Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

АЙМАҚТАРДЫҢ ҚУАТТЫ ӘРІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУЫ МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ

10678
АЙМАҚТАРДЫҢ ҚУАТТЫ ӘРІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУЫ МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ - e-history.kz

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері Тылахметова Анар Советханқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы. Тарихшы ғалымның пікірі өзгеріссіз толық берілді. 

Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16-наурызындағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына кезекті жолдауында жақын арада жүзеге асырылатын бірқатар саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық шараларға тоқталды. Сонымен қатар, мемлекетіміздің өркендеп әрі тұрақты дамуында, егемен еліміздің татулығы мен тұтастығына, тыныштығы мен береке-бірлігіне аса мән беру қажеттілігін де ерекше атап өтті.

Президент ел экономикасы мен саясатындағы жасанды монополияларды түбімен жою керектігін, оның ішінде ашық әрі әділ бәсекелестікті орнатудың маңыздылығын айқындап айтты. Ал саяси реформаларды жүзеге асыру аясында басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу мәселесіне назар аударды. Мұндай жүйенің билік институттарының тепе-теңдігін оңтайлы шешіліп, еліміздің орнықты дамуына тигізер әсерін де сараптады.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру мақасатында: «Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын» - деп «халық үніне құлақ асатын мемелекет» тұжырымдамасын ұсынды.

Мемлекет басшысы жоспарлы бағдарламасында Президенттің өкілеттігі туралы, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы айқындалған бастамалардың қатарын саралап берді.

Президенттің өз жолдауында сайлау жүйесіне, Парламентті жасақтау тәртібіне өзгерістерді енгізген уақытта еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын да ескеру қажеттігін қарастырған. Яғни, аймақтардың қуатты әрі қарқынды дамуы мемелкетіміздің өркендеуіне тікелей байланыстығын ашық жеткізді. Осындай негізде бірқатар бастамаларды көтерді. Елімізде Абай және Ұлытау облыстарын құруды ұсына отырып, аталған облыстардың орталықтары Семей және Жезқазған қалалары болатынын атады. Сонымен қатар, Алматы облысын екіге бөлу мәселесінде Алматы облысының орталығы Қапшағай, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болатыны жөнінде нақты шешімін айтты. Сонымен қатар, егерде қалың жұртшылық Қапшағай қаласына халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру туралы ұсынысын айтса, Президент бұл бастаманы қолдайтынын мәлімдеді.

220317100829046e.jpg

Қ.-Ж. Тоқаев жолдауда еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымына арналған жаңа бастамаларға басымдық беріп, геосаяси ахуалдан ушыға түскен еліміздегі дағдарыс мәселесіне де арнайы тоқталды. Бүгінгі күндегі кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасында, ең алдымен ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету жолына, қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажеттілігіне назар аударады.

Мемлекет басшысының осындай түйінді ойын қолдай отырып, еліміздің саяси жаңғыруына қатысты ұтымды ұсыныстары жас ұрпақтың тарихи санасының жаңғыртуына да зор үлесін қосады деген ойдамыз. Сонымен қатар, биліктің назарынан жастарға қолдау көрсету жағы тыс қалмаса екен деген ұсыныс айтар едік. Жастарды қолдауда қолжетімді баспана мәселесімен қамту жағы өзектілігін жойған жоқ. Оның ішінде бүгінде ауылдық жерлерде баспана салу мәселесі әлі де ақсап тұр.

Президент баспана мәселесін Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің 5-отырысында халықтың тұрмыс сапасына, әлеуметтік, экономикалық, бизнес мәселелеріне, басты назар аударған болатын. Аталған отырыста ауылда баспана салу мәселесін кеңінен талқылап, нақты шаралардың жүзеге асуы жайында: «Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап үй салса, мемлекет 50 пайыз шығынын өтеуге дайын. Бұл бастама ауылды жан-жақты дамытуға септігін тиімді. Бұл бастаманы Үкімет осы жылдың 2-ші жартыжылдығына дейін жүзеге асыру керек», - деп тапсырған болатын. Ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруда мемлекеттік бағдарламар аясында қолжетімді жаңа баспаналардың қатарын көбейту жағы қолға алынып, дер кезінде жүзеге асырылса, тыңғылықты атқарылса игі іс болар еді.

Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанның жаңаруы мен жаңғыру жолына арналған жолдауында көтерген бастамалары мемлекетіміздің өркендеуіне тың серпін берері анық. Жаңа Қазақстанның іргетасы берік қаланып, саяси және экономикалық реформалармен қатар, рухани жаңғыру жағынан да жаңарады деген ойдамыз. Жаңа жолдау қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жақсаруына, табыстарының артуына септігін тигізеді деген сенімдеміз. Сонымен қатар, еліміздің әрбір азаматы Тәуелсіз еліміздің кемелденуінде Президенттің басымды бағыттарын саралап қана қоймай, өз үлесін қосуы үлкен жауапкершілікті танытатынын ұмытпаған абзал.

Арман Сулейменов

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?