Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресі. Бұланты, Аңырақай шайқастары.

7728
Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресі. Бұланты, Аңырақай шайқастары. - e-history.kz
Жоңғарға қарсы тәуелсіздік жолындағы Отан соғысын «қарадан шыққан» халық батырлары бастады. Олардың арасында Бөгенбай, Тайлақ, Саурық, Малайсары, Жәнібек және басқа да батырлар болды. 

Жоңғар шапқыншылығынан туған зор күйзелушілік, малдың қырылуы шаруашылық дағдарысының шиеленісуіне әкеліп соқты, мұның өзі қазақ хандықтарының билеуші топтарының арасындағы саяси қарама-қайшылықтарды бұрынғыдан да бетер күшейте түсті. Қиын жағдайдан шығудың жолы жауға ұйымдасып тойтарыс бету ғана бола алатын еді, мұның өзі болашақта қазақ жүздерінің экономикалық және саяси ыдырауын тоқтатар еді.

Осындай өте-мөте ауыр сыртқы және ішкі саяси жағдайда қазақ хандары мен сұлтандары жоңғар феодалдарын тойтару ісін ұйымдастыруда қабілетсіз болып шықты. Тәуелсіздік жолындағы Отан соғысын «қарадан шыққан» халық батырлары бастады. Олардың арасында Бөгенбай, Тайлақ, Саурық, Малайсары, Жәнібек және басқа да батырлар болды. Олар халықты туған елді жат жерлік басқыншылардан азат етуге шақырды.

Халық жасақтарының бірігіп қимылдауы осылай басталды. Кіші жүздің батыры Тайлақ, Орта жүзден Бөгенбай және Ұлы жүзден Саурық батырлар шығып бұлар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл-сұлама» жылдарындағы күрестің қаһармандары болды. Барлық үш жүздің жасақтары 1726 жылы бірлесіп қимылдаған кезден бастап қазақтар басқыншыларға ұйымдасқан түрде тойтарыс берді.

Ордабасы жиыны

1726 жылдың күзінде Бадам өзені маңындағы биік қырқа – Ордабасы деген жерде бүкіл қазақ жиыны өткізілді. Оған Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, султандар, Толе би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған әр рудың билері, даңқы шыққан қолбасшылар мен батырлар шақырылды.

Жиында негізгі мәселе басқыншы жауға бүкілхалықтық тойтарыс беруді ұйымдастыру туралы мәселе болды. Жиынға қатысушылар бірге болуға, өз кимылдарын үлестіріп отыруға, жауға біріккен майдан құрып аттануға ант берді.

 Құрылтайда талқыланған маңызды мәселенің бірі бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мәселе болды. Осы жиында Әбілқайыр қазақ жасағының қолбасшысы болып сайланды. А.И. Левшин бұл жөнінде былай деп жазған: «Ортақ іс сол арада бір-біріне адалдыққа ант беру арқылы қастерленді. Әбілқайыр хан бас қолбасшысы болып сайланды, сөйтіп халықтық әдет бойынша құрбандыққа шалынған бие болашақ табыстың кепілі ретінде қабылданды». Осы жағдайды да ол былай деп аша түскен: «Төнген қауіп ішкі өзара қырқыстарды бітістірді, жалпы келісім туғызып, бәрін бір нәрсеге бағыттады. Тұтас халықтың жиналысында ілгері басудың, ортақ жауға шабуыл жасап, оларды ежелгі қырғыз-қазақ жерінен қуып шығудың негізі қаланды». Батырлар арасынан бүкіл қазақ жасағының Сардар бегі болып Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Сөйтіп Ордабасындағы съезд халықтың жауынгерлік рухын көтерді.

Бұланты маңындағы шайкас.

Ұлытаудың таулар жүйесіне иелік ету соғыс барысында маңызды кезең болды. «Ақтабан шубырынды, Алқакөл сұлама» (1723-1730 жылдардығы Отан соғысы) барысындағы аса маңызды шайқастардың бірі Ұлытау етегінде өтті.

 1728 жылдың көктемінде Ұлытау етегінде Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қазақ әскерлерінің жонғарлармен ірі шайқасы болды. Бұл шайқаста қазақ сарбаздары қалмақтарға есенгірете соққы берді. Қалмақ әскерлері қиян-кескі соғыста ондаған мың адамынан айрылды. Қазақтар жағы өздерінің талайдан қаны қайнап ыза мен кекке суарылған қайрат жігерінің жемісін көріп қуанды. Жеңіс туралы хабар қазақ даласына ілезде тарап кетті.

Бұланты шайқасы қазақ жасақтарының жеңіске деген орасан зор ерік-жігерін көрсетті. Өз заманының аса көрнекті қолбасшылары жеке қол басқарған Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты ер Байғозы және басқалар Әбілқайыр хан мен Қанжығалы Бөгенбайдың жалпы басшылығы мен ынтымақты қимыл жасай отырып, жасақтарды ұрысқа бастады. Жасақтарды қаруландыру жөнінде Шақшақ Жәнібек зор ұйымдастырушылық жұмыс істеді. Дархан ұстаның басшылық етуімен Ұлытауда қару шеберлері еңбек етті.

Бұлантыдағы және басқада бірқатар шайқастардың қаһармандық рухын бізге дейін Үмбетай жырау, Ақтамберді жырау, Тәтті қара жырау, Бұқар жырау, Көкеш ақын туындылары жеткізді. Бөгенбай Ақшаұлы, Саңырақ Тоқтыбайұлы, Олжабай Әлімұлы, Қонақай Жақсығұлұлы, Бөлек Сатанұлы сынды батырлардың, батыр Баянның, Жарылқаптың және басқаларының есімдері тірі кездерінде-ақ аңызға айналған.

Алайда оқиға мұнымен біткен жоқ. Аттылы жоңғар қолының бірбөлігі Бұланты өзенінің жоғары ағысына қарай өтіп кетті. Бірақ бұл жерде де оларды қазақ атты әскерінің жасақтары қуып жетті. Сөйтіп сол жерде жонғарлар тағы талқандалды, тек жекелеген топтарының ғана Ұлытау жағына Майтөбе мен Құрайлыдан арғы тауларға кетіп қалуына сәті түсті.

Бұланты жеріндегі жеңістің зор маңызды болды. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында бетбұрыс жасауға мумкіндік берді. XVIII ғасырдың 20-жылдарының аяғына қарай жоңғарлар Ұлытау аймағынан ығыстырып шығарылды. Мұндағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысына жапсарлас жатқан аудандағы Қарамолда деген жердегі ұрыс болды. Жоңғарлар тағы да жеңіліске ұшырады. Бұл аймақ-бұл жер «Қалмақ қырылған» деген атпен белгілі.

 Қазақ жасақтарының Бұланты маңындағы жеңісінің жағы бір жағы-стратегиялық тапқырлығында болды. Қазақ жасақтарының Бұланты маңындағы жеңісі Аңырақай шайқасының табысқа жетуін анықтап берді.

 Аңырақай шайқасы. Жоңғар басқыншылығына қарсы қазақ халқы Отан соғысының (1723-1730 жж.) жеңіспен аяқталуына Аңырақай шайқасы аса көрнекті роль атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады, сондай-ақ оған М.Тынышбаевтың еңбегі[2] және басқа да бірқатар жанама деректер арналған.

 1730 жылы көктемде Балқаш көлінің маңында қазақ пен жоңғарлардың арасында тағы бір қатты қырғын соғыс басталды. Аңырақай шайқасының ұрыс қимылдары болған алқап 200 километрдей жерді алып жатты. Оны ғасыр шайқасы деуге болады. Аңырақай шайқасы далалық Қазақстанның және Қазақстан Оңтүстігінің таулы әрі шөлейт аудандарының шекарасында өткен. Мұндай жер кездей соқ таңдап алынбаған. Шайқас өтетін жер дұшпанды талқандау жөніндегі ойдың жалпы айла-тәсіліне орайласады,ол жеңіліс тапқан жағдайда Іле өзенінің басына дейін тоқтаусыз шегінуге мүмкіндік береді.

 Балқаштың Солтүстік батыс жағында өзенінің өзі жағынан жел өткізбейтін Шу-Іле таулары созылып жатыр. Жел сондай-ақ Қызылқұммен Мойынқұм жағынан да соғады. Аңырақай тауларының қасында Делдітау, Желдібел орналасқан. Аңырақай тауларында жел аңырап соғатын (Аңырақай жел). Сонымен бірге халық Аңырақай жеңіліс тапқан жоңғалар аңырап жылаған жер деген аңыз шығарған.

 Сейтіп, 1730 жылы жазғы салым қазақ жасақтары өз аттарын Мойынқұм құмдарында, Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайтты, Шу өзендерінің аңғарларында тыңайып алып, Хантау, Аңырақай таулары өңіріне шықты.

 Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Нақ осы шайқас оның саяси қызметінің шарықтау шыңы болды. Шайқасқа барлық үш жүздің жасақтары қатысты. Бұл шайқаста батырлардың бойын ерлік, қайсарлық, өздерінің жеңісіне деген мызғымас сенім биледі.

Шайқас жекпе-жектен басталды. Жоңғарлар жағынан ортаға талантты әскербасы, қоянқолтық ұрыстың асқан шебер жауынгері Шарыш шықты. Қазақтар жағынан жекпе-жекке 20 жасар Сабалақ (Абылайдың бүркеншік аты) сұранды. Абылай нақ осы жекпе-жекте өзінің қатарлы қарсыласын жеңіп, есімін мәңгі даңққа бөлеген. М.Тынышбаев кейін сол кезде Абылай өзгелерден асқан зор батылдығымен асып түсті деп жазды.

Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендірді. Сөйтіп олар бұл шайқаста жеңіп шықты. Майдан даласында мыңдаған қалмақ әскерлері қаза тапты. Көбі қырылып, жаралы болып жаны шықпай жатқан жау әскерінің аңыраған дауыс бірнеше күн даланы басына көтерді. Бұл жер кейін «Аңарақай» деп аталып кетті.

Аңырақай шайқасында жеке ерлігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткендер арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары мен қатардағы жауынгерлерінің ерлігі мен жеке басының қажыр-қайраты, бірліктің нәтижесінде қазақ жауынгерлері бұл шайқаста женіп шықты.

Қаратаудың, Ұлытаудың таулы аудандарын, Сарыарқа мен Жетісу жерлерін азат ету оқиғалары халықтың тарихи жазында мәңгіге қалды. Ақтастыдағы, Бұланты жеріндегі «Қалмақ қырылған» шайқастары, Аңыракай шайқасы қазақ халқының тарихи өткен кезінің қаһармандық символына айналды.

Аңырақай шайқасы халық санасындағы бетбұрыс болды. Рухы көтерілген халық жоңғарларды жеңуге болатын түсінді. Айбынды женіске қарамастан, жау әлі де күшінде болатын, сондықтан кейінгі жылдарда да оларға қарсы ұзақ әрі титықтататын күрес күтіп тұрды.

Аңырақай шайқасынан кейін қазақ билеушілердің арасында жік туды. Түпнұсқаларда Аңырақай шайқасына қатысқан сұлтандардың іс-әрекетіндегі мұндай келіспеушіліктің (жіктелуінің) себептері жайлы айтылмайды. Одан кейін көп ұзамай Әбілмамбет сұлтанның қазақ хандарының ордасы Түркістанға қөшіп кеткені, ал Әбілқайырдың орыс шекараларына қарай жедел жылжығаны белгілі.

Аңырақай шайқасынан кейн қазақ хандары мен сұлтандарының арасында жік түының негізгі себебі жоғарғы билік үшін талас болды деп топшылауға негіз бар. Таукенің баласы Үлкен хан Болат қайтыс болғаннан кейін оның орнын Орта жүзден Сәмеке (Шахмұхамбет), Кіші жүзден Әбілқайыр аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Әбілмәмбет (Болаттың үшінші ұлы) болды. Мұндай таңдау жасалынғанына наразы болған Әбілқайыр хан майдан шебінен әскерін алып, еліне кері бұрылды. Хандықтың өзіне тимегеніне риза болмаған Сәмеке де Әбілқайырдан кейін әскерін алып Шудың бойымен Бетпақдалаға қарай бет түзеді. Жоңғарларға қарсы майдан әлсіреп, өз әскері мен Ташкентке бағыт алған Ұлы жүздің ханы Жолбарыс қазақ елінің қас жауы жоңғарлармен мәмлеге келуге мәжбүр болды. Сейтіп, қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңалмас ңұқсан келтірілді.

Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан жоңғар хандырының жаңа шабуылының тікелей қауіпі жойылмайды. Қазақ хандықтары жөнінде барынша агрессияшыл саясат жүргізген Галдан-Цереннің (1727-1746 жж.) билік басына келуі мұндай шабуылдың қауіпін күшейтті, қазақ хандарының өздері де, соның ішінде Әбілқайыр да жоңғарлар тұтқын етіп әкеткен өз руластарын қайтарып алмақ ниетінен тайған жоқ.

 Қазақ хандықтарының билеушілері алдында маңызды да күрделі міндет-қазақ жүздерін сыртқы жаудан қауіпсіздендіру және елдің феодалдық батыраңқылығының күшейе түскен процессін жою міндеті тұрды. Олардың бұған өз күштерімен жете алмайтындығына көздері жете түсті. Солтүстіктегі қуатты көрші Россиямен одақтасу қажет болды. Осылайша қазақ билеушілерінде орыс-қазақ саяси және экономикалық байланыстарың одан әрі нығайтып, Россияның қол астына кірудің жолдарын іздеуге деген ұйғарым қалыптасты.

 Сонымен, жоңғар әскерлерінің шапқыншылық жылдары қазақ жүздерінің экономикалық және саяси өміріне ұзақ уақытқа терең із қалдырып, қазақтардың тарихына «Алапат ауыр жылдар» болып енді.



[1] Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-қайсацких, орд и степей. А., 1996, 168 бет.

[2] Тынышбаев М. Великие бедствия («Ақтабан шубырынды»). История казахского народа. А., 1993, 180-199 беттер.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?