Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тұңғыш білімді қазақ ханы

3500
Тұңғыш білімді қазақ ханы - e-history.kz

Негізгі еліктеп әуестенген кәсібі – ғылым,ал қамшының сабындай қысқа өмірінің мәні мен мағанасы – білім болған хан Жәңгір ағартушылық саласында қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтан 34 жылға, бірінші қазақ ұстазы Ыбырай Алтынсариннан 40 жылға және ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбаевтан 44 жылға озық тұрғаны тарихи ақиқат.

Бірақ, белгісіз бір себептермен осы күнге дейін қалың бұқараның осыншама ірі тарихи тұлғаның өмірі мен игі істері жайлы мәліметтерден мүлдем бейхабар болып келгені әрі түсініксіз, әрі өте өкінішті жағдай.

Өткен жылы бір кездейсоқ жұмыс жағдайымен Қазан қаласында іссапармен болғанымда осы жәйтке көзім жетті. Сол жолы Татарстан Ұлттық кітапханасының директоры менің Н.И.Лобачевский атындағы Қазан университет кітапханасына келгенімді, ал өзім Алматыдағы ҚР БҒМ «Ғылым ордасы» РМК-ның Қазақстан ғылымы тарихының мұражайында жұмыс істейтінімді білгеннен кейін маған Қазан университетінің тарихы мұражайын және Татарстан Республикасының Ұлттық мұражайын көргеніңіз абзал болар еді – деп қолқа салды.

Сонау 1804 жылы құрылған Қазан университетінде 10 мұражай (музей) жұмыс істейді екен. Олар: археология, геология, өсімдіктану, зоология, этнография, педагогика тарихы, университет тарихы, казан химиялық мектебі, ескі заттар мұражайы мен мұражай-зертхана.

Қазан университеті тарихының мұражайында көріністі жерде осы университеттің құрметті мүшелерінің портреттік галереясы жасалынған екен. Өткен ғасырлардағы Ресейдің ғылымы мен ағартушылық саласындағы аса көрнекті қайраткерлерінің портреттері арасында мен Бөкей Ордасының билеушісі Жәңгірдің портретін көріп таң қаладым. Қазақстаннан осыншама шалғай жерде ғылым мен ағарту саласындағы қазақ ханының еңбегіне лайықты түрде әділ және жоғары баға берілгендігі мені қатты қуантты!

Қалай масаттанбасқа, егер біртуар тұлғамызға өз халқы 169 жылдан бері көрсете алмай келе жатқан қошеметті бауырлас татар халқы көрсетіп жатса. Сол жерде есіме Жәңгірлер ізбасары – көсемсөз ұстасы Қадырдың «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы!» – деген қанатты сөзі еріксіз түсті.

Осы көріністің әсерімен біздерде кезінде олармен ортақ тарих, ортақ мемлекеттілік болғаны, қазақ және татар халықтары арасында әрқашан саяси, экономикалық және мәдени байланыс болғаны, VI–VIII ғасырларда қазақтар мен татарлар Түркі Қағанаты құрамына енген кездері, тағы басқа-да арғы тарихымыз туралы ойларды есіме алдым.

Сонымен қатар, XIII–XIV ғасырларда Поволжье мен Қазақстан жерлері – тарихта Алтын Орда атауымен әйгілі – Жошы Ұлысы құрамына кірді. Ал, XVII–XVIII ғасырларда башқұрт көтерілісіне татарлармен бірге қазақтар да қатысты.

Сонау 1730-1750 жылдарда татар мырзасы Алексей Тевкелев қазақтардың кіші жүзінің ру бастаушыларымен олардың ресейлік азаматтықты қабылдауы туралы келіссөздерді жүргізді. XVIII ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңде татар молдалары мен көпестері қазақтардың оқу-ағартушылық тарапында дамуына, Қазақстан қалаларында нарықтық инфрақұрылымдықтың болуына және ел экономикасының дамуына үлкен үлестерін қосты.

1803 жыл мен 1917 жылдар аралығында Қазан қаласы сол өңірдегі оқу округінің орталығы болғаны мәлім. Қазан округінің инспекторлары қазақ оқу-ағарту мекемелеріне де жетекшілік етті. ХІХ-ХХ ғасырларда Қазан университетінде және Қазан ветеринарлық институтында көптеген қазақтар оқып, нәтижесінде олар ғалым, мемлекет жәнеқоғам қайраткерлері бола алды.

Қазан университетінің түркітанушы профессорлары Н.И.Ильминский мен Н.Ф.Катановтың жеке қорларында қазақ халқының этнографиясы мен фольклоры бойынша құжаттар сақталуда. Бұл заттар оларды таң қалдырған зерделі қазақ ханы Жәңгірден алынған екен.

Бөкей Ордасының 1823-1845 жылдар аралығындағы соңғы ханы – Жәңгір (1801-1845жж.). Ол Бөкей ханның баласы, Абылхайыр ханның шөбересі. Толық аты Жиһангер – «Әлем билеушісі» мағынасын білдіреді. Білесіздер, адам есімі көп мағынаны білдіретінін және көп нәрсеге міндеттейтінін: «қайықты қалай атасаң, ол солай жүзеді».

3e5d2dbe5c7206422cf0b7161db754a3.jpg

Бөкей ордасының картасы

Бөкей Ордасы сол уақытта Жайық және Еділ өзендерініңің төменгі сағасындағы аумаққа ие болды. Жас кезінде Жәңгір бастауыш білімді үйдегі мұғалім-молладан алды. Содан кейін ол әкесінің шешімімен Астрахан губернаторының отбасында тәрбиеленді. Сол жерде хандықты басқарудың әкімшілік әдістері тарапынан білім алды.

Ол өз заманының өте жоғары деңгейдегі білім иегеріне айналды: орыс, парсы, араб, татар тілдерін білді және ішінара неміс тілін де игерді. Жәңгірге білімінен алған пайдасы жас кезінде сезіле бастады. Сондықтан ол Ордада бірде де бір үй болмаған кездің өзінде мектеп ашу туралы пиғылы мен ниетін жасырған жоқ. Ол кезде Ордада хан сарайы да жоқ болытан.

Жәңгір халқының дәстүрлері мен салттарын қатаң ұстанғаны туралы замандастары атап көрсеткен болатын. Ол өз ортасында – көшпенді, сауаттылар ортасында – ғалым. Оның пікірін басқа адамдар ерекше қызығушылықпен және зейінімен тыңдаған. Ол құлдарша бас иген тәуелді қоғамнан, шектеусіз қысы-жазы көшіп-қонып жүрген кездерде аянышты өлеңдер сарыны бойды билеген ортадан Еуропа дәстүрі қалыптасқан ойшылдар әлеміне, мемлекеттік қайраткерліктерді құрайтын әлеуетті ғалымдар қоғамына батыл қадам басты.

Жәңгір Еуразиялық ғылым мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлерімен тығыз араласты. Ханды білімді билеуші ретінде энциклопедист Александр Гумбольт, өсімдіктанушы Карл Клаус, химик А.Бергман, Тарту университетінің профессоры Ф.Гебель, А.С.Пушкиннің досы С.А.Раевский, этнограф және өзінің серіктесі Г.Карелин аса аса жоғары құрметтеді.

Атақты лингвист, әрі орыс тілінің «Түсіндірме сөздігінің» құрастырушысы В.И.Даль, Қазан университетінің профессоры Карл Фукс, мемлекеттік қайраткер Н.Мусин-Пушкин, ғалым-саяхаттанушысы Е.Ковалевский, атақты шығыс зерттеушісі В.Григорьев пен П.Небольсин, географтар Я.В. және Н.В. Ханыковтар, антрополог А.Харузин және тағы басқалар Жәңгір ханмен қарым-қатынаста болды.

Жәңгір білімге, ағартушылық пен мәдениетке бой ұрмай халық мүддесін тиімді түрде қорғау алдағы уақытта мүмкін емес екендігін қазақ хандырының ішінде біріншісі болып түсінді. Ол бастауыш мектептері бар мешіттерді салу үшін қаржы жинауға арналған ру билеушілері мен ірі ру бөлімдерін міндеттейтін арнайы жарлық та шығарды. Бұл жарлық қазақ халқы тарапынан лайықты түсіністік тапты.

Жәңгір ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарының ортасында хан ордасында орталық мектеп ұйымдастыру мүмкіндігін ойластыра бастайды. Оның болжамы бойынша бұл мектеп балаларды ресейлік арнайы оқу орындарына түсу үшін дайындауға керек болатын. Бұл мектептің ашылуы 1841 жылы хан Ордасында өтті. Мектепті ұстау үшін жұмсалатын шығындарды хан өз міндетіне алды. Өмірдің соңғы күніне дейін, яғни 1845 жылға дейін хан өз табыстарының арқасында мектепті ұстады, оқушылардан өзі емтихандарды алды. Ол іс жүзінде мектептің бірінші мұғалімі еді, ал мектеп ісінде оның көмекшісі – Садриддин Амин деген татар азаматы болған.

Бұл мектеп сол дәуірде бүкіл қазақ даласындағы жалғыз мектеп болатын, яғни бүгін Жәңгірді қазақтың алғашқы ағартушысы деп айтуға толық негіз бар. Хан мектебі қазақ халқының белгілі бір деңгейде сауаттылыққа әуестігін, білім және мәдениетпен байланысын оятуға мүмкіндік берді. 

Орынбор кадет корпусын бітірген Жәңгір мектебінің түлектері біліммен қатар офицерлік шендер алып отырды. Мектеп Қазақстанда жалпы мәдениеттің дамуы қозғалысында айтарлықтай маңызды рөль атқарды. Бұған Жәңгірдін өзі былай деп жазған пікірі дәлел: «Біздің балалар қоғамға ізгілікті түрде қызмет ету үшін білім ала отырып, барлық ғылымды біле алады деп жар саламын. Осының бәрі мені қатты қуантады, себебі білімге қолы жетуі – менің халқым үшін ең үлкен бақыт».

Жәңгір хан қазақ халының алдағы тарихи кезеңде көшепенділік дәуірден отырықшы өмір сүру кезеңіне өтуін қолдады, жерді жеке меншікке беру шараларын жүргізді. Тауар айналымының деңгейін көтеру мақсатымен және көпестердің санын арттыру үшін оның сауда саясаты жәрмеңкелер ұйымдастыруға бағытталған болатын. 1832 жылы ол Бөкей Ордасында сауда жәрмеңкесін өткізді, медициналық бөлімдер мен дәріхана ашты (1838), мұрағат пен хандықтың картасын құрастырды.

Жәңгір сол кездегі қазақтартардың тұрмыстық заттарының мұражайлық топтамасы мен мәдениетінің тарихын жасады. Бөкей Ордасының мәдени өмірінде ең беделді орынды «қару-жарақ бөлмесі» алды. Қазақстандағы мұражайлық ісітің алғашқа қадамы да осыдан басталады. «Қару-жарақ бөлмесі» отбасы-династиялық қару-жарақ топтамасынан, сонымен қатар құнды құжаттардан тұрған болатын.

ХІХ ғасырда Қазан университеті Ресей ғылымының алдыңғы қатарында болды. Ол кезде Бөкей Ордасы аумақтық тұрғыдан Қазан оқу өңіріне жататын. Қазан – университет қаласы мен оқы округының орталығы болған. Сондықтан, Жәңгірдің назары Қазан қаласына ауды.

1826 жылы Бөкей Ордасының ханы Жәңгір Ресейдің Николай І патшасының тәж кигізу жорасына Мәскеу қаласына шақырылды. Қайтар жолында ол Қазанға ат басын тіреді. Жәңгір Қазандағы өз сапарын университеттен бастады.  Жәңгір Қазан университетін аралаған кезде өзінің сұрақтарын сыпайы және абайлап қойды – деп профессор Карл Фукс айтқан болатын. Ол араб және татар монеталарына, араб және татар манускриптерін ерекше көңіл көңіл аударған, әдемі жазылған алкарондарды және жазба кітаптарын қызыға қараған. Содан кейін ханға глобустың мағынасын түсіндірілді. Зоология кабинетінде Жәңгір құстардың тұлыптарын қарады және қазақтар аң аулаған кезде пайдаланатын және жақсы көретін сұңқұрларды іздеді. Жәңгір Карл Фукспен әңгімелескен кезде оған өзінінң екі баласының өскеннен кейін Қазан университетінде тәрбие алса игі болар еді деген тілегін айтты. Сол жолы ол: «Біздің қазақтар да өздірінің жеке мектебінде білім алатын уақыты әлі келеді!» – деп айтқан болатын.

Ханды университетте өзімен бірге алып жүрген профессов Карл Фукс «Қырғыз ханы Жәңгірдің Қазанда болуы» атты мақала жазып, оны жариялаған соң Бөкей Ордасына жіберді.

Жәңгір хан Қазан университетінің бірінші ректорлары Карл Фукс және Н.И.Лобачевскиймен тығыз қарым-қатынаста болды. Олармен хат жазысты, жоғарғы оқу орнының жебеушісі болды. Қазақ жастары сол мекемеде білім алуы үшін ол өте көп істерді жүзеге асырды. Ол қазақ халқының ауыз әдеби шығармашылығын зерттеді және қазақтың шежіре кітаптарын жинады, өзі бірнеше эпикалық шығармалар жазды. 

Хан университетпен байланысты ешқашан үзген емес. Жәңгір 1839 және 1844 жылдары Қазанға қайта барды және университет кітапханасына араб, парсы және түркі тілдерінде 6 құнды ежелгі жазбаларды сыйға тартты. Солай ол шығыс факультетінің кітап қорын толтыруға ат салысты. Жәңгір қайтыс болар алдында университет кітапханасына парсы тіліндегі үш сирек кездесетін қолжазбаны сыйға тартты. Өзінің 1844 жылғы Қазанға барған соңғы сапары кезінде ол көптеген арнайы қонақ астарында, би рәсімдерінде болып, Карл Фукстың әдебиет кешіне қатысты.

Қазанда болған кезде Жәңгір хан Қазан университетінің профессоры, атақты шығыстанушы Қазым Бектен мұсылмандар үшін аса маңызды кітапты баспадан шығаруға көмек беруін өтінді. Ол осы «Мюхтесерюль-викгает» («Қысқартылған заңтану») атты ежелгі араб шығармасын дайындады және баспадан басып шығарды. Бұл кітапты барлық мұсылмандық мектептерде классикалық шығарма деп есептейді. Қазым Бек Жәңгір ханды ағартушылықтың қорғаушысы ретінде құрметтеп, ханның тілегін бұлжытпай орындады. Сол үшін 1844 жылы 18 қарашада Жәңгір хан оның өтінішін өте жақсы орындалғанын атап өтіп, ғалымға алғыс хатын жіберді. Кітап Жәңгір ханның қаржылық көмегімен Еуразия аумағында алғашқы рет дүниеге келді. Казем Бекпен таныстық достыққа айналды. Олар хат жазызып тұрды. Қарым-қатынастарының соншама жақын балғандығына  олардың құрдас болғандығы да ықпал етті.

Қазан университетінің ғалымдары 1844 жылы Жәңгір ханның жан-жақтылы білімінін, ойлары мен пікірлерін жоғары бағалалды. Ханның ағартушылыққа көп көңіл бөлетінін, шығыс тарихы бойынша зерттеулерге белсенді қатысатынын ескеріп, оның білім мен ғылымға тигізген көмегін бағалай отыра ғалымдар оны Қазан университетінің құрметті мүшесі етіп тағайындауын бірдауыспен қолдады. Жәңгір өзінің осындай құрметті атағын мақтан етті. Университеттің материалдық базасына көмек бергені үшін хан осындай абыройға ие болды. Жәңгір Қазан университетінің кітапханасына VIII-XI ғасырлардың алты сирек қолжазбасын сыйға тартты. Ол осы көне дәуір раритеттерінің әуесқойы, іздеушісі және білімпаз білгірі болды. Хан берген материалдарда қазақ халықының ғасырлар бойы ауыздан-ауызға беріліп келген эпикалық поэмаларының нұсқалары болды.

Оған берілген патент-мадақтаманы ол өзінің қонақ бөлмесінде құрмет жиектемесінде сақтады. С-Петербургтің «Солтүстік ара» (1844) газетінің корреспонденті Жәңгір хан туралы өз пікірін келесі сөздермен дәйектеді: «Жәңгір сияқты адуын құпиясының иесін, осышамам білімі бар адамды  дала мекендеушісінен тапқан кезде, оған таң қалмау мүмкін емес. Оның пікірлері және жалпы ой-өрістік жолдаулары Еуропа өркениеттілігінің көбін ол өз бойына сіңіріп алғандығын аңғарттырады.

Қазан университетінде студент Лев Толстой, В.Ульянов (Ленин), А.Рыковтар лекция тыңдаған акт залы мен заң факультетінің аудиториясы бүгінгі күні де жұмыс істейді. Мұражайдың көрінетін жерінде университеттің екі түлегі – Қазан университеті ректорларының портреттері орналасқан. Олар: математик, евклидтік емес геометрияның құрастырушысы Н.И.Лобачевский және химик, органикалық заттардың химиялық құрылыс теориясын құрастырушысы А.М.Бутлеров.

Қазан университетінің түлектері қатарында С.Аксаков, В.Хлебников, А.В. Вишневский, А.Е. Арбузов және тағы басқалар еді. А.М.Горький Қазан университетінің абитуренті болған. Университетке жас кезінде Федор Шаляпин жиі келіп жүрді. Осында көрнекті физиолог, психиатр және психолог В.М.Бехтеревтің кешенді экспонаттары бар. Қазан университетінің тарихы мұражайында өткеннің сирек кездесетін жәдігерлері сақталған: Нобель сыйлығының лауреаты Л.Ландаудың қойын дәптері, Нобель сыйлығының лауреаттары В.Гинзберг және И.Таммның қолтаңбалары және көптеген басқа ерекше экспонаттар.

XIX ғасырда қазақ-орыс мәдени байланыстары қалыптасқан кезде Ресейде ғылым және білім гүлденді. Осы кездегі оқу орындары санының көбейуі білімнің өркендеуіне Ресейдің өзінде ғана емес, сонмен бірге ұлттық аймақтарды да осы процеске тартуына көмектесті

f5f0032420290d6b9ddd2faed52e4689.jpg

Орда кентіндегі алғашқы орыс-қазақ мектебі

XIX ғасырда қазақ қоғамының ішінде сауатты адамдардың қажеттілігі пайда болды. Осындай қажеттілік хандықтың солтүстік көршімен сыртқы байланысын нығайтуына ықпал етті. Жәңгір хан бұл бағытта белсенді түрде жұмыс істеді. Ол С.-Петербург пен Мәскеуге бірнеше рет сапар жасады, императордың тәж кигізу жорасына қатысты, Қазан, Орынбор, Астраханға барып жүрді.

Ағартушылық өмір салтын насихаттау мақсатымен Жәңгір Ордада ақсүйектер жиналыстарын өткізді, балаларды оқуға беруге шақырды. ХІХ ғасырдың 30 жылдарының соңында қазақ балалары мен жасөспірімдерін Ресей оқу орындарында оқытуы Бөкей хандығында қоғамдық қолдау алды. Ресей оқу орындарында балаларды оқытуға арналған үгіт-насихаты Жәңгір хан саясатының негізгі бөлігіне айналды. Хан өзінің барлық балаларын, соның ішінде қыздарын да, орыс оқу орындарына бергені Орда тұрғындарына үлкен әсер етті.

Жәңгірдің С.-Петербург, Астрахань, Орынбор, Қазан оқу орындарына қазақ жастарын қабылдауға вакантты ашық бос орындардың рұқсатын алуына қолы жетті. Кезінде Орыс географиялық қоғамының мүшесі болып сайланған және осы қоғамның күміс медалімен марапатталған (Ш.Уәлихановтан кейінгі Орыс географиялық қоғамы мүшесіне сайланған екінші қазақ және ғылыми жұмыстары үшін күміс медальмен марапатталған бірінші қазақ) – ХІХ  ғасырдың ортасындағы білімді қазақтардың бірі және Ордадағы Жәңгір мектебі түлектерінің бірі Мұхамбет-Салық Бабажанов былай деп жазған: «1801 жылға дейін біздің қазақтарға «хат» деген сөз түсініксіз болды. Ол аңыз әрекет сияқты көзге елестетілді, мысалы ауада самғап қалқу сияқты. Осы уақыттан бастап, яғни халықымыз Орал өзенігің оң жағына көшкен кезден бастап бізде хаттың аңыз емес екендігі мойындалды. Оның бөлек жағдайларда тілекті ауызша білдіруден күшті екенін ел түсіне бастады».

Ханның білім саласындағы бағдарламасы мен мектепті ашу мақсаты оның Ш.Нұралиевке жазған хатында анық көрінеді. 1841 жылы Жәңгір былай деп жазған болатын: «Сіздерді тиісті іждағаттарын және жақындары мен достарын, сонымен бірге барлық керек адамдардың ақылдарын тиісінше қолданасыздар деген сенімдімін. Егер ғылым қазіргі уақыттың өзінде қоғамға осыншама үлкен пайданы әкелсе, болашақта біздің немерелеріміз ғылым мен білімсіз жақсы өмір сүре алмайды. Бұдан былай сауатсыз және орыс тілін білмейтін адамдарды жуапты жұмыстарға белгілемейді. Қазақтар арасында емшілердің болуы бізге өте пайдалы және тиімді. Әр бір ынта, ақашалай қаражаттың әр бір шығыны жасөспрімдерді оқытуға кететін болса, онда ол болашақта жүз есе артық табыс әкеледі. Қаражатты ғылымның дамуына, игі идеяларға және халыққа адал қызмет етуіге жұмсағанымыз дұрыс болар еді».

Жәңгірдің атқарған істері далаға кеткен жоқ. Ордадағы хан мектебі мен Бөкей хандығындағы басқа мектептерде оқу оқуға тілек білдірушілер саны жылдан жылға көбейе бастады. Жәңгір хан билек еткен кезеңдегі Бөкей хандығында ағартушылық мәдениетінің қызметіндегі жетістіктер Қазақстанның басқа аумақтарына да үлкен әсерін тигізді.

168cbccb68d4be9b65846af093840b3b.jpg

Орал қаласындағы Жәңгір хан ескерткіші

Ресей мәдениетінің Бөкей хандығына тигізген әсері қазақ балаларының орыс білімін алуы бойынша сәтті жүрді. Ханның ағартушылықты өркендету саласы бойынша жұмсаған күші текке кетпеді. Оның қазақ жасөспірімдерін Қазан университетіне оқуға орналасуына қолы жетті. 1877 жылдан бастап Қазан университетінде қазақ жастары білім ала бастады. Осы уақыттан бастап 1917 жылға дейін аталмыш университетте 33 адам курстан өтті, оның ішінде 20-сы оқуды сәтті аяқтады.

Қазақ қоғамының алдыңғы қатарлы өкілдері өздерінде бастауыш мектептерін ашты. Ол мектептерде Қазан және Уфадан шақырылған діни мұғалімдер  сабақ жүргізді. Қазанның діни адамдары қазақ қоғамының исламдануында белгілі дәрежеде қолдау көрсетті. Ордаға Қазанның моллалары шақырылды, ал қазақ балалары Қазандағы діни мектеп-медресеге оқуға барды. Бөкей Ордасында 20 жыл билік еткен Жәңгір хан өз мақсатына жетті – «...киіз үй және басты мешіттегі моллалардың орнын табиғи қазақтар басты».

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық тарихшылар Жәңгір ханды естеріне өте сирек алады. Оның себебі: кеңестік идеология таптық қарама-қайшылық тақырыбын 70 жылдан астам пайдаланды және қазақ халқының біртуар тұлғасын қанқұмар, пайдаланушысы, менменсінген, масайраған, ой-өрісі шектелген , зердесі тайыз қарадүрсін есер адам етіп бейнелеген. Және бұндай жалған суреттемені халықтың санасына әбден құйып тастаған. 

f4f9ffcc7d97d1bcfe4b890cc6a17e65.jpg

Қазан қаласында қазақ ханына зор құрмет көрсетілді

Жәңгір хандықты басқаруға кіріскен кезде, қазақ далаларындағы саяси жағдайы тым шиеленісіп кеткені бәрімізге белгілі. Жер бөлген кезде жіберліген жетіспеушіліктерге байланысты, ол қолайсыз шаралар жасауға мәжбүр болды.

Жәңгір жүргізген саясаттың нәтижесі 1836-1837 жылдардағы әйгілі Исатай Тайманов және Махамбет Өтемісов бастаған халық толқуына әкелді. Көтеріліс қазақ феодалдары мен Ресей саясатына қарсы бағытталды. Жәңгір ресейлік әскер көмегімен  оны басты. Бұл ханның қателігі емес еді. Ол кересінше жас билеуші үшін ауыр қасірет және жазылмайтын жан жарасы болды. Себебі Жәңгір текті жаратылысынан, үлгілі тәрбиесі мен адал пейілі тұрғысынан өзінің саналы өмірінің соңғы күніне дейін өз халқының солқаралы оқиғасын қабырғасы қайысып қайғыра білген асыл тұлға. Дәл Шоқан Уәлиханов сияқты.

Былтыр Татарстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігі, Қазан университетінің басшылығы мен Батыр Кенжетаев бастаған Қазан қаласындағы қазақ диаспорасының «Қазақстан» қоғамы, Жәңгір хан атындағы Батыс-Қазақстан агротехникалық университетіндегі Жәңгір хан музейінің директоры Нұржан Төлепов пен Оралдық зерттеуші-публицист Жайсан Ақбайлардың саналы түрде Жәңгірді құрметпен еске алғандары тек ханның туыстары мен жерлестерін ғана қатты қуантты.

Осы мекемелер мен жеке тұлғалардың зейіні мен жігерлерінің арқасында ХІХ ғасырдың көрнекті қазақ ағартушысы және билеушісі, Қазан университеті жебеушілерінің бірі – Жәңгір ханға 2013 жылдың 12 наурызында Қазан федералдық университетінде мемориалдық тақтасының салтанатты ашылуы өтті. Рәсімге Қазақстаннан келген делегация Батыс-Қазақстан облысы әкімі Н.Ноғаевтың бастамасымен, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Г.Оразбақов, Қазан федералдық университетінің президенті М. Салахов және шығыстану мен халықаралық қатынастар Институтының директоры Л.Латыпов қатысты.

Кезінде «Анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр» -–деп айтқаны үшін С.Торайғыровқа да кінә тағылан. Ал, өткен жылы «енді бүгін ұстаралы, мұрты аузына түспеген» 22-дегі егемен «қалың елі – қазағы, қайран жұрты» Жәңгір хандай тарихи төл тұлғасына 169 жылдан бері алауыздық пен іштарлықтан қимай келе жатқан құрмет-қошаметті сылдыр сөз емес, іс жүзінде өркениетті татар ағайындарымыз ең жоғары дәрежеде көрсетіп берді. Былтырғы жылы,қатар тұрғындықтан болар, «егеулі найза қолға алмай-ақ» түбіміз бір татар халқы өз елінде құбыжық болып жүрген қасиетті қазақ ханының атын тарихына алтын әріппен жазып, оны барша әлемге паш етті!

Ал, біз ше: "Мына ойда қазақ тұр..? «Біз «баяғы жартас, бір жартас» болып Махамбетке дейін ел аузында кең тарап әбден жауыр болған жалпылама жанайғай: «хан емессің - қасқырсыңның» шырмауынан шыға алмай жүрміз. Ақиық ақын бұл шумақтарды ханның өзіне арнаса, ол тақпағын «Әй, Жәңгір...; Ей, Жәңгір...» деп бастар еді. Мысалы: «Ескендір Зұлқарнайын ердің ері», «Қара қатын дегенде, қара қатын», «Бір қыз бар Маралдыда Қорлан», «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын», «Есен-аман жүрмісің Ләйлім шырақ», «Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша», «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» сияқты желіспен.

Сонда қалай, қарсыласының атын айтпай ымдап сынаса хас батыр Махамбет ұялшақ немесе қорқақ болғаны ма? Әлде дауылпаз сөз зергерінің ақындық шеберлігі шеңберлі болған ба? Бұл логикалық тұрғыдан  да,жанрлық тұрғыдан да үлкен күмән туғызатын дүние, сондықтан өлеңнің Жәңгірге тікелей қатысы жоқ деуге толық негіз бар.

Тағы бір ескеретін жағдай: Жәңгір - ақсүйек, ағартушы, көшбасы.Махамбет - ханның інісі, қызметкері, халық өкілі. Ақынның ерекше дарыны мен теңдессіз адамгершілігіне еш күмән жоқ! Дегенмен, төрді есікпен, басты аяқ-қолмен шатыстырғанымыз дұрыс па? Сондықтан, арыстардың аруақтары риза болуы үшін енді екі жақты да алаламай Нарынның қос жанарының қарашығындай есте сақтағанымыз абзал болар. Олардың әрқайсысының Ел тарихында өз орнын алуы, өзіндік тиісті тұғырына шарықтап шығуы замана талабы. Әсіресе Жәңгір мәселесі тез арада «Тарих толқынында» шешілуі қажет деп есептеймін.

cbad586b73b7a406e355a7231b7395e3.jpg

Қазан университетіндегі мемориалдық тақта  

Егер 1801 жылы Бөкей хан, ал 1822 жылы – оның ұлы Жәңгір болмағанда егеменді Қазақстанның бүгінгі батыс шекарасы Жайық өзенінің қақ ортасынын өтер еді де,республикамыз 1991 жылы трансконтиненталды Еуразиялық мемелекет болып қапияда шыға келе  алмас еді.

Бөкей мен Жәңгір осындай – қазаққа тиімді, орыстар жағына тиімсіз – күрделі мәселені метрополиямен найзаның емес қаламның үшімен, дипломатияның құдіретті күшімен шеше алды. Жері көп, халқы аз біз сияқты ел үшін бұл тәсіл – жемісті сыртқы саясаттың сара жолы. Ол, Бөкей мен Жәңгір жолы. Сәл кейінірек Ыбырай мен Абай, Алихан мен Ахмет жолы. Оның негізгі қаруы: «ақыл, еңбек, терең ой».

Тек бір ғана тұлғаның – Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің арқасында Қазақстанда еуропалық үлгідегі алғашқы мектеп, алғашқы архив (мұрағат) пен алғашқы қазынашылық қызметі, алғашқы музей (мұражай), алғашқы дәріханаашылынуына, аурухана мен мешіт салынынуына, пошта қызметінің дәйекті мекемесі, іс жүргізу дәстүрі енгізілінуіне, шөл далада «жасыл оазис» - қарағайлы қара орман пайда болуына бұрын-соңды болмаған мүмкіндік туды.

Қазақ даласында медицинаның, сот ісінің, сауданың дамуы Жәңгірдің есімімен тығыз байланыста.

Ресей империясының құрамында болға тұра Бөкей ордасы өзінің ішікі басқарушылық мәселері мен шаруашылық құрылымындағы дербестігін сақтай алды. Бұндай жетістіктер Жәңгірдің көрегендігі мен димпломатиялық дарындылығының арқасында іске асты.

Батыс-Қазақстан облысының шеңберінде 2001 жылы Бөкей ордасы 200 жылдығы мен Жәңгір ханның 200 жылдық мерейтойы аталып өткен болатын. Онда бүгінгі Қазақстандық егемендіктің негізі осыдан екі ғасыр бұрын Бөкей ордасында қаланғаны туралы алғаш рет айтылған болатын.

Жәңгірдің тек облыстық деңгейідегі емес ұлттық дәрежедегі саяси тұлға екендігі сол тойда 2001 жылы айтылғанымен, одан тиісті қорытынды, өкінішке орай, жасалынған жоқ. Сондықтан, Жәңгір хан туралы әңгімені пессемистік сарынмен тәмәмдаудың себебі осында жатыр.

Ахмет Дүйсенбаев,ҚР БҒМ ҒҚ, «Ғылым ордасы» РМК, Қазақстан ғылымының тарихы мұражайының қор сақтаушы-ғылыми қызметкері 



Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?