Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы және оның салдары.

7271
Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын  қабылдауы  және оның салдары. - e-history.kz
Қазақ халқының тарихында XVІІІ ғасырдың басы аса бір ауыр кезең болды.

      Қазақ халқының тарихында XVІІІ ғасырдың басы аса бір ауыр кезең болды. Тәуке хан 1718 ж. қайтыс болған соң қазақ жүздері арасындағы саяси және шаруашылық байланыстар әлсіреп, билеуші топтар арасындағы алауыздықтар барған сайын үдей түсті. Тәуке хан тұсында бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырады. Белгілі орыс тарихшысы – ғалым А.И.Левшин өзінің “Описание киргиз – казачьих или киргиз – кайсацких орд и степей” деген еңбегінде  Қазақ хандығын Тәуке хан билеген кезеңді былай сипаттайды: «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургы, Драконты – сол адам. Тәуке ала ауыз болып, қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен әділдігінің арқасында жұрттың бәрін өзіне мойынсұндыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әулетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, тәубәсіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты».

Тәукеден кейін Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандықтарға бөлінді. Жүздердің  әрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің  (1720-1740 жж.), Қайып  (1716-1719 жж.),  сосын  Сәмеке (1719-1734 жж.) Орта жүздің, Әбілхайыр  (1718-1748 жж.) Кіші жүздің хандары  болды. Тәукенің тағына отырған оның баласы Болаттың (1718-1726 жж.) Ұлы хан деген  атағы ғана болды. Саяси тұтастығынан айырылған мемлекеттің экономикасы да әлсірей бастады. Жүздердің арасындағы шаруашылық байланыстар және  сыртқы сауда-саттық  үзіліп қалды. Қолөнер мен сауданың орталығы болған Оңтүстік Қазақстандағы қалалар құлдырады. Көшпелі және жартылай көшпелі аймақтармен отырықшы халықтың арасындағы байланыстың әлсіреуі халықтың әлеуметтік, мәдени, психологиялық, демографиялық жағдайын төмендетті.

Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы жағдайы да шиеленісе түсті. Жоңғар шапқыншылығы күшейді. 1690-1697 жж. болған Қытай – Жоңғар соғысы кезінде ойраттар (жоңғарлар) біраз жерінен, адамынан (50 мың), малынан айырылды. Қытайға қарсы күресуге күші жетпеген Жоңғар мемлекеті соғыста айырылған байлықтарын (адам, жер, мал) Қазақ хандығының есебінен қайтаруға тырысты. Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының көш-қоныс жерлеріне жақындады. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне Орта Азия  хандықтары, Еділ бойындағы  қалмақтар, башқұрттар мен Сібір казактары да үздіксіз шабуыл жасап отырды.

ХҮІІІ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылдардың басындағы жеңістердің нәтижесінде жоңғарлар қазақтың біраз жерін босатуға мәжбүр болады. Әрине, қазақтың барлық жері түгел азат етілмесе де, бұл үлкен жетістік еді. Қазақтар осы шайқастарда біріксе ғана біртұтас күш ретінде елі мен жерін қорғауға шамасы жететінін көрсетті. Алайда, Ұлы хандық билік үшін күрес қазақтарды тағы бөлшектеді.  Ұлы хандықтан үміткер Кіші жүзден - Әбілқайыр, Орта жүзден - Сәмеке  өздерін елеусіз қалдырды деп, Аңырақайдағы жеңістен соң шайқас алаңын тастап  кетіп қалды. Осы ішкі алауыздықтарды, қырқысуларды пайдаланған жоңғарлар қазақ жерлерін басып алу үшін қайтадан батысқа қарай жылжыды. Осындай қиын–қыстау жағдай Әбілқайыр ханды Ресей мемлекеті сияқты одақтас іздеуге мәжбүр етті.

1730 жылы  жазда Әбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петербургке Сейітқұл Құндағұлы мен Құтлымбет Қоштайұлын елші етіп жіберіп,  Ресей империясының бодандығына  қабылдауды өтінеді. Тұтас алғанда Кіші жүздің Ресей бодандығын  қабылдауының  объективті  негіздерін жоққа шығармай,  Әбілқайырдың  алысты көздейтін  жеке басының  менмендігін,  оның барған сайын  айқын көріне түскен  қара басын ойлаған  мүдделерін естен шығармау керек екенін атап өтеміз.  Хатында Әбілхайыр хан Орта және Кіші жүз қазақтарымен түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап көрсетті.

Еділ қалмақтарын, Қабарда княздігін, Грузин билеушілерінің жерлерін Ресей  құрамына қабылдау Сыртқы істер алқасы дипломатиялық қызметінің өрісін едәуір кеңейтті. Бұл жолы да Әбілхайыр ханның елшілігіне барынша құрмет көрсетілді. Оның Құтлымбет Қоштайұлы  бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды. Әбілхайырдың өтінішін қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің  XVІІІ ғ. басында Қазақ хандығы туралы айтылған пікірінен белгілі. Ол:  «…барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы дәл сол орданың (Қазақ хандығының) өзі ғана, осы себептен де солар арқылы барлық Азия елдерімен қатынасатын жолымыз болуы үшін қазақ ордасы Ресейдің қол астында болу керек» деген еді.

Осы мақсатта ол қазақ жеріне 1713-1720 жж. бірнеше экспедициялар жібереді. Алғашқысын 1713 ж. кінәз Александр Бекович-Черкасский басқарды. 1715 ж. И.Д. Бухгольц экспедициясы жасақталды. І Петрдің И.Д. Бухгольцке арнаулы жарлығында оған Тобылға бару және онда аталған губернатордан 1500 әскери адам алып, солармен  Ямышев көліне бару, онда қала жасап, аталған адамдарымен жаңадан салынған бекініс пен оның маңайына орналастыратын жерге жету міндеттелді. Осы әскери экспедиция үшін адамдар Томскіден, Түменнен, Тарадан және төңіректегі қыстақтардан жинап алынды. Деректерге қарағанда, 70-ке жуық әртүрлі зеңбіректер алынған.  И.Д.Бухгольцтің қырдағы жүрісінен ойраттар  қауіптенбеу үшін қонтайшы Цеван-Рабтанға алдын-ала Сібір губернаторының арнаулы өкілдері жіберілді. 1715 жылы 1 қазанда экспедиция Ямышев көлінің жағасына жетіп, сол жерде бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланады. 1717 ж. полковник П.Ступин экспедициясы Ямышевск бекінісінің іргесін одан әрі бекітеді, 1718 ж. П.Северскийдің отряды Железинск бекінісін салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін қалайды, 1720 жылы И. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін салады. Ресей мемлекеті үшін Қазақ хандығы «Азияға кіретін кілт пен қақпа” ғана емес, ол бірнеше мың халықтың бейбіт жолмен империяға қосылуы, Ресейдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштықтың орнауы еді. Сонымен бірге Ресей қазақтар арқылы жоңғарлар мен башқұрттарға күш көрсетуге немесе әлсіретуге мүмкіндік аламыз және Орта Азия халықтарын бағындыруға жеңілдік туады деп есептеді.

1731 жылы 19 ақпанда Ресейдің патшасы Анна Иоановна қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойды. Бұл құжатта былай жазылған: біріншіден, қазақтар патшаға берік болса және де салық төлеп тұруға уәде берсе, екіншіден, Ресей азаматтары қазақтарды ренжітпесе, қорлық көрсетпесе; үшіншіден, қазақтарға біреулер шабуыл жасаса, Ресей империясы оларды өз азаматтарындай қорғаса, төртіншіден, тұтқынға түскен орыс азаматтарын қайтарып, башқұрт және де қалмақтармен тату-тәтті боламыз деп қазақтар уәде беріп отырса, біз оларды Ресей империясының қол астына аламыз да, оның боданы деп есептейміз. Ал қазақтар, империяның боданы болған соң, өз жерлерінде Ресей бодандарына ешқандай қиыншылық жасамай, ренжітпей, тату-тәтті болуы қажет.

Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 31 сәуірінде Ресей Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған арнайы елшілік  жіберді. Патша үкіметі А.И.Тевкелевті қырғыз-қайсақ ордасын Ресей бодандығына келтірудегі міндеттері белгіленген Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 12 тармақтан тұратын  нұсқауымен жабдықтады.  Бұл құжат дипломатиялық миссия үшін іс-қимыл бағдарламасы болды.  Онда Ресей елшісіне тек Кіші жүз қазақтарын ғана емес, бүкіл қазақ хандығын түгел бодандыққа өткізу  міндеті қойылған еді. Нұсқауда Ресей бодандығын қабылдау мәселесінде хан төңірегінде алауыздықтар анықталған жағдайда дипломаттың еркін нұсқаулар таңдау мүмкіндігі болды. 

Империяның ішкі губернияларына неғұрлым жақын орналасқан Кіші жүзге дипломат жібергенде үкіметте ол жөнінде жеткілікті ақпарат болған жоқ, тек Қазақстанның солтүстік-батыс аудандары туралы Сыртқы істер алқасының кеңсесінде бәрі алдын-ала алынған, үзік-созық сипаттағы мәлімет болды. А.И.Тевкелев дипломатиялық тәжірибені қазақ жерінде жүріп жинақтады. Нұсқауда  оған қырғыз-қайсақтар туралы мәліметті жазып алу, елдің орфографиясын, халыққа бодандықтың ұнайтын-ұнамайтынын, оның көршілерінің кімдер екенін, өздері зеңбіректер құя білетін-білмейтінін зерттеу міндеті жүктелді. Осы нұсқау негізінде  А. И.Тевкелев күнделік–журнал жүргізген.

Белгілі тарихшы Н.Маев 150 жыл өткен соң, өзі жинаған деректер негізінде даладағы істің жайы туралы да, халықтың салты туралы да, тіпті оның тілектері туралы да сенімді мәліметтері болмай, жорамалмен әрекет еткен үкіметтің көзқарасын сын көзбен бағалады.

1731 жылы 5 қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе сайына келді. Атақты мейманды  бастап жүруді Әбілхайыр хан үлкен баласы, тәжірибелі жауынгер, әкесінің қызметін түгелдей қолдаған Нұрмұхамед Әли Баһадүрге (Нұралыға) тапсырды. Алайда Ұлы даланың тілі де, әдет-ғұрпы да жақын, түсінікті болған бұрынғы татар мырзасының күрделі дипломатиялық мансабының алғашқы қадамдарының өзі көрнекті  ақсақалдардың,  сұлтандардың зор  қарсылығына ұшырады. Олар  орысқа бодандық туралы естігілері де келмеді, «ханды соқыр тиын сияқты да көрмеді” тіпті  оны өлтіруге тырысқаны туралы дерек бар. Осы жағдай Әбілхайырдың Ресей патшасына елшілерді билеуші топтармен және халықпен ақылдаспай  жібергендігін  дәлелдейді. Ал Тевкелев болса өз басының пайдасын ойлап келген адам, сондықтан ол өз мақсатын орындау үшін қазақтың кейбір ақсақалдары мен билеріне мол сыйлықтар беріп, алдап-сулап әрен көндірген деп жазады тарихшы С.Асфендияров. А.И.Тевкелев  күнделігіне 2 жылға жуық уақыт бойы үнемі өлім қаупіне бас тіге жүріп,  аштыққа шыдап, бүкіл қабілетін жұмсап, бүкіл орданы көндіргенін жазды.

Бірінші болып бодандыққа Әбілхайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 ақсақал ант берді. Сонымен қазіргі кейбір басылымдарда жазылып жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. Бодандықты қабылдаған Әбілхайыр Ресей империясының шығыс шекарасын, орыс көпестерінің  сауда керуендерін  қорғауға, орыс мемлекетіне әскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден  салық төлеуге  уәде берді. Бірақ бұл уәделердің  бәрі толық  орындалған жоқ.  Сонымен қатар Әбілхайыр патша өкіметінен  өз ұрпағында хандық биліктің қалуын,  іштен және сырттан қиындықтар туа қалған жағдайда,  өзіне тірек және  қорған болатын  Ор бекінісін салуды талап етті. Әбілқайырдың бұл талаптарына  патша өкіметі үлкен мән бермеді,  себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметінің шығыс шекарасындағы  мүдделеріне  қарсы келмеді.  Тіптен Хан ордасы  мен шекаралық аймақта  бекініс салу  Ресей үшін хандық бодандықты  нығайтуға  тиімді еді.

1731 жылы Кіші жүз бен орыс мемлекетінің арасындағы қарым-қатынас осы жылы Ресей империясының протекторатын қабылдау туралы құжатқа қол қойғаннан бастап іс жүзінде бекітілді. Бұл сонда, қандай қарым-қатынас? «Протекторат немесе қамқорлық қатынастар - бастапқыда күшті және әлсіз мемлекеттердің арасында ерекше хұқықтар мен өзара міндеттемелер белгілейтін шартқа негізделген қатынастар. Оның мәнісі – алғашқысы кейінгісін қорғаса, ал кейінгісі алғашқысына егемендігін сақтай отыра белгілі қызмет көрсетеді” дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» деген еңбегінде. Протекторат – қорғаушы, қамқоршы, тірегі, демеушісі. Протекторатын қабылдау – күшті мемлекет әлсіз мемлекеттің қорғаушысы, қамқоршысы, демеушісі, арқа сүйегіші, тірегі болады, ал әлсіз мемлекет сол үшін белгіленген (келіскен) міндеттер атқарып отырады. Басқаша айтқанда, Ресей империясы Қазақ мемлекетін (Кіші жүзді) сыртқы жаулардан қорғап, ішкі саясатына араласпай, қазақтардың егемендігін сақтап қалуға мүмкіндік жасауға тиіс. Әбілхайыр ханның Ресей патшасына жазған хатына, Анна Иоановнаның қазақ халқына берген грамотасының мазмұнына қарап, бұл тарихи процесті Қазақстанның өз еркімен Ресей империясына кірді деп айтуға болмас. Кіші жүз басшылары Ресей империясының протекторатын қабылдауы немесе оның «боданы» болуын сұрауы тарихи факт. Алайда  «бодан» (подданный) қосылу емес. Ол тату болу, бейбіт қарым–қатынас жасау, одақтасу, адал болу деген ұғымдарды білдіреді.

Әілхайыр хан Ресеймен татулыққа жету арқылы таққа талас мәселесін шешуді ойлады, яғни өзінің билікке жетуінің бірден-бір жолы деп  үміттенді. Екіншіден, халықтың ұзақ соғыстан шаршағанын, экономиканың қансырағанын, орыс бекіністерінің қаптауын, орыс-казак станицаларының салынуын  және  жоңғарлар мен Еділ қалмақтарынан, Орта Азия хандықтарынан, Қытайдан келетін  қауіп-қатерлерді ескере отырып, ол Ресейден бодандықты сұрауға мәжбүр болды. Дәл осы сәтте хан тағына лайықты адам «соғыс тәжірибесі мол, атағы да, абыройы да зор, өктем мінезді, өркөкірек Әбілхайыр …» болды дейді тарихшы Ж. Қасымбаев. Ал М. Мағауиннің пікірінше:  «… үш жүздің әскерлерінің бас қолбасшысы сайланып, өзінің ұйымдастырушылық дарын, қабілеті, жеке басының ерлігімен аты шыққан, оның үстіне тәжірибесі мол…Әбілхайырдың аға хандықтан үміт етуіне негізі бар еді …». Тарихшы-ғалым М.Қ. Қозыбаевтың  пікірі де осы мағынамен ұштасады. Ол: «Сол бір сәтте төре әулетінде Әбілхайырдан басқа жан жоқты. Алайда бақ таласы, тақ таласы, жүздік талас нәтижесінде бұл мақсат іске аспады. Әбілхайыр хан халық бірлігін, оның болашақ тірлігінің өзіндік жолын іздеді …» дейді.

Сонымен қатар Ресей патшалығы қазақ хандықтарын түгел өзіне қарату мақсатында бұл өлкеге бірнеше  экспедиция жасақтады. 1734 жылы  мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Көп кешікпей оны Орынбор экспедициясы деп атады. Ол экспедицияны сенаттың обер хатшысы И. К. Кириллов басқарды. Ол өлген соң 1737 жылы Н. Татищев келді. Бұл экспедициялардың мақсаты Кіші жүз және Орта жүздегі ықпалды Шыңғыс ұрпақтарының бодандығын нығайту болды. 1740 жылы Орынбор бекінісіне олар қазақтың беделді сұлтандарын шақырып, Ресейге өздерінің бодандығын мойындауды талап етті. Осы жолы орта жүздің біраз сұлтандары Ресей бодандығын қабылдады.  Алайда, айта кету керек,  бұл жерде бодандық қабылдау тұралы  құжатқа қол қою рәсімі болған жоқ. Осыған байланысты  айта кететін жәйт, қазақ билеуші топтарының  бодандық туралы мәселеге  өте селқос қарауында. Оған патшалық Ресей империясының қазақ билеуші топтарынан  ант алу рәсімін  жиі қайталауы себеп болды. Мысалы: Әбілқайырдың өзі  үш рет ант берген. Әбілқайырдың 1742 жылы тамыздың  20-жұлдызында берген антының  1731, 1738 жылдардағы анттарының мәніндей құны болмаған.

1740 жылы Қытаймен бейбіт бітім жасасқан жоңғарлар 1741 ж. Орта жүз қазақтарының жеріне басып кіреді. Күтпеген соққыны қазақтар қайтара алмай, Кіші жүз жеріне қарай шегінуге мәжбүр болады. Әбілхайыр хан дереу Ресейден әскери көмек сұрайды. Бірақ Ресей империясы көмек көрсетпейді, өз азаматтары (подданныйы) ретінде санап, сыртқы жаудан қорғамайды. Бұл жерде Ресейдің екіжүзді саясаты көрінеді және де Орта жүздің Ресей протекторатын қабылдауы жай ғана сөз жүзінде қалып, ешқандай саяси мағынасы болмаған деп айтуға болады. Ресей империясы қазақ хандығының күшеюін немесе біртұтас болғанын қаламады. Себебі, ондай мемлекетті бағындыру қиын болатынын түсінді. Сондықтан Ресей қазақ билеушілерін бір–біріне айдап салу және түрлі сыйлықтар мен атақтар таратып өз мақсаттарына пайдалану, қазақ жерін Ресей империясының отарына айналдыру саясатын ұстанды. Ресей Әбілхайыр ханды патша үкіметіне түгелдей тәуелді ету үшін  оның ұлы Қожахметті аманатта ұстады. Тарихшы С. Асфендияровтың  пікірі бойынша патшалық үкімет Қазақстанға достық және бодандық туын желеу етіп, жыртқыштық, тонаушылық саясатты ұстанды.

Патша үкіметінің Кіші жүздегі өз ықпалын күшейтуге бағытталған шаралары Әбілхайыр ханды қарсылыққа мәжбүрледі. 1744 жылы ол қарақалпақтарды шауып, Астраханнан Хиуа мен Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей қарамағындағы қалмақтарға, сосын орыс шекараларына шабуыл жасайды. Жоңғар хандығы әлсіреген кезеңде  қазақ жеріне орыстар билігінің таралуына орай бұл мәселелер Әбілхайырдың Орынбор әкімшілерімен жиі өткізілген қиын келіссөздердің нысанасына айналып, егес, күтпеген түсініспеушіліктер туғызды. Осы жағдай Әбілхайыр ханның Ресей жағына қатысты бұрынғы адал және ізгі ниетті көзқарасының салқындауына себеп болды. Әбілхайыр ханның Ресей билеушілеріне қарсылық көрсеткені төмендегіден көрінеді. 1748 жылы Әбілхайыр ханды Орта жүздің Барақ сұлтаны өлтіргенде Ресей империясының шенеуніктері былай деп жазған: «Әбілхайыр хан қаншалық қиянат жасаса да, басқаларға қарағанда бірінші болып императордың ұлы мәртебесінің қол астына кірген еді».

Осы жылы патша үкіметі Кіші жүздің хандығына Әбілхайырдың баласы Нұралыны бекітті және ол Петербордан Орынборға әкелген сыйлықтарға ие болды. Патша Анна Иоанновнаның атынан келген тартулар  атап айтқанда, «татар және орыс тілдерінде жазулары бар қылыш, бұлғын тон, қара түлкілі екі бөрік, мәуіті тон …», - дей келе, сонымен бірге  қасындағы інілеріне, анасына, старшын, бий т.б. сыйлықтарға «жалпы 3000 руб. ден де көп қаржы жұмсалды …», - дейді  В. Витебский «Неплюев  және 1758 жылға дейінгі бұрынғы құрамдағы Орынбор өлкесі» деген еңбегінде. Ресей мемлекетінің бұл ісі қазақ мемлекетінің ішкі саясатына араласуға жағдай жасау, яғни мемлекетті бостандығынан, тәуелсіздігінен айыруға жол бастау еді. Бұл жерде Ресей империясының дипломатиялық корпусы үлкен рөл атқарды. Мысалы: Бекович–Черкасский, Тевкелев тәрізді басқа ұлт өкілдерінің қазақ жеріндегі әскери–зерттеу миссиясы Ресейдің қазақ жеріне ендеп кіруіне мүмкіндік туғызды.

ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары-ақ Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының Ресей протекторатын қабылдағанына  қарамастан, олардың бағынуы нақты болмады. Себебі, қазақ билеушілері бұл кезде жоңғар жаулаушыларымен қырғи-қабақ соғыста еді. Оның үстіне Қазақстан шекарасында күшті Цин империясының пайда болуы күрделі саяси жағдайдың тууына  және қазақтардың Ресей ықпалынан шығып кету қаупіне әкеліп соқты. Жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне  әлсін-әлсін шабуылын Ресей үкіметі тиімді пайдалануға тырысты. Осыған орай Қазақстанның осы аймақтарын Ресей бодандығында ұстау шекаралық өкімет орындарының негізгі міндетіне айналды.  Ресей әскери күштері Қазақстанмен шекара аймақтарында бекіністер салуды үдетті. Ресей империясы ХVІІІ  ғасырдың 30-40 жылдары Қазақстанның солтүстік-батыс шекарасында Верхнеяицкіден Звериноголов бекінісіне дейін созылып жатқан Үй бекініс–шебін салды. Оның ұзындығы  770 шақырым болды. 1752 жылдың жазында генерал С.В.Киндерманның басшылығымен 11 бекіністен тұратын Новоишим бекіністі шебін салу басталды. Оның жалпы ұзындығы 662 шақырым болды. Осы бекіністі шептің ең бастысы Есілдегі Петропавл болды. Бекіністі шептің басты мақсаты Үй және Ертіс шептерін  жалғастыру болатын. Осы шептердің салыну салдарынан қазақтардан ені 50 шақырымнан 200 шақырымға дейін  жететін жер көлемі алынды. Ресейдің Қазақстан территориясына экспанциясы нәтижесінде 1752 жылдан бастап Ертістің жоғарғы ағысындағы Үлбі, Бұқтырма және Нарын бойындағы жерлердің Ресейге қосылғаны туралы ресми түрде жарияланды.

Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын барған сайын күшейтті. Шекаралық өкімет билеушісі И.И.Неплюевтің “бөліп ал да билей бер“ принципіне негізделген идеялары мен жоспарлары қолданысқа кірді. Қазақ руларының Жайыққа, Жайық қалашығы мен бекіністерге  жақын жерлерде көшіп жүруіне  тиым салу туралы 1742 жылы 19 қазанда жарлық шықты.  Кейін ол 1756 жылы толықтырылып, түгел Жайық пен Еділ арасында қазақтарға көшіп-қонуға тиым салынды.

1760 жылы  Өскемен бекінісінен Телец көліне дейін бекіністер салына бастады. 1761 жылы Өскеменнен Зайсанға дейін Бұқтырма шебінің бекіністері пайда болды. Осы алынған жерлерді шаруашылықпен игерген кезде ғана бекітіп алуға болатынын түсінген шекаралық өкімет орындары бұл аудандарға ел қоныстандыруға  белсене күш–жігер жұмсады. ХVІІІ  ғасырдың  60-жылдарында-ақ Алтайға Тобыл губерниясынан 2 мың шаруа мен әртектілер көшіріліп әкелінді. Сонымен бірге шекаралық өкімет органдары қазақтарды шекаралық аудандардан ығыстырып тастау жөнінде шаралар қолданды. 1755 жылы Сыртқы істер алқасы Сібірдің өкімет орындарына  қазақтар “бұлайша еркін өту олардың дағдысына айналмау үшін Ертістің оң  жағына өткізілмесін” деген нұсқау  берді. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 10 шақырымнан және орыс бекіністерінен 30 шақырымнан жақын жерде көшіп жүруіне мүлде тиым салынды. Осылай 1730-1740 жж. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы нәтижесінде солтүстік–батыс Қазақстан жері Ресей империясының отарына айналды.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?