Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысы.

6658
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысы. - e-history.kz
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құруға кірісті.

 Елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйенің орнығуына, күшті заң шығарушы органның, тәуелсіз баспасөз және автономиялық жергілікті басқарудың дамуына көп көңіл бөлінді.

Атамекен жеріміздің тәуелсіз ел екендігін, құдіретін, байлығын, бірлігін, мақсат-мұратын білдіретін қастерлі рәміздерді құрмет тұту, сыйлау, асқақтата дәріптеу қазақстандық әрбір азаматтың ең қымбатты борышы. Рәміз дегеніміз белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге, жанама сипаттап көрсетуден туатын сыр-таңба, эстетикалық категория, шартты белгі. Елтаңба, Ту, Әнұран - әрбір тәуелсіз мемлекеттің ажырамас бөлігі. 1992 ж. 4 маусым Қазақстан тарихында мемлекеттік рәміздердің дүниеге келген ерекше мәртебелі күн.

Қазақстан Республикасы туының авторы – Ш.Ниязбеков. Тудың біртүстілігі Қазақстан халқының бірлігін білдірсе, көгілдір түс геральдика тілінде адалдықты, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны, күн – энергия көзі, байлықтың нышаны. Тудағы бүркіт бейнесі мемлекеттік билікті, кеңдікті білдіреді, еркіндіктің, тәуелсіздіктің, болашаққа деген талпыныстың нышаны. Төл туымызды даралап тұрған тағы бір белгі оның сабына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті жолақ. Онда “Қошқар мүйіз” деп аталатын қазақы өрнек салынған. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Елтаңбасының авторлары – Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов. Елтаңба мәңгі өмірдің белгісі, отбасы берекесін, бірлікті, байлықты, бейбітшілікті меңзейді. Қазақстан Әнұраны әуенінің авторлары – композиторлар М. Төлебаев, Е. Брусиловский, Л. Хамиди болса, мәтінінің авторлары – ақындар М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева. Әнұранда халқымыздың еркіндікке құштар көңілі, тамыры терең болмысы, келешегіне бағышталған арманы көрініс тапқан. Әнұран патриоттық сезімнің белгісі. Әнұранның  әуені 1992 ж. 4 маусымда, ал мәтіні 1992 ж. 11 желтоқсанда бекітілді.

2007 ж. 7 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұрынғы Әнұранның орнына жаңа Әнұранның мәтіні қабылданды. Еліміздің жаңа Әнұраны - жұртқа әйгілі «Менің Қазақстаным» әні. Оның сөзінің авторы – Жұмекен Нажмиденов, ал ән әуенінің авторы – Шәмші Қалдаяқов. Жаңа Әнұранның мәтіні бүгінгі өмір талаптарына сай ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев тарапынан толықтырылды.

Ал 2007 жылы Елбасы Жарлығымен 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді. Бұл – Мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрмет белгісі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – отаншылдық сезімнің аса бір жарқын көріністерінің бірі. 

Астана – егеменді Қазақстанның жаңа елордасы. 1997 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл тарихи шешімнің қабылдануына қаланың өте ірі көліктік жолдардың тоғысында, еліміздің ұтымды геосаяси орталығында орналасуы себепкер болып, ол көп жағдайда біздің жас мемлекетіміздің келешек қарқынды дамуын айқындап берді. 1998 жылы 6 мамырда жаңа елорданы Астана деп атау туралы шешім қабылданды. Ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Осы жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Біз айрықша қысқа мерзімнің ішінде еліміздің дәл ортасында жаңа астанамызды тұрғыздық. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды.

 Қоғамды демократияландыру барысында жаңа саяси институттар – парламент, 1993-ші және 1995 жылдардағы конституциялар қабылданды, тәуелсіз сот билігі қалыптасты. Қазақстанда көппартиялық жүйе пайда болды. 1999 ж. республикада 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды.  Ал 2003 жылы саяси партиялардың саны 19-ға жетті. Жаңадан халық арасында танымал “Отан”, “Ақ жол” т.б. партиялар бой көтерді.

1995 жылғы желтоқсанда өткен бірінше қоспалаталы парламент сайлауынан кейін Қазақстанда қоғамды демократияландыру қадамдары одан әрі жалғасын тапты. Ашық баламалы сайлау, саяси күрес мәдениеті, көппартиялық жүйеге кең жол ашылды.  Оның нақтылы дәлелі ретінде елімізде жүргізілген Президент, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауды айтуға болады.

1999 жылғы 10 қаңтарда болып өткен Қазақстан Президенті сайлауына балама негізде 4 кандидат тіркелді. Олар: Коммунистік партия өкілі С.Ә.Әбділдин, Сенат депутаты Ә.Ғ.Ғаббасов, Мемлекеттік Кеден комитетінің төрағасы Ғ.Е.Қасымов және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан Президентін сайлауға барлық сайлаушылардың 87,05 проценті қатысты. Дауыс беру қорытындысында Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетіп, қайтадан Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланды. Оған дауыс беруге қатысқан барлық сайлаушылардың 79,79 проценті өз дауыстарын берді.

Қазақстандағы болып жатқан демократиялық өзгерістер 1995 жылы қабылданған Ата Заңында өзінің басты көрінісін тапты. Еліміз егемендік алғаннан бері екі Конституция қабылданды. Оның біріншісі – 1993 ж. қаңтарында өмірге келді. Бірақ оның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі бар еді. Бірінші Конституцияны жасауда асығыстыққа жол берілді. Нақтылап айтсақ, ел ішінде болып жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік процестерді бірден ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан нақты айқындау әлі мүмкін болмады. Осындай себептерге байланысты жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туындады. 1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық дауыс беру арқылы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды.

Жаңа Конституцияға, оның алдыңғысымен салыстырғанды, көптеген өзгеріс, ғылыми қағидалар енгізілді. Егер бұрынғы Ата Заң 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан тұрған болса, кейінгісі көлемі жағынан едәуір қысқарып, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда еліміздің экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті кепілдікті құқықтар беретін көкейкесті мәселелерді шешу ескерілді. Жаңа Ата Заң құқықтық мемлекет құруға бағдарланған. Конституцияның кіріспесінде: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”,- делінген. Мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне бөлінеді. Конституция бойынша Қазақстан Президенттік республика болып табылады. Президент елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілейтін мемлекет басшысы, ең жоғарғы лауазымды адам болып есептеледі.

Конституцияда Парламенттің орны мен атқаратын қызметі айқын белгіленген. Ол заңдар шығарып, қабылдайтын орган. Парламент – Сенат және Мәжіліс палаталарынан тұрады. Бұған дейін Парламентте мұндай екі палата деген ұғым болған емес. Жаңа Конституцияда екі палаталы парламенттің ерекшеліктері де жан-жақты көрсетілген. Жоғары мемлекеттік органдар жүйесіндегі үкіметтің тиісті орны, сот билігінің, прокуратураның қызметтері де айқындалған. Бұрынғы Ата Заңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйіні кейінгі Конституцияда жаңаша шешілген. Оны, әсіресе, жер, тіл, азаматтық,, негізгі құқықтар мен бостандық сипаты туралы, қос палаталы парламент құрылымы және Президентті айып тағу арқылы қызметтен кетіру мәселесі жөніндегі баптар мен тармақтардан айқын көруге болады.

Қорыта келгенде, біздің жаңа Конституциямыз, еліміздің рәміздері халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге міндетті.

2007 жылы мамырда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Ол республика халқы тарапынан түсіністікпен жылы қабылданды. Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру. Бұл жаңа өзгерістер мен толықтырулардың негізгі мәні қандай? Біріншіден, президенттік жүйеден басқарудың президенттік-парламенттік моделіне көшудің конституциялық негізі қаланды. Елбасы өз ұсынысымен біраз өкілеттілігін Парламентке берді. Конституцияға осыған байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Парламенттің құзіреті едәуір кеңейтілді. Президенттің құзіреті біршама шектелді. 2012 жылдан кейін Президент 7 жылға емес, 5 жылға сайланатын болды. Мемлекет басшысы ел басқарудағы міндеттер мен жауапкершілікті Парламентпен бөлісті. Президент Үкімет басшысын саяси партиялардың фракцияларымен ақылдасып-кеңесуден кейін әрі Мәжіліс депутаттары көпшілігінің келісімімен ғана тағайындайтын болды, яғни Президент үкіметті жасақтауды Мәжіліспен келісіп шешеді. Енді Премьер-Министрді бекітуде, демек бүкіл Үкіметті де бекітуде басты рөл Мәжіліске беріледі.

Парламенттің мәртебесін көтеретін бірқатар өзгерістер енгізілді. Біріншіден, оның сандық құрамы өсті. Мәселен, Мәжілісте енді 107 депутат болады. Екіншіден, оны сайлаудың түрі өзгерді. Бұрынғыдай мажоритарлық жүйемен жеке округтар бойынша емес, пропорционалды негізде партиялық тізім бойынша сайланады. Депутаттар сайлаудың пропорционалдық жүйесіне көшу саяси партиялардың қоғамдағы рөлін арттыруға, әрі депутаттардың сапалық құрамын жақсартуға көмектеседі. Парламент бюджетті бекітуге ғана емес, оның орындалуына да бақылау жасай алады. Палаталардың бірлескен отырысында Парламент Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бекітілген бюджеттің орындалуы туралы есебін қарап бекітеді. Егер оны бекітпесе, бұл Үкіметке білдірілген сенімсіздік деп танылады. Мәжілістің Үкіметке сенімсіздік білдіруі үшін бұрынғыдай депутаттар дауысының үштен екісінің емес, депутаттардың жай көпшілік дауысы жеткілікті болады. Сөйтіп, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Үкіметтің Мемлекет басшысының алдында ғана емес, Парламент алдында да жауапкершілігі белгіленеді.

Сонымен бірге қазір, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Мәжілістің 9 депутаты Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады. Сенат депутаттарының бір бөлігі Ассамблеямен кеңескеннен кейін тағайындалады. Сенат та көп өкілеттілікке ие болады. Ол Ұлттық банктің төрағасын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындау және оларды қызметтен босату жөнінде Президентке келісім береді. Сенат құрамы республика Президенті тағайындайтын 15 депутаттың есебінен көбейтілді. Парламенттегі 154 депутаттың 47-сі сенаторлардан құралады. Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысы ең қажетті жағдайда өтеді. Көбінесе өздері жеке жұмыс істейді. Мәжіліс өз қызметін тоқтатқан жағдайда Сенат бүкіл Парламент үшін жұмыс істей береді.

Конституциялық реформа бойынша жергілікті өзін-өзі басқару жаңа деңгейге көтеріледі. Мәслихаттардың бұл бағыттағы мәртебесі күшейтіледі. Жергілікті мәслихаттар мен олардың депутаттарының өкілеттілігі кеңейтілді. Олардың өкілеттік мерзімі 4 жылдан 5 жылға ұзартылады. Мәслихаттар жергілікті әкімдерді тағайындауға келісім береді. Ендігі жерде облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері сол деңгейлердегі мәслихаттардың келісімімен ғана тағайындалатын болады. Сондай-ақ мәслихаттарға басым көпшілік дауыспен әкімдерге сенімсіздік білдіру, оларды қызметінен босату жөнінде мәселе көтеру құқығы берілді. Осылайша, мәслихаттар мен олардың депутаттарының саяси рөлі арта түседі. Жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі мәслихаттар болатыны Конституцияда баянды етілген.

Конституциялық реформада саяси партиялардың қоғамдағы рөлін күшейтуге көп негіз жасалған. Сайлауда жеңіске жеткен партия үкімет жасақтауға мүмкіндік алады. Конституциядағы қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға салынған тыйым алынып тасталды. Енді саяси партиялар бұл қаржыға иек арта алады. Республика Президентінің өз өкілеттілігін атқару кезінде саяси партиялардағы өз қызметін тоқтата тұратындығы туралы 43-баптағы 2-тармақ алынып тасталды. Енді Президенттің саяси партияны басқаруға құқығы бар. Бұл да саяси партияның рөлін арттыра түспек.

Сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар ескерілді. Судьяны іріктеу-таңдау бір жүйеге келтіріліп, Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілді. Бұдан былай барлық деңгейдегі соттардың судьяларын тағайындауға ұсынымды Жоғары Сот Кеңесі жасайтын болады. Адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау біршама жақсартылған. Елімізде 2004 жылдан бері өлім жазасына мораторий жарияланған болатын. Енді өлім жазасы іс жүзінде қолданыстан шығарылды. Өлім жазасын жою заңды түрде енгізілді. Жаңа өзгерістерге байланысты біздің елімізде адамдарды апатқа ұшыратуға соқтырған террорлық қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс кезінде ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ғана адамдарға өлім жазасы қолданылады, әрі олардың кешірім жасау туралы өтініш ету құқы да қарастырылған.

Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға бағытталған Конституцияның 16-бабының 2-тармағы жаңа редакциямен қабылданды: Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Прокуратура органдары бұл құқықтан айырылады. Соттың санкциясынсыз адамды 72 сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады. Мұның өзі адам құқығын сақтауға бағытталған оң өзгеріс болып табылады.

Жаңарған Конституция бойынша жасы қырыққа толған, мемлекеттік тілді толық меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын, туа республиканың азаматы болып табылатын кез келген адамның Президент болып сайлануға құқығы бар.

Конституцияға енгізілген жаңалықтардың ішінде парламентарийлердің ұсынысымен енгізілген 42-баптың 5-тармағындағы «Ел Президенті болып бір адам қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды» деген тұжырым одан әрі күшінде қалып, ол «бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды» деген сөздермен толықтырылды. Мұны палаталардың бірлескен отырысында депутаттардың өздері көтерді. Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргесін қалаудағы ерен еңбегін бағалай отырып, елдің экономикалық қуатын арттыру, қорғаныс қабілетін күшейту, республиканы бүкіл әлемге таныту жолындағы қыруар істеріне көрсетілген құрмет ретінде осындай қадамға барғанын депутаттар ашық айтты. Екі депутаттан басқасы мұны бірауыздан қолдады. Соған сәйкес Н. Назарбаев тұңғыш Президент әрі жалпыға танылған ұлттық көшбасшы ретінде ерекше құқыққа ие болып, Конституцияда белгіленген екі мерзімнен тыс, әрине, баламалы негізде мемлекет басшысының лауазымына дауысқа түсу мүмкіндігін алды.

Парламент қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар сипаты Конституциямыздың жаңа мазмұнға ие болғанын көрсетеді. Бұл Конституциялық реформа заман талабынан, тарихи қажеттіліктерден туған еліміздің алға басуының, ілгерілеуінің маңызды алғышарты болып табылады. Біздің еліміз саяси жаңарудың,  демократиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты.

2007 жылғы 18 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Парламентінің төменгі палатасы - Мәжілісті, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары – облыстық және аудандық мәслихаттарын мерзімінен бұрын сайлау 2007 жылғы 21 мамырда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуімен байланысты болып, ол елдің президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқару түріне өтуін заң жүзінде баянды етті. Мұндай қадам демократияны дамыту мен азаматтық қоғам құруға бағытталған Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып отырған саясаттың қисынды нәтижесі болды.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет бұл сайлау пропорционалды жүйе негізінде партиялық тізіммен өтті. Мажоритарлық жүйеден кетіп, саяси партиялар бәсекеге түсетін сайлау жүйесін қалыптастырдық. Сайлауға жеті саяси партия қатысты. Ел азаматтарының өз еріктерін еркін білдіруі нәтижесінде «Нұр Отан» партиясы жеңімпаз атанды, бұл партияны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарады. Сөйтіп, елдің қалауымен көп дауыс жинаған «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясы қатарластарынан озып шықты. Әрине, нұротандықтар басқа партиялар сияқты науқан кезінде ғана емес, қай кезде де үздіксіз жұмыс жүргізіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне тұрақты атсалысты. Сайлауға электораттың 65 пайызға жуығы қатысуы жағдайында бұл партия дауыстардың 88-ден астам пайызын жинады, сөйтіп, заңмен белгіленген жеті пайыздық сайлау кедергісінен өткен бірден-бір саяси күшке айналды.

Мониторингтің нәтижелері бойынша, тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс сайлау елдің қолданыстағы заңына сәйкес өткізілді. Дауыс беру барысында анықталған жекелеген ұсақ-түйек заң бұзушылықтар сайлаушылардың еркін білдіруіне ықпал еткен жоқ. Барлық саяси партиялармен қатар, үміткерлерге тең жағдай жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдарында белгіленген күнге дейін сөйлеуіне, халыққа өз бағдарламасын таныстыруына мүмкіндік берілді. 

Сөйтіп, біз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерінің тәжірибесін және өзіміздің көпұлтты әрі көп дінді қоғамымыздың ерекшелігін ескеріп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетін тәуелсіз мемлекетімізді орнаттық. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?