Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Орталық Қазақстандық кіші қалалардың құрылуы: әкімшілік-территориялық құрылымындағы өзгерістер

2869
Әр мемлекеттің өзіне тән ерекшеліктері мен құндылығын көрсететін, дәлелдейтін жайттардың бірі қалалық мәдениеті, архитектурасы.

Орталық Қазақстан – тас дәуірінде, қазақ халқының этникалық тұрғыдан қалыптасу кезеңінде (б.д.д. ІІ-І мың жж.), одан кейінгі темір дәуірінде, орта ғасырлардағы қимақ-қыпшақ мемлекеттілігі кезеңінде, Қазақ хандығы құрылған уақытта, Қазақстанның Ресейге қосылуы, одан кейінгі отарлау кезеңінде де күрделі тарихи үрдістердің ошағы болды.

Әр мемлекеттің өзіне тән ерекшеліктері мен құндылығын көрсететін, дәлелдейтін жайттардың бірі қалалық мәдениеті, архитектурасы. Осы санат бойынша Орталық Қазақстанның Қазақстандық қала өркениеті мен архитектураның қалыптасуы мен дамуы тарихына бірегей туындылармен қосары мол.

Орталық Қазақстандық қалалар археологиялық зерттеу, барлап – сипаттау, өндірістік маңызын анықтау жұмыстары барысында да өзекті тақырыптардың бірі болып, сол тақырыптарда зерттеу жұмыстары жазылды. Орталық Қазақстандық қалалар география, экономика, медицина, тарих ғылымында: этнография, демография, өлкетану және т.б. ғылым салаларының тақырыбы болды.

Орта ғасырларда архитектура мен қала мәдениетінің Орталық Қазақстанда дамығандығына Ұлытау, Жезді аудандарындағы Кеңгір, Сарысу өзендері бойындағы қалашықтар, Ұлытау тауының солтүстік етегіндегі Алаша хан мазары, Нөгербек – дарасы, Басқамыр, Аяққамыр мазары жанындағы Ақсай қалашығы дәлел болады. Сонымен қатар ерте кезден бастап бірнеше ғасырлардан өткен қалашықтар да болды. Солардың бірі пайда болу кезеңі бойынша қола дәуірінен орта ғасырларға дейінгі аралықты қамтитын Милықұдық қалашығы. [1]

Кеңес дәуірінде халықты орналастырумен КСРО Мемлекеттік құрылыс жүйесінің жоспарлау және ғылыми-зерттеу институттары айналысты. [2]

Қазақстандағы халықты қалаларда орналастыру мәселесімен Казгипроград және Алматыгипрогор мемлекеттік жоспарлау институттары айналысты. Аталған мекемелер Қазақстан қалаларының дамуын болжау, қоршаған орта мен ауа бассейнінің схемасын жасаумен айналысты.

Қазақстандық қалалардың арасында маңызды орын алатын кіші немесе орташа қалалар. Кейінгі жылдардағы өндіріс орындарының жабылуы салдарынан, Қазақстандық кіші қалалардың бір бөлігі депрессивті қалалар қатарына жатқызылды. Бүгінде экономист, тарихшылардың өзекті мәселелерінің біріне айналып отырған кіші қалалардың қалыптасуы қалай тез жүрген болса, құлдырауы да тез жүрді.

КСРО кезеңінен қалыптасқан принцип бойынша қалалардың қала санатына жатқызылуы үшін маңызды рөл атқаратын қала халқының саны мен оның кәсіптік құрылымы. 60 жж. В.Г. Давыдович, кейін 90 жж. Б.С. Хорев. Кіші қалалар халқының санын алғашқысы 20 мыңға жеткізсе, Б.С Хорев 50 мыңға жеткізді. Қазақстандық кіші қалалар 5 мың мен 50 мың халқы бар елді мекендер аралығында қалыптасады. Дегенмен бұл да тұрақты категория емес. Себебі 50 мыңнан асатын және 5 мыңнан кем кіші қалалар да бар.

Қазір Қазақстанда 86 қала бар, онда 2002 жылдың 1 қаңтарына 8348,9 мың адам (56,3%) тұрды. Қазақстан территориясындағы қалалардың әкімшілік-территориялық статусы және олардың қала санатына жатқызылуы 1993 жылы 8 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының әкімшілік-территориялық құрылымы туралы» Заңымен реттеледі. Заңға сәйкес қалалар республикалық, облыстык, аудандық маңызы бар қалалар және қала типтес поселкелер болып бөлінеді. Қазақстанда бүгінде 60 кіші қала тіркелген. Орталық Қазақстандағы кіші қалалар саны 6. Олар: Абай, Қаражал, Қарқаралы, Приозерск, Саран және Шахтинск. Егер 41 кіші қала аудан орталығы болып табылса, Қарағанды облысы бойынша Абай қаласы ауылдық елді мекендердің әкімшілік орталығы болып есептеледі.

Орталық Қазақстанда жүргізілген әкімшілік-территориялық және басқару тұрғысындағы өзгерістер белгілі бір дәрежеде қалалардың дамуында рөл атқарып отырды. Бірінші бөлімде қарастырылғандай Қарағанды қаласының ірі өндіріс ошағы ретінде дамуы ХХ ғ. 30 жж. басталды. Өндіріс ошағының маңызының артуына және орналасып жатқан халық санының артуына сәйкес 1931 жылдың 22 наурызында Қазақ АКСР ОАК-нің шешімімен Қарағанды елді мекені поселке санатына жатқызылды. [3] Ал 1934 жылдың 10 ақпанында БОАК қаулысымен, Қарағандыға қала статусы беріліп, Қарағанды қалалық кеңесі құрылып, Қарағанды облыстық атқару комитетіне бағындырылды. [4]

Кеңестік индустрияландыру Қазақстанды Одақтық шикізат көзіне айналдырды. Индустрияландырумен қатар урбандалу үрдісі де жүрді.

30-40 жж. Қазақстандағы қалалар мен жұмысшылар поселкелерінің дамуындағы ерекшеліктер: берегей қызмет атқару (тау-кен, көлік жолдары, мұнай игеру т.б.); агломерациялылық пен қала халқының көпұлттылығы. Орталық Қазақстан бойынша халықтың аз орналасуы салдарынан, өндіріс орындарының игерілуіне сәйкес жаппай орналастыру аймағына жатты. [5]

Бұл қала халқының санының артуына әкеліп, Қарағанды халқының саны соғыс қарсаңында 87%-ға жеткен. [6]

Соғыс жылдарында соғыс аймағына жақын орналасқан зауыт-фабрикалардың Қазақстанға көшіру мен миграция үдерісі қатар жүргізіліп, Қазақстанда қала халқы шамамен 160 мың адамға көбейді. Қарағанды халқы 16,7 мыңға өскен болатын. [7]

Қарағанды қаласының серіктес қалалары – Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск. Өндіріс ошағы ретінде пайда болған қалалардың, қала статусын алуы түрлі жылдарда жүзеге асты. Серіктес қалалардың жұмысшылар поселкесі санатына жатқызылып, маңызының артуына себеп болған – ІІ дүние жүзілік соғыс. Өнімін кең көлемде соғыс жылдарында бере бастаған кен орындары, соғыстан кейін туындағын түрлі себептерге байланысты қала статусына ие болып, Қарағанды агломерациясын құрады.

Жоғарыда аталған елді мекендердің Қарағандыдан қашық орналасуы, өндіріс орындарын тікелей басқаруды қажет етті және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына қатысты туындайтын мәселелерді шешуді қиындатты.

Абай қаласы жанында, қала құрылмай тұрып, 1930 жылы жер аударылғандар санының артуымен хуторлар көбейді. Қарабас, Жартас, Вольный, Көксу елді мекендерінің негізі қаланды. Осы жылы «Гигант» созхозы құрылды. Жыл ішінде оның көлемі бұрынғы Тельман ауданының барлық түстік және батыс –түстік алабын орап Шерубай-Нұра, Соқыр өзендерін жағалап, Спасск арқылы Нілді кенішіне, одан асып Жаңаарқа ауданына жетті.

1931 жылы «Гигант» ГПУ бөлімінің Мәскеудегі ГУЛАГ-ына берілді. Сол жылдың аяғында (19 желтоқсан) «Гигант» базасы негізінде атақты ҚарЛаг құрылды. Директивалық құжаттарда оның Орталық Қазақстанды өндірістік игерілуі үшін құрылғаны айтылады

Ауданның қазіргі орталығының бой көтеруі Қарағанды көмір бассейнінің Шерубай-Нұра аймағын игерумен байланысты. Жұмысшы кентін салу 1949 жылы жүргізіле бастады. Оның құрылысын өздерінде бас еркі бар тұтқындар бастады. Негізгі жұмысшы күші Қарабас пен Долинкадан тасымалданды. Құрастырмалы шағын үйлердің қаңқасы Финляндия мен Калининградтан әкелінді. Екі жыл ішінде дүкен, мектеп, медпункт, дәріхана, екі жүзден астам үй пайдалануға берілді. 1954 жылы 6/7 (қазіргі «Абай») шахтасы, одан кейін «Шерубай-Нұра», Калинин атындағы, «Топар» шахталары пайдалануға берілді. Сол жылы Шерубай-Нұра елді мекені жұмысшы кенті мәртебесін алды, ал 1961 жылы оған қала мәртебесі берілді. [8].

Абай қаласы – Шерубай-Нұра поселкесі негізінде пайда болды. Оның құрылысы 1949 жылы тамыз айында Қарағанды қаласынан оңтүстік батысқа қарай 30 шақырым жерде басталды. Поселкенің пайда болуы Қарағанды көмір бассейнінің Шерубай-Нұра жаңа көмірлі ауданның игерілуімен байланысты болды. Жұмысшылар поселкесінің құрылысын бастаған И. Анохин, А. Лоскутов, В. Петров, С. Левиндер. Олар алғашқыда фин үйлерін құрастырумен айналысты.

1949 жылы Карагандагипрошахт институты жасаған 13,5 мың халқы болуы тиіс болашақ қала жоспары мен құрылысының алғашқы жобасы ресми түрде бекітілмеді, бірақ осының негізінде құрылыс объектілерін салу үшін арнайы құжат болып табылады. [9].

Алғаш құрылыс басталған уақытта поселке тұрғындарының тұрмыстық қиындықтары болды. Поселке аумағындағы су ащы болғандықтан, ауыз су үшін бірнеше шақырым жерге барды.

1950 ж. «Карагандагипрошахт» институты Шерубай-Нұра көмір ауданын кешенді игерудің жобасы негізінде, 160 мың тұрғындық қаланың сызбасын жасады. Осы жылдан бастап Саран, Майқұдық және Шерубай-Нұра учаскелерін игерудің жаңа кезеңі басталды. Өйткені бұл жерден кокстелетін көмір қоры табылды. Оны өндіруді арттыру жаңа аудандарды игеру есебінен болатын болды.

1950 жылдың ортасынан бастап № 617 шахтаның (кейін «Абай» шахтасы) құрылысы басталды. Шахта 1954 жылы желтоқсан айында іске қосылды. Шахтада Шерубай-Нұра поселкесінің тұрғындарымен қатар, өзге қалалар мен поселкелердің жұмысшылары да еңбек етті. Үш жылдан кейін шахтада 1200 адам жұмыс істеді.

1954 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының 2 желтоқсанындағы жарлығымен Қарағанды қаласының Шахтинск аудандық кеңесіне қарасты Шерубай-Нұра елді мекені жұмысшы поселкелері қатарына қосылды. Осы жарлықпен Шерубай-Нұра поселкелік кеңесі құрылып, оның құрамына Қараған, Вольный және Қызыл станциясы елді мекендері жатқызылды. [10]

1961 жылдың 15 тамызында Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1961 жылғы 15 тамыздағы Жарлығы бойынша Шерубай-Нұра жұмысшы поселкесі облыстық бағыныстағы Абай қаласы болып қайта құрылды. Абай қалалық Кеңесінің құрамына Жаңа Қараған, Оңтүстік Қараған елді мекендері, Қызыл станциясы, Қарабас поселкелік Кеңесі берілді.

1974 жылы қазіргі Абай (бұрынғы Бірінші май), Совет көшелерінің қиылысында ұлы Абайға ескерткіш орнатылды. Оның авторлары: сәулетші Б.И. Мусат пен мүсінші С.И. Мордвинцев.

Қаланың бұрынғы жергілікті өндірістік кәсіпорындары: ағаш өңдеу комбинаты, нан зауыты, лимонад цехы, автотаксопаркі солтүстік батыс жағында болатын болса, шахталар тұрғын аудандар көшесінің қиылысқан жеріндегі алаңда орналасқан 600 орындық кеншілер Мәдениет үйі 1958 жылы пайдалануға берілген еді.

1961 жылы қала халқы 23,5 тұрғынды құраса, 10 жылдан кейін 70 мыңға жеткен.

10 жылдығын Абай қаласы мынадай жетістіктермен қарсы алды: қысқа мерзімде қуаты 700 мың квт/сағ. КарГРЭС-2, 70 мың шаршы метр пәтер үйге арналған ірі панельді үй құрылысы зауыты, жылына 96 млн. сомның бұйымдарын шығаратын тігін фабрикасы пайдалануға беріліп, ШСУ-8, РСУ басқармалары, жолаушылар тасымалдайтан автотранспорт кәсіпорны, автоматты телефон станциясы, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары ашылды. [10, 7б]

1945 жылдың 1 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қарағанды қаласына бағынышты Самарқант облыстық бағыныштағы Теміртау қаласы болып құрылды. [11]

1954 жылдың 20 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қарағанды қалалық Шахтинск ауданының Саран елді мекені облыс бағынышындағы қала болып қайта құрылды. [12]

1961 жылдың 15 тамызында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Тентек – Шахтинск және Шерубай-Нұра – Абай елді мекендері облыс бағынышындағы қала болып құрылды. [13]

1945 жылдың басына қарай Қарағандыда 5 қалалық аудан құрылып, қаланың шеткері аймақтарын басқару жүзеге асты. 

Қарағандыда қалалық аудандардың құрылуы 30 жж. соңына жатады. 1938 жылдың 29 маусымында Қарағандыда үш: Киров – орталығы Киров атындағы шахты поселкесі, Ленин – орталығы Жаңа қала, Сталин – орталығы Ескі қала болып алғашқы үш қалалық аудан құрылды. [11, 76-77 бб.]

1945 жылдың 5 қаңтарындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен қалада Сталин ауданын бөлшектеу нәтижесінде жаңа екі: Қарағанды – Сұрыптау елді мекені орталығы болған Железнодорожный және орталығы №20 шахта елді мекені болған Шахтинск қалалық аудандары құрылды. [11, 25 б.]

Одақтың құрамдас бөлігі ретінде, орталықта жүргізілген іс-шара, түгелдей Қазақстанда да қайталанып отырды. Әрбір халық санағы сайын немесе әкімшілік – территориялық өзгеріс болғаннан кейін, қала халқы, қалалар туралы мәлімет беретін анықтамалық жинақтар шығып отырды. Сондай жинақтардың бірі «Каз.ССР. Административно – территориальное деление» атауымен бойынша шығып отырды.

Кеңес дәуірінде (1936-1989 жж. аралығында) 9 рет басылып шыққан, бұл жинақта, республика бойынша қалалар, қала типтес поселкелер, ауылдық елді мекен атаулары, әкімшілік бағыныста болуы, яғни қайсыбір елді мекеннің орталығы, әрбір облыс бойынша халық саны көрсетіліп отырды. Сонымен бірге әрбір жинақтың шығуы барысында, өткен сандарында жіберілген кемшіліктер, ескерусіз қалған жайттар қайта қаралып, түзетіліп отырды.

Аталған жинақ ірі өндіріс ошағы Қарағандының немесе Қарағандыға қарасты қалалар мен қала типтес поселкелердегі және оған қарасты селолық немесе ауылдық елді мекендердегі әкімшілік өзгерістерді, жалпы қала типіндегі елді мекендер немесе халық санын жүйелеп отыруға мүмкіндік туғызады. 

1959 жылдың 1 қаңтарына республика бойынша облыстар саны – 15; қалалық аудандар – 9; қалалар – 43, оның ішінде республикалық бағынышта – 1, облыстық бағынышта – 27, аудандық бағынышта 15; жұмысшылар поселкелерінің саны – 142, курорттық поселке – 1 болды.

Қарағанды облысы бойынша облыстық бағыныстағы қалалар – 5. Олар Қарағанды (1934), Балқаш (1937), Жезқазған (1954), Саран (1954), Теміртау (1945) қалалары.

Жұмысшылар поселкелерінің саны 26. Олар: Ағадыр (1941), Ақтас (1957), Ақтау (1950), Ақшатау (1944), Атасу (1941), Шығыс Қоңырат (1956), Гүлшат (1957), Жамбыл (1950), Жезқазған (1937), Дәрия (1956), Заводской (1957), Қарабас (1954), Қарағайлы (1954), Қаражал (1950), Қарсақпай (1933), Қоңырат (1938), Қорғасын (1956), Марганец (1954), Мойынты (1938), Никольский (1956), Новодолинка (1954), Сарышаған (1956), Семізбұғы (1944), Токаревка (1946), Өспен (1937), Шерубай-Нұра (1954) поселкелері еді.

Сонымен бірге жинақта әрбір жұмысшылар поселкелерінің әкімшілік орталықтары көрсетілген. Жезқазған қалалық кеңесіне: Ақтас, Жезқазған, Қарсақпай, Марганец, Никольский жұмысшылар поселкелері жатқызылса; Балқаш қалалық кеңесіне: Шығыс Қоңырат, Гүлшат, Қоңырат, Мойынты, Сарышаған, поселкелері жатқызылды. Саран қалалық кеңесіне: Қарабас, Новодолинка, Шерубай-Нұра поселкелері жатқызылды. [14]

Қалаларды көркейту мәселесі республика көлемінде шешіліп отырды. Мысалы 1957 жылы республикаға қалаларды көркейту жұмыстарына 17 600 мың сом бөлінді. Көрсетілген қаржының 1 350 мың сомы Қарағандыға бөлінді. [15]

1957 жылы аудан орталықтары мен жұмысшылар поселкелерін көркейту жұмыстарына республикалық бюджеттен 25 875 мың сом бөлінсе, Қарағанды облысына 2 175 мың сом бөлінді. Осы жылы аудан орталықтары мен жұмысшылар поселкелерінің саны 345-ке жетті. Қарағанды облысы бойынша жұмысшылар поселкесінің саны – 29-ға жетіп, республика көлемінде 3-ші көрсеткішке (ШҚО-34, ОҚО-31) ие болды. [15, 11 б.]

1975 жылдың 1 қаңтарына республикадағы облыстар саны 19; аудандар 210; қалалық аудандар 29; қалалар саны 82, республикалық бағыныштағы қала 1; облыстық бағынышта 48 қала; аудандық бағынышта 33 қала болса; қалалық поселкелер саны 183. [16]

1959 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметпен салыстырғанда республикада қалалардың өсуі – 52,4% болса, қала типтес поселкелер санының өсуі – 78,1%-ға тең болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1961 жылғы 6 наурыздағы жарлығымен республикадағы барлық елді мекендер қалалық және ауылдық мекендер деп бөлінді. Қалалық елді мекенге аудандық, облыстық бағыныштағы қалалар және қала поселкелері жатқызылды. Қала поселкелерін жұмысшылар және курорттық поселкелер деп атау орнына жаңа «қалалық поселкелер» деген атау енгізілді.

Қала және қала поселкелері санатына енгізілмегендері ауылдық мекендерге жатқызылды.

1973 жылдың 20 наурызында Орталық Қазақстанда әкімшілік-территориялық тұрғыдан үлкен өзгеріс болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының №1575 – VIII Жарлығымен орталығы Жезқазған қаласы болып бекітілген Жезқазған облысы құрылды. Облыс құрамына Қарағанды облысына қарасты поселкелік, ауылдық кеңестері; Жезқазған, Балқаш және Қаражал қалалары; Ақтоғай, Жезді, Жезқазған, Жаңаарқа және Шет аудандары енді.

Осы Жарлық бойынша Жезқазған облысында орталығы Ағадыр поселкесі болған Ағадыр ауданы құрылды. [17]

Жезқазған облысының 1975 жылғы 1 қаңтарындағы халқының саны 440,9 мың. 342,9 мыңы қала тұрғыны болып, қала халқы Жезқазған облысы бойынша халықтың 77,7% құрады.

Облыстық бағыныштағы қалалар саны 4, Жезқазған, Балқаш, Қаражал, Никольский.

Қала типтес поселкелердің саны – 20. Олар: Ағадыр, Ақтас, Ақшатау, Атасу, Шығыс Қоңырат, Гүлшат, Жамбыл, Жезқазған, Дәрия, Қарсақпай, Қоңырат, Марганец, Мойынты, Никольский, Сарышаған.

Сонымен бірге 1959 жылмен салыстырғанда жаңа қалалық поселкелер пайда болды. Олар: Ақжал (1964), Жәйрем (1972), Жарық (1963), Қайрақты (1961), Қызылжар (1974), Саяқ (1964).

Әкімшілік басқаруда да өзгерістер бар. Ағадыр ауданына әкімшілік бағынышта болған Жамбыл жұмысшылар поселкесі және жаңа қала поселкесі санатына жатқызылған Қызылжар поселкесі Қаражал қалалық кеңесіне әкімшілік бағынышқа берілді.

Өспен жұмысшылар поселкесі ауылдық елді мекен санатына жатқызылып, орталығы Өспен поселкесі болған Шет аудандық әкімшілігіне берілді. Ал Марганец қала поселкесінің аты Жезді болып өзгертілді. [16, 29-30 бб.]

Қарағанды облысы бойынша халық саны 1223,3 мың, қала тұрғындары 1043,8 мың. [16, 33 б.] Қала халқының үлесі облыс халқы бойынша 85,3% құрады. Қалалық аудандардың санында өзгеріс жоқ. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1961 жылы 14 қарашадағы Қаулысымен Қарағанды қалалық Сталин ауданы – Октябрь; [18] 1963 жылдың 7 қаңтарында Киров және Шахтинск қалалық аудандары біріктіріліп – Киров, [19] ал кейінірек 1969 жылдың 14 мамырында Советский деп аталды. [20]

Облыстық бағыныштағы қалалар Балқаш және Қаражал қалалары жаңа құрылған Жезқазған облысына әкімшілік бағынышқа берілгенімен, облыстық бағыныштағы қалалар саны азайған жоқ. 1961 жылы Қарағанды облыстық бағынысты Абай және Шахтинск қалалары құрылды.


Бөдеев Қанат Тұрұмұлы

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, тарих факультетінің аға оқытушысы, Қазақстан Республикасы


1. Маргулан А.Х. Джезказган – Древний металлургический центр (Городище Милыкудук)/ Археологические исследования в Казахстане. – Алма-Ата.: Наука, 1973, С. 3-42.

2. Голиков Н.Ф., Двоскин Б.Я., Спектор М.Д. Проблемы расселения населения Казахстана.- Алма-Ата.: Наука, 1989 г.

3. ҚОМА Ф.257, Оп.1, Іс 6, 38 бет

4. Собрание Указов распоряжений РСФСР, 1934, №9, 72 б.

5. Искаков У.М. Города Казахстана: проблемы социально-экономического развития. – Алма-Ата.: Наука, 1985, С. 20.

6. Сонда 18 бет.

7. Сонда 21 бет.

8. Майбас Т. Абай атын алған аудан.// Орталық Қазақстан, 2002, 13 ақпан.

9. Рахымқызы А. Қаламыздың тарихы еліміздің тарихы// Абай – ақиқат., 2001 жыл. – 3 ақпан.

10. Рахымқызы А. Қаламыздың тарихы еліміздің тарихы// Абай – ақиқат., 2001 жыл. – 17 наурыз.

11. ҚР ОМА ф.1109, оп. 5, д.1, 71 бет

12. Ведомости Верховного Совета СССР, №1, 1955год.

13. Ведомости Верховного Совета СССР, №36 (1071), 1961год.

14. Казахская ССР. Административно-территориальное деление на 1 января 1959 года. 3 издание. – Казгосиздат, Алма-Ата, 1959, 51-52 бет.

15. ҚР МОА Ф 1697, Оп 2, Іс 91, 3 бет

16. Казахская ССР. Административно-территориальное деление на 1 января 1975 года. Издание 6-е. - Алма-Ата.: Казахстан, 1975, С.4

17. Ведомости Верховного Сосета КазССР, №13 (951), 1973

18. Ведомости Верховного Сосета КазССР, № 48 (1083), 1961.

19. Ведомости Верховного Сосета КазССР, №3 (422), 1963.

20. Ведомости Верховного Сосета КазССР, №21, 1969.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?