
1-бап. Қазақстан Республикасының банк жүйесi Қазақстан Республикасының банк жүйесi екi деңгейден тұрады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (Қазақстан Ұлттық Банкi) Қазақстан Республикасының орталық банкi болып табылады және Қазақстан Республикасы банк жүйесiнiң жоғары (бiрiншi) деңгейiн бiлдiредi. Қазақстан Ұлттық Банкi басқа елдердiң орталық банктерiмен және басқа банктермен қарым-қатынаста, халықаралық банктер мен басқа да қаржы-кредит ұйымдарында өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының мүддесiн бiлдiредi. Қазақстан Ұлттық Банкi өз мiндеттерiн орындау кезiнде пайда табу мақсатын басшылыққа алмауға тиiс. Екiншi деңгейдегi банктердiң түрлерi, құқықтық мәртебесi, оларды құрудың, қызметiнiң және таратудың тәртiбi Қазақстан Республикасының банк заңдарымен белгiленедi. 2-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнің мәртебесі және қызметiнiң құқықтық негiзi Қазақстанның Ұлттық Банкі мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеуді және жүргізуді, төлем жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, валюталық реттеуді және бақылауды, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының жұмыс істеуін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін және мемлекеттік статистиканы жүргізетін мемлекеттік орган болып табылады. Қазақстанның Ұлттық Банкі өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, осы Заңды, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын басшылыққа алады.