Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Верный ерлер гимназиясы

3029
1871 жылғы 31 шілдедегі бекітілген Халық ағарту министрлігінің ведомствосына қарайтын прогимназиялар жарғысы негізінде 1876 жылы 1 қыркүйекте Верный қаласында Верный ерлер гимназиясы ашылды.

1871 жылғы 31 шілдедегі бекітілген Халық ағарту министрлігінің ведомствосына қарайтын прогимназиялар жарғысы негізінде 1876 жылы 1 қыркүйекте Верный қаласында Верный ерлер гимназиясы ашылды. Алғашқы кезде төрт кластық прогимназия түрінде ашылды, ал сол жылы ол екі қалыпты және бір дайындық кластарынан тұрды. 1879 жылы 1 шілдеден бастап төрт кластық прогимназия алты кластық болып құрылған болатын. Ал 1881 жылы 1 шілдеден бастап толық сегіз кластан тұратын классикалық үлгідегі гимназияға айналды. Гимназияда орыс тілі, француз тілі, грек тілі, неміс тілі, математика, география, таза жазу және сурет салу, тарих, физика, діни ілім (Закон Божий), гимнастика, ән-күй, биология, арифметика секілді пәндер оқытылды. Бірақ Верный ерлер гимназиясында оқитын қазақ балалары үшін діни ілім «Закон Божий» пәні оқытылмады. Верный ерлер гимназиясының директоры қызметін коллежский советник Д.К. Новак атқарды. 1877 жылы гимназияның жанында Верный пансионаты құрылды. ХХ ғасырдың басында бұл пансионатта қазыналық есеппен 42 оқушы тәрбиеленген болатын. Гимназияға 8-10 жас аралығындағы балаларды оқуға қабылдады. 1891 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша гимназияның дайындық класында - 39, бірінші класта - 38, екінші класта - 27, үшінші класта - 23, төртінші класта - 24, бесінші класта - 13, алтыншы класта - 12, жетінші класта - 4, сегізінші класта - 6, барлығы 186 гимназист оқыды. Гимназияның толық курсын аяқтаған түлектер үшін аттестат (аттестат зрелости) берілді. Верный ерлер гимназиясында қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Т. Бокин, Ы. Жайнақов, М. Тынышбаев, О. Жандосов оқыған болатын.



Мәлімет ҚР БҒМ ҒК  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан берілді.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?