Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 10 наурыз

Бөлісу

12.02.2026 3888

Іле халық баспасынан 2009 жылы шыққан «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітапта 1636–1912 жылдары өмір сүрген Қытай тарихындағы соңғы империя Чиң (Цинь) патшалығы кезінде хатқа түскен қазаққа қатысты деректер жетерлік. Қаһарман Мұқашұлы, Кәкеш Қайыржанұлы бірлікте аударған еңбектегі жылнаманы ретімен оқырманға ұсынып келеміз. Чянлұңның 20-жылы 1-айдың 28-күні жазылған деректе не айтылған?


Чянлұңның 20-жылы 1-айдың 28-күні

(1755 жылы 10 наурыз)

Жарлықта тағы былай делінген: Әмірсаналардың мәліметін кеше оқыдым. Яндыштың жоңғардың жағдайы жөнінде айтқандарынан Давачидың әбден қаусап тұрғанын, қосынымыз үлгеріп шабуылдаса ғана тас-талқаны шығатынын байқауға болады. Бірақ қазақтардың да қарулы күші едәуір мығым, оның үстіне олардың қолы Давачиға ұрымтал жерде тұр. Біз үшін Давачиды қазақтардың тұтқындағанынан немесе Әмірсананың яки Бадым Черіңнің тұтқындағанынан Сарылдың тұтқындағаны абзал. Мұнан бұрын да талай мәрте жарлық түсіргенмін. Сарылға айтыңдар, бұрынғы жарлықтарым бойынша қайда тұрған шеріктер екенімен шектеліп отырмай, орайлы сәтте қамданып, жорықты жеделдетсін. Батыс бағыттағы қосынымыз солтүстік бағыттағы қосыннан бұрынырақ жетуге тырыссын. Осылайша тез арада шешуші жеңіске қол жеткізетін болыңдар. Сонда ғана ұлағатты міндетке тағайындаған көңілімнен шығатын боласыңдар. 

(481-бума, 23-бет)

1755 жылдың көктемі. Жоңғар хандығының шаңырағы шайқалып, тағдыры таразыға түскен шақ. Бір жағында Чиң империясының жойқын әскері, екінші жағында таққа таласқан ойрат нояндары, үшінші жақта орайды пайдалануға дайын отырған қазақ жасақтары.

Чянлұң патшаның 20-жылғы 1-айдың 28-күнгі (1755 ж. 10 наурыз) сарай жарлығы осы үш күштің бір нүктеде түйіскенін айқын көрсетеді. Жарлықта император Әмірсана жіберген мәліметтерге сүйене отырып, Давачидың хәлі мүшкіл екенін ашық айтады: 

«Яндыштың жоңғардың жағдайы жөнінде айтқандарынан Давачидың әбден қаусап тұрғанын, қосынымыз үлгеріп шабуылдаса ғана тас-талқаны шығатынын байқауға болады». 

Бұл Чиң сарайының Жоңғарды біржола жою сәті туғанын мойындауы десек те болар. Бірақ дәл осы тұста құжатта қазаққа қатысты ерекше ескерту пайда болады:

«Бірақ қазақтардың да қарулы күші едәуір мығым, оның үстіне олардың қолы Давачиға ұрымтал жерде тұр». Міне, негізгі мәселе осында. Бұған дейінгі 1 және 6 наурыз күнгі жазбаларда қазақ жасақтарының Іле өңіріне кіріп, шабуыл жасағаны айтылған еді. Ал 10 наурыздағы бұл құжатта Чянлұң алғаш рет қазақтардың әскери қуатын тікелей мойындайды. Империялық құжаттарда қарсы тараптың күшін бұлай мойындау сирек кездеседі. Демек, қазақ жасақтары Жоңғариядағы жағдайға шын мәнінде ықпал ете алатын деңгейде болған.

 «Біз үшін Давачиды қазақтардың тұтқындағанынан немесе Әмірсананың яки Бадым Черіңнің тұтқындағанынан Сарылдың тұтқындағаны абзал», - делінген. Яғни Чиңнің ашық мақсаты – Давачиды қазақ емес, өздері тұтқындау. Империяға Давачидың тағдыры емес, оны кімнің ұстағаны маңызды. Өйткені, егер Давачиды қазақтар қолға түсірсе саяси сауданың құралына айналады, ал Әмірсана ұстаса жоңғар ішінде жаңа билікке талас күшейеді, егер Чиң қолбасшысы (Сарыл) ұстаса бүкіл Жоңғария толық бақылауға өтеді. Бұл жерде қазақтар Чиң үшін қауіпті фактор ретінде көрінеді. Себебі олар Давачиды тірідей қолға түсіріп алса, Жоңғария тағдырын өз мүддесіне бұрып жіберуі мүмкін.

Тарихи жағдайды ескерсек, бұл күдік негізсіз емес. XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғарлар қазаққа ауыр соққы берді, қазақ рулары Жетісу мен Іледен ығысты, соңына ала жоңғар мемлекеті жойылуға жақын болды. Осындай сәтте қазақ жасақтарының шекарадан өтуі жай шабуыл емес, ата қонысты қайтару әрекеті еді. Чиң сарайы мұны жақсы түсінді. Сондықтан да жарлықта «жорықты жеделдету», «батыс бағыттағы қосынды бұрын жеткізу», «шешуші соққыны тез беру» деп қайта-қайта асықтырса керек. Өйткені уақыт созылса, Іле өңіріне бірінші болып қазақ орнығып алуы әбден мүмкін.

Бұл құжатта Әмірсана есімінің аталуында да астар бар. Әмірсана – Чиңнің уақытша одақтасы. Бірақ оның қазақ даласымен бұрыннан қатынасы болғаны белгілі. Сол себепті Давачиды олардың ешқайсысына бермеу керектігі ашық жазылса керек. 

1755 жылғы 10 наурыздағы сарай жарлығы қазақ тарихы үшін маңызды бірнеше шындықты айқындайды:

Біріншіден, қазақ әскері Жоңғариядағы шешуші кезеңде нақты әскери-саяси факторға айналған; 

Екіншіден, Чиң империясы қазақ күшін ресми түрде мойындап, оларды бәсекелес ретінде қарастырған;

Үшіншіден, Іле өңірі үшін тартыс дәл осы кезеңнен басталып, кейін қазақ–қытай шекара дауына ұласқан.

Басқаша айтқанда, Жоңғар мемлекеті құлаған кезде қазақ даласы сырттай қарап отырған жоқ. Қазақ қолы Ілеге таяп тұрды. Ал Чянлұң үшін ең үлкен қауіп Давачидың емес, қазақтың Іледе орнығып қалуы еді. Міне, жылнамадағы осы қысқа ғана жолдар бізге соны дәлелдесе керек. 

Бөлісу