Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қожа Ахмед хан

4010
Әкенің отауына кіші бала ие болатын салтты ұстанған Қожа Ахмед те жылы орнынан қозғала қойған жоқ.

27.02.15

Әйгілі Әз Жәнібектің немерелері арасынан Қасым ханның соңғы әйелінен туған кенжесі Қожа Ахмед хан ағасы Мамыш хан өлгеннен кейін Ембі мен Жайық арасындағы Байұлы руларының қолдауымен ақ киізге отырғызылып, осы өңірдің ханы болып жарияланды. Бұл қазаққа бас хан болып жарияланған Тахир 1524 жылы ноғайлардан ығып шығысқа шегінгенде болған жағдай еді. Ел арасында беделі шамалы және барар бағыты да бұлыңғыр Тахирге Байұлы рулары атақонысты тастап, ілескілері келген жоқ. Оның үстіне бұл халық Қасым хан билерден бұрын да ноғайлардың қол астында болған, олармен қатар көшіп-қонып жүрген ел еді.

Әкенің отауына кіші бала ие болатын салтты ұстанған Қожа Ахмед те жылы орнынан қозғала қойған жоқ. Алайда оның атамекені, бір кезде Қасым ханға астана болған Сарайшықты енді әйгілі Мұса бидің баласы, ноғайлардың биі Сайд Ахмед (Шейдақ) басып алған еді. Сайд Ахмед бұл әрекетті, қаһарлы Қасым хан қайтыс бола салысымен-ақ қолға алды. Оны Мұса бидің басқа балалары Мамай, Шейх Мамай, Жүсіп және тағы басқалары, сондай-ақ Алшағырдың балалары Орақ, Келмұхаммед, Жанай қолдады. Олар Еділдің оң жағалауында шашырай көшіп-қонып жүрген ноғайларды топтастырып, шығыстағы қазақтарға қарсы салды. Мұндайды ноғайлар тарапынан күте қоймаған, бұрынғы Қасым ханның кезінде оларды ығыстырып әдеттенген қазақтардың біраз рулары қатты сасып, ноғайлардың шығыстағы Ембі өзеніне дейінгі аймақты басып алуларына кедергі бола алмады. Батыста Жайық өзеніне дейін созылып жатқан бұл аймақ қазақ ханы Қожа Ахмедтің қол астына қарайтын еді. Оның қарауындағы аймақтан шығысқа қарай қазақтың Тоғым ханы билейтін аймақ басталатын еді. Қазақтардың бас ханы Тахир шығысқа көшіп кеткен соң Ембіден шығысқа қарай созылып жатқан қазақ ру тайпалары жалайырлардың, қыпшақтардың, арғындардың, керейіттердің, қоңыраттардың, табындардың бастауымен батыстан төніп тұрған ноғай қаупінен қорғану үшін Жәдіктің баласы, атақты Қасым ханның немересі Тоғымды хан көтерді. Ендігі жерде Тоғымның басты қарсыласы Ембіге дейінгі аймаққа билік жүргізіп отырған ноғай билеушісі Шейх Мамай мырза болды. Осы өңірлердегі рулар мен тайпаларды өз қоластына қаратып, әскер жасақтаған Шейх Мамай әбден күшейіп алған еді. Осының арқасында Қазақ хандығы әлсіреп, ал осыны пайдаланған ноғайлар тәуелсіздікке қол жеткізді. Ноғайлардың қатарын шығысқа кеткен Тахирге ілеспей батыста қалып қойған қазақтар көбейтті. Қазақ хандығының Қожа Ахмедпен бірге батыста қалған адамдарының саны 600 000 адамдай еді. Ал Тахир ханға алғаш 400 000-дай қазақ ілескен болса, хан шығыстағы Моғолстанның Қошқар деген қаласына жеткенде жолай-жолшыбай өз мекендерінде қалып қойғандарды қоспағанда олардың саны 200 000-дай адам болды. Жағдайды өз пайдасына шеше білген, Сарайшықта билік жүргізіп отырған ноғайдың бас биі Сайд ­Ахмед әншейінде бастары қосылмайтын Шейх Мамай, Жүсіп, Орақ тәрізді ноғай мырзаларын Еділдің оң жағынан шығысқа қозғалып, Қазақ хандығын талқандауға үгіттеп көндіре алды. Ноғайдың қаптаған қалың қолына қарсы алғаш Қасым ханның ұлы Мамаш ханмен бірге қарсы шыққан, ал ол өлген соң жалғыз өзі самсаған ноғайға қарсы тұруға мәжбүр болған Қожа Ахмед ханның жаумен текетіресі едәуір ұзаққа созылды. Тахир о бастан-ақ ноғай мырзаларынан ығып, Моғолстанға кеткен соң, Шейх Мамайға қарсы соғысқан, жоғарыда әңгіме болған, Тоғым ханды да қолдаған еді ол. Ал мұның өзі ноғайлардың мазасын кетірді. Дегенмен де, ол билеген аймаққа енді қазақтардан басым түскен ноғайлардың Шейх Мамай мырзасының үстемдігі біржолата орнаған соң, ал Тоғым ханның ноғайлардан батыстағы қазақтарды қорғауға шамасы келмей, оңтүстік-шығыста ентелеп келе жатқан моғолдар мен оңтүстіктен баса-көктеген шайбандық өзбектермен бітіспес күреске араласып кеткендіктен, Қожа Ахмед хан 1533 жылы Сарайшық қаласында ноғайлардың биі болып сайланған Сайд Ахмедке тегеурінді қарсылық көрсете алған жоқ. Айта кетер тағы бір мәселе, бұл тұста шығысқа құмарта ұмтылған ноғайлардың өздерінің де жағдайлары онша мәз емес еді. Ағыш және Алшағыр мырзалардың балалары көп кешікпей-ақ, Ноғай ордасының биі Сайд Ахмедті биліктен тайдырып, өздері би болу үшін күресті бастады. Өз кезегінде Ойыл мен Ембінің арасындағы ноғайлар мен қазақтарға билік жүргізіп отырған Шейх Мамай мырза о баста аталған мырзалардың емес, бас би Сайд Ахмедтің жағында болды. Оның үстіне ноғайлардан ығысып, оларға тегеурінді қарсылық көрсете алмай отырған Тоғым хан да батыстағы иеліктерді қазаққа қайта қайтарып алудан бас тарта қойған жоқ еді. Ал Сайд Ахмедке қарсы күресуші ноғай мырзалары болса, өздерінің билік үшін күрестегі мақсаттарына жету үшін, ноғайлардың ата жауы Астрахан хандығына сүйенді. Оның үстіне батыстағы Қырым хандығы және терістіктегі Қазан хандығы да ноғайларға үздіксіз қауіп төндірумен болды. Осындайда ноғай биі үшін ең алғаш өздері басып алған Жайық пен Ембінің арасындағы қазақ руларын ноғайларға қарсы ұйымдастырып, оқтын-оқтын қазақтардан қол жинап, қарсы бас көтеріп отырған Қожа Ахмед ханды өзіне қарату керек болды. Оның үстіне Шыңғыс тұқымынан шықпағандықтан ноғай биі Сайд Ахмедтің ноғай мен қазаққа хан болуға құқы да жоқ еді. Би лауазымын ноғайлар билеуші ретінде мойындағанымен, Қожа Ахмедтің қол астындағы қазақтар оны мойындай қойған жоқ. Осы жағдай ноғай биі Сайд Ахмедті Қожа Ахмед ханмен алғаш астыртын, онан соң ашық келісім жүргізуге итермеледі. Мұндай келіссөздің нәтижесі бойынша Қожа Ахмед хан өзінің елінің ноғайлардың қарамағына көшкенін, яғни өзі билеп отырған қазақтардың бәрінің ноғай биі Сайд Ахмедке бағынғанын мойындауы керек еді. Алайда ол мұндай әрекетке бара қойған жоқ. Осыдан соң Сайд Ахмед өз мақсатына күшпен жетуге кірісіп, 1535 жылы қазақ ханы Қожа Ахмедтің хан ордасын қоршап алып, ханды он бес баласымен қазақтардан оқшаулап ұстады. Бірақ мұндайда ханды жақтайтын қазақ рулары да қарап отырмай, өздерінің хандарын қолдап, ноғайларға қарсы бас көтерді. Соңы қан майданға жалғасқан осындай текетіресте ноғай биі Сайд Ахмедтің жағында соғысқан, жекпе-жекте жан шыдатпас Алшағыр ұлы Орақ Қожа Ахмед ханды алдаспанмен шауып өлтірді. Жаужүрек ерлігі үшін ноғайлар арасында Айдынды Орақ атанған ол, қазақ ханын өлтірген соң қазақтар арасында Қанды Орақ атанып кет­­ті. Ноғайдың биі Сайд Ахмед «Қарасай-Қа­зи» дастанында оны былай сипаттайды: «…Ба­тырлығы Орақтың Бізден гөрі зор, – деді. Хан таң­балы ат мініп, Қарағай найза қарға іліп, Он сегіз мың адамға Жалғыз шауып жүр, – деді…». Қылыштарын қайраған қазақтардың қанды кек қайтаруынан қаймыққан ноғай биі Сайд Ахмед осы оқиғадан соң, Қанды Орақ батырды аулаққа, Еділ бойына жұмсап, бұдан былай оны Астрахан хандығына қарсы күреске салды. Ал Жайық пен Ембі арасындағы қазақтар болса, билеуші ханынан айырылған соң бірде ноғай, бірде қазақ атанып, бәрібір байырғы атақоныстан қол үзбей, сонда көшіп жүрді. Олар жау жағадан алғанда жері мен елін жатқа тастап кетпеген Қожа Ахмед ханды қасиеттеп, жадында сақтап, оның есімін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп, бүгінгі күнге жеткізді.

Талас Омарбеков, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы 
Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, 
ҚР ҰҒА Құрметті академигі


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?