Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек»

1554
«Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» - e-history.kz
Сол сөз айтылғалы бергі жарты жылдай ғана уақыттың өзінде елімізде ұлт рухын асқақтататын ірі іс-шара ойластырылып, ол нақты нәтижеге де ұласты.

«Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек».

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Тарихи құжатта – «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтты бұл сөздерді.

Сол сөз айтылғалы бергі жарты жылдай ғана уақыттың өзінде елімізде ұлт рухын асқақтататын ірі іс-шара ойластырылып, ол нақты нәтижеге де ұласты.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжи­н­нің кеше Қазақстан Респуб­ликасының ұлттық тарихын зер­делеу жөніндегі ведомствоаралық жұ­мыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында: «Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан басталады» деген сөз айтылғанда Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ау­диториясына жиналған жұртшылық разы­лықпен қол соқты. Олай болатын жөні де бар.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тарих – кім-кімнен де жоғары ұғым», деген ойы кеше Мемлекеттік хатшының баяндамасында барынша таратылып айтылды.

Отырысқа Президент Әкімшілігінің, ми­нистрліктердің жауапты қызметкерлері, облыстар, Астана және Алматы қала­лары әкімдерінің орынбасарлары, белгілі тарихшылар, жазушылар, тарих фа­культеттерінің декандары, бұқаралық ақ­парат құралдарының басшылары қа­тыс­ты.

«Бүгінгі Қазақстан – қалыптасқан мемлекет. Біз мемлекет құрудың жаңа белесіне шықтық.

Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы қоғам дамуының жаңа белесіндегі басты сұрақтарға, атап айтқанда, біз қайда барамыз және 2050 жылы қайда болғымыз келеді деген сұрақтарға жауап береді» деген Марат Мұхам­бетқазыұлы мәселе ел бо­лашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау туралы болып отырғанына назар аударды.

Мемлекет басшысы «Бүкілқазақстан­дық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс» деп баса көрсетіп отыр. Мәселенің бұлайша қойылысы біздің назарымызды ұлттық тарихты зерттеу мәселелеріне объективті түрде шоғырландырады.

Баяндамада ғылымның рөлі өзгергені қадап көрсетілді. Тарих ғылымына феноменология мен герменевтика әдістерінің енуі тарихи зерттеулердің сипатының өзін едәуір өзгертіп жіберді. Ендігі жерде тарихшы фактілерді тізбелеп, суреттеп отырушы, оқиғаларды тек «тіркеуші» емес. Ендігі жерде тарихшы «пайымдаушыға» – зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерт­теп қана қоймайтын, нақты қоғамның құнды­лықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсі­нуге» қол жеткізетін ғалымға айналуға тиіс.

«Біздің тарихнамамыз өзінің әдістеме­лік және тілдік құралын қатты өзгертуге тиіс. Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр, ол сынақтың жауабын табуға әбден-ақ болады», деген Мемлекеттік хатшы ұлттық тарих мәселелерімен талайдан және нақтылы айналысып жүрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдар­ламасын жасауды ұсынғанын жеткізді.

Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме арқауында сапалық секірісті жүзеге асыруына жағдай жасауды; қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлт­тың жаңа тарихи дүниетанымын қа­лып­тастыруды; Қазақстанның жаңа тари­хының жиырма жылының мәнін пайым­дауды айтуға болады.

Тарихқа арқа сүйемесе, болашақ бұл­дыр. Планетада мән-мағына мен құн­дылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде та­рихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы.

Ұлттық тарихқа стратегиялық тұр­ғы­да­ғы өзінің көзқарасын Мемлекет басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынын­да» кітабында баян етіп берді. 2003 жы­лы Қазақстан халқына Жолдауында Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев бұрын-соң­­ды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағ­дар­лама­сын бастайтынын жарияла­ды. Бағдар­лама жүзеге асырылған жеті жылда – 2004-2011 жылдар аралы­ғын­да Қазақ­станның тарихы, археоло­гиясы мен этно­графиясы бойынша 26 арнау­лы зерт­теу жүргізілді. Дегенмен мұ­ның бәрі – тарихи жады мен тарихи әді­леттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстың басы ғана.

Қазақстанның қазіргі аумағы негізінен қазақ этносын қалыптастырған тай­палардың таралу аумағына сәйкес келеді. Ол тайпалардың XV ғасырда аяқ астынан қалыптаса қалмағаны айдан анық. Қазақ этносының қалыптасуы талай мыңжылдықтарға созылған үдеріс, өкінішке орай, ол жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Ғалымдарымыз әлі күнге дейін көне түркілік Дешті Қыпшақ даласын­да­ғы ертедегі мемлекеттік құрылымдардың құ­рылуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұрты­ның таралу аймағы, Еуразия топономи­касының тарихы сияқты тағы басқа да аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жа­ңа әдіснамалық тұрғыдан қарастырған жоқ.

«Тарих толқынында» еңбегінде Мемлекет басшысының жазғанындай, «Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндіс­танға дейінгі аумақты алып жатқан мем­лекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті».

Бұл құрылымдардың қазіргі Қазақстан мен Орталық Азия аумағында тұрып жатқан жалпы (арғы түркілік) антрополо­гиялық тип пен арғы түркілік тілдік топты қалыптастырудағы рөлі қандай?

Олардың Қытай, Рим, Кушан империя­ларымен, Парфиямен және басқалармен өзара қатынасының (саяси, экономикалық және мәдени байланыстарының) жүйесі қандай болған?

Ұлы Жібек жолының, әсіресе, оның біз­дің ел аумағы арқылы өтетін бөлігінің – Дала жолының дипломатиялық және сау­да-экономикалық рөлі қандай еді? Ол жол мәдениеттердің өзара кірігуі мен бірін, бірі байытуына, Орталық Азия мен Еуразияның басқа да мемлекеттерінің, әсіресе, Шығыс елдерінің мәдени-өрке­ниеттік қарым-қатынасына қалайша септескен?

Марат Тәжин тарихшылар алдына қойған бұл мәселелердің әрқайсысы же­ке­-жеке, сала-сала зерттеулерді талап ететіні талассыз.

Өкінішке орай, қазіргі тарихнамада еуропацентризмнің ықпалымен бір-бі­рі­мен кереғар күштер – көшпелілер («вар­варлар») мен отырықшы халықтар («өрке­ниеттілер») күресумен өткен деген түсінік басым. Алайда уақыт өте келе зерттеу­шілер мұндай түсініктің дұрыстығына барған сайын көбірек күдік келтіре бас­тауда.

Түркі-славян өзара байланыстарының тарихы тек қана соғыстардан, әскери жеңістер мен жеңілістерден тұрмайды. Бұл ең алдымен сан қырлы сауда, саяси, әскери, мәдени өзара байланыстардың тарихы екендігі естен шығарыла береді.

Қазақтар Еуразияның ең байырғы автохтонды халықтарының бірі екені сөзсіз. Сонымен бірге Қазақстанның та­рихы осы жерді кейінірек мекендеген, бір­қатары еркінен тыс қоныстанған басқа этностық топтардың да тарихы. Еліміздің көпэтносты сипатын қалыптастыруда бұл үдерістерді біз объективті түрде зерделеуіміз қажет. Қазақстанның тарихы – біздің ортақ тарихымыз, деп атап айтты Мемлекеттік хатшы.

Баяндамада Қазақстанның жиыр­­ма­сыншы ғасырдағы тарихы көп жағдайларда ұлттық пен тотали­тарлық қақтығысының тарихы екендігі қадап көрсетілді. Өткен дәуренді дәріп­теудің қажеті жоқ. Баяғы бір тәртіпті аңсай бермей, жиырмасын­шы ғасырдағы қиыншылыққа толы тарих туралы ашық айту керек. Сол тәр­тіптің тұсында мил­лиондаған ата-ба­ба­ла­ры­мыз­дың қалай өмір сүргенін біз жақсы білеміз.

Қазақстанның қазіргі заман тарихы – тарих ғылымында салыстырмалы түр­де алғанда жаңа бағыт.

Бір жағынан қарағанда, ол тәуелсіздікке қол жеткізу және жаңа мемлекет құру тарихы болып табылады. Сондықтан да жаңа тарихтың басталар тұсы – кеңестік жүйенің ыдырауы және соған байланысты елеулі геосаяси дағдарыс кезеңі.

Екінші жағынан қарағанда, Қазақстан­ның қазіргі заман тарихы бүкіл адамзат­тың дамуындағы жаңа белеспен сәйкес келіп отыр. Біздің көз алдымызда қа­ғи­датты түрде жаңа әлемдік тәртіп қа­лыптасып жатыр. Осылай деген Марат Мұ­хамбетқазыұлы таяу болашақтағы тарихшылар жұмысының басымдықтарын қолмен қойғандай айқындап та берді.

Жаңа тарих мәселелері бойынша зерт­теулердің тақырыптық аясын кеңейту керек. Олардың арасында біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың өтпелі кезеңі­нің көзге түсер ерекшелігі ретіндегі үш еселенген транзит; мемлекеттік менеджмент пен стратегиялық басқару жүйесі; мем­­лекеттік құрылыстың жүріп өткен әр белесіндегі әлеуметтік-саяси үдерістер; қо­ғамның жаңа әлеуметтік құрылымы; жа­һанданудың ұлттық мәдениетке ықпа­лы және басқа да көкейкесті тақырып­тарды бөле айтуға болады.

Мемлекеттік құрылыстың өзіміздің, қа­зақстандық моделі, Мемлекет басшысы тұлғасының ұлттық тарихтың жаңа белесіндегі рөлі ғылыми тұрғыдан байсалды пайымдауды қажет етеді.

М.Тәжин бұған дейін ұлттық тарихта шешілмей келген ауқымы жағынан аса үл­кен міндеттер ретінде мыналарды атады.

Біріншіден, жинақталған тарихи фактілер мен куәгерліктер, материалдық мә­дениеттің жәдігерліктері, нышандық мәні бар пішіндер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, филология мен лингвистиканың мәліметтері, тарихи география мен демография, тарихи зерттеудің жаңа тә­сіл­-
дері, пәнаралық көзқарастар бізге қа­зақтардың этногенезі бұған дейін тарих ғылымы дәйім пайымдап келген кезден анағұрлым ерте қалыптасқан деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Этнос көкжиегін біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту және оны ғылыми тұрғыдан орнықтыру бүкіл ұлттық тарихқа жаңаша қарауға, біздің халқымыздың планетаның осы алып өңіріндегі алатын нақты орны туралы түсінігімізді өзгертуге мүмкіндік береді. Мұның өзі ұлттық сәйкестіктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімімізді қағидатты түрде өзгер­теді. Екіншіден, біз өзіміздің қазіргі тари­хымыздың басты мән-мағынасын жүйелі, ғылыми негізде түсініп алуға тиіспіз. Тәуелсіз егемен мемлекеттің өмірінде үшінші онжылдық басталды. Осы жылдар ішінде расында да ғасырларға тең жолдан өттік. Ойымызды жинақтайтын кез жетті. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді, қалыптасқан мемлекет дегеніміз не, нақты тәуелсіздіктің негізгі белестері қандай, қандай қауіп-қатерлерден өттік, қоғамның экономикалық, саяси және мәдени жүйесі қалай құрылды? Осы сұрақтардың бәріне дәйекті әрі анық жауап беру – тарихшылардың кәсіби қоғам­дастығының міндеті.

Қазақстандық мемлекеттік басқару моделінің маңызды негіз қалаушысы Көшбасшының рөлін айрықша атап көрсеткім келеді. Бұл жерде Қазақстан басшысы қызметінің бірқатар қырларына ғылыми тұрғыда талдау жасау қажет етіледі, – деді Мемлекеттік хатшы.

Біріншіден, 20 жылдан астам уақытта біз стратегиялық пайымымыз туралы ашық айта аламыз. Осы жылдар ішінде біз әлемнің түрлі өңірлерінде метеор тәрізді жылт ете қалған көптеген жар­қын саясаткерлерді көрдік. Алайда елдің даму стратегиясын ондаған жылдарға алдын ала айқындап және оған болжам жасап қана қоймай, сол жоспарды іске асыра білу – бұл стратегиялық пайымдай алатын саясаткерге тән қасиет. Бұған қоса, Көшбасшы өзімен барлық жағдай­да келісе бермейтінін ұғына отырып, оның табысты болашағына деген жауапкершілік жүгін өзіне артып, кей жағдайларда қоғамдық пікірге қарсы жүре алатын күш-жігері жеткілікті болуы тиіс.

Екіншіден, айқындылық. Көшбасшы­лар­дың барлығы дерлік мұндай қасиетке ие емес. Олардың көп­шілігі оны сайлауалды науқан кезінде берілетін жалаң уәделермен шатастырады. Біздің Елбасы ешқашан әлеуметтік қиял-ғажайыптарды уәде еткен емес, ал уәде берген жағдайда дәл есептей біледі

және оны әрдайым іске асырады.

Үшіншіден, басқарудың инновациялық стилі. Көмірсутегіне бай көптеген елдер мұнай қайнарының айналасында дағ­дарып қалды. Қазақстан Президенті күш-жігерді инновациялық дамуға, техно­логиялық үдеріске бағыттап келеді. Елдің бәсекеге қабілеттілігі тек қана жедел технологиялық дамуында.

Төртіншіден, интеллектуалдық ауқым. АӨСШК-тен Әлемдік діндер форумына
дейінгі, ЕҚЫҰ саммитінен “ЭКСПО-2017”-ге дейінгі, елорданы көшіруден «2030» және «2050» стратегияларына дейінгі ішкі және сыртқы сипаттағы барлық ірі жобалардың негізінде нақ Елбасының интеллектуал­дық күш-қуаты жатыр. Ал осы жобалар­дың әрқайсысы қазіргі заманғы кез келген ірі саясаткерді құрметке бөлей алар еді.

Барлық осы деректер, идеялар, оқи­ғалар жүйелі әрі объективті бағаға ие болуы тиіс. Бірақ бұл әдеттегі кезекті баяндауды емес, байыпты ғылыми талдауды қажет етеді. Менің ойымша, бұл біздің тарихшыларымыздың алдында тұрған міндеттің маңызды бөлігі, – деп ойын түйіндеді Мемлекеттік хатшы.

Бұдан кейін сөз кезегі Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяғанға берілді. Қазақстанның қазіргі заман тарихын зерделеу әдістемесінің мәселелері туралы сөз қозғаған ғалым жиын өтіп отырған осы күнді Қазақстан тарихшылары үшін ерекше күн деп атады. Өйткені Мемлекеттік хатшының қа­ты­суымен ұлттық тарихты зерделеуге арналған бұл жиынның шешімдері ендігі кезекте тарихшылар үшін аталған мәселеде бағдаршам секілді әсер етпек.

Осы ретте ғалым еліміздің тарихын тәуелсіздік талаптарына сәйкес, жаңа заман биігінде қайта қарастыру ісінде Елбасының аталған мәселедегі еңбек­тері мен сөйлеген сөздері басшылыққа алы­натындығын тағы бір атап көрсетті. Елі­­міз өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін отандық тарихты шынайы да жан-жақты зерттеу ісінде тарихшылар алдын­да жаңа мүмкіндіктер ашылды. Ел­­ба­­­сының тікелей араласуымен «Қазақ­­стан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру» тұжырымдамасы, «Мәде­ни мұра», «Ғылыми қазына» бағдар­ламалары қабылданып, қаржыландыру мәселесі шешілді. Көптеген Қазақстан ғалымдары шетелдерге барып жұмыс істеп, олардағы Қазақстанға қатысты тарихи құжаттарды жарыққа алып шығып, айналымға қосты.

Дегенмен Қазақ мемлекеттілігі сияқты тақырыптар бойынша ортақ бір тұжырым әлі қалыптаса қойған жоқ. Мемлекеттік тарихымызды қай кезеңнен бастаймыз, көне сақ-ғұн дәуірінен бе, Түркі қағанатынан ба, Ақорда кезеңінен бе деген сұрақтарға әркім әр түрлі жауап беріп келген еді. Бүгін соның жауабы табылғандай.

Екіншіден, тарихшылар үшін қазақ хал­қын тарихи тұрғыдан сипат­таудың да өзін­дік қырлары бар. Қазақтар – ешкімге қарсы соғыс ашпаған халық. Тарихшылар алдағы уақытта осы мәселеге де мән бергені орынды секілді.

Мінберге көтерілген Ш.Уәлиханов атын­­дағы тарих және этнология инсти­туты­ның директоры Хангелді Әбжанов ел аузындағы аңыздардан ақиқатты та­ра­зылаған отандық тарих пен тәуелсіздік идеясы қашанда болсын тамырлас екендігін атап көрсетті.

– Әлемдік және отандық тарихтың са­бақтарын тереңнен толғаудың тамаша үлгісі – Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы, – дей келе қазіргі тарих ғылымының алдындағы бірқатар проблемалы мәселелерді көр­се­те кетті. Соның бірі, кадрлық-ұйымдық мәселеде тарихтан PhD даярлау қарқыны өте төмен. Егер осылай жалғаса берсе, 
10-15 жылдан кейін ЖОО-лар мен ғы­лыми-зерттеу институттарында (ҒЗИ) қызмет істейтіндердің негізгі денін магистрлар құрауы әбден мүмкін. Мәселен, соңғы 3 жылда біздің институттың бірде-бір магистрі PhD-ға оқуға түскен жоқ.

Ғалымның айтуынша, тарихтан ҒЗИ-лар екі қалада ғана – Астана мен Алматыда шоғырланған. Ал облыстардағы ғы­лыми-интеллектуалдық әлеуетті игі іске жұмылдыру үшін жергілікті билік қолдауы қажет екенін әрі ол тамаша нәтиже­лермен көмкерілетінін Қарағанды, Батыс Қазақ­стан, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің тә­­­жі­рибесі көрсетіп отыр. Өлкетануға селт етпейтін әкімдер де бар. Қозғаусыз жатқан осы әлеуетті жер-жерде іске қосу тек орталық биліктің ғана қолынан келеді. Тарихи өлкетану жанданбай, Отан тарихының біртұтас жаңа келбетін түзу бекер әурешілік.

А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі ин­ститутының бас ғылыми қызметкері Алек­сандр Гаркавец қыпшақ жазбала­рының тарихынан сыр шертті. Ғалымның пікірінше, ежелгі түркі жазулары жалпы түркі әлемінің жетістігі, сондықтан да оны бөліп-жара қарауға болмайды. Осы ретте шешен бірқатар жазбалардың қыпшақтық негізі бар екенін деректермен дәйектеуге тырысты. Оның айтуынша, еврей жазба­ларының ескерткіштері қазір қырым қып­шақтарына телініп жүр. Онда хазарлар мен қыпшақтар мекен еткендіктен, мұнда қыпшақ тілі өріс алған көрінеді. Ал қазір ол қарайым жазбасы ретінде, онда да тек шектелген түрінде шамалы латын тілінде Мәскеуде кириллица қаріптерімен жазылыпты. Оны елдің көбі қарайым тілі деп түсінген. Олай болса қарайым мәтінін жариялау керек, – дейді ғалым. Жазба мәтіндері көбіне шетелдерде жарияланып жүр. Олар өздерінің шығу тегі бойынша Қырымнан шыққан қарайымдар тілі. А.Гаркавец көптеген түрік және қыпшақ тілдерін, олардың диалект сөздерін де біле отырып, араб жазбасындағы қыпшақ тілдерін, ескерткіштерін біз осы заманғы ғылыми тілде жариялауымыз қажет дегенді де алға тартты. Ол үшін парсы, араб және түрік тілдері диалектілерін білу қажет. Екінші кезең армян жазба ескерт­кіш­тері, – дей келіп өзінің армян мәтінде­рімен жазылған кітаптарының жал­пы салмағы 30 килограмға жеткендігінен хабардар етті. Осы мәтіндерді жақсы түсініп оқу үшін 1800 беттен тұратын қып­шақ сөздігін де жасапты. Кітапты оқыған адам түсінеді, онда ешқандай проблема жоқ, – деп сендірді баяндамашы.

Өтпелі кезеңдегі қиыншылықтарды тіл­ге тиек еткен Ә.Марғұлан атындағы ар­хеология институтының директоры Бауыржан Байтанаев далалық археология жұмыстарын қаржыландырудың мар­ды­м­сыздығына қарамай, бұл ТМД елдері археологтарының өзара қарым-қаты­на­сына әсер ете алмағандығын алға тартты. Оның айтуынша, ел тәуелсіздігін ал­ған­нан бастап жаңа мүмкіндіктер мен бай­ланыстар орнаған. Елімізге алыс және жақын шетелдерден ғалымдар мен экс­педициялар келе бастаған. Бұған 90-жыл­дардағы қазақ-орыс, қазақ-американ және қазақ-француз экспедиция­лары мысал. Институт басшысы осы ретте 2004 жылдан бері Қазақстан археологиясы дамудың жаңа қарқынына ие бол­ғандығымен бөлісе кетті. Оған басты серпін берген «Мәдени мұра» бағдар­ламасы. Қазақтың ұлттық тарихын ашу, оның ішінде қазақ этногенезін терең зерттеу үшін салааралық ғылыми жұмыстарды нығайту қажет, – деп ой бөліскен ғалым антропо­логия ғылымы бүгінгі таңда елі­мізде дұрыс жолға қойылмай отыр деген қынжылысын да жасырмады.

Білім және ғылым министрі Ба­қытжан Жұмағұлов өте маңыз­ды да терең және болашақ­тың мәселесіне бағытталған баяндамасы үшін Мемлекеттік хатшы Марат Тәжинге алғысын білдіре келе, бүгінгі жиындағы әңгіме келесі күні Мемлекет тарихы институтында жалғасатындығын айтты.

Кеңес отырысын Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин қорытындылады.

Ел тарихшыларының іргелі жұмыста­рын тиісінше бағалай сөйлеген Марат Мұхамбетқазыұлы қол жеткенге қана­ғаттануға ешқандай негіз жоқтығын да атап көрсетті. Осында алға қойылған міндеттердің бәрін шешу үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандартын жасау керек.

Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуға тиіс. Біз сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығуға тиіспіз. Ол тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиіс. Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлу де өте маңызды.

Тарихшылар қауымының назары ор­талықазиялық номадтық өркениетті зерт­теудің маңыздылығына ерекше ауда­рылды, қазіргі таңда ол өркениеттің сақ­­таушысы қазақ этносы болып отыр. Қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындауды, тың тұрпаттағы тарих оқулықтарын жазуды тапсырды Мемлекеттік хатшы.

Зиялы қауымды дүр сілкіндірген, тарихшы ғалымдар үшін шын мәнінде белесті оқиғаға айналған кешегі кеңейтілген отырыстың мән-маңызын негізгі баянда­мадағы мына сөздер дәл жеткізе алады деп ойлаймыз: «Ұлттық тарихқа қы­­зы­ғушылық немесе немқұрайлылық – халық мәдениетінің айқын және нақты өлшемі. Өзінің өткенін ұмытатын қоғамды бо­лашақ та ұмытады. Бейнелері бейберекет ауысып жатқан мына аса ауқымды әрі ұшқыр әлемдегі ең маңызды құбылнама мен адастырмас бағыт-бағдар – өзіңнің ата-бабаңның кімдер болғанын, мынау тарих толқынында өзіміздің кім екенімізді білу және ұмытпау».

Кезінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деп айтқаны хал­қымыздың абыройын асырғаны есіміз­де. Иә, ұлттық тарихымыз – ұлттық мақ­та­нышты күшейтудің, отаншылдықты арт­ты­рудың қуатты тетігі. Ал отаншылдық сезім – ұлы істердің бастауы. Кешегі келелі кеңес ұлттық тарихты зерделеуде соны серпіліс болатындығына сендіріп отыр.

Қатысушылар лебізі

7.08.06.2013

Карл БАЙПАҚОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі:

– Шараның маңызы сонда, мақсат – тарихты халық­тың игілігіне айналдыру. Бұл үшін жаңа әдістерді қол­дану қажет. Әсіресе, тарихтың ақтаңдақтары мен мына ортағасырлық тарихты терең зерттеу қажеттігі байқалып отыр. «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында көптеген құнды деректер жинақталды, ендігі міндет соларды елдің игілігіне пайдалану. Мына шара­ның өткізіліп отырғаны да сондықтан. Көбіне ғалымдардың өздері біздің мемлекеттігіміздің қалыптасуын сақтар дәуірімен байланыстырып жүр. Ал шынтуайтына келгенде, оның бастауы сонау тереңде жатыр. Археологтардың қолында қола дәуірінің өзінде қоғамдық құрылыстың болғандығы жөнінде көптеген деректер баршылық. Далалық өркениетті зерттеудің жаңа тұжырымдамасы бойынша көшпелі өмірді ғана емес, жер игеру мен қала салу сияқты мәдениеттерді де қоса зерттеуіміз қажет.

5.08.06.2013

Набижан МҰХАМЕТХАНҰЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазіргі Қытайды зерттеу орталығының директоры:

– Тарихшылардың басын қосқан бұл жиын өте қажет. Өйткені ұлттық тарихымызды зерделейтін кезең келіп жетті. Тәуелсіздігіміз Қазақстанның аймақтық көшбасшы мемлекет екенін мойындатты. Осындай жетістікке жеткен еліміздің артында тарихи және мәдени негіз болуы қажет қой. Еуразия құрлығында қазақ этногенезі қайдан басталды? Қазақ мемлекеттігінің сабақтастығы қалай жалғасып отырды? Тәуелсіздігімізге қалай қол жеткіздік? Міне, осы сұрақтарға жауап бере алатын және көне жазбаларды саралай алатын мамандарымыз жеткілікті. Сондықтан қазір халықаралық деңгейде тарихымызды жазатын ғалымдардың жұмысын ұйымдастыру және жүйелеу үдерісіне жетекшілік ету маңызды. «Мыңжылдық көкжиек» деген бағдарлама әзірленіп жатыр. Қазақтың ұлттық тарихын жазуға барлық жағдайлар жасалуы және қаржыландырылуы алған бағытымыздың дұрыстығын байқатып отыр.

4.08.06.2013Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы мен мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Болашақ елді басқаратын азаматтар жоғары оқу орындарынан өз ұлтының тарихын білмей шықса, олар қалайша басшылық қызмет жасайды, әрі-беріден соң елді қалай басқарады? Қазақстан тарихын оқу жүйесінен қысқартуға болмайды. Біз мемлекетті қалыптастыру кезеңінде тұрмыз. Қазақ халқының кеңестік дәуірде тарихи танымы өзгеріске, тіпті дағдарысқа ұшыраған. Ұлттық тарихты жасауды, ұлттық санамызды қалыптастыруды енді ғана қолға алдық. Ал осындай кезде білім жүйесінде Отан тарихы қысқарып жатса не болады. Елі мен жерін сүйетін жастарды даярлаймыз десек, онда оқытуды жаңа сапалық дәрежеге көтеруіміз керек.

6.08.06.2013Радик ТЕМІРҒАЛИЕВ,

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары:

– Қазіргі таңда оқулықтар проблемасы бар. Бұ­рындары мектептерде тарих пәні сүйіп оқитын пән­дер қатарына жатқызылып келсе, қазір жағдай түбірімен өзгерген. Міне, осындайда мына шараның қосатын үлесі орасан десек қателеспейміз. Негізінен тарих – бірқатар ғылымдардың басын қосатын ерекше сала. Сондықтан осы саладағы веб-сайттарды құру, ғылыми журналдарды шығару және де зертханаларды құру сияқты маңызды міндеттердің жүктелуі өте орынды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан», №142, 6 маусым 2013 жыл


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?