Поляктардың Қазақстанға қоныс аударуы
19.03.2019 2849
Латынның «Deportatio» («Депортация») сөзінің сталиндік террор кезінде бір ғана мағынасы болды – «қылмыстық және әкімшілік жаза ретінде мемлекеттен қуғындау, жер аудару»

Репрессивті жазалау отрядтарын алдымен жекелеген тұлғаларға, кейін бір ұйым мүшелеріне, ақырында тіпті тұтас бір ұлтқа қарай қарсы бағыттаған кезде жоғары партия аппаратының басшылары осы түсініктемені басшылыққа алды. Ешбір адам төзгісіз жағдайларға, аштық пен өлімге қарамастан халықты КСРО ішінде судай сапыру принципі арқылы социализм тұрғызу - «Homo Soveticus» сияқты халықтың жаңа типін құрудағы жалғыз ғана дұрыс жол екендігіне Сталин толықтай сенімді болды.

Сталин саясаты бойынша ең бірінші боп туған мекендерінен 1918-1925 жылдары тер казактары қоныс аударылды. Азаматтық соғыс кезінде тер казактары патша жағында болғандықтан кеңес үкіметі толығымен орнағаннан кейін ел басшылығы тер казактарын Солтүстік Кавказдың басқа аудандарына көшіруге шешім қабылдайды, ал босаған жерді ішінара шешендер мен ингуштарға береді, бірақ олар да көп ұзамай жер аударылады. Дегенмен де, тер казактарын репрессиялау ұлттық белгісінен гөрі таптық белгісіне қарай жүргізілген сияқты. Поляктардың депортациясы туралы айтқан кезде орыс-поляк қарым-қатынасының тарихына үңілген жөн. Қазан революциясы аяқталысымен, 1917 жылдың желтоқсанында, Халық комиссарлары кеңесі осыған дейін ұзақ жылдар Ресей империясының құрамында болып келген Польшаның тәуелсіздігін мойындады.

Оқи отырыңыздар: Депортациялауға неге Қазақстан таңдалды?

1918 жылдың қарашасында Польшаның тәуелсіздігі қалпына келтірілгеннен кейін енді КСРО-мен шекарасы туралы мәселе туындады. Поляк мемлекеті Речь посполита кезінде бұрынғы шекарасын (Белоруссия, Украина, Литва) қалпына келтіруге тырысса, Кеңес үкіметі Белоруссия мен украинаның территориясын өзіне қайтарып, лажы болса, Польша советтендіргісі келді. Бұл әскери және дипломатиялық қақтығысқа әкеліп соқты. Ақыр соңында екі ел де көздеген мақсаттарына жетпеді, ал Белоруссия мен Украинаның территориясын екі ел өзара 1920 жылы бөліп алды. Бұл шиеленіс ақырында 1936 жылғы сәуірдегі Кеңес Одағының Польшамен шекаралас жерінде тұрып жатқан поляктарды депортациялаудың алғашқы толқынына әкелді.

1936 жылғы 28 сәуірде КСРО ХКК қаулысымен Украинаның Винница, Житомир, Киев, Кировоград облыстарының аумағында тұрып жатқан 35 820 «саяси сенім тудырмайтын поляктар» Қазақ КСР-і жеріне мәжбүрлеп қоныс аударылды. КСР Одағы Халық Комиссарлары Кеңесі қаулы етеді:

УКСР-нен көшірілетін 15 000 поляк және неміс шаруашылықтары – 45 000 адамы үшін Қазақ АКСР Қарағанды облысында НКВД-ның ауыл шаруашылық еңбек поселкелері типтес елді-мекен ұйымдастыру КСРО НКВД-на жүктелсін. Қоныс аударылғандардың азаматтық құқығы шектелмейді, орналастырылған әкімшілік аудан шегінде жүріп-тұруға құқылы, бірақ қоныстандырылған жерден көшуге құқығы жоқ.

ХКК өз шешімін этникалық шиеленістер туындау қаупін болдырмау және өңірлердегі фашистік көңіл-күйді жоюға талпынысымен түсіндірді. Алайда, советтік мұрағаттардың зерттелуіне сәйкес, поляктарды депортациялау бойынша кампания таптық сипатта болды және шаруалардың бай шаруашылықтарын жоюға бағытталған. Польшадағы кеңестік және неміс басқыншыларының аймағы 1939 жыл   Поляктарды депортациялау бірнеше кезеңмен жүргізілді.

Бірінші кезең - 1936 жылға дейін соғысқа дейінгі кезең, осыдан кейін НКВД органдары «поляк тыңшыларын» жаппай іздеуді бастады: 1937-1938 жылдары чекистер 102 мың полякқа сезікпен қараған. Варшаваның Орталық әскери мұрағатының жуырда ашылған деректері Киевте, Ленинградта, Минскте, Мәскеуде, Тбилиси мен Харьковта тұрған тек 200 тыңшыны ғана көрсетеді. Депортацияланған 35 820 адамды Қазақ ССР-нің солтүстік өңірлеріне жіберілді. Келген поляктар үшін арнайы 13 кент тұрғызылды. Депортацияланғандардың бәрі бірдей поляк этносына (75,7%) жатқан жоқ, оның арасында немістер де, украниндықтар да, басқа ұлт өкілдері де болды. Депортацияға ұшыраған арнайы қоныс аударылғандар өз үйлері мен мүліктерінен айырылды, сондықтан да үкімет оларға сегіз жылға жалға тұрғын үйлерді, аурухана мен мектептерді жалға берді, бірақ бұл олардың әл-ауқатын арттыра алмады.

Қоныс аударылғандарды жайғастыруда да бірқатар қиындықтар болды: ...Медициналық көмек жеткіліксіз және сапасы да мәз емес. Медициналық мекемелер желісі медқызметкерлермен толықтырылмаған... Мектептер мен саяси ағарту мекемелері қажетті кадрлармен, қажетті қаржымен қамтамасыз етілмеген. Қарағанды облысының Осакаров, тельман аудандарындағы бұрынғы кенттердің де жайы мәз емес. Қаржының болмауынан үкімет интернаттарды, оқу үйлерін жабуға, оқушылар мен мұғалімдерді таратуға мәжбүр... Поляк және неміс мектептері туған тілдегі оқулықтармен қамтамасыз етілмеген...

 Мемлекеттік қауіпсіздігі майоры Володзьконың ҚазКСР НКВД-сына жазған хатынан   1940-1941 жылы поляктарды депортациялаудың екінші толқыны басталды. 1939 жылдың 1 қыркүйегі Германия әскері Польша территориясына басып кірді. Польша өз тәуелсіздігін сақтай алмады. 1939 жылғы 17 қыркүйекте совет үкіметі Мәскеуде Польша Елшісіне нота ұсынды:

Поляк мемлекеті мен үкіметі жойылды деуге болады. Сол себепті КСРО мен Польша арасында бекітілген шарттар да өз күшін жояды... Осындай жағдайға байланысты совет үкіметі қызыл Армияның Бас басшылығына шекарадан өтіп, Батыс Белоруссия, Батыс Украина халқының өмірі мен дүние-мүлкін өз қорғауына алуға бұйрық берді.

Жыл аяғына қарай Қызыл Армия Шығыс Польшаны басып алды, кейін ол Белоруссия, Украина, Литва ССР-і арасында бөлінді.

Оқи отырыңыздар: Қазақстандағы поляк ұлтының өкілдері: қалыптасу тарихы мен бүгіні

Поляктарды депортациялаудың екінші толқыны үш кезеңде – 1940 жылдың 10 ақпаны, 13 сәуірі мен 29 маусымында жүргізілді.

Арнайы қоныс аударылушылардың бір отбасына бір тоннаға дейін мүлік алуға рұқсат етілді, қоныстану жеріне келгенде жәрдемақы ала алды. Тұтқындалған поляк жандармдары КСРО ХКК қаулысына сәйкес депортацияланар алдында, 1940 жылдың 10 сәуірі, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Семей және павлодар облыстарына 60 667 (61 092) адам қоныс аударылулары керек болды.

Бұдан басқа, екі мыңға жуық поляктар алтын өндіретін «Каззолото» өнеркәсібінде жұмыс істеу үшін Ақмола облысының Сталин, Степняк, және Шортанды аудандарының арнайы кенттеріне жолданды. Қарапайым қазақтар келген поляктарға жылы шырай танытып, аяушылықпен қарады.

Арнайы қоныс аударылушылардың құқығы ХКК-нің 1945 жылғы 8 қаңтардағы «Арнайы қоныс аударылушылардың құқығы туралы» қаулысымен айқындалды. Осы қаулы бойынша олардың арнайы белгіленген аумақта жүріп-тұруындағы шектеулермен қоса, арнайы қоныс аударылушылардың балаларына жоғары оқу орындарына түсуге белгілі бір квоталар бөлінген. Арнайы қоныс аударылушыларды республиканың бірқатар жоғары оқу орындарына қабылдауға тыйым салынды.

1952 жылғы 28 мамырдағы қаулы бойынша арнайы қоныс аударылушылардың балаларын С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне, Алматы заң институтына, Қазақ тау-кен метталургия институтына, дене тәрбиесі және педагогикалық институттарына және консерваторияға қабылдауға тыйым салынды.

Оқи отырыңыздар: «Қазақстандағы поляк дипломаттары. 1941-1943 жж.» конференциясы өткізіледі

Поляктардан арнайы қоныс аударушы мәртебесі 1947 жылы алынды, бірақ аздаған уақытқа – 1948 жылға дейін ғана. Осы кезде көптеген поляктар Отандарына қайтып кетті. Арнайы қоныс аударушы мәртебесі толығымен 1956 жылдың 2 ақпанында ғана алынды, бірақ аса маңызды ескертпесі болды:

«...Арнайы қоныс аудару бойынша шектеу алынғанымен, қоныс аудару кезінде тәркіленген дүние-мүлік қайтарылмайды, олардың қоныс аударылған жерлеріне қайтып баруға құқықтары жоқ...»

Қоныс аудару нәтижесі мен оның құрбандары туралы поляк және советтік зерттеушілердің деректері екі түрлі. КСРО Бас прокуроры А.Я. Вышинскийдің айтуы бойынша қоныс аударылған поляктардың 389 382-сі арнайы қоныс аударушы мәртебесәін алған, оның 243,2 мыңы әйелдер мен балалар. Қоныс аудару кезінде ауру-сырқау мен аштықтан 39 мың адам қаза болған. Ал поляк тарихшылары миллион қоныс аударылғандар туралы айтады.

Поляктарды қоныс аударудың басқа халықтардың қоныс аударылуынан ерекшелігі – жазалаудың жоғары түріне тартылғандар санында емес, тұтқындалулар ауқымының кеңдігінде. Бұл қоныс аударудың басы ғана емес, сонымен қатар құрбаны ең көп қоныс аудару болды. Зерттеушілердің пікірі бойынша, оның себебі – КСРО мен Польша арасындағы дүрдараз қарым-қатынас пен саяси алауыздық.