Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Тарихи мұра – тарихи дерек

13233
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның тарих ғылымы жаңа өлшемде – дербес қазақстандық тарихи-ғылыми және тарихнамалық кеңістікте дами бастағанын көрсетті.

2013 жылдың маусымында Мемлекеттік хатшы М.М. Тәжиннің төрағалығымен өткен Ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында шетелде және ел ішіндегі қазаққа  және Қазақстанның ұлттық тарихына қатысты тарихи материалдарды жинау, жүйелеу және жіктеу жұмыстарын ұйымдастыру туралы шешімі қабылданған болатын. Шетелдік және еліміздегі музейлерде, кітапханаларда, мұрағат орталықтарында сақтаулы қолжазбалардың, артефактілердің, кітаптардың, басқа да баспа, аудио- және видеоматериалдардың толық тізімін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның тарих ғылымы жаңа өлшемде – дербес қазақстандық тарихи-ғылыми және тарихнамалық кеңістікте дами бастағанын көрсетті.

Еліміздің қазіргі тарихында тарихнама тарихи танымның айрықша маңызды бөлігіне айналды. Құбылмалы жаһандық әлемде Қазақстан өзінің тарихи орнын тапты, әлем тарихының бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Тарихты зерттеу басқа да қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысты. Сондықтан, менің филолог ретінде Мемлекет тарихы институтындағы ғылыми қызметімді осымен түсіндіруге болатын шығар. Менің мақсатым тарихты жазу емес, керісінше, менің әріптестерімнің ауыр да, сонымен қатар игі істеріне қолғабыс жасау.

Мен 2013 жылы байқаудан өтіп, Қазақстан Президенті стипендиясының иегері атандым, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Кембридж Университетінде тағылымдамадан өттім. Тағылымдамадан өту кезінде Филологиямен қатар Тарих бойынша да ғылыми зерттеулер тақырыбын үйлестіруге тура келді. Ағылшын тілін жетілдірумен қатар, Мемлекет тарихы институтының тапсырмасы бойынша «Қазақстан туралы Батыс тарихнамасы» атты тақырыпта жұмыс жасадым.

Ағылшын тілін жетік меңгергендіктен маған Кембридж Университетінің кітапханаларындағы, Ұлттық кітапханадағы және Лондондағы Британ Ұлттық Мұрағатындағы деректермен жұмыс жасап Қазақстан тарихына қатысты материалдарды жинауыма мүмкіндік болды.

Мен туған ел тарихы туралы шынайы жазылған шетелдік ғалымдардың қызықты материалдарын анағұрлым көбірек табуға тырыстым. Осында жүріп тарихшылардың тарихқа қатысты құжат, факті не артефакт тапқанда қандай сезімде болатынын алғаш рет түсіндім. Қазіргі таңда қызықты материалдарды ғаламтордан алуға үлкен жағдай жасалған, жастар бұған әсіресе, әуес келеді. Ал кітапханаларда ғаламтор желісінен таба алмайтын дүниелер бар ғой.

Сондай дүниелердің бірі Джон Уорделдің (John W. Wardel) «Қырғыз даласында (In the Kirgiz Steppes)»  атты кітабы. 1914 жылы Британ компаниясының инженер-конструкторы бола жүріп, басқа да ағылшын мамандарымен бірге Джон  Уордел Ақмола губерниясындағы Атбасар қаласына, кейін Спасск көмір зауытына келеді. Артынан ұзақ уақыт Петропавлда болып, Транс-Сібір темір жолы арқылы Қиыр Шығысқа жол жүреді. Еуразияның бел ортасында жүрген еуропалықтың Бірінші Дүние жүзілік соғысқа және 1917 жылғы революцияға деген көзқарасы қызығушылық тудырады. Кітапта сол кездегі Қазақстанға байланысты карталар мен суреттер берілген, сондай-ақ экономикалық жағдайы, тұрмысы мен мәдениеті, табиғаты туралы да айтылған. 1919 жылы Д. Уордел Лондонға келе сала, кітап жазуға кіріседі. Автордың айтуына қарағанда, ол кітабын КСРО құлаған соң шығаруды жоспарлады. Десе де, кітапты басып шығаруға тек КСРО-ң қырық жыл өмір сүруінен соң шешім қабылдап, 1960 жылы ғана жарыққа шығады. Кітаптың құндылығы, автор өз құжаттарында тарихилық пен шынайылықты сақтай отыра, сол кезеңдегі Солтүстік Қазақстанға авторлық көзқарасы. Сонымен қатар, әр кезеңдегі Қазақстан тарихының түрлі қырларын ашатын кейінгі уақыт деректерін де біраз жинақтадым. Бірақ өз ізденістерімді тек қана кітап материалымен шектегім келмеді, сондықтан Ұлттық Кітапхана мен Ұлыбританияның Ұлттық Мұрағатына бардым.

Ариэль Коэнның «Тепе-теңдіктегі Еуразия. Америка және биліктің аймақтық өзгерісі» атты кітабында «Үлкен ойын» терминінің жаңғыруы, сол сияқты Қытай мен Еуропаны жалғаушы құрал ретінде ежелгі Ұлы Жібек жолын қайта қалпына келтіру идеясы ретінде бұл, батыс зерттеушілерінің Қазақстанға деген қызығушылығының арта түсуінің басты аспектілерінің бірі екенін атап өткен. «Үлкен ойын» терминін алғаш рет 1834 жыл ғылыми айналымға Британ барлауының офицері, саяхатшы әрі жазушы Артур Конолли енгізген. Ол бұл терминді Орталық Азиядағы Ресей мен Британ империялары арасындағы күресті түсіндіру үшін пайдаланған. Кейінірек, Александр Кули жазғандай, бұл терминді Ридьярд Киплинг 1901 жылы өзінің «Ким» атты романында қолданған. Британ шенеуніктері «Үлкен ойын» терминін Ресей империясына қатысты қолданып келген, олардың ойынша Ресей империясы өз ықпалын тым кеңге жая бастап, Кавказ бен Орта Азияға әсерін тигізді, осылайша Үндістандағы Британ колониясының өзіне қауіп төндірді. Бұл термин әсіресе, посткеңестік кезеңде геосаяси жағдайда танымал болды. Қазақстан Орталық Азияның тұтқасы ретінде аймақтағы өзінің тарихи мисиясын таба білді. Осының барлығы мені Ұлыбританияның Үнді офисіндегі мұрағатқа барып ізденістерімді жалғастыруға итермеледі. 

Қазақстан Үндістанмен тікелей шекарасының болмауына қарамастан, оның ыңғайлы орналасуы Орталық Азиядағы бәсекелес күштердің арасындағы жол бастаушы және дипломатиялық делдал ретінде қызмет атқарды. Үнді офисінің құжаттарында XVII-XVIII ғғ. Орта Азияға қатысты материалдардың сирек кездесетіндігін айта кету қажет. Бірақ XIX ғ. басына қарай саяхатшылар мен инспекторлар солтүстікке Үндістаннан Орталық Азияға үнемі шығып отырған. Олардың есептері Үндістан үкіметінің ерекше саяси қызығушылығын туғызбағанына және ақпараттардың үзік әрі байланыссыздығына, көп бөлігінің жалған сенімге құрылуына құжаттар одан әрі пайдалануға негіз болған.

Мәселен, 1812 жылы жылқышы әрі ветеринар хирург болған Уильям Муркрофт Гималай тауларында саяхаттап жүріп, ресейлік көпестердің Непал мен Тибеттегі белсенділігі туралы хабарлады. Ол XIX ғ. орта шегінен бастап, Орталық Азияға тұңғыш жеткен ағылшын болатын. Оның есептерінде тұңғыш рет Орта Азиядағы ағылшын-ресей сауда бәсекелестігі жөнінде мәселе көтерілген болатын. 1818 жылы ол британдық жылқы тұқымын асылдандыру үшін және әскери істер үшін жылқы жеткізу, сауда байланыстарын қалыпқа келтіру мақсатымен солтүстік-шығыс Азияға баруға рұқсат алады. Осы мақсатта ол қырғыз даласына ішкерлей еніп, Түркістаннан Каспий теңізіне дейінгі аралықтағы қырғыз-қайсақтардың үш ордасы мекендеген көшпелі тайпаларға жетеді. Бұның артынан әуесқой-саяхатшы Артур Коноллидің жасаған есептері болды. Ол жазған есептер Орта Азия аймағы туралы британ қызметі жинастырған бұрынғы білімдер мен сыбыстармен толықтырылған ақпараттармен байытылды. Орта Азиядағы ресейліктердің мүдделілігі туралы ақпарат бергендігі үшін, ол Тегерандағы британ министрі сэр Джон Макдональдтан алғыс алады. Муркрофттың Құпия Бөлімге жазған хаттары (Еуропалық Қолжазбалар) Үндістан туралы ресми есептер ретінде өтеді. Басылымға жіберілерде цензураға ұшырайтын тыңдалымдар туралы хаттамалар, есептер берілген. Аталған құпия құжаттарға Британ Кітапханасының Үндістан мен Африканы зерттеу бөлімінде қол жеткізуге болады.

Басқа да қосымша ақпарат XIX ғ. басында Ресейге, Ауғанстанға және Солтүстік-батыс шекараға жіберілген дипломатиялық миссиялар арқылы алынған, бұл кезде Үндістанда Наполеондық ниеттерге деген үрей болатын. Орталық Азиядағы Ресей мен Ұлыбритания мүдделелерінің үнемі артып отыруы және екі ел арасындағы шиеленістің өсуі Үндістандағы британдық губернаторлар мен әкімшіліктің басты саяси ой-толғаныстары болды. Бүгінде Үнді офисіндегі есептердің көптігі соның айғағы. Бұл деректер кейінгі жылдардағы қол жетімді материалдардың жалпы құрамын көрсетеді. Саяси және дипломатиялық қарым-қатынастарды әсіресе, саяси әрі құпия есептер, тындалымдардың хаттамалары арқылы бақылауға болады.

1898 жылғы Гератты қоршау, Хиуаға ресейдің экспедициясы және бірінші ағылшын-ауған соғысы әскери элементке «Ойын» терминін енгізді. Қырым соғысы «Үлкен Ойынның» шырқау шегі болды. Бұл уақытқа қарай қолжетімді деректердің ауқымы кеңейіп, әскери, саяси есептер, ресми басылымдар (әсіресе парламенттік құжаттар) мен кітапханалар материалдары, газеттер көбейді. Осының барлығы ақпараттар ағымын көбейтіп, министрлердің пайдалануына ыңғайлы болуы және келешектегі саяси әрекеттер негізін қалыптастыру үшін жүйеленген болатын.

XIX-XX ғғ. бойы келесі жылдардағы саясат осы аймақтағы Ресей мен Ұлыбритания империялары арасындағы буферлік мемлекеттердегі күш пен ықпалдың өзара тепе-теңдікте болуын қадағалады. Үндістандағы және Лондондағы Саяси бөлімдердің шенеуніктері үшін министрлер мен үкіметке материал жинақтау және оны сараптау негізгі жұмысқа айналды. Менің қызығушылығымды тудырған сондай деректің бірі 1929 жылы жарыққа шыққан «Who is who in Central Asia» (General Staff. India, 1929. Simla. Government of India Press) атты шағын анықтамалық болатын. Бұл сарғыш тартқан ескі құжат «құпиялық» таңбасымен корольдің қолы арқылы ғана тапсырылатын шенеуніктің жеке бақылауында сақталған. Бұнда Орталық Азияның сол кездегі басты тұлғалары туралы ақпарат бар. Анықтамалықта берілген бірнеше мысалды келтірейін: «Веденский – соғыс алдында Бұхарадағы ресей Резиденциясының шенеунігі  әрі Әмірдің досы болған, 1919 ж. большевиктер тұтқындаған. Әмір оның босатып алу үшін ірі көлемде қаржы ұсынғанмен, қабыл алынбаған. Кейін бостандыққа шығып Ташкентте өмір сүрген, 1920 ж. басында Миссия Бройдомен бірге Бұхараға өткен. Контрреволюционер, бірақ ұлтшыл және шовинист. Бондарев – 3 дивизияның командирі. Білімі төмен. Путилов зауытының жұмысшысы болған. Азамат соғысында белсенділігімен көзге түскен. Билікқұмар, қаталдығы және араққұмарлығымен белгілі, 1927 ж. желтоқсан. Бобровский – орыс, ақтардың өкілі, бұрынғы коммунист, большевиктердің ақшасын ұрлап, Мешедке қашқан. Мінезі нашар, сараң әрі сенімсіз, 1928 ж. Уразбеков – еш ықпалы жоқ жартылай білімді қырғыз. Қырғыз Республикасының ОАҚ-ң Президенті, 1929 ж. Осындай мазмұндағы Орталық Азиялық саяси қайраткерлер туралы сыңар жақты пікірлер басым. Десе де, Тұрар Рысқұлов турасындағы пікір бұларға тіпті қарама-қайшы. Қазақ көшбасшысына үлкен құрмет сезіледі. № 671 Рыскұлов – жасы 35 те. Қара сақалды. Қырғыз. Мұсылман мектебінің мұғалімі болған. Ташкент Кеңесінің Хатшысы, қыркүйек, 1919 ж., Коммунистік Мұсылман Бюросының президенті және Коммунистік Кеңестің, Түркістан Комиссиясының мүшесі, наурыз, 1920 ж. Сондай-ақ Провинциялық Коммунистік Мұсылман Бюросының президенті, большевиктік ұйымның ең көрнекті және басты өкілі. Ресейлік большевизмнің әдістерімен жақсы таныс әрі оны меңгерген. Түркістан Коммунистік партиясының Мұсылман Бюросының төрағасы, (1919) ол Абдусаффаровпен бірге «Ортақшыл» ретінде беделге ие және оны сақтап қала алған. Жігерлі, батыл мінезді. Мұсылмандар арасында ықпалы төмен, ресейлік большевиктердің қолдауына сүйенеді. Түркістан-Сібір темір жолы Құрылысы Комитетінің төрағасы, 1929.

  Сол кездегі арнайы қызметтің қызметкерлері өз хабарламаларында Ресейлік Түркістандағы немесе Жетісу аймағындағы геосаяси жағдайды баяндаумен қатар, сол өлкенің тұрғылықты тұрғындары туралы ойларын да жазған.

    Мысалы, қазақтар туралы былай делінген: «Большевиктер қазақтардан өз мақсаттары үшін жақсы материал тапқанға ұқсайды. Көшпенді ғұмыр кешкендіктен оларда қала тұрғындарына қарағанда, шеттен әкелінген мәдени немесе діни дәстүрлер аз болды, сондықтан оларда ешқандай ұлтшылдық сезімдер болмады. Қалай болғанда да, ресей билігінің жақын арадағы жүзжылдық уақытта  Жетісу деген атпен белгілі болған аймақта қазіргі кезде орыс қоныстанушыларының саны артып отыр, бұл деген қазақтарды елемеу, кемсіту орын алып отырған Империяның шекарасы біртіндеп өшіріледі деген сөз. Кеңестік тәртіптің соңғы 20 жылы тұрғылықты халыққа қазіргі кеңестік өркениеттің жақсы да жаман да жақтарын алып келгені сөзсіз».

  Ұлыбританияның кітапханалары мен мұрағаттарынан табылып, мен келтірген қысқа да үзінді деректерге қарап,  Ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысының шешімдерінің өзектілігін көрсетеді.

Меніңше, ұлттық тарихты зерттеу және насихаттау тек бір елдің ғана аясымен шектелмей, жүргізілген зерттеулерді бұқаралық-ақпарат арқылы түсіндіру қажет. Құрамында өз ісінің мамандары бар шетелдік экспедициялар құрып оларды Қазақстан тарихына қатысты ақпаратты жинастыруға шетелге жіберу қажет. Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Халық тарих толқынында» бағдарламасы туралы ұсынысы мен бастамасы уақыт талабынан өрбігенін көріп отырмыз. Ұлт тарихына қатысты деректер әлі де зерттеушісін күтуде.

 

a5b71ec637cc9bc8845e55e1c50c1fbd.JPG

c3584587e06561fd91b6b1d4a7e8da7e.JPG


ҚР БҒМ ҒК МТИ Еуразиялық және салыстырмалы саяси зерттеулер бөлімінің бастығы филология ғылымдарының кандидаты Анафинова М.Л. 


Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.