Соғыс күндері газеттер не жазды?
05.10.2018 2342
Ұлы Жеңіске бір жыл қалғанда газеттер не туралы жазды? NDH Сіздерді «Советский богатырь» қызыләскер газетінде 1944 жылғы 9 мамырда жарияланған мақалалар мен жаңалықтармен таныстырады

«Қарсыластың фашисттік батареясы алдын-ала анықталды» деп бастайды газет бетінен өз әңгімесін гвардия старшинасы Ф.Котков. артиллериялық дайындық басталысымен-ақ гвардия сержанты Николай Пономаревтің есептобы өз қаруларының бар қаһарын жауға қарай төге жөнелді.

Сол шайқасқа біздің жерлесіміз, тәжірибелі көздеуші, бөлім ардагері ефрейтор Сыдық Пулатов қатысты. Оның дәлдеп атқан оғы румын фашистерін тым-тырықай қашуға мәжбүр етті. Қатардағы Н. Цебуев алғашқы шайқасы алдында қатты қобалжыды, шабуылға шығуға қорықты. Бірер сәттен кейін ол өз-өзін қолға алып, үшлиниялы винтовкасымен алғашқы фашисті көздеп, атып салды. Кейін тағы да екеуін құлатты. Газет беті арқылы ол өзінің кек алуы басталғанын мәлім етті.

Белгісіз автор таулы аймақ жағдайында соғысуды үйренуге шақырады. Өз кеңесін басынан өткен тәжірибесі арқылы бекіте түседі. Оның батальонына жау қорғанысының ірі тірек пункті болып саналған бір үлкен төбені басып алуға бұйрық беріледі. 

Батальонның алғашқы шабуылы сәтсіз аяқталады, ату құралдарымен, траншея, окоптар желісімен қоршалған төбені қарсыластар ұстап қалуға барынша жан салды. Гвардия аға лейтенанты Синолициннің атқыштар ротасының күшімен біздің әскерлер екінші шабуылда гарнизонды бұзып, сол жерге мықтап орналасады.

Локалдық шайқас нәтижесінде жаудың 40 офицері мен солдаты оққа ұшты. 1944 жылғы 9 мамырда Советтік информбюро қырымдағы әскери қақтығыстар барысы туралы да хабарлады. Авиацияның жаппай соққысы мен артиллерияның қуатты атысының қолдауымен совет әскерлері Севастопольді қорғап тұрған неміс-фашист әскерлерінің позицияларын шабуылдады. Севастопольдық бекініс ауданының негізгі жолағының тамтығын қалдырмай, Любимовка, Мекензиевы Горы теміржол стансасын, Восточный шамшырағын, Инкерман шамшырағын, Батыс Инкерман, Головка, Гайтани, Совхоз 9 және Карань селоларын алып біздің әскерлер 6 шақырымға алға ілгеріледі.

Әуе шайқастары мен зениттік артиллерия оғынан 1944 жылғы 7-9 мамыр аралығында жаудың 41 ұшағы құлатылды, сонымен қатар аэродромдарда тұрған 15 ұшақ жойылды. Майдан хабарларынан басқа, газет бетінде Халық комиссарларының хабарламалары, оның ішінде Қаржы халық комиссары Арсений Зверевтің хабарламасы басылған. Ол мемлекеттік әскери займдар туралы баяндайды. Айта кету керек, Зверевтің тұсында мемлекеттік ішкі займдар мен соғыстан кейінгі жылдарындағы «кәмпескеленген» ақша реформасы бір жолға қойылды. Газет бетінен гвардия кіші лейтенанты Ф.Широков халықты заемға жазылуға шақырды: «Біз бүгін мемлекетке қарызға беретін ақшамыз, бізге снаряд, мина, оқ-дәрі, зеңбірек пен танк түрінде қайтып оралады. Біз оның бәрін қарғыс атқыр жауға қарсы қолданып, оны өз апанында құртамыз».

Негізі, елге материалдық көмек көрсетуге шақырған хабарламалар жеткілікті болды. Лейтенант В.Дельдикиннің пікірінше, бір жылдық еңбек ақысын заемға жазу Отанға деген ыстық махаббаттың айқын көрсеткіші. Мемлекетке бірінші болып қарызға сома бергендер Тася Беличенко, Негодова, Дураева мен Черная деп көрсетеді лейтенант.

Сонымен қатар, газет бетінен құттықтауларды көруге болады. Мысалы, неміс басқыншыларымен үшінші жыл соғысып жатқан Василий Гуляев батылдығы мен ержүректілігі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен және «Үздік артиллерист» төсбелгісімен марапатталған. Мақаланы дайындаған кезде Ақмола облыстық архивінің материалдары қолданылды.