Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ресей империясының Батыс Сібір, Алтайды отарлаудағы жер аударылғандардың жекелеген тарихы

2360
Ресей империясының Батыс Сібір, Алтайды отарлаудағы жер аударылғандардың жекелеген тарихы - e-history.kz

     Ресей патшалығы тарапынан ХVІ ғасырдың соңынан Ба­тыс Сібір, Алтай аймағын отарлап, оны империяның құрамына қосуында осы үлкен аймақты әскери, өнеркәсіптік, шаруашы­лықтық тұрғыда игеру, тұрғындарын толығымен орыстанды­руды іске асыруда бірнеше ғасырларға созылған әртүрлі жаза­сын өтеушілерді аталған жерлерге жіберуге, мерзімдерін өтеп болғаннан кейін тұрақты қалдыруға ерекше назар аударылды.

Сол мерзімдегі отарлау саясатының негізіне айналған әр топтағы қылмыскерлерді көрсетілген өлкеге жер аударудың мақ­са­ты, барысы ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы ресейлік басы­лым­дарда үнемі жарияланып келді. Сібірге жазаларын еңбекпен өтеуге жіберілгендердердің ондағы атқарған қызметтері, тұр­мыс­тарына, т.б. көптеген зерттеулер арналды. Аталған мәселеге ХІХ-ХХ ғасыр басындағы белгілі сібіртанушылар И.Завалишин, Н.М.Ядринцев, Н.Г.Потанин, Н.Я.Коншин, американдық зерт­теу­ші Дж.Кеннан, т.б.  шығармалар жазды.

Осы мәселені көтерген тарихи деректерге сараптама бере отыра негізінен алғанда: “Патша әкімшілігі тарапынан ХVІ-ХХ ғасырдың басы кө­ле­міндегі Сібірге, соның ішінде Алтай айма­ғына жер аударылғандар  қатарында:

1. Ауыр қылмыс жасаушылар;

2. Әр бағыттағы діни жікшілдікті насихаттаушылықтары үшін жазаланғандар; 

3. Рекруттық міндеткерліктен бас тартқандар;

4. Помещиктік иеліктен қашқандар мен олардың жанұя мүшелері;

5. Әртүрлі соғыс тұтқыны – шетелдіктер (поляктар, шведтер, прибалтикалықтар, т.б.);

6. ХІХ ғасырдың 20 жылдарының екінші жартысынан бас­талған әр тұрғыдағы Ресейдегі азаттақ қозғалысына қатысқан саяси тұрғыда жазаланушылар, т.б. болғандығы” [1] айқын­да­ла­ды.

Көрсетілген мерзімдегі арнайы басылымдарда жазасын өтеу­шілердің жаңа жерлерге орналасулары, жұмыспен қамтылу­лары, олардың саны, т.б. құнды деректер үнемі жарық көріп, оның маңызы мен қажеттілігіне назар аударылып, талдау жаса­лынып келді. Атап айтқанда: “... Жазалау ретіндегі Сібірге жер аударылатын қылмыскерлер адамдардың ерекше тобын құрай­ды. Оларды екі топқа бөлуге болады: қатардағы адамдар және дворяндар  немесе қызмет барысында дәреже алғандар.

(Сонымен қатар,-Ғ.Қ.) оларды каторгалық мәңгілік жұ­мыс істеу мақсатында жер аударылғандар және Сібірге қоныс ауда­руға жіберілгендер деп бөлуге болады.

Бірінші топтағы жер аударылушылар істеген қылмыс­та­рына қарай Нерчинск кен уату зауыттарына жұмысқа жіберіледі немесе шаруалар қатарына жатқызылады, шенеунік адамдар мен дворяндардың қылмыстары ауыр болмаса еркіндікте қалып, еш­қандай міндеткерліктер атқармайды, және де азықтарын өз ең­бек­терімен табады. 

... Қызмет істеп тұрған заңдарға сәйкес кісі өлтірушілер, т.б. осындай қылмыскерлер қандай топтан шықпасын Нерчинск зауыттарындағы ауыр жұмыстарға пайдаланылады; ал басқа ауыр қылмыс жасағандар басшылықтың шешімі бойынша жаңа жерлерге немесе бұрынғы қоныстанушылар арасына жіберіледі. Бұл жерде олар тең дәрежедегі еркіндікке және  көмектерге ие болады, бір деңгейдегі міндеткерлікті атқарады және кейін шар­уалар, т.б. дәрежелерін ала отыра өз еңбектерімен азықтарын қамтамасыз етеді” [2], - деген анықтамалардан ХІХ ғасырдың басына дейінгі Батыс Сібірге жер аударылған қылмыскерлердің арнайы топтарға бөлініп, оларды Сібірдің байлығын игеру, қоныстандырудағы мемлекеттік мақсатты айқындауға болады.

  “Сибирский вестник” журналының 1822 жылғы санындағы жарияланған “О новых  постановлениях  для управления  Сибири”- деген сипаттамада  1822 жылдың 22 шілдесінде  бұрынғы Сібір Генерал-Губернаторы  Құпия Кеңесші  М.М.Сперанский негіздеп,  Сібір Комитетінде талқыланып,  Патшаға ұсынылған Сібірді басқарудың  жарғысы қабылданғандығы баяндалған..

  Жарғыда  Сібірді игерудің, оны қоныстандырудың  негізгі буыны- саяси және қылмыскер жер аударылушылардың ережесі бекітілген, олардың міндеттері, құқықтары сараланған. 

  ... Аталған Жарғымен дан анықталатыны:

  1.Жер аударылушының сотталған жердегі үкім шығарылғаннан Сібірге жер аударылғанына дейінгі жағдайы.

  2.Сібірге жер аударылғандарды басқару құрамы

  3.(Ережені,-Ғ.Қ.) қолданудың жағдайы,-Сібірге алғаш келген мерзімнен  олар орналасқан өлкенің қажеттілігі және көзқарастарын түзеу мақсатында еңбек ету.

  4.Жер аударылушылардың әр орындарда болуы және оларды қайтарудың мерзімі.

  ... Жер аударылғандарды мерзімін өтеу орнына дейін жеткізу Орынбор губерниясынан екі жыл сайын ауыстырылып отыратын  башқұрт және мещеряк казактары арқылы іске асырылады. Оны жабдықтау  жергілікті тұрғындарға міндеттеліп келді.  Қазір  бұл қызмет бұрынғыдай, алайда ақшалай жиын арқылы іске асырылып,  Иркутскіге дейінгі үлкен жолда  ішкі губерниялардағы сияқты жер аударылушыларды жеткізу командалары құрылады”. [3] Яғни, бұл ресми құжаттың мазмұнынан Ресей әкімшілігінің  саяси, т.б. қылмыскерлерді Сібірге жер аудара отыра, оларды ерекше топ ретінде аталған өлкені игеру, орыстандыру, т.б. пайдалануды мақсат еткендігін білуге болады. 

  ХХ ғасырдың басындағы “Сибирь, ея современное сос­тояние и ея нужды” [4] атты мақалалар жинағынан ХІХ ғасыр­дың соңына дейінгі Батыс Сібірге жер аударылғандарды жіберу­дің тарихы, олардың әр кезеңдердегі саны, атқарған істері нақты деректер арқылы баяндалған. Яғни, онда көрсетіл­генін­дей: “Айыптыларды қоныс аударту арқылы отарлау үздік­сіз және жүйелі түрде жүргізіліп, қылмыскерлердің жаңа топтары Сібірге келмеген онжылдық болмады. ... күшпен қоныс аударыл­ған­дар­дың саны елдің оларға деген қажеттілігінен тумады, керісінше Ресейдегі қылмыс жасау көлемімен айқындалады.

... 1823 жылға дейін жыл сайын 2000 адам жер аударылды, ал 1823 жылдан кейін жер аударылғандар саны 6667 адамға дейін өсті. 1877 жылға Сібірдегі жер аударылғандар саны 333914 адам болды.

... 1592 жылы Пелым острогын қоныстандыру үшін царевич Дмитрийдің өлтірілуіне байланысты іске орай  алғашқы жер аударылушылар жіберілді.

Одан кейін бұл жаққа кезкелген наразылық және толқуға қатысушылар бүкіл деревняларымен жүздеген, мыңдаған адам­дар жіберіле бастады. Михайл патшаның кезінде Сібірге онымен Мәскеу тағына таласушы екі үміткердің жақтастары және 180 за­порождық адамдар жіберілді. Алексей Михайлович кезінде мыс ақшаның құнсыздануына орай коломенскбүлігіне қатысушылар жіберілді. Сібірге Стенка Разин мен жалған патша Симеон Алексеевичтің жүздеген жақтастары кетті. ХҮІІ жүз жыл­дықтың алпысыншы жылдары Украинаның қосылуына на­ра­зы мыңдаған украин казактары мен (Украинаның,-Ғ.Қ.) тұр­ғындары Сібірге айдауға жіберілді. (1622 жылғы Сібір тұрғын­дары арасындағы алғашқы санақ бойынша 70000 тұрғынның 7400 жер аударылғандар екендігі анықталды.

Мөлшермен осы мерзімнен бастап 1653 жылғы жарлық бой­ынша ұрылар, тонаушыларды өлім жазасына кесу Сібірге жер аударумен ауыстырылған (тұрмыстық,-Ғ.Қ.) қылмыскерлер­ді жер аудару бастау алады. Осылармен қатарСібірге жүздеген, мыңдаған әр түрлі (тәртіпке,-Ғ..М.) бағынбаушылар: стрелецтер (атқыштар,-Ғ.Қ.),діни жікке бөлінушілер,запорождықтар, швед әскери тұтқындары және поляк конфедераттары(айдалды,-Ғ.Қ.).

... Өткен жүз жылдықта (ХІХ ғасырда,-Ғ.Қ.) Сібірде ерлер мен әйелдерді бес және тіпті он жылға дейін шынжырға байлайтын болды.

... Фабрикаларға тап болған каторгалықтардың жағдайы салыстырмалы түрде жақсы болды. Сібірдегі фабрикалардың көп­шілігін жеке адамдар негіздеп, кейін қазынаның қарамағына өткен. ... Омбыда казак әскерлерінің мүддесін орындайтын ка­торгалық кенеп шығаратын қазыналық фабрика болды. Қамал­дық казематтардың ішінде омбылық (1708) басқаларға қараған­да 1783 және 1837 жылғы поляктарды қанға бояп жазалаумен және онда Д.М.Достоевскийдің болуымен аты шықты.

...1807 жылы Сібірге жер аударылған саяси айыпталу­шы­лар саны жыл сайын 2035 адамға жетті. Осы мерзімде қылмыс­тық жер аудару берік қалыптасып, әкімшілік және құқықтық ережеге енді. Жиырмасыншы жылдары (ХІХ ғасырдың,-Ғ.Қ.) олардың саны жыл сайынғы 6000-ға жетті.1824 жылдан 1827 жылға дейін  оның жыл сайынғы саны артып, 9 тіпті 11 мыңға дейінгі санды көрсетті. (ХІХ ғасырдың,-Ғ.Қ.)  60-жылдары қыл­мыскерлердің орташа көрсеткішінен басқа (Сібірге,-Ғ.Қ.) 18,5 мың көтеріліске қатысушы поляктар, аграрлық тәртіпсіздіктері үшін осыдан аз емес орыс шаруалары жер аударылды. Аталған уақытта қылмыскер жер аударылушылардың саны едәуір өсе түсті. 1878 жылы олардың саны 19314адамға жеткен 1883 жыл­дан бастап жыл сайынғы 17790 адамға жетті және деаздаған өз­герістермен келесі он жылдықта да осы көрсеткіш деңгейінде болды. (ХІХ ғасырдың,-Ғ.Қ.) 90-жылдарында қылмыстық жер аудару өзінің ең жоғары шегі – 20000 адамға жетті” [4.45,47,202-203,205,215].

“Оңтүстік Алтайдағы отарлаушылар қылмыскерлер және қашқын немесе еркін адамдар және аңшылар болды.

Фальк 1764 жылы Барабыны жер аударылғандармен және пошта қызметкерлерімен қоныстандырудың шарттарын сипат­тай­ды. Әр жанұя жұмыс атын, сиыр, екі қой, плуг, балта, 4 пұд тары, зығыр тұқымын алды. 3 жылда әр ер адамға күніне 1 копеектен және әйелдер мен балаларға солдат тамағы беріліп, 4 жылдан кейін қоныс аударушы салық төлей бастайды” [5], - де­ген мазмұндағы деректерден Алтайды отарлаудағы әр уақыт­тарда жіберілген қылмыскерлердің алған орнын білуге болады.

“Ссылка в Сибирь. Очерк ее история и современного по­ложения” [6] атты жинақта ХІХ ғасыр көлеміндегі Сібірге жаза­ларын өтеуге жіберілген барша топтағы қылмыскерлердің сан­да­ры берілген. Одан айқындалатынындай: “1807-1899 жылдары жер аударылушылар есебінен 635319 екі жынысты адамдар мен олардың жанұялары келіп орналасты, немесе олар аталған өлке тұрғындарының 6-дан 1 бөлігін құрады” [6 .133].

Осы жинақтағы: ...“Қоныстандыруға және жұмысқа жібе­ріл­ген жер аударылушылар Сібірде 10 жыл болғаннан кейін шар­уалар аталуына рұқсат беріледі (жер аударылушылар туралы жарғының 375 бабы).

Пайдалы еңбекпен белсенді айналысып, өздерін дұрыс ұстай білген, отырықшылыққа ауысқаны үшін бұл мерзім 6 жылға дейін қысқартылады.

Жоғары дәрежедегі манифест бойынша 1896 жылдың 14 ма­мырына дейін қылмыс жасағандар үшін жер аударылушы –қоныстанушы дәрежесі тағы да 4 жылға қысқартылады, ал екі манифест талаптарына жататындарға қалалық топқа өтуге рұқ­сат беріледі,” [6.324] - деген анықтамалардан Ресей империясы тарапынан Сібірді отарлаудағы жер аударылушыларға деген қатынасын айқындауға болады.

Қорыта айтқанда, әртүрлі жасаған қылмыстарына орай жер аударылғандарды Сібірді, соның ішінде оның батыс өңірі мен Алтай жерін игеру мен оны қоныстандыру ісіне пайда­лануға арналған мәліметтер аталған аймақтың Ресейге бодан­дық кезе­ңін­дегі нақты тарихын жасаудағы құнды деректер екендігі анық. 

Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты

 ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қарасаев Ғ.М. Алтай өңірі көне заманнан ХХ ғасырдың басына дейін (тарихи-этникалық бағыт)., Өскемен, 2010, 325 б. 

  2. //Сибирский Вестник, изд. Григорьем Спасским, 1820 год, Часть одинадцатая. -“Рассмотрение книги под названием: Статистическое обозрение Сибири (Продолжение)” Спб., 1820, сс. 85-86.

  3.//Сибирский Вестник, издаваемый  Григорьем Спасским. 1822 год. Часть девятнадцатая.- “О новых  постановлениях  для управления  Сибири”. - Спб., 1822., с.24

4. Сибирь, ея современное состояние и ея нужды.-Сбор­ник статей под редакцией И.С.Мельника «Население Сибири: Д. Клеменца», «Ссылка и каторга в Сибири: Вацлава Серо­шев­ского». -Спб., 1908. С.37-78, 201-233.

5. //Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией Г.Ф.Чиркина и Н.А.Гаврилова, 1911год.-Спб., 1911, С.461.

6. Ссылка в Сибирь. Очерк ее история и современного положения. - Спб., 1900, С. 339.

  Мәлімет ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтынан берілді


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?