Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Өлкетанудың бастауы - мұрағат

13271
Тарихмыздан сыр шертетін мұрағат құжаттарының құндылығы мен маңыздылығы күннен-күнге арта түсуде.

29.01.15

Осы орайда өлкемізге қатысты құнды құжаттарды сақтап отырған облыстық мемлекеттік мұрағаттың алатын орны ерекше.
Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағаты 1898 жылдан бүгінге дейінгі облыс тарихына қатысты құжаттарды сақтап келеді. Атап айтсақ, 1898 жылғы шіркеу құжаты, 1918–1919 жылдардағы, Ақмешіт-Перовск уезі атқару комитеттерінің хаттамалары, 1925–1929 жылдардағы Қызылорданың астана кезіндегі құжаттары, кеңес үкіметінің бесжылдықтары, сауатсыздықпен күрес, ауыл мектептерінің құрылуы, күштеп ұжымдастыру, алғашқы ұжымшар, кеңшарлардың құрылуы, күріш шаруашылығының дамуы, Ұлы Отан соғысындағы жерлестеріміздің ерен ерліктері туралы баяндайтын құжаттар, соғыстан кейінгі жылдардағы халық, ауыл шаруашылығы, мәдени мекемелердің, денсаулық сақтау орындарының тарихын баяндайтын құжаттар, фото-фоно құжаттар мен жеке тектік қорлар.
Мұрағат қорында астананы Орынбордан, Ақмешітке көшіру жұмыстары жайлы мәжіліс хаттамасы (1925 ж 16, ақпан), Астананы көшірудің дайындық шаралары, Орынбордан, Ақмешітке көшірілетін орталық мекемелер тізімі (1925 ж наурыз), Үкімет пойызының Ақмешітке аттануы жайлы телеграмма (1925ж 13 сәуір), қырғыз ұлтының қазақ атауын қалпына келтіру туралы Ү сьезд қаулысы (1925ж 19 сәуір), Ақмешітті «Қызылорда» деп атау жайлы міндетті қаулы (1925ж 30 мамыр), жаңа астана жобасын жасаушы сәулетші И. В. Рянгиннің мәлімдемесі (1925ж), Қазақстанның 5 жылдығын атап өтуге дайындық, С.Сейфуллиннің қолы қойылған Қазақ Халыққа білім беру институты мәжілісінің хаттамасы (1927ж 10 қыркүйек), осы институт оқытушысы А. Байтұрсыновтың институт жанындағы № 8 жергілікті комитетке жазған арызы (1927ж) сақталған.
1925–1933 жылдары ұлттық мамандар даярлаған Қазақ Халық ағарту институты, педагогикалық, медициналық училищелер, сауда, шикізат техникумдары құжаттарының да маңызы зор.1926 жылы тек Қазақстанның Сыр өлкесінде жұмыс атқарған Австрия иммиграциялық ауыл шаруашылық «Ульфельд» бірінші жолдастық коммуналардың құрылуы туралы құжаттар сақталған [1-6б].
1928 жылы мал-мүлікті тәркілеу, бүкіл Қазақстан аумағын қасірет пен аштық жайлаған 1931–1933 жылдардағы «Ұлы жұт», күштеп ұжымдастыру, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай, Қостанай, Батпаққара, Қарсақбайдан келіп жатқан көшпенділер мен панасыз балалар Өзбекстанға, Тәжікстанға үдере көшкен жерлестеріміз, аштықтан өлгендер туралы деректер-де жеткілікті. Мал-мүліктерді тәркілеуге байланысты құжаттар 2- қорды құрайды. Бұл қорда тәркілеу науқанын өткізу туралы қаулы (1928ж 27, ақпан), Қызылорда округі бойынша байлардан нақты тәркіленген мал саны туралы мәліметтер, тәркіленген 54 байдың аты-жөндері, Қазалы ауданынан Адай уезіне жер аударылған жартылай феодал — бай Мұса Көтібаровтың өткізу куәлігі (1928ж), тәркілеу науқаны кезіндегі хат алмасулар т.б. сақталған. [2-7-9п.п.]
Мұрағат құжаттарында 1932 жылғы 28, ақпанда өткен Қызылорда аудандық атқару комитеті мәжілісінің күн тәртібінде көшіп-қоныстанушылар мен панасыз балаларды орналастыру мәселесі қаралғаны, панасыздықпен күрес бөлімінің жұмысы сынға алынғаны баяндалады. Кінәлілерді жауапқа тарту ұсынылған. Ақтөбе облысынан және Қарсақпай ауданынан келіп жатқан көшпенділер мен панасыз балалар саны күннен- күнге көбейген. Бұл көрсеткіш, ақпан айында 835 болса, наурыз айының басында 928-ге жеткен. Осы айдың ортасында тағы да Қарсақпайдан-630, Батпаққарадан-510, Қостанайдан-47, Торғайдан-14, Ырғыздан -2 адам және 1665 панасыз балалар келген. Олардың 1500-і балалар үйіне, 150-ібала-бақшаға орналастырылған. 10-ы оқуға, 5-уі кәсіпорындарға жұмысқа жіберілген. Бұл балалардың ішінде 109 бала аштықтан өлген. Азық-түліктің жетіспеушілігіне байланысты үнемдеу мақсатында адам басына 1 айға 1 килодан дән бөлінген. Осыдан кейін жиналған панасыз балалар Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Түркістан балалар үйіне жіберілген. Сондай-ақ аштық жылдары ел ауып кеткен жерлестеріміздің Тәжікстаннан өз Отанына қайта оралу туралы өтініші мұрағатта сақталған [3-44-45 б.б.].
Қызылорда облысының құрылуы туралы қаулы жобасы, облыстың құрылуы туралы хабарлама («Известия «газеті, 16 қаңтар 1938 ж№ 14), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қызылорда облысы бойынша ұйымдастыру комитеті төрағасы Н.Бабкиннің жеке іс парағы, Қызылорда облыстық партия комитетінің алғашқы хатшысы Х.Әбдірахмановтың жеке іс парағы сақталған. 1937–1938 жылдары жер аударылған кәрістерді орналастыру, майдан шебінен эвакуацияланған өнеркәсіп орындарын орналастыру жайлы (1941ж 25 қыркүйек), Киев, Харьков университеттерін орналастыру туралы (1942ж 12 қаңтар), поляк балалары үшін мектеп ашу туралы (1943ж), қоныс аударылған чешендердің балаларына арнап балалар үйін ашу туралы (1944ж), КСРО мен Польша республикасы арасындағы келісім негізінде поляк азаматтарын реэвакуациялау туралы (1946ж) қаулылар сақталған [3–12,13 б.б].
Мұрағат қорында Ұлы Отан соғысы кезіндегі тылдағы облыс еңбекшілерінің ерлігі, майданға көмегі, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер, эвакуациямен көшірілген кәсіпорындар, оқу орындары туралы баяндайтын құжаттар сақтаулы.
Қазақстан тарихына қатысты тарихи құжаттардың елеулі бөлігі шекаралас аймақтардағы мұрағаттарда қалып қойғандығы белгілі. Олардың басым көпшілігі Ресей мен Өзбекстан мұрағаттарында, ғылыми мекемелерінде қалып қойған. Осыған сәйкес «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылатын іс шаралардың ішінде маңыздысы- шет мемлекеттердің мұрағаттары мен кітапханаларынан, сондай-ақ ғылыми мекемелерінен Қазақстан тарихына қатысты тың құжаттар мен деректер іздестіру болатын. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Қызылорданың астана кезіндегі қазақ зиялыларының қолжазба және хаттама мұралары» жинағын Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында, Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы мұрағаттарында сақталған құжаттармен толықтыру қолға алынды.
Сыр елінің тарихы мен мәдениетіне қатысты рухани мұраларымызды жинақтап, ел игілігіне жарату мақсатында Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатында, Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында құжаттарды іздестіру және көшірмелерін иелікке алуда біршама істер атқарылды. Нәтижесінде мұрағат қоры 1734–1938 жылдар аралығындағы құнды құжаттармен толықтырылды.
Маңызды құжаттар арасында Қазақстанның Ресейге қосылар тұстағы император патшайым Анна Иоанновна мен Әбілқайыр ханның өзара жарлықтары (1730–1740 жылдар), одан беріректе, Ақмешіт, Көшқорған бекіністерін алу туралы құжаттар, генерал-губернатор Перовскийдің жазған хаттары, құпия істер жөніндегі кеңесші Неплюевке келген жарлықтар, Қырғыз ордасының экономикалық сараптамасы, Ресейдің Сырдария бойына мұжықтарды қоныстандыру саясаты және Сырдария экспедициясы туралы қызықты да сирек кездесетін құжаттар, саудагер Ключаревтің Орынбор және Самара генерал -губернаторларының арнайы тапсырмасымен Қоқан иелігін, Сыр бойындағы көшпелі Алтын, Жағалбайлы, Кішкене, Қырғыз, Төртқара, Шөмекей руларына әлсін-әлсін шапқыншылық жасап, малдарын тартып алғаны, 1806–1835 жылдары Арал флотилиясына құрылыс заттарын жіберу туралы мәліметтер, доктор Эвереминнің Азияға саяхаты күнделігі, тері өңдеу өндірісін ашу туралы ұсыныстары, Кіші Орда ханы Айшуақтың хаттары, Түркістан аймағына азық-түлік жіберуді тоқтату туралы бұйрықтар, 1874 жылғы «Туркестанские ведомости» газетінен «Арал-Каспий бассейнін зерттеу», 1879–1880 жылдардағы Қазалы түрме комитетінің циркулярлары, 1896 жылғы «Торғай» газетінде Арал теңізі туралы жазылған мақалалар, 1901–1917 жылдар аралығында Арал, Қазалы темір жолының салынуы, 1916 жылы Перовск қаласында дүкендерді талқандау оқиғасы және осы істің қаралуы, 1921–1923 жылдары Қазақстан Республикасын аудандастыру, 1925–1927 жылдары Астананы Орынбордан Қызылордаға көшіру жөніндегі атқарылған іс шаралар, 1926–1929 жылдардағы «Правда Востока» газетінде өңіріміздің тыныс-тіршілігі туралы жарық көрген мақалалар, сонымен қатар 1938 жылы 15 қаңтарда Қызылорда облысының құрылуы туралы құжаттар көшірмелері алынған [3-8б].
Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыруда жеке тектік қорлардың алатын орны ерекше. Облыстың тарихына, мәдениетіне, экономикасына үлес қосып, өзіндік қолтаңбаларын қалдырған азаматтардың өнегеге толы өмір жолдары насихаттауға тұрарлық. Жеке тектік қорлардағы құжаттар сол қор иелерінің ғана емес, сонымен бірге облысымыздың да өсіп-өркендеу жолын бейнелейді.
Жеке тектік қорларда «Перовск қаласындағы қазан революциясына қатысушылардың естеліктері», «Кеңес Одағының Батырлары-Қызылордалықтар», «Социалистік Еңбек Ерлері — Қызылордалықтар», «Ғ.Мұратбаев туралы», «Ауған соғысына қатысушы интернационалист- жауынгерлер», «жергілікті, ақын- жазушылар» құжаттар коллекциялары сақталған. «Социалистік Еңбек Ерлері-Қызылордалықтар» құжаттары коллекциясы құрамында Социалистік Еңбек Ерлеріне тиісті құжаттар, өмірбаяны, жоғары наградаға ұсынылған іс-қағаздары, награда куәліктерінің көшірмелері, еңбек өнімділігіндегі көрсеткіштері және суреттері бар. Бұл қордағы құжаттар Социалистік Еңбек Ерлері Ы.Жақаев, И.Ақниязов, А.Меңлібаева, Пак- Чан -Ер, Пан-Мун-Гун және тағы да басқа еңбек ерлерінің өмір жолын суреттейді.
«Жергілікті, ақын- жазушылар» құжаттар коллекцияларында Сыр елінің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан белгілі журналист Рысты Бақбергенованың, ақын, сазгер, ұстаз Ділдахан Торғаеваның , ақын, ұстаз Р.Наурызбаеваның құжаттары сақталған. Сонымен бірге, ақын, ұстаз С.Желдербаеваның өмірбаяны, 14 өлең жыр жумақтары, оқырмандармен кездесу сәті, замандастарымен түскен суреттері сақталған. Жазушы, эколог, «Парасат» орденінің иегері, «Арал ауданының құрметті азаматы» Сайлаубай Жұбатыровтың қорында жеке өміріне, еңбек жолдарына қатысты құжаттар қамтылып, тізімдемеге өмірбаяны, қызметтік және мүшелік куәліктері, қор иесінің табиғат қорғау, Арал, экология тақырыптарына арнап жазған еңбектерінің тізімі т.б.құжаттар енгізілген. Осы қорда облысымызға белгілі басқа да жергілікті, ақын-жазушылардың құжаттары сақталған.
Жеке тектік қорлар облысымыздың тарихында елеулі орны бар, өзіндік із қалдырған тұлғалар есебінен үнемі толықтырылып отырады. Соның жарқын көрінісі 2008 жылдың 21 қарашасында облыстық мемлекеттік мұрағат филиалында «Сыр елінің ғалымдары» коллекциясының ашылуы болды. Бұл облысымыздың ғалымдарына көрсетілген құрмет деп бағалауға болады. Аталған қорға бірінші болып Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Кереев Мәди Құрманұлы, философия ғылымының кандидаты, профессор Мұстафа Матайұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Айдосов Абылай Хангерейұлы, педагогика ғылымының докторы, профессор Асанов Жұматай Ілесбайұлының өмірлеріне қатысты құжаттар, өздері жазған кітаптары, суреттері қабылданды [4-23б]. Бұл қор иелерінің құжаттары, олардың еңбектері болашақ зерттеушілер үшін құнды қазына болып табылады.
Қорыта айтқанда, облыстық мұрағат материалдарын игеру әлі-де кезегін күтіп тұрған мәселелердің бірі. Отан тарихын оқып үйренудегі алғашқы баспалдақ өлке тарихын игеру десек, өлкеміздің тарих қойнауын терең зерттеуде жаңа буын өкілдеріне үлкен міндеттер жүктеледі.

Пайдаланылған  әдебиеттер  тізімі:

1. Сыр елінің  тарихы мұрағат қорында. Облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция құжаттарының жинағы.- Қызылорда, 2009-63 б.

2. ҚОММ. 2 қор,  1- тізбе, 1-іс.

3. Ғасырлармен тілдескен мұрағат.-Астана, 2009-136 б.

4.Дастан Сәтбай. Мұрағат қорына қабылданды.//Қазақ тарихы.2009 №1 

 

А.Т. Еспенбетова –т.ғ.к., Болашақ университетінің аға оқытушысы