Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ататүрік және Түркия: Түркия Республикасы қалай құрылды? 1-бөлім

16042
Ататүрік және Түркия: Түркия Республикасы қалай құрылды? 1-бөлім - e-history.kz

Келер жылы Мұстафа Кемал Ататүрік негізін қалаған Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы. Ататүрік негізін қалаған мемлекет мерейтойға байланысты көптеген маңызды іс-шараны жоспарлап отыр. Мысалы жуырда Turkey деп аталып келген мемлекет өз атауын Türkiye деп өзгертті. Өйткені ағылшын тіліндегі Turkey деген атау – «Түйетауық» деген жағымсыз атауды білдіріп келді. Сондай-ақ Түркия мерейтой аясына «Ұлттық ғарыш бағдарламасы» арқылы ғарышты игеруді жоспарлап отыр. Бір сөзбен айтқанда бауырлас елдің 100 жылдыққа байланысты жаңалығы көп. Әйтсе де Ататүріктей батыл басшы болмаса, бұл жаңалықтың бірде бірі болмас еді. Бір сөзбен айтқанда Ататүрік пен Түркия егіз ұғым.

Қазақ халқы Ататүрік туралы Тәуелсіздік алғаннан кейін жиі ақпарат ала бастады. Себебі бұқаралық ақпарат құралдарында тұлғаны жақыннан тани түсетін материалдар жарияланып, Мұстафа Кемалды кеңірек білуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ 1998 жылы «Ататүрік» атты ең алғашқы кітапты белгілі журналист Сраил Смайл оқырман қауымға жолдады. Аталған еңбекте ұлы тұлғаның балалық шағынан бастап ер жетіп Түркия тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткер болғанға дейінгі кезеңі қамтылған. Сондықтан да белгілі журналистің осы бір еңбегі арқылы қазақ қауымы Ататүрікті жақыннан тани түсті.

Түркия дегенде аталған елдің ең бірінші болып Ел Тәуелсіздігін мойындағаны жиі айтылады. Қазақ елінің азаттық алғанын алғашқылардың бірі болып Түркияның мойындауының астарында Ататүріктің 1933 жылы түрік халқына айтқан аманаты на байланысты.

«Бүгін Кеңес Одағы – досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Осы достыққа мұқтажымыз бар. Алайда оны ертең не күтіп тұрғанын бүгін ешкім кесіп айта алмайды. Құдды Осман немесе Автрия-Венгрия империялары сияқты бөлшектеніп, ұсақталуы ғажап емес. Бұрын жұдырығынан жібермей ұстаған халықтар алақанынан шығып кетуі әбден мүмкін. Дүние жаңа тепе-теңдікке ұласуы кәдік. Міне, сол кезде Түркия не істеу керектігін білуі тиіс. Осы досымыздың қол астында тілі, сенімі, тағдыр-тауқыметі бір бауырларымыз. Оларға қол созуға әзір отыруымыз қажет. Әзір болу – сол күнді үнсіз күту емес. Дайындалған жөн. Халықтар бұған қалай әзірленеді? Рухани көпірлерді сақтай отырып. Тіл – бір көпір... Сенім – бір көпір... Тарих – бір көпір...

Тамыр-тегімізге оралып, сан қилы оқиғалармен сөгілген тарихымызда түгенделуге тиіспіз. Олардың (сырттағы түріктер) бізге жақындауын күте алмаймыз. Біз оларға жақындауымыз қажет», – деді Ататүрік.

1991 жылғы елең-алаңда Түркия Ататүріктің аманатына адалдық танытып, «не істеу керектігін білді». Түркия тек қана азаттығымызды ең бірінші танып қоймай, қос елдің арасында тіл, сенім, тарих арқылы көпір салды. Нақтырақ айтсақ Түркияның қолдауымен елімізде қазақ-түрік лицейі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Сулейман Демирель атындағы университет ашылды. Аталған оқу орындарында оқыған қазақ жастары тіл мен тарихқа құрмет көрсетіп тәрбиеленіп жатыр. Ал сенімге келетін болсақ, бүгінгі күрделі гео-саяси жағдайда «Тұран одағы құрылса, ұлттық қауіпсіздігіміз сақталар еді» деп ойлаушы азаматтар баршылық. Бұл аталған әскери одақтың құрылғанын қалайтын азаматтардың Түркияға сенімі болса керек.

Бүгінде экономикалық және әскери жағынан әлемде алдыңғы қатарлы елдермен иық тірестіріп тұрған Түркия Республикасының құрылуы оңай болған жоқ. Еуропада «ауру адам» деген атқа ие болған Осман империясын сауықтыру үшін Ататүрік қандай еңбек етті? Бұл сұраққа Түркия Республикасының бұрынғы Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Куртулуш Ташкент жауап береді. Экс-елшінің жазуынша, Ататүріктің ұлт тарихындағы еңбегі ұшаң-теңіз.

«Түркия Республикасы мен Ататүрік – егіз ұғым.

Себебі:

– Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң Осман империясы ыдырағанда Азаттық Күресін жеңіске жеткізген Ататүрік үстем мемлекеттердің бүгінгі Түркия топырағын көкпарға салып, түріктерді Анадолыдағы алақандай аймақта қамап ұстау жоспарларын болдыртпады. Бейнелеп айтсақ, Ататүрік – тәуелсіз де, егемен Түркияның сәулетшісі.

– Азаттық Күресі жеңісіне бейбітшілік тәжін кигізген Лозанна Шартынан соң жарияланған Түркия Республикасы – телегей тарихы бар түрік ұлтының өмірінде ашылған жарқын да жаңа бет. Ататүрік – Республиканы құрушы.

– Ататүрік – тілі мен мәдениетіне ұлттық реңк беріп, ұлттық егемендікті хакім еткен көсем. Біріктіруші, топтастырушы және жаңа заманғы ұлтшылдық (ұлтжандылық) түсінігіне ие Ататүрік ұлттық бірлік пен бірлесуді қорғап-қуаттауды басшылыққа алады.

– Ұлы қолбасшы Ататүрік, сонымен бірге, бейбітшілік жақтаушысы. Ататүрік бүкіл елдермен теңдік, егемендік, жер тұтастығы, өзара құрмет пен мүдде негіздеріне сүйеніп, достық байланыстарды нығайтуға күш салды. Түркия Республикасының сыртқы саясаты да 75 жылдан бері Ататүріктің «Жұртта тыныштық, жер-жаһанда бейбітшілік» негізіне сәйкес жүргізіліп келеді.

– Ататүрік – алдымен зайырлылық, әлеуметтік хұқық мемлекеті, әйел-еркек теңдігі секілді ілгері үрдістерді Түркияға әкелген жаңашыл.

– Ататүрік – ұзақ соғыстар нәтижесінде кедейленген, қаржы қоржыны босаған Түркияның оңалып, дамуы мемлекетшілдіктен басталуына қол жеткізіп, біртіндеп нарық экономикасына өтуін мақсат тұтқан және осынысымен әлемдік экономикасының да үрдісін көздеген жаңа тұрпатты мемлекет қайраткері.

– Ататүрік, сайып келгенде, егемендік ұлтқа тиесілі екенін білген, Азаттық Күресінің ең ауыр әрі қатерлі сәттерінде өкілеттілікті Түркия Ұлттық Мәжілісінен алып, жауапкершілік жүгін өзі көтерген, Түркияда саяси жүйе ретінде демократия үстемдігін мақсат еткен көшбасшы – дейді Куртулуш Ташкент.

Куртулуш Ташкент жазғандай, Ататүрік «үстем мемлекеттердің» Түркия жерін көкпарға салуын тоқтатты. Бұл туралы Сраил Смайл «Ататүрік» кітабында жан-жақты ең бастысы тарқатып жазған.

«Бірінші дүниежүзілік соғысты тудырған себептердің бірі – күш-қуаты қайта бастаған Осман империясын бөлісу екенін айтып өттік. Осы мақсатпен ұрыс басталмай тұрып-ақ империяға қарасты кейбір араб елдерінде ағылшындар қолдауымен көтерілістер бұрқ етті. Бөліске салу үшін білек сабағандар – Англия мен Ресей еді. Жоспарға сәйкес, Ресей Ыстамбұл мен бұғаздардан басқа, Синопқа дейін созылған шығыс аймақтарды алуды көкседі. Француздар Сирия мен Адана өңіріне көз тастады. Итальяндар ұрысқа қатысса, Анталия мен Конияны алатын болды. Гректерге Измир жағалауы, ал Шәриф Хусейнге біртұтас Араб үкіметін құруға уәде берілді. Әлі қарулы текетірестер бітпеген, жеңімпазда беймәлім. Соған қарамастан түрік жерін бөліске салуға байланысты көптеген пікірталастар жүріп жатты. Сол мақсатпен құрылған комиссиялар түрлі жобаларға дайындалды. Тіпті, карталар әзірленіп, теміржол желілері бойынша тәртіптер белгіленді. Кеден шарттары жөнінде бірқатар келісімдерге қол қойылып тасталды.

Софияда әскери атташе қызметін атқарып жүрген Мұстафа Кемал соғыс басталғанын естісімен өзін дереу ұрыс даласына жіберуді сұрап жоғары әскери басшылыққа өтініш жасады. Сөйтіп, 1915 жылғы 2 ақпанда Текирдағда жасақталып жатқан 19 түменнің қолбасшысы болып тағайындалады», – деп жазады автор.

Тұс-тұстан анталаған жау Осман империясын ыдыратып, жеріне көз алартқанда ел ішінде жат жұрттың сойылын соғатын лауазымды тұлғалар көп болды. Ол кезде Осман империясын сұлтандар билегенмен іс жүзінде мемлекетті оның айналысындағы уәзірлер басқарған секілді. Оны біз Ататүрік пен Осман империясының соңғы сұлтаны Вахдеддиннің кездесуінен байқаймыз. Бұл туралы Ататүріктің өзі былай жазады:

«Йылдыз – сарайдағы шағын бөлмеде Вахдеддин екеуміз отырмыз. Қасымызда бір үстел, бетінде бір кітап. Ашық терезеден Босфор бұғазында қаптаған кеме зеңбіректерімен сарайды нысанаға алғандай. Сұлтан әңгімесін бастады. «Паша, Паша! Бүгінге дейін мемлекетке көп еңбегің сіңді. Ол туралы мына кітапқа енді (Үстелдегі кітапты көрсетті. Бұл – тарих кітабы еді). Бұларды ұмытыңыз. Асылы, ендігі қызметіңіз барлығынан жоғары болса керек. Паша, мемлекетті құтқаруыңыз мүмкін.

– Маған ілтипат білдіргеніңіз үшін рақмет. Қолымнан келгені істі жасауға әзірмін.

– Мұратыңызға жетіңіз.

Сұлтаннан шыққан соң Анадолыға аттанатынын білдіргісі келмегендей, аяқ дыбысын шығармай ұзады».

Ататүріктің жазуынша, Вахдеддин оған сенім артып, мемлекетті құтқаруды аманаттаған көрінеді. Егер сұлтан Мұстафа Кемалға сенім артса, Ыстамбұл үкіметі Ататүріктің аяғын неге шалады? Осыған қарағанда Вахдеддиннің билігі әлсіз болып, қуыршақ сұлтанға айналса керек. Ал Үкімет басшылары шет елдің мүддесін көздеп, ұлттық саясат жүргізуге тиіс қайраткерге қарсы күрес жүргізіп отырған. Негізі Ататүрік секілді ұлттық қайраткерлерді отарлаушы елдер өз ішінен шыққан адамдар арқылы тұқыртып отырған. Ал Ататүрікке қарсы қандай қауіп-қатерлер болды?

«Ататүрік Гректер Измирге әскер төккен 16 мамыр күні «Бандырма» көмесі арқылы Самсунға бару керек болады. Алайда жол жүрердің алдында Мұстафа Кемалдың жолдастарының бірі «ағылшындар сіз мінген кемені торуылдап, тіпті, суға батырып жіберуге ниетінде» дегенде ол «Мұнда тұтқын санатында жүргенше, Қара Теңізге батқан артық» деп жауап береді.

«Бұғаздан өткеннен кейін түн жарымында капитанның қасына барды. Одан:

– Қара теңізге нешінші рет шығып тұрсыз? – деп сұрады.

Ол:

– Алғаш рет, әфендім.

– Теңіздегі қауіпті жерлерді білесіз бе? Капитан карта бетінен бір нүктені көрсетіп:

– Мынау жерден өтсек, қатерден құтылғанымыз, – деді. Мұстафа Кемал «Демек, ылғи қауіп астындамыз» дей келе капитанға мынадай тапсырма берді: – «Кәдімгі жолмен жүрмейсіз. Жағалауға соқтығып қалмайтындай етіп, шетпен жүресіз. Қажет боп жатса, кемені еш ойланбай жағаға тірейсіз». Капитан бұйрықты мүлтіксіз орындады. Жолаушының бар арманы Анадолы жағасына аяқ басу. Алдымен Синопқа соқты. Ол жерден Самсунға құрылықпен жету мүмкін емес деген кеңес айтылды. «Бандырмаға» қайта мінді. Самсун көрінгенде жүрегі жарылардай қуанды. Мұнда құлағына жеткен хабар суда жолсызбен жүру шешімінің қаншалықты дұрыс екенін дәлелдеді. Ағылшындар кеме соңынан түсіпті. Тек кәдімгі жолдан таба алмай, сан соғып қалған.

1919 жылғы 19 мамырда ол Самсунға келді. Қазір бұл күнді Түркия Жастар және спорт мерекесі ретінде тойланады. Мұстафа Кемал өзінен туған күнін сұрағандарға 19 мамырды айтады екен»,-деп жазады автор.

Жалпы Түркияда Ататүрікпен тікелей байланысты күндер мемлекеттік мереке ретінде айрықша тойланады. Осы ретте «Біздің елде Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарымен байланысты күндер неге мемлекеттік мереке ретінде тойланбайды?» деген заңды сұрақ туындайды.

Мысалы 1917 жылдың 21-26 шілде күні Орынбор қаласында І жалпы қазақ-қырғыз съезі өтіп, Алаш партиясы құрылған болатын. Тәуелсіз Қазақ елі 26 шілде күнін неге саяси партиялар күні ретінде атап өтейді? Сондай-ақ тап осы жылдың 5-13 желтоқсан аралығында ІІ жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өтіп, Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметі жарияланды. Аталған күннің бірін Республика немесе Тәуелсіздік күні ретінде атап өтуге әбден болады. Себебі Қазақ елінің Тәуелсіз ел болуына Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары ықпал етті. Ал Әлихан Нұрмұхамедұлы біздің Ататүрік секілді тұлғамыз.

Айтпақшы 2-3 жылдан бері Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген 5 қыркүйек күні – тілдер күні ретінде аталып өтіп жүр. Осындай үрдіс барлық салада қамтылуы керек. Себебі біз өз тамырымызды 1991 жылдан ары тереңдетіп, Алашпен байланыстыруымыз керек.

Байланыстыру демекші, Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Кемалдың арасында өзара ұқсастық бар. Мысалы Ұлт көсемі 1917 жылы Алашорда үкіметін құрса, Ататүрік 1919 жылдың 21 шілде күні Ұлттық Конгресс шақырып, үкімет құруға ұмтылады. Өкінішке қарай Әлихан Нұрмұхамедұлы құрған Алашорда үкіметі 1920 жылы Совет үкіметін мойындап, қазақ жерін заңдастыру арқылы автономия құруға қол жеткізеді. Ал Ататүрік тәуелсіз Түркияның негізін қалау жолында көп іс тындырды.

«Амасияда елін сүйген ерлердің ұсынысымен «Мүдафааи хукук жәмияти» (хұқықтық қорғаныс қоғамы) құрылды. Бұл басқыншылардан елді азат етіп, толық тәуелсіздік алуға жасалған қадам болатын.

Халыққа арналған бағдарламалық сипаты бар құжатқа Мұстафа Кемал, Рауф Орбай, Әли Фуат Жебесой, Рәфет Беле секілді ұлтын сүйген азаматтар қол қойды. Мәлімдемеден басқа, көкейтесті қарарлар да алынды. «Муккадес иттифак» (Қасиетті одақ) деп аталатын осы қарарлар арасында әскерді басқаруға қатысты баптар да бар. Ол бойынша, әскери басшылықты өз бетінше тастап кетуге немесе өзгеге беруге рұқсат жоқ. Қару-жарақпен соғыс бұйымдарынан айырылуға жол берілмейді. Отанның қай бұрышында болсын, қарсы келген дұшпанға бірігіп күрес жүргізеді. Амасия мәлімдемесі арқылы түрік төңкерісі тұңғыш рет өзін хабардар етті. «Егемендік – ешқандай шартсыз ұлтқа тиесілі» деген қағида кейіннен Атазаң талабына айналды. Құжат шығыс уәлаяттары уәкілдерінен құралатын Ерзурум, сондай-ақ бүкіл елдің бірлігі мен бүтіндігін қамтамасыз етуге тиіс Сивас конгрестері өткізілуін көздеді.

Амасядан соң Сивасқа келген Мұстафа Кемал мұнда біраз шаруа тындырды. Бұл жерден ол Ерзурумға бет алды. Конгресс 23-ші шілдеге белгіленді. Ыстамбул үкіметі мен оның Анадолыдағы жансыздары жиынды өткізбеуге жанын салды. Мұстафа Кемал мен серіктері сақтық шараларын қолға алды. Оны төраға етіп сайлаған тарихи Ерзурум конгресі екі аптаға созылды. Жиын төмендегідей қарарлар қабылдады.

1. Ұлттық шекара шеңберіндегі жер – Отанымыз, бөлшектелмейді, біртұтас.

2. Жат жұрттан жасалған қысымға қарсы халық ауызбірлік көрсетіп өзін, жерін қорғайды.

3. Ыстамбұл үкіметі Отан тәуелсіздігін қорғай алмаса, қамтамасыз етпесе, онда уақытша үкімет құрылады. Бұл үкіметті Ұлттық Конгресс сайлайды.

4. Мандат және бөгде елдің қорғауы қабылданбайды.

5. Ыстамбулда Ұлттық Мәжіліс жиынын өткізу және ондағы үкіметтің осы мәжіліс тарапынан бақылауда болуы үшін жұмыстар жүргізіледі. Конгресте 3 кісіден тұратын өкілдер кеңесі құрылды. Төраға – Мұстафа Кемал», – деп жазады Сраил Смайл.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

Автордың жазуынша, Ұлттық қозғалыс Сивастағы басқосудан кейін мықтап күшейді. Мұны тіпті шетелдіктер де мойындай бастаған.

«Француз жазушысы Жан Дени «Анадолы мен Румелі Мүдафааи хұқық жәмияты кеңесі төрағасы Мұстафа Кемал билікті заңды әрі іс жүзінде қолына алғандықтан, 1919 жылғы 11 қыркүйектен бастап ұлттық үкіметтің басшысы деп санау керек» деп жазды. Конгресс біткеннен кейін бір апта өткенде американ генералы Ж.Ф. Харборд Мұстафа Кемалды өзі іздеп келді. Генерал салған бетте:

– Не істемекшісіздер?

– Мақсат мемлекетімізді дұшпан шеңгелінен құтқару. Сөйтіп, тәуелсіз, өркениетті түрік мемлекетін құрып, адамша өмір сүру.

– Тілегіңіз – қиял, күш-жігеріңіз – арамтер. Одақтасыңыз болған Алмания, Австрия, Болгария күйреп, тізе бүкті. Әскеріңіз – бытыраңқы. Қаруын алып қойды. Жағдай осылай болып тұрғанда, сіздің алға қойған міндетіңіз әскерлікке де, қисынға да оғаш. Өзіне қол жұмсаған адамдарды көріп жүрміз. Бірақ, өз еркімен өлімге бас қойған ұлт болған жоқ.

– Иә, генерал мырза, айтқандарыңыз дұрыс. Қазіргідей жағдайда іске асырамыз деп діттегеніміз әскери қағидалар былай тұрсын, әдіске де көнбейді. Алайда барлық қиын шарттарға қарамастан Отанымызды құтқарып, азат әрі өркениетті Түркия мемлекетін құрып, адам сықылды өмір сүреміз. Егер оған қолымыз жетпесе (Мұстафа Кемал қолын үстелге қойып алақанын ашты), дұшпан жұдырықтары ішінде күн сайын тұншығып бір-бірлеп жан бергенше тарихымызға жарасатындай, жауды жағасынан алып өлуді артық көреміз. Генерал:

– Мен бәрін есептесем де, мұны ойламаппын, - деп орнынан тұрды да, сұхбастасының қолын қысты.

Ағылшын адмиралы де Робек 1919 жылғы 17 қыркүйекте лорд Гурзонға хат жолдады. Ол онда ұлтшылдардың Ыстамбұл бұйрықтарын тыңдамауға айналғанын баса айтты. Хаттың бір ерекшелігі, Түркиядағы осы өзгерістердің республика құруға бағытталғанын ағылшын адмиралы Сивас конгресі аяқталған күннің ертеңіне-ақ байқаған. Анадолы мен Румелі Мүдафааи хұқық жәмиаттары бірігуі – конгресте алынған маңызды қарарлардың бірі екені сөз болады», – дейді автор.

Ататүрік өзінің батыл іс-әрекетін арқылы ел ішіндегі ғана емес, сонымен қатар сыртқы жауларын да мойындатты. Алайда толыққанды азаттық алып, жаңа заманға сай Түркия Республикасын құру жолыда әлі де көп кедергілер тұрған болатын.


Серік Жолдасбай

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?