Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
4426
Кенесары Қасымұлы (1802-1847) - мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ хандығының соңғы ханы. Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі.

Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы - Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады.

Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген. Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.