, Республикалық «Отан» саяси партиясы, Қазақстан патриоттарының партиясы, Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясы қайта тіркеуден өтті.

Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер әлеуметтік әділдік, демократиялық құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам, ұлтаралық және азаматтық келісім орнатуға жәрдемдесіп, Қазақстанның тұрақты дамуына, өзекті қоғамдық мәселелердің шешілуіне үлесін қосып келеді. Саяси партиялардың көпшілігі Республика президентінің алған бағытын, оның жүргізіп отырған саясатын жақтайтындар болып саналады.

Қазақстанның тәуелсіздікке қол жетуімен қазақ халқының рухани өмірінде жаңа мәдени процестер кеңінен өріс алды. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының даңғыл жолына шықты. Олар бұрынғы Кеңес Одағы кезеңіндегі партиялық идеология мен саяси қағидалардың қыспағынан құтылды.

Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына қарамастан Қазақстанда білім жүйесінде көптеген оң өзгерістер орын алды. Соңғы жылдары оқу мазмұны өзгерді, білім стандарттары жасалды, оқытудың жаңа әдістемесі енгізілді. Бірыңғай орта мектептермен қатар гимназиялар, лицейлер, жеке және авторлық мектептер ашылып, жұмыс істей бастады. Көптеген жаңа оқулықтар шығарылды. Мектептерде бұрын КСРО тарихы оқытылып келсе, енді қазақ халқының өз тарихы терең талданып оқытылатын болды.

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша 2000/2001 оқу жылында елде жалпы білім беретін мектептердің саны 8007 болған. Олардың 3545-і (44,2%) қазақ, 2356-сы (29,4%) орыс, 13-і ұйғыр, 81-і өзбек, 3 тәжік, 1 украин мектебі. Соңғы жылдары республикада қазақ тілінде оқитын оқушылардың саны едәуір артып, 2003 жылы олар барлық мектеп оқушыларының 54,4%-ін қамтыған. Республика мектептерінде техникалық ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларын енгізуде де оң қадамдар өріс алды. 2001 жылы орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың бірінші кезеңі негізінен аяқталды, нәтижесінде 58 оқушыға бір компьютерден келген. “Интернет-мектепте” бағдарламасы аясында 1414 оқу орны, оның ішінде 868 ауыл мектебі ақпарат желісіне қосылған. Жалпы білім беретін мектептерді «интернеттендіру» жөніндегі жұмыстар белсенді түрде жалғастырылып келеді. Бүгінде интернет жүйесіне ауыл мектептерін қосқанда, мектептердің 95 % қосылды.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде 388 мектеп пайдалануға берілді. Соңғы он жылда (1997-2007 жж.) білім саласын мемлекеттік қаржыландыру көлемін 6,7 есе арттыруға қол жеткізілді. (Тәуелсіздіктің 16 жылдығына арналған салтанатты жиналыстағы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сөзінен. /Егемен Қазақстан. 15.12. 2007 ж.).

Жылма жыл мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға көтеріліп келеді. 2006 жылдан бері жоғары оқу орындарының таңдаулы 200 оқытушысына конкурстық негізде құны 15 мың АҚШ долларына тең «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» гранты тапсырылып жүр. Жыл сайын республикалық бюджет қаржысының есебінен 30 мыңнан астам педагогтың қайта дайындықтан өтуі мен біліктілігінің арттырылуы жүзеге асырылуда.

Еліміз егемендік алған жылдары жоғары және орта арнаулы білім беретін оқу орындарында да бірсыпыра жаңа өзгерістер орын алды. Республиканың жетекші оқу орындары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Алматы университеті, Қазақ ұлттық техникалық университеті және басқалар Қазақстанның тәуелсіз ішкі және сыртқы саясатын жүргізуге қабілетті маман кадрлар даярлайтын жаңа факультеттер ашты. Түркістандағы Ахмет Яассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Сыртқы істер министрлігі жанынан Дипломатиялық Академия ашылып, жұмыс істеп жатыр. 1997 жылы республикада мемлекеттік 53 жоғары білім беретін және 40-тан астам жеке меншік жоғары оқу орындары жұмыс істеді. 2002 жылы мемлекеттік жоғары оқу орындары 47-ге дейін азайды, оған керісінше мемлекеттік емес жоғары оқу орындарының саны 160-тан асты. 2003 жылы Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 43 мемлекеттік, 130 жеке жоғары оқу орындары қалдырылды.

Қазақстанның тәуелсіздік алуымен байланысты халыққа білім беру саласында халықаралық қарым-қатынас кеңейді. Бүгінгі күндері мыңдаған оқушылар, студенттер және аспиранттар оқуларын шет елдерде жалғастырып жатыр. Осы мақсатта Қазақстан Президенті жанынан “Болашақ” бағдарламасы бойынша арнаулы қор құрылып, республиканың жоғары оқу орындарынан жыл сайын жүздеген студент шетелдерге, соның ішінде АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Францияға, Қытайға, Түркияға және т.б. жерлерге оқуға жіберіледі. Қазақстан мемлекет есебінен жылына 3 мың студентті әлемнің 25 университетіне оқуға жіберуде. Соңғы 13 жылда 2 мың қазақстандық шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алыпқайтты (Егемен Қазақстан, 27.11.2007). Бүгінде жалпы саны 20 мыңнан асатын қазақстандық шетелдерде білім алуда. Олар Қазақстанның кадрлық әлеуетінің перспективалық негізі болады (Егемен Қазақстан. 15.12.2007). 

2000 жылдан бастап қазақстандық ғылымды қаржыландыру 7 есеге артты. Бүгінде Қазақстанда бір мың жұмыс істеушіге 3 ғалымнан келеді, ал енді Ресейде бұл көрсеткіш 7,5-ке, ЕО-да – 5,8-ге, АҚШ-та – 9,3-ке тең. Біздің деңгейді орташа еуропалық деңгейге дейін көтеру үшін біз ғылымды қаржыландыруды 2012 жылы 25 есе ұлғайтып, оны жылына 350 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз (ҚР Президентінің Интернет-конференциясы. Егемен Қазақстан, 8.06.2007). Сондықтан да бүгінде ғылым және білім беру салаларында жоғары қазақстандық стандарттарға қол жеткізу үшін барлық жағдайлар жасалуда. Ғылымды дамытуда бірқатар басым бағыттар белгіленді. Астанада арнаулы ғылыми зертханалар құрылды.

Кейінгі жылдары әдебиет пен ұлттық тілдің мәртебесін көтеруде бірқатар шаралар іске асырылуда. 30-шы жылдары нәубетке, жазықсыз жазаға ұшыраған ғалымдарды, жазушыларды, мамандарды ақтау жүзеге асты. А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, Ш.Құдайбердиевтің, Ә.Бөкейхановтың, Х.Досмұхамедовтың, Ж.Аймауытовтың және басқалардың кітаптары жарық көрді. Іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру жөнінде жан-жақты шаралар белгіленіп, олар жүзеге асырылуда. Барлық жоғары және арнаулы оқу орындарында қазақ тілінде оқыту бөлімдері ашылды.

Экономикалық қиындықтарға қарамастан республикада мемлекеттік театрлардың бірде-бірі жабылған жоқ. Қайта жаңадан Көкшетауда қазақтың музыкалық драма театры, Батыс Қазақстан облысында мәдениет институты, Мәдениет министрлігі жанынан күрделі мәдениет мәселелері бойынша ғылыми орталық ашылды. Өнерде менеджменттің тиімді үлгілері өмірге келді. Мысалы, Айман Мұсаходжаева "Солистер академиясы" оркестрін ұйымдастырып, бүкіл музыкалық білім беруді қайта құру жөнінде ұтымды жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде 1998 жылы Астана қаласында тұңғыш рет ұлттық музыка Академиясы құрылды. Жәния Әубәкірова музыкалық мектептің негізінде колледж, ал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов “ПЕН-клубын” ашты. Осының бәрі өнер саласындағы дарынды адамдардың өз идеяларын жүргізу үшін тиімді де пайдалы нысандар тауып жатқанын көрсетеді.

Мәдениетті дамытуда жоғары кәсіби мәдениет кадрлары мен мамандардың атқаратын рөлі зор. Осы жағдайды ескере отырып, мәдениет саласына қажетті кадрларды дайындау ісі республиканың 5 жоғары 39 орташа арнайы оқу орындарында жүзеге асырылып келеді.

Еліміздің мәдениеті мен рухани өрлеуіне Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2000 жылды – Мәдениетті қолдау жылы деп жариялауының үлкен маңызы болды. Бұл жылы мәдениет мекемелерін дамытуға, олардың материалдық базасын нығайтуға бағытталған едәуір жұмыстар атқарылды. 727 мәдениет мекемелері жаңадан ашылды. Олардың қатарында Астанада, Петропавлда, Оралда, Өскеменде және Түркістан қаласында ашылған театрлар бар. Мәдениетті қолдау жылының шарықтау шегі Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын тойлаумен сабақтас келді. Бұл үлкен тойды дайындау және өткізу барысында Күлтөбе, Отырар, Қожа Ахмет Яассауидің кесенесі, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы т.б. нысандар қайтадан жаңғыртылды. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері аз уақыттың ішінде ұлтымыздың мәдениетін тек өз елімізде ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге таныта бастады. 1995 жылы ЮНЕСКО ауқымында ұлы Абайдың 150 жылдығы, ал 1997 жылы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық мерейтойлары, 1996 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 80 жылдығы, дарынды ақын, халықтар достығын жырлаушы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерей тойын тойлау еліміздің тарихындағы жарқын оқиға болды. Еліміздің Президенті жарлығымен 1997 жыл жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланса, 1998 жыл – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп атап өтілді. Тарих жылы 23 ірі-ірі ғылыми форумдардың өткізілуімен ерекшеленді. Соның ішінде Республика ұлттық ғылым академиясы тарихында тұңғыш рет АҚШ, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Жапония ғалымдарының қатысуымен отандық тарих проблемаларына арналған арнайы сессия өткізілді. Сондай-ақ, “Жібек жолы және Қазақстан”, “А.Байтұрсынов - ғалым, ағартушы, қоғам қайраткері”, “Қазақстанмен шекаралас аумақтардың тас дәуірі” сияқты халықаралық және көптеген республикалық ғылыми конференциялар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Республиканың барлық облыстарына, сондай-ақ, көрші елдердің шекаралас аудандарына ірі-ірі 24 ғылыми экспедициялар аттандырылды. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірінде, Ордабасы тарихи-мәдени аймағында, Орталық Қазақстан аумағында археологиялық зерттеулер жүргізілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1999 жыл - Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы деп жарияланды. Осымен байланысты өткен ғасырлардан жеткен орасан зор мәдени-тарихи мұраны сақтап, оны жинақтап келешек ұрпақтың игілігіне айналдыру міндеті қойылды. Өйткені еліміздің аумағында 25 мыңнан астам тарихи-мәдени объектілер бар, олардың 8 мыңнан астамы мемлекеттің қорғауына алынып, 10-ы ЮНЕСКО-ның Бүкіл дүние жүзілік мұраларды сақтау орталығының жасалған тізіміне енгізілген.

Қазақстан полиграфиялық баспаларынан тарихи-мәдени мұраларды, әлем әдебиетінің ең үздік үлгілерін жарыққа шығару жандана түсті. Соңғы жылдары “Қазақстан ұлттық энциклопедиясының” 10 томы, Н.Ә.Назарбаевтың “Ғасырлар тоғысында”, “Сындарлы онжылдық” т.б. еңбектері, 10 томдық “Тарихи және мәдени ескерткіштер” жинағы, Мұстафа Шоқай шығармаларының екі томдығы, Қытай мұрағаттары негізінде қазақ тарихына арналған бес кітап, бес томдық Қазақстан тарихының үш томы жарық көрді. Қазақ халқының 125 томдық ауыз әдебиетін, “Алаш мұрасы” атты көп томдық серияларын, Ә.Марғұлан еңбектерінің 14 томдығын, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин тағы да басқа қазақ әдебиеті классиктерінің көп томдық серияларын басып шығару қолға алынды.

Алдағы кезеңде республика мәдениетін дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, оған қолайлы жағдай жасау міндеті тұр. Осыған байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев “Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негізгі бағыттары” Жолдауында мәдениетті дамытудың нақты жолдарын “Мәдени-тарихи мұраны сақтау” деген бөлімінде ерекше атап көрсетеді. Онда мынадай нақты міндеттер қойылған:

Біріншіден, халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның ішінде осы заманғы ұлттық мәдениетін, фольклорын, дәстүрлері мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау.

Екіншіден, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар елеулі мәдени-тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді қамтамасыз ету.

Үшіншіден, ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесін қорыту және кеңейтілген көркем, ғылыми, өмірбаяндық дестелер жасау.

Төртіншіден, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білім берудің толымды қорын жасау.

Қорытып айтқанда, мұның барлығы елдің экономикасы оңала бастаған тұста әдебиет пен мәдениет, жалпы руханият мәселелеріне айрықша назар аударатын кез келгендігін, еліміздің болашағы мәдени дамумен байланысты екендігін көрсетеді. 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?